Толайым тірлік толастамайды

0

Өңірлерді дамыту бағытында қолға алынған реформалардың нәтижесінде ауылдардың ажары ашылып, әлеуметтің әлеуеті артып келеді. Мұның жарқын мысалын Тоғызкент ауылдық округінен де көруге болады. Талас өзенінің сағасында орналасқан бұл аймақ жылдан-жылға көркейе түсуде. Бүгінде Тоғызкент ауылдық округі бойынша 312 үйде 2159 адам тұрады. Оның ішінде Тоғызкент ауылындағы 265 үйде 1795 адам, Әбілда ауылындағы 25 үйде 187 адам, Майлыкөл ауылындағы 22 үйде 177 адам ғұмыр кешуде.

Аймақтағы тұрғындарға 1 орта, 1 негізгі мектеп және 1 балабақша, 1 спорт мектебі және саз мектебінің филиалы, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік пункт, 2 кітапхана, 2 клуб, 1 пошта торабы, 1 ветеринарлық пункт, 1 учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді. Ауылдық округтегі бірқатар әлеуметтік нысандарға ағымдағы жылы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Округ әкімі Медет Күзембаевтың айтуынша, жергілікті жұртшылықтың 59 пайызы экономикалық белсенді. Мысалы, білім беру жүйесінде 157, денсаулық сақтау ісінде 31, мәдениет саласында 15 адам, кәсіпкерлік бағытында 189 адам, спорт жағында 25 адам еңбек етуде. Бұдан бөлек әртүрлі салаларда 41 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
2024 жылы 20 адам қоғамдық жұмыс­қа қабылданып, 4 адам жастар практикасынан өтіпті. Ал 19 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Биылғы жылдың 5 айында 11 адам қоғамдық жұмысқа, 1 адам жастар практикасына жолданып, еңбек дүбіріне араласты. Сонымен қатар, 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы, жұмыссыз ретінде тіркелген 11 адам бар.
Аймақта ауылшаруашылығы, ветеринария, кәсіпкерлік, жер қатынастары салаларында да ауыз толтырып айтар­лықтай жұмыстар атқарылуда.
-Округ тұрғындарының негізгі кәсібі — мал шаруашылығы. Қазіргі таңда аймақ­та мүйізді ірі қара 2 131, қой-ешкі 25 886, жылқы 710 басқа жетті. Сонымен қатар 1370 үй құстары есепке алынған.
Ветеринария саласына тоқталсам, шар­уа қожалықтары мен жеке қожалық­тағы малдардың барлығы белгіленген тәртіп бойынша эпизоотияға қарсы емделіп отыр. 2024 жылы 3 кезеңі толық атқарылды. Ағымдағы жылы ауылдық округі бойынша кенеге қарсы аулалар мен қораларға дәрі шашу, малдарды шо­мылдыру жұмыстарының 2 кезеңі толы­ғымен жүргізілді.
Сондай-ақ биыл Тоғызкент ауылының шетінен ветеринариялық пункт құры­лысы мен мал тоғыту орны және мал емдейтін раскол салынуда.
Іскер азаматтар мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды тиімді пайдалануда. Мысалы, лизингке ауыл шаруашылығы техникаларын алу бойынша да нақты нәтижелер бар. 2024 жылы ауылдық округтегі «Думан» және «Елнар» шаруа қожалықтары 2 МТЗ тракторын және 2 КУН агрегатын лизингке алды. Жалпы ауылдық округ бойынша, 2010 жылдан бері 21 МТЗ тракторы мен 16 қосалқы техника лизингке алынды.
Жалпы, ауылдық округте 47 шаруа қожалық тіркелген. Оның ішінде 45-і жұмыс істеп тұр. Осы агроқұры­лым­дар­дың 50 пайызы, яғни 23-і мемле­кет­тік бағдарламаларға қатысуда. Мүйізді ірі қара малын асылдандыруды 11 шаруа­шылық, қой малын асылдандыруды 13 шаруашылық жүргізуде.
Барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауыл тұрғындарына үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Соның нәтижесінде 2024 жылдың басынан бері 4 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, әрқайсысы 1,4 миллион тең­геден алды. Нақты айтқанда бір тұр­ғын тігін машиналарын сатып алса, екеуі жеке кәсібін ашты. Тағы бір азамат мал өсіруде. «Ауыл аманаты» жобасының 5-ба­ғыты бойынша 2 азамат 14,2 миллион теңге несие алып, кәсіптерін өркен­детуде.
