ЖАСТАРҒА жаңашылдық жарасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қолға алынған саяси-экономикалық реформалар қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асуы керектігін айтқан болатын. Бұл тұрғыда жастарға да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Президент Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде оны анық аңғартты.
«Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын. Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр. Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді» деп атап өтті Мемлекет басшысы алқалы жиында.
Мемлекет жастар саясатын іске асыру бағытында ауданда да жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Қазіргі таңда ауданымызда 14 пен 35 жас аралығындағы 12 382 жас бар. Бұл — аудан халқының 28 пайызын құрайды. Жыл басынан бері аудан орталығы – Жаңатас пен ауылдық округтерде 853 игі іс-шара ұйымдастырылды. Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында жыл басынан бері 11 бағыт бойынша 700 іс-шара ұйымдастырылып, оған 11 739 жас қамтылды. Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша 120 іс-шара өткізілді. Сондай-ақ, NEET cанатындағы жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында 11 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, 16 кеңес беру алаңы ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде біршама жастың жұмысқа орналасуына ықпал етті. Республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясын жоғары деңгейде өткізуімізде де жастардың рөлі зор болды.
Міне, осындай оңды істердің жалғасы ретінде аудандық мәдениет үйінде аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «SARYSU AWARDS» аудан әкімінің жастар сыйлығын тапсыру салтанаты өтті.
Айта кетейік, үздік жастарды анықтау онлайн негізде жүргізілді. Яғни, әлеуметтік желіге әрбір аталым бойынша үміткерлердің өмірбаяны мен жетістіктері жарияланды. Желі пайдаланушылар өз таңдауларын жасап, жалынды жастарға қолдау көрсетті. 10 номинация бойынша 70-ке жуық жас маман өз өтініштерін білдіріп, күні кеше 10 жас жүзден жүйрік шықты.
Салтанатты шарада «SARYSU AWARDS» Сарысу ауданы әкімінің жастар сыйлығын жеңімпаздарға табыстау үшін аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз сөйледі.
-Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде, соның ішінде облысымыз бен ауданымызда жастарға, жастар саясатына көп көңіл бөлінуде. Оларды қолдау мақсатында жастардың кадрлық резерві жасақталып, сан түрлі бағдарламалар, жобалар іске асып, гранттар, жеңілдетілген несиелер де қарастырылған. Бұлардың әрбірі жастарымыздың жарқын болашағына жол ашуда десек, қателеспейміз.
Солардың бірі – барлық жастың басын бір арнаға тоғыстырып отырған, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және психологиялық, құқықтық кеңес беру мақсатында құрылған облыстық Жастар ресурстық орталығына биыл, міне 20 жыл, ауданға 18 жыл толды. Осы жылдар аралығында аудандық орталықта білікті де білгір жастар басшылық жасап, өз қолтаңбаларын қалдырды. Биыл біз алғаш рет ауданымызда «SARYSU AWARDS» атты іс-шара ұйымдастырып, Сарысу ауданы әкімінің жастар сыйлығымен сан саладағы жаста болса өз істерінің шын шеберіне, білгір маманына айналған бірқатар жасты марапаттауды жөн көрдік,-деді аудан әкімі.
Осы орайда Сәкен Үмбетұлы «Үздік жас медицина маманы», «Үздік жас педагог», «Үздік жас кәсіпкер», «Үздік жас тау-кен маманы», «Үздік жас спортшы», «Үздік жас мәдениет маманы», «Үздік жас мемлекеттік қызметкер», «Үздік жас құтқарушы», «Үздік жас құқық қорғау қызметкері», «Үздік жас ауылшаруашылық маманы» номинациясының жеңімпаздарына дипломдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырды.
Сондай-ақ аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан, аудандық «Жастар ресурстық орталығын» басқарған азаматтарға «Жамбыл облыстық Жастар ресурстық орталығына 20 жыл» төсбелгісін табыстады.
Шара әрмен қарай концерттік бағдарламаға ұласып, «Найза» тобы «Алаш ұраны» әнін әуелете орындаса, Жамбыл облысының «Әулие Ата» және «Тараз» жоғарғы лигаларының жеңімпаздары «Premium» және «Kazmedia» командалары өз өнерлерін көрсетті. Сахна төрінде жас ақын Бекайдар Аманбаев жастарға арнау өлеңін нақышына келтіре орындады.
С.рысбекұлы,
«Sarysý»