ТОҒЫЗКЕНТТЕ ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК КӨП

0

Талас өзенінің сағасында орын тепкен Тоғызкент ауылының тарихы тереңде жатыр. Кешегі Кеңес заманында «Құм ішіндегі қалашық» атанған құтты мекеннің өткені өнегелі, бүгіні берекелі. «Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, туған жердің түлеуі үшін талай тарпаң тұлғалар тер төкті.

Осы орайда белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген «Бұл әлеуметтік жағынан Түгіскеннің ұл-қыздары жарап тұр. Сексен жылдық тарихында бұл ауылдың атағы еңбекпен шықса, азаматтары қоғам дамуы қандай деңгейде, сол мәдени өлшемнің алдында болу үшін күресті.

Қадірменді қариялардың «бұл заманда бала өжет болып өспесе, өмірде олжа сала алмайды» деген сөзін біз баяғыда естіп өскенбіз. Бұл аз десеңіз, ата-әжелеріміздің аузынан ел тізгінін ұстаған азаматтарға қаратып: «Бетеге кетсе бел қалар, Билер кетсе ел қалар. Берекең кетсе не қалар?» деп айтылар ақылды сөзді есті ұрпақ ұғып алғаны анық. Ұқсап бағуға, жақсылық жасауға тырыстық. Ел ішінде әр азамат жақсы атының шыққанын қалайды, абыройға бөленуді армандайды. Өзінен кейін жақсы із, ескерткіш қалдырғысы келеді. Біздің ауылдың азаматтары да білім мен ғылым іздеді, өсті, өнді.  Талайғы дәуірді бастан кешкен Түгіскен десе, үлкен ауылдың төр үсті дегіміз келеді. Қазақтың қазақтығын сақтауға менің ауылым да өз үлесін қосып келеді. Талантты тарландары (академиктер, профессор ғалымдар, ректорлар, Парламент депутаттары, ірі зауыт-фабрика директорлары, мемлекет қайраткерлері, аудан әкімдері, дәулетті кәсіпкерлер, спортшылар өнер дүлдүлдері және басқалар) арқылы мақтанышқа бөленсе, бүгіндері білімді, мәдениетті ұрпақтарын түлетуімен танылған жұрт болды.

Әу баста әңгіме тұлғатану мен жады жаңғыртудың ұрпақтар тәрбиесі мен қоғамның өркенді дамуы үшін аса қажетті тақырып, маңызы зор идеологиялық міндет екенін айтқан болатынбыз.

Бұл қай заманда да өміршең.

Әзірет Қаратау, әулиелі Қаратау, қазыналы Қаратау, ұлылардың атамекені Әулиеата мен көне Тараздың жұртымызға ғасырлар бойы бақ пен береке, пана әрі тірек болғанын сезіну бақытының өзі керемет емес пе?

Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толуына орай айтылар ойлар мен толғаулар өткен шақтың белестерінен өздері өмір сүрген дәуірдің адал перзенті бола жүріп, қандай қиындықтар болса да адам таңғаларлық төзім көрсетіп, «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» ұранымен ел дәулеті мен байлығын жасауға жанын аямай жұмсап, еңбек еткен қарапайым адамдар мен жарқын тұлғаларды танып, білу, құрметтеу – елдік парыз. Енді қала мен ауылдың айырмашылығын азайту, болашағы үлкен ауылдардың қатарын ұлғайту міндеттері қойылған уақытта «Ауылына қарап, азаматын таны» дегеніміз дұрыс шығар» деп орамды ой қозғайды.

Тоғызкент өңірінен шыққан тағы бір талантты журналист, қарымды қаламгер Болат Жаппарұлының естелігінде де құнды мәліметтер айтылады.

«Қазақта «Сен өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атар» деген ізеттілікке баулитын қағида бар. Мен осы қағиданы ұстанып, Түгіскеннің қазығы қағылған күннен соның ыстық-суығына төзген, жас шаруашылықты аяғына қаз-қаз тұрғызып, қатарға іліктірген, оның өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан аға буын өкілдері туралы бірауыз айта кетпекпін.

Түгіскен кеңшары Талас кең-шарынан енші алып, бөлініп шыққан 1945 жылы шаруашылықтың бірінші директоры Арын Әйтекеев болыпты. Одан кейін әр жылдарда шаруашылық тізгінін қолға алған Мұса Мұқанов, Зұлқарнай Нұрғалиев, Александр Братчиков, Қалкен Мұхановтардың да сіңірген еңбектері елеулі. Олардан кейін 28 жыл директор болған Сейітжан Тасыбаев кеңшарды «Мемлекеттік асылтұқымды мал зауыты» мәртебесіне ие етті. Ауылды «құм ішіндегі қалашық» атандырып, адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартты.

