БӨЛТІРІК шыққан биіктер

0

Ескен желдей, атқан оқтай зымыраған уақыт айналасында жүрген көпті алға жетелей кететін өмір шіркіннің өшпес заңдылықтары көп қой. Адам баласы жыл аунап түскен сайын жасына жас қосып, биігіне биік қосып Өмір Жолаушысы болып қызық пен қуаныштың қызған ортасында жүре берері де айнымас өмір шындығы.

Осындай өмір жолаушысы ортамызда жарқырап келе жатқан, алпыс биікті артқа тастап, биыл 70 жастың көгіне көтеріліп   отырған «Қазақстан Республикасы білім беру саласының озық қызметкері», «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» Бөлтірік Ильясовтың есімі тек қана қазыналы Қаратауды жағалай қонған Сарысу ауданы мен Жамбыл облысына ғана емес, жалпақ жұртқа да кеңінен мәлім.

         Ол өзінің осы артта қалған межелі жастарында отаншыл, мемлекетшіл, елшіл, қоғамшыл, көпшіл қасиеттерімен көптің алғысына, үлкендердің батасына, ағайынның рақметіне, дос-жарандарының құрметіне бөлене жүріп, бүгінгі мерейлі жасқа үлкен абыроймен жетіп отырғаны уақыт ақиқаты!

Өлкелі өңіріміздің өзгемен жанаспайтын өзіндік дара жолы бар бекзат болмысты аптал азаматы Бөлтірік Ильясов өзінің өмір және еңбек жолында Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани дамуына елеулі үлес қосқан қоғамдық пікір көшбасшысы десек артық айтқандық емес.

Елі  қадірлеген дәрия кеуде, тау мүсін Бөкеңнің көп ішіндегі шоқтығы биік азамат ретінде қол жеткізген алқалы абыройының темірқазығы, алтынтағы – оның биік Адамгершілігі дер едім! Өйткені, ол адалдық пен тазалықтан өрілген, құнарлы жолдан өткен, «жақсылық» деген қастерлі дүниеге оқтаулы мылтықтай дайын тұратын, жаманмен жұғыспаған жігіт! Сондықтан да, бар саналы ғұмырын ұстаздық пен қоғам игілігіне арнаған оның айта жүрер ғұмыр белестері, жеткен жетістіктері барша сарысулықтардың көз алдында өткені де рас.

Ұлтымыздың ұлы даналарының бірегейі Шәкәрім қажы Құдайберліұлының артында «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол шын адам болады!» деген оюы өшпес, сиясы кетпес аталы сөз қалған екен. Осы бір  мәні жоғары, мәртебесі биік, терең ойлы сөздегі төрт асыл қасиетті тал бойына сіңіре білген Бөлтірік сынды есімі өз қатарынан озық тұратын марқасқа азаматқа арнап айтылғандай көрдім. Өйткені, оның «ізгілік жолы, жақсылық жолы» деген аламандарда аты үнемі оза шауып жүрген қарагер аттай екенін ел біледі!                                   

Мен осы бір жаны таза, жүрегі кең асыл азаматпен өткен ғасырдың 80-ші жылы аудандық оқу бөліміне жаңадан қызметке келген тұста танысқан едім. Бөлтірік екеумізді қол алыстырып, бір-бірімізге етене жақындатып кеткен Сарысудың аяулы қызы, сауаты мен білімі арнасынан төгіліп тұратын, кісі тани білетін, өкінішке орай бүгінде ортамызда жоқ Шәкен тәте Елеубаева еді.

Міне, осы таныстық үлкен сыйластық пен мәртебелі достыққа ұласып, қырық жылдан астам екеумізге де сәуле шуағын шашып келеді! Сондықтан да, мен қай кезде болмасын, қай жақта жүрмейін шыншыл болмысты, ақ жолды пір тұтқан, айналасына зер сала жүретін қамқор көңілді, асыра сөйлемейтін, ғайбаттан бойын аулақ ұстайтын биік ойлы Бөлтірік досыммен әркез мақтанамын, қадір тұтып құрметтеймін!

Бүгінгідей салтанатты сәттерде Бөкеңнің өткен жолдарына да көңіл аударып өткен де жөн шығар. Ол «Коммунар» совхозында жылына 180-185-тен төл алып, шамшырақ шопаны атанған, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің кавалері, Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің Алтын кітабына есімі жазылған, Жамбыл облыстық партия комитетінің Бюросы мен Пленумы мүшесі және Халық депутаттары Сарысу аудандық Кеңесінің депутаты болған, өзіміз көздерін көрген, қолдарынан дәм ауыз тиген Шәмші әкеміз бен отбасының киесіне айналған аяулы анасы Алтынкүлдердің сәби иісін аңсап, әулие аралап, басына түнеп жүріп көрген егіз перзентінің сыңары. Құдіреттің күшін көрмейсіз бе, бала аңсаған отбасы егіздері жарық дүние есігін ашпай жатып-ақ, әке түсіне Алла аян беріп, «бір ұл, бір қыз көресіңдер, есімдері Бөлтірік пен Қаламқас болады» деген екен! Міне, Алланың назары ерте сәулесін төккен сол Бөлтірік қос бұрымды серігі, қарлығаш көңіл Қаламқасына өмір бойы қамқор бауыр, ал ата-анасы арқа сүйейтін ардақты ұл болып өсті.

Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған ол Шымкент педагогикалық институтын өзі қалаған мамандығы бойынша табысты аяқтап, алғашқы еңбек жолын 1976 жылы Дос-бол сегізжылдық мектебінде бастаған оның кейіннен туған ауылындағы Коммунар орта мектебіне мұғалім, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызметтік жолы басталады. Ал, осы мектепті ұзақ жылдар басқарған, жүздеген шәкірттер тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, «Қазақ ССР-і Халық ағарту ісінің үздігі», Ұлы Отан соғысының ардагері, зиялы тұлға Асқарбек Ермекбаев ағай зейнет демалысына шыққаннан кейін аудандық оқу бөлімінің ұсынысын қолдаған аудандық партия және атқару комитеттері Коммунар орта мектебінің басшылығына Бөлтірік Ильясовтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, бекітті.

Осылайша 1983 жылы жас директор Б.Ильясов аудан мектептерінде алдыңғы легі Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен бас-тап, өз істеріне шын берілген нағыз сақа педагог мектеп басшылары Донда Сембин, Зикен Бекенов, Қуандық Ильясов, Бәйімбет Бекмағанбетов, Ошақбай Жүнісбеков, Шахабала Дәуірбаев, Бестібек Жақыпбеков, Әбдіғазит Жылқайдаров, Әбсәмәт Сұмағұлов, Мүшбай Әбішов, Төлек Әубәкіров, Кеңесбек Төлмағанбетов, Әзімхан Жамбылбеков, Пернебай Дүйсенбин, Арқаш Сағындықов, Жаңатай Уызбаев сынды «директорлардың даңқты дивизиясына» «жас жауынгердей» болып қосылып, шар болаттай шыңдалып, өнеге мен үлгінің қазанында қайнап, үлкен өмір мектебінен өтті. Осындай ордалы ортада ысылған оның өзі де зейнетке шыққанша табаны күректей 35 жыл Ұлы Ұстаздары секілді кейінгі буындағы аудан мектеп директорлары үлгі тұтар, өнеге алар Лидері бола білді!

Жақсылармен жанаса жүретін ол ұзақ жылдар бойы табысты атқарған директорлық қызметтік жолында аудан ұстаздары штабын әр жылдары табысты басқарған өрісі кең, өресі биік ортақ ұстазымыз Тұрсынбек Ысқақовтан бастап, білім саласының майталмандары Ж.Бозжігітов, М.Есмаханов, Ә.Әбдірахманова, О.Шарапиева, Ж.Айдарқұлов, І.Баймағанбетов сынды білікті басшылармен ұзақ жылдар бойы қызметтес болған бірден-бір азамат осы Бөлтірік десек қате айтқандық болмас. Сонымен қатар, ол отыз жылдан астам  аудандық оқу бөлімінің мәртебесі биік Кеңесінің де мүшелігін үздіксіз үлкен абыроймен атқарып шықты.

Берекелі бірлік пен ырысты ынтымақты серік еткен, елімен есейген, халқы үшін аянбай тер төккен, қоғам алдынан шыққан сынағы мол кезеңдерден сүрінбей өте білген Бөкең Сарысу аудандық мәслихатының да  қатарынан бес шақырылымының депутаты болған бірден-бір аптал азамат және өңірдің талай өзекті мәселелері мен қарапайым сайлаушылардың мұң-мұқтаждарын шешуге барынша ықпал ете білген, олардың алғысына бөлеген айтулы қоғам белсендісі.

Сондай-ақ, мемлекеттік саясатты қолдай, ұлттық идеологияны қорғай, ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай жүретін ол әр кезеңдерде Сарысу ауданының тізгінін ұстаған С.Әміреқұлов, Д.Тұрғанов, С.Айдапкелов, Ж.Омаров, Б.Мәді-кенов, Б.Орынбеков, Қ.Мәдібек, Б.Нарбаев пен бүгінде ел басқарып отырған Сәкен Мамытов және мәслихат хатшылары М.Есмаханов, Қ.Дондаев, С.Бегеев сынды білікті басшылармен тізе қоса қызмет атқарып, ел Тәуелсіздігі тұғырының берік орнығуы мен  қалыптасуына сүбелі үлесін қосқан қайраткер! Сондықтан да, Сарысудың сахарадай сары даласының паспортындай болып,  әудемжерден жарқырап көрінетін Бөлтірікті  мен өз ортасында әрқашан жолынан жаңылмай биік жүретін бірегей азамат санатына ойланбай қосқан болар едім!

Ия, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ел басына туған қиындығы мол  ауыр күндер алақандай Игілік ауылын да айналып өткен жоқ. Осы бір күрделі шақта ауыл жұртына қамқорлық пейілімен барынша қол ұшын беруге де атсалысқан осы кеңсандық кеуіл иесі Бөлтірік бастаған ауыл азаматтары еді. Мейірімді серік, имандықты ұран еткен олар қиындықтан белдері қайысқан ағайынның жел жағына өздері тұрып, тарыққанға пана, зарыққанға сана, қиналғанға бауыр бола білді. Айтары сол Игілік ауылындағы қандай да болмасын қуанышты тойды да, қазалы қайғыны да атқарудың бел ортасында осы Бөлтіріктің жүретіндігін барша ауылдастары өте жақсы біледі. Ондайда ақыл ортаға түсіп, ортақ пікірлер айтылады. Аяғы сәтті шешіліп жатады. Бұл әрине сол ауылдың  қалыптасