АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНАЛАР АРДАҚТАЛДЫ
Түн ұйқысын төрт бөліп, түнде бесік таянған аналар қауымы барлық мадаққа лайық. Жұмақтың кілті аналардың табанының астында десек, аналарды құрметтеп, аялау — біздің борышымыз. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудан әкімі Сәкен Мамытов бірқатар көпбалалы аналарды мерекемен құттықтап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарымен марапаттады.
Аудан әкімі көпбалалы аналарға қоғамдағы және бала тәрбиесіндегі айрықша еңбектері үшін алғыс сезімін білдіріп, отбасылық бақыт, бақуатты тұрмыс тіледі.
-Кез келген мемлекеттің болашағы – саналы ұрпақ. Бүгінгі бала – өз Отанының дамуына үлес қосатын елдің ертеңгі азаматы. Балаларды тәрбиелеудегі еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын! Сіздерді марапаттарыңызбен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасылық бақыт пен қызметтеріңізге сәттілік тілеймін! Жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден қуаныш кетпесін! Әрбір шаңыраққа шаттық пен бақыт, отбасының амандығын, еліміздің өсіп өркендей беруін тілеймін. Өмірдегі әйел жаққан шырақ сөнбесін. – деді Сәкен Үмбетұлы. Аудан басшысы әр көпбалалы анаға гүл шоқтарын тапсырды. Көпбалалы аналар «Алтын алқа», «Күміс алқа» медалін тағып, қуаныш құшағына бөленді.
Мемлекет басшысының Жарлығына орай омырауларына алтын және күміс белгілері тағылған аналар да аянып қалмады, осынау қошеметке ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын жаудырды.
С.есқараев, «Sarysý»
тиісті шешімдер қабылданды
2024 жылдың 26 желтоқсан күні Сегізінші шақырылған Сарысу аудандық мәслихатының кезектен тыс 36-шы сессиясы өтті.
Сессия жұмысына аудан әкімі С.Мамытов, Жаңатас қаласы мен ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім және тиісті мекеме басшылары қатысты.
Аудандық мәслихатының төрағасы Ш.Мұсабековтың төрағалығымен өткен аудандық мәслихаттың кезектен тыс 36-шы сессиясының күн тәртібіне ұсынылған «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» және «Сарысу аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» сегізінші шақырылған Сарысу аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №16-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер бірлескен тұрақты комиссиялардың отырысында тыңдалып, жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге сәйкес, аудандық мәслихат депутаты Талғат Нахановтың тарапынан бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда: Жайлаукөл және Қамқалы ауылдарындағы бір көшеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құжаттарды мерзімінде рәсімдеп аудандық бюджеттік комиссияға өтінімді ұсыну. Шығанақ ауылын-дағы көлдің жағасындағы ауылдың мерейтойына аудан тарапынан тарту ретінде соғылған демалыс орнының түнгі жарықтандыруы. Жайлаукөл ауылының тұрғындарының сұраныса сәйкес, Бетбақдала жазығына қатынайтын көпірді теңгерімге алу. Досбол ауылдық округіндегі арканың түнгі жарықтандыруы, табиғи газ желісіне қосылмаған тұрғын үйлерді толық қосу. Тоғызкент ауылы тұрғындарының сұранысына сәйкес ауылдағы құрылысы жүргізілген ауыз су жүйесі жұмыстарын аяғына дейін жеткізу тағы басқада мәселелер.
Көтерілген сұрақтар бойынша тиісті ауылдық округі әкімдері тарапынан жауаптары берілді. Сондай-ақ, Талғат Наханов аудан әкімі Сакен Мамытовтың тікелей ықпалымен Шығанақ ауылындағы көше орта жөндеуден өткеніне алғысын білдірді. Күн тәртібіндегі мәселелер Сарысу аудандық мәслихатының депутаттары тарапынан мақұлданып, сессияда тиісті шешімдер қабылданды.
Сарысу аудандық мәслихат аппараты