Осы жетістікте алғашқы бас зоотехниктер Көпжан Жұмағалиев, Исқақ Темірболатов, бас мал дәрігері Біләл Хасенов, мал мамандары Сман Майыров, Әбдірәлі Жанбаев, Владимир Шульгин, ферма меңгерушілері Ағыбай Төлепбергенов, Бөрібек Шайдікәрімов, Иманалы Амангелдиев, құдықшы Мәдіомар Бекмұратовтардың да зор үлестері бар.

Одақ тарағанға дейін облыста алдыңғы сапта болған Түгіскен (қазір Тоғызкент) ауылынан шыққан Социалистік Еңбек Ерлері – Байназар Еркінов, Айқожа Созақбаев, Әбіламат Жұманбаев, «Ленин» орденінің иегерлері Шубай Ыбырайымов, Назымбек Дүйсенов, Әбдісаттар Құрманқұлов, Керімбай Мәжінов, «Еңбек Қызыл Ту» орденді – Мергенбай Төлепбергенов, Сейітжан Тасыбаев, «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» орденді – Сәдуақас Бердібеков, «Октябрь Революциясы» орденді Сұлтан Сағымбеков пен Аманбек Сыпабеков, омырауларында «Құрмет белгісі» ордені жарқыраған Алтынкүл Жаппасбаева мен Тұрар Сәдібаевтар – табыстың тайқазанын қайнатқандар. Шаруашылықтың жоғары мәртебелі атаққа ие болуына атсалысқан бас мамандар – Нұрәлі Мәдіомаров, Жолдыбай Ысқақов, Айдан Нәлеков, Жарылқасын Шубаев, Әбиірбек Зәуірбековтер де мақтауға лайық.

Сарысу ауданының тұңғыш әкімі Әбдіманап Көпбергенов пен оның орынбасары болған Қайратбек Жораев та – осы Түгіскеннің түлегі. Пәрімбек Мылтықбаев, Жансерік Майыровтар тәуелсіздік тұсында шаруашылық басқарып, өтпелі кезеңнің өткінші қиындықтарын бастан кешірсе, әр жылдарда ауыл әкімі болған Бейсенбек Бөрібеков, Әбдіманап Ермашев, Өтепәлі Мәдіомаров жергілікті өзін-өзі басқару ісінде жаңа қоғамға сай біліктілік пен белсенділік танытқан. Қазір ауыл әкімі тізгінін осы елді мекенде ержетіп, тәрбиеленген іскер басшы Медет Күзембаев ұстап отыр. Аталмыш тұлғалардың бәрін экономикалық тұрғыдағы жетістіктерге қатысты тілге тиек етіп отырмыз.

Кез келген елдің тарих сахнасындағы орны оның ұлттық құндылықтарымен, азаматтарының саяси қызметтегі белсенділігі, ғылым мен өнердегі, әдебиеттегі жетістіктерімен бағаланатыны белгілі. Оны сол елдің бет-бейнесі деген де дұрыс болар. Түгіскеннен түлеп ұшып, жоғары оқу орындарын бітіріп, әр салада Қазақстанның дамуына үлес қосқан, қазір де қоғам өмірінде белсенділік танытып жүрген азаматтар көп. Бұл тұрғыда саяси қызметте облыстық партия комитетінің хатшысы болған Ыстыбек Зәуірбеков, Қазақстанға еңбегі сіңген заңгер, прокуратура ардагері Шәріпбек Шәйдікерімов, министр болған қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, ғылым докторлары Құралбек Құлажанов, Сейсенбек Мұстафаев, Дариға Әділбекова, Сағатбек Мырзашев, ғылым кандидаттары Амангелді Мұқанов, Сәуле Мұсаева, Сейілбек Сәкенов, қалам қайраткерлері Әбді Шынбатыров, Болат Мәуленов, Мейрамбек Төлепберген, Оңлагүл Арзықұлова, Дүйсен Молдақұлов, әртүрлі салаларда жауапты басшылық қызметтер атқарған Әбиірбек Ахметбеков, Кеңес Ермашев, Сұлтан Рахымжанов. Ділдакүл Омарова, Исатай Сәрсенов, Әбсамат Төлебеков, Айтжан Тойшыбеков, Үсен Жетенов, Батырбек Құлекеев, Даниярбек Мұсаев, Жұмабек Бөлекбаев, тағы да басқа атпал азаматтар – ауыл мақтанышына айналғандар. Олардың ішінде Әбдіманап Көпбергенов пен Мейрамбек Төлепберген Қазақстан Рес-публикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, еліміздің жоғарғы заң шығарушы органында қызмет атқарғандарын айту ләзім.

