САРЫСУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ С.Ү.МАМЫТОВТЫҢ АУДАН ЖҰРТШЫЛЫҒЫН ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Ардақты ағайын!

Құрметті сарысулықтар!

Барша аудан жұртшылығын уақытпен үндесе Ұлы Дала елінің төріне шыққалы отырған Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл қашан да өткен жылға лайықты баға беріп, болашаққа тың қадам жасайтын, адамзат баласына рухани серпіліс беретін, жарқын өмірге жол сілтейтін, сенімге серік болатын айтулы мереке. Өйткені, осы бір ғажайып мереке күндері қалыптасқан дәстүр бойынша еліміз жүріп өткен өркендеудің тарихи жолдарын тағы да парақтап, жарқын өмір беттерін еске аламыз. Ертеңгі жасампаз күнге жоспар құрып, алға қарай жаңа қадам басамыз.

Қазыналы Қаратаудан бастап төменгі Шу өзені аралықтарын жағалай қоныстанған аудан халқы үшін өтіп бара жатқан 2024 жыл жағымды жаңалықтарға толы, табысты жыл болды десек артық айтқандық емес. Оның ішінде, барша өңір халқы Жамбыл облысының 85 жылдығын, сарысулықтар Жаңатас қаласының 55 жылдығын үлкен мәртебемен атап өтті.

Тарих қойнауына кетіп бара жатқан жылы ауданымыздың жалпы даму көрсеткіштері жаңаша сипатқа ие болып, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани дамуында серпінді қадамдар жасалды.

Аудан экономикасына ағымдағы жылдың 11 айында 35,1 млрд. теңгені құрайтын инвестиция тартылды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен химия саласында да оң өзгерістер көрініс тапты. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларының материалдық-техникалық базалары нығая түсті.

2024 жылы 10,9 млрд. теңгеге 19 бюджеттік инвестициялық жобалар іске асырылды, оның ішінде: 14 АЕМ газ тарту жұмыстары, «Жаңатас- Су-Жылу» КМК орталық қазандығы газға ауыстырылды, жылу жүйлері күрделі жөндеуден өткізілді, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 263 пәтер сатып алынды, Маятас ауылына 50 орындық жаңа мектеп салынды, 2 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді,  Жаңатас қаласында 12 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткізілді (модернизация),      2 шағын аудан №32 үй қайта жаңғыртудан өткізілуде, 2 ауылдың кіре беріс және 2 ауылдың 3 көшесі орта жөндеуден өтті. Жаңатас қаласының Құрылысшы массивінің су құбыры желісінің құрылысы жүргізіліп, Саудакент және Тоғызкент ауылдарының ауыз су жүйелері қайта  жаңғыртудан өткізілді. Кәсіпорындар демеушілік, қайырымдылық шараларына қатысып тұрады. Биылғы жылы ірі кәсіпорындар демеушілігімен 3 жоба іске асырылды:

  1. «Qazaq soda» ЖШС — Саудакенттегі стадионды сатып алып берді (құны — 11 млн. тг.);
  2. «Қаратау» ТКӨК – «Фосфорит» стадионын қала тұрғындарының пайдалануына ақысыз түрде берді;
  3. «Жаңатас ЖЭС» ЖШС — «Данқ» монументіне субұрқақ орнатылады (құны – 30 млн. тг).

Мемлекеттік саясаттың жарқын көріністерінің арқасында ауданымызда демократиялық даму үрдісі де бер-ік қалыптасып келеді. Нәтижесінде ауыл әкімдерін сайлау қағидаты қалыпты орнығып, азаматтық қоғам белсенділігі артты. Қоғамдық-саяси ахуал мен этносаралық өзара түсіністік барынша нығая түсті. Бұл жаңа дәуір еншісіндегі, жаңа заман тынысындағы уақыт ақиқаты!

Татулығы мен бірлігі, ынтымағы мен ауызбіршілігі жарасқан көпэтносты аудан тұрғындарына туған өлкемізді өркендеу мен гүлдендіру жолындағы ерен еңбектері мен рухы биік сүйіспеншіліктері үшін алғысымды жеткізгім келеді. Осы тұста өңір ардагерлері мен жас-тарын, барша аудан тұрғындары мен түрлі қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің ауданымыздың қарқынды дамуына қосқан сүбелі үлестерін айрықша атап өткім келеді.

Осының барлығы ғасырлар қойнауына өтіп бара жатқан жылдың жылнамасындағы тынымсыз тірліктер. Ал, Жаңа жылды Тәуелсіз Қазақстан іргесі берік, мемлекеттігі бекем, аты әлемге танылған қуатты ел ретінде қарсы алғалы отыр. Осының барлығы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатымыз бен біртұтас халқымыздың ерен еңбегінің жеңісі мен жемісі. Өйткені, біз, осыншама толағай табысқа жұдырық болып жұмыла жұмыс атқару мен ұлы мақсаттарға жету жолындағы табандылығымыздың арқасында қол жеткіздік.

Алдымызда Ұлы Жеңістің 80 жылдығын, Қазақстан Респуб-ликасының Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейлі мерекелері келе жатыр. Бұл еліміздің, оның ішінде біздің де ауданымыздың қоғамдық-саяси өміріндегі шоқтығы биік шаралар болары және аса жоғары деңгейде аталып өтілері сөзсіз. Сонымен қатар, алдағы жыл Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны көпке аян. Яғни, бұл қадам барлық саланың даму процесінің алдыңғы шебінде тұратын еңбек адамының жаңа бейнесін қалыптастыруға деген ізгі ниеттен туындаған идея екені ақиқат. Сондықтан да, барша аудан жұртшылығын алдағы жылы да мемлекеттік саясат пен ұлттық идеологияның маңына топтасып, егемен еліміздегі бірлік пен келісімнің, татулық пен ынтымақтың, рухы биік жігер мен өр намыстың өнегелі үлгісін көрсетіп, еңбек табыстарымен қарсы алуға шақырамын!

Егеменді Еліміздің тұғыры биік, көк туы мәңгі желбірей берсін!

 Ардақты ағайын!

Жаңа жыл жаңа жеңістер мен би-ік белестері мол мүмкіндіктерге жол ашсын және туған Отанымыздың қарқынды дамудың жасампаз дәуірін сәтімен жалғастырып, халқымыз игілікке, әр шаңырақ береке мен шаттыққа кенелсін!

Ойлаған ойларымыз орындалып, өзара татулық пен достық нығайып, қоғамда әлеуметтік сенім берік орнықсын. Өйткені, біз  қалыптасқан дәстүр бойынша келе жатқан Жаңа жылдан жақсылық пен қуаныш, бақыт пен толағай табыстар күтеріміз белгілі. Сондықтан да, ел игілігін еселеу жолындағы еңбектеріңіз бен бағалы бастамаларыңыздың баянды болуына тілектеспін!

Жаңа жыл әр отбасына берекесі мол, ырыс пен дәулетке толы жыл болсын! Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін!

Көргеніміз қуаныш, естігеніміз жақсылық болсын қадірі биік ағайын!

Жаңа, 2025 жыл құтты болсын!

Жаңа жыл

жаңа өмірдің бастауы

Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді ырыс пен ынтымаққа серпіліс берер Жаңа жыл мерекесімен               шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл — әр адамның өміріндегі ең жарқын мерекелердің бірі. Баршаға жан шуағы мен жайдары көңіл-күй сыйлайтын бұл мереке өткенімізді саралап,  ертеңімізді бағамдайтын керемет сәт.

Біз өткен жылды ризашылықпен өткіземіз және 2025 жылға сеніммен қараймыз. Біздің әрқайсымыз оған үлкен үміт артамыз.

Ауданымызда дамуына серпін берер жұмыстар атқарылуда.                                Біздің жетістіктеріміз, ең алдымен, тұрғындарымыздың ұмтылысының, ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Әр түрлі саладағы күнделікті, қажырлы еңбегімен ауданымыздың өркендеуіне ықпал ететіндер. Әлеуметтік-экономикалық дамуда түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асып келеді. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс салалары дамып, жол салу және оларды қалпына келтіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары кезең-кезеңмен іске асырылып келеді. Елді мекендерде жаңа денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілуде. Спортшыларымыз Әлем додаларында биік белестен көрініп, елдігіміз бен ерлігімізді тағы бір дәлелдеді. Сондай-ақ, облыс, аудан тұрғындары бірқатар мерейлі мерекелердің куәсі болды. Облысымыздың 85 жылдық мерейтойы, Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығы, Жаңатас қаласының 55 жылдығы, Шу бойының шырайлы мекендері Шығанақ, Қамқалы ауылдарының құрылғанына 60 жыл толу мерейтойларына арналған және басқа да салтанатты шаралар жоғары дәрежеде аталып өтті. Тағылымды іс-шаралар бірлігімізді бекемдеп, тарихымызды түгендеуге, өткенімізді талдап-таразылауға айтарлықтай ықпал етті.

Қадірлі жерлестер!

Сiздердi Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тiлеймiн. Алдағы жыл Сіздерге көптеген жарқын сәттер, жақсы өзгерістер әкеліп, жақындарыңыздың жылуына толы болсын.

Жаңа жыл барлық бастамалар мен жетістіктерде сәтті болсын. Әр күнді қуаныш пен бақытқа толтырсын. Ой-мақсаттар жүзеге асатын жыл болып,                   жан жадыратар жақсылығы молынан болсын. Жаңа жыл құтты болсын!

Ш.Мұсабеков, аудандық мәслихаттың төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.