Шаруашылықтың алға басуы жерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Ауылдық округтің барлық жер көлемі 272 315,5 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 99 442,34 гектар болса, шабындық 4575 гектар, жайылымдық 89 416,4 гектар көлемінде. Ал елді мекендер жері –6567 гектар шамасында. Бұдан бөлек 181 гектар өнеркәсіп, көлік, байланыс және қорғаныс жері, 165 084 гектар орман қорының жері, 531,67 гектар босалқы жер бар.
Зерделеу жұмыстарының нәтиже­сінде ауыл шаруашылғы мақсатындағы жерлерін тиімді пайдаланбай отырған 5 шаруа қожалық анықталып, тізімі Сарысу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жолданды. Өткен жылдың қорытындысымен 1 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды,-дейді округ әкімі Медет Күзембаев.
Халық даналығында «Ауыл болсаң-қауым бол»-деген сөз бар. Тоғызкент ауыл­дық округінде де тұрғындардың ауыз­біршілігінің арқасында қоғамдық жұ­мыстар да өз деңгейінде жүзеге асуда. Сонымен қатар демеушілік, қайырым­дылық шаралары да жақсы жолға қой­ылған. Биыл 8 наурыз-Халықаралық әйел­дер күніне орай «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алған 40 анаға сыйлық таратылды. Ауыл жастарының демеушілігі­мен 8 отбасыға 200 мың теңге көлемінде азық-түлік себеті ұсынылды. Сонымен қатар Наурыз мерекесіне орай ұлттық ат спорты ойындары мен бұқаралық спорт түрлерінен жарыс өткізіліп, 300 мың теңгеге қаржылай сыйлықтар берілді. 9 мамыр-Жеңіс күні мерекесіне орай тыл ардагерлеріне жеміс-жидек себеті тарту етілді.
«Жомарт түлек» акциясы аясында «Тү­гіскен» орта мектебін 40 жыл бұрын тәмамдаған түлектер өздері оқыған білім ошағына 400 мың теңгеге қолдау көрсетіп, шатыр сатып алып берді. Ал мектепті 30 жыл бұрын тәмамдаған тү­лектер «Сәдібай» мешітінің жанынан құран оқытатын орын салды. Сол сияқты 1 маусым-Халықаралық балалардың қор­ғау күніне орай жеке кәсіпкер Сағидолла Шынбатыров 70 мың теңгеге балмұздақ пен тәтті мақта таратты. Ауыл азаматтары Абай Егенберлі мен Мейіржан Са­ғындықов балабақша мен жаздық лагерьдегі балаларға 200 балмұздақ үлестірді. Құрбан айт мерекесіне орай 3 мүйізді ірі қара малы мен 62 бас қой сойылып, ауыл тұрғындарына таратылды.
Ауылдық округте жүзеге асып жатқан жұмыстар мұнымен шектелмейді. Ин­же­нерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да ілгерілеушілік бар. Бұрын­ғыдай емес, көшелердің бәрі кезең-кезеңімен ретке келтіріліп, көзтартар­лықтай кейіпке енген. Жалпы, ауылдық округтегі 19 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылған. Өткен жылы Тоғызкент ауылындағы Үшарал көшесіне күн көзі­мен қуатталатын көше жарығы қойылды.
Ауылдық округке қарасты елді мекендерде 16 көше асфальттанған. 2024 жылы Тоғызкент ауылындағы Есмырза және Т.Әубәкіров көшелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылып, игерілді.
Әбілда мен Майлыкөл ауылдары­нан бір-бір көшенің жолдарын ағым­дағы жөндеу үшін жобалық-сметалық құ­жат­тары мен мемлекеттік сараптамадан өт­кізуге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жасалды. Үстіміздегі жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Мүлік, жер және көлік салықтары мен басқа да салықтық төлемдер бойынша ауыл тұрғындарына толық көлемде тү­сін­діру жұмыстары жүргізілді. Жыл қорытындысымен мүлік салығы мен жер салығының жоспары 100 пайызға орындалды.
-2024 жылы мемлекеттің қолдауымен ауылдық округте бірқатар жұмыстар ат­қар­ылды. Атап айтар болсақ, Сауда­кент-Тоғызкент бағытындағы кіре-беріс автокөлік жолына орта жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Тоғызкент ауылы­ның шығыс жағынан көлемі 1 гектар жерге «Жасыл белдеу» қорғаныш ал­қа­бы салынып, 500 түп қара тал көше­ті егілді. Үстіміздегі жылы 1500 түп тал егу жоспарланған. Тоғызкент ауылы­ның ауыз су жүйесін қайта жүргізу жұмыс­тары 2023 жылы басталып, ағымдағы жылы аяқталды. Тоғызкент ауылындағы «С.Тасыбаев» саябағына жазғы сахна орнатылды. Майлыкөл ауылының атауы орнатылды. Сондай-ақ Тоғызкент ауылының шығыс жағынан «ҚазСода» ЖШС тарапынан 3000 тал көшетін отырғызатын орын дайындалып, қоршалды. Тал көшеттерін күзде отырғызу жоспарлануда,-дейді округ әкімі.
Байқап тұрғанымыздай, атқарылған жұмыс ауқымды. Дегенмен, шешімін күт­кен мәселелер де жоқ емес. Оның бір­а­зын тұрғындар әкімдердің есеп беру жиындарында да көтерген болатын. Біз округ әкімі Медет Күзембаевтан түйт­кілдердің түйіні қалай тарқатылып жатқанын сұрадық. Мысалы, бұған дейін Тоғызкент ауылына спорт кешенінің құры­лысын салу жайы қозғалған еді. Білгеніміздей, жобалық-сметалық құ­жат­тама дайын екен. Жобаның құны 424 миллион 881,5 мың теңге. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге республи­ка­лық немесе облыстық бюджеттерден қаражат қарастырылуы керек. Тоғыз­кент ауылдық округіндегі электр бағана­ларының тозығы жеткені де айтылып жүр. Бұл тұрғыда теңгерім иесі «ЖЭЖ» ЖШС-нің Сарысу аудандық электр жүйелері мекемесі электр бағаналарын темірбетон бағаналарға ауыстыруы тиіс.
Тоғызкент ауылындағы «Жанна» бөбекжай бақшасын газбен жылыту жүйе­сіне қосу мәселесі де айтылған. Қазандықтың теңгерім иесі -«Жаңатас-Су- Жылу» мекемесі жобалық-сметалық құжаттарын жасатуға және газбен жы­лыту контейнерін орнатуға қаржы қарастыру қажет.
Ауылдық округте өрт сөндіру стан­ция­сын ашу да күн тәртібінде тұр. Ауыл­дық округ аудан орталығынан алыс ор­наласқан және ауылдық округ аумағы орманды қалың болғандықтан өрт қауіпі жоғары. Сондықтан бұл мәселенің де оң шешімін табатынына сенеміз. Бұдан бөлек Әбілда ауылында қызметтік пә­тердің болмауына байланысты мамандар (мұғалім) тапшылығы туындап отырғаны қозғалды. Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында қызметтік пәтер салу жайы қарастырылуда екен.
Тоғызкент ауылдық округінің әкімі Медет Күзембаев сөз арасында 2025 жылы ауыл халқының тұрмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында бірқатар істер жоспарланып отырғанын жеткізді.
Атап айтқанда, Тоғызкент ауылының Жамбыл және Саңырық батыр көше­леріне автотұрақ салу, Тоғызкент ауы­лын­дағы Төле би және Сапақ датқа көшелеріне балалар ойын алаңшасын орнату, Майлыкөл ауылына кіре- беріс жолға түнгі көше жарығын орнату, Майлыкөл ауылына ойын алаңшасы мен стритворкаут орнату, Әбілда ауылына стритворкаут орнату, Әбілда ауылының Елімбай көшесіне және Майлыкөл ауылының Орталық көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты шаруалар атқарылады.
Тоқсаныншы жылдардағы терең тоқыраудың ауылдарға да оңай соқпа­ғанын жақсы білеміз. Көптеген жұмыс орындары жабылып, жұрт күнкөріс қамымен сырт жақтарға көшіп жатты. Көшелерді жарықтандырмақ тү­гілі электр энергиясын үздіксіз беру­дің өзі мұңға айналды. Ал қазір жағ­дай басқаша. Мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалардың нәти­же­сінде елді мекендердің еңсесі көтеріліп келеді. Бүгінгі мақаламызға арқау болған Тоғызкент ауылдық округі де жыл өткен сайын түрлене түсуде. Ел-жұрт­тың еңбекке деген құлшынысы мен ертеңге деген ұмтылысы жоғары. Ат­қар­ылған жұмыстардан бөлек алдағы жос­парлардың да ауқымды екенін бай­қадық. Лайым, жарқын істер жарасымды жалғасын таба берсін!

«Sarysý» ақпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.