Олар – биыл 85 жылдық мерейтойын тойлап жатқан облысымыздың дамуына өз салаларында өз үлестерін қосқандар. Облыстың шалғай бір түкпірінде жатқан шағын ауыл Түгіскен (Тоғызкент) – облыстың шағын бір бөлшегі. Облыстың жан-жақты дамуы осындай шағындардың дамуынан тұрады. Менің бір ауылдың мысалында қалам тартып отырғаным да сондықтан» деп жазады журналист.

Осындай тағылымды тарихы бар Тоғызкент өңірі  бүгін де заман көшінен қалмай, өсіп-өркендеп келеді.

Қазіргі таңда  Тоғызкент ауылдық округіндегі 311 үйде  2159 адам тұрады. Оның ішінде Тоғызкент ауылында 1795 адам тіркелсе, Әбілда ауылында 187 тұрғын ғұмыр кешуде.  Майлыкөл ауылында 177 адам  есепке алынған.

Округте жалпы халықтың 59 пайызы экономикалық белсенді. Білім саласында  157 адам, денсаулық сақтау саласында  31 адам, мәдениет саласында  15 адам, кәсіпкерлікте  189 адам, спорт саласында  25 адам және әртүрлі салаларда  41 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2024 жылы 20 адам қоғамдық жұмысқа қабылданып, 4 адам жастар практикасынан өтті.  19 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмыссыз ретінде тіркелген 11  адам бар.

Жергілікті жұртшылық негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Олардың қатарында жерді тиімді пайдаланып, төскейді түлікке толтырып отырған шаруалар да жетерлік.

-Аймақ тұрғындарының негізгі кәсібі — мал шаруашылығы.  Бүгінгі күнде округте 3 287 мүйізді ірі қара,   29 237  қой-ешкі,  718 жылқы бар. Үй құстары 1370 басты құрады.

Шаруақожалықтары мен жеке иеліктегі малдардың барлығы белгіленген тәртіп бойынша эпизоотияға қарсы емделіп отыр. Ағымдағы жылдың ішінде кенеге қарсы аулалар мен қораларға дәрі шашу, малдарды шомылдыру жұмыстары 3 кезең бойынша толығымен жүргізілді.

Ауылдық округтің барлық жер көлемі   272 315,5 гектардың шамасында. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер    99 442,34 гектар болса, шабындық  4575 гектарды,    жайылымдық  89 416,4 гектарды құрайды. Елді мекендер жері –  6567 гектар. Ал өнеркәсіп, көлік, байланыс және қорғаныс жері  181   гектар. Орман қорының жері    165 084 гектар болса, босалқы жер   531,67  гектар көлемінде.

Бүгінде жерді тиімді пайдалануға айрықша назар аударылып отыр. Осы орайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерін тиімді пайдаланбай отырған шаруақожалықтары-на зерделеу жұмыстары жүргізілді. Соған сәйкес  5 шаруа қожалық анықталып, олардың тізімі аудан әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жолданды. Өткен жылдың қорытындысымен 1 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Қазіргі таңда ауылшаруашылығы техникаларын жаңартуға да басымдық берілуде. 2024 жылы ауылдық округтегі «Думан»  және «Елнар» шаруақожалықтары 2 «МТЗ» тракторын және 2 «КУН» агрегатын лизингке алды.  Жалпы ауылдық округ бойынша 2010 жылдан бері 21 «МТЗ» тракторы мен 16 қосалқы техника лизингке алынды,-дейді Тоғызкент ауылдық округінің әкімі Медет Күзембаев.  Аймақта кәсіпкерлік саласында да ауқымды істер атқарылуда. Ауылдық округте  47 шаруақожалық тіркелген болса, 45-і нақты  жұмыс істеп тұр. Агроқұрылымдардың 50 пайызы,  яғни 23-і мемлекеттік бағдарламаларға  қатысуда. Мүйізді ірі қараны асылдандыруды 11 шаруашылық, қой малын асылдандыруды 13 шаруашылық жүргізуде. Жергілікті жұртшылыққа байыпты бағдарламалар мен жарқын жобалар туралы тұрақты түрде  түсіндіріліп отырады. Соның нәтижесінде 2023 жылы 2 азамат 1 миллион  280 мың теңге көлемінде  қайтарымсыз грант алса, 2024 жылдың  басынан бері  4 азамат   1,4 миллион  теңгеге қол жеткізді.  Қаржылай қолдаудың арқасында 1 азамат тігін машиналарын алып,  2 тұрғын жеке кәсібін ашты. Тағы 1 азамат мал өсіруде.

Сонымен қатар, 35 жасқа дейінгі жастарға берілетін жеңілдетілген несиені 1 азамат алып, кәсібін дөңгелетуде.

«Ауыл болсаң, қауым бол» дегендей, елді мекенде мәдени-көпшілік және қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып тұрады. Биылғы  8-наурыз- Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай  «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алған 40 анаға сыйлық таратылыпты. Ауыл жастарының  демеушілігімен 8 отбасыға 200 мың теңге көлемінде азық-түлік себеті үлестірілген.   Наурыз мерекесіне орай ұлттық ат спорты ойындары мен бұқаралық спорт түрлерінен жарыс өткізіліп, 300 мың теңгеге қаржылай сыйлықтар берілді.  Сонымен қатар 9-мамыр-Жеңіс күні мерекесіне орай тыл ардагерлеріне жеміс-жидек себеті тарту етілді.

Бұдан бөлек «Жомарт түлек» акциясы аясында ауыл  түлектері «Түгіскен» орта мектебіне 400 мың теңгеге қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Ал 1-маусым-Халықаралық  балалар күні мерекесіне орай жеке кәсіпкер  Сағидолла Шынбатыров 70 мың теңгеге балмұздақ пен тәтті мақта таратты. Ауыл азаматтары Абай Егенберлі мен Мейіржан Сағындықов балабақша мен жазғы лагерьдегі балаларға 200 балмұздақ үлестірді. Құрбан айт мерекесіне орай 3 мүйізді ірі қара  малы мен 62 бас қой сойылып, ауыл тұрғындарына таратылды. Міне, мұның бәрі де ел-жұрттың бірлігі мен жарасымды тірлігін аңғартып тұрғаны сөзсіз.

Аймақта көшелерді жарықтандыру мен жолдарды жөндеу, нысандарды қалыпқа келтіру  бағытында да ілгерілеушілік бар.

-Ауылдық округтегі 19 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылған. Өткен жылы Тоғызкент ауылындағы Үшарал көшесіне күн көзімен қуатталатын көше жарығы қойылды.

Округке қарасты елді мекендерде 16 көше асфальттанған. Биыл мемлекеттің қолдауымен Саудакент-Тоғызкент бағытындағы кіреберіс автокөлік жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Тоғызкент ауылының Т.Әубәкіров және Есмырза көшелері орта жөндеуден өтті.  Сондай-ақ Тоғызкент ауылының шығыс жағынан көлемі 1 гектар жерге  «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабы салынып, 500 түп қара тал көшеті егілді. Алдағы жылы 1500 түп тал егу жоспарланған. Тоғызкент ауылының ауыз су жүйесін қайта жүргізу жұмыстары 2023 жылы басталып, ағымдағы жылы аяқталды. Тоғызкент ауылындағы «С.Тасыбаев» саябағына  жазғы сахна орнатылды. Әбілда мен Майлыкөл ауылдарынан бір-бір көшеднің жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық  құжаттары мен мемлекеттік сараптамадан өткізуге қаржы бөлініп, игерілді. Алдағы жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Мүлік, жер және көлік салықтары мен басқа да салықтық төлемдер бойынша ауыл тұрғындарына толық көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жыл қорытындысымен мүлік салығы мен жер салығының жоспары 100 пайызға орындалды,-деді ауылдық округ басшысы.

Алдағы мақсаттар да ауқымды. 2025 жылы ауыл халқының тұрмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында бірқатар істер жоспарлап отыр екен. Атап айтқанда, Тоғызкент ауылының Жамбыл және Саңырық батыр көшелеріне автотұрақ салу, осы ауылдағы Төле би және Сапақ Датқа көшелеріне балалар ойын алаңшасын орнату, Майлыкөл  ауылына кіре беріс жолға түнгі көше жарығын қою көзделуде. Сол сияқты Майлыкөл және  Әбілда ауылдарына стритворкаут орнатылатын болады. Ал Әбілда ауылындағы  Елімбай көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Sarysý-Aqparat»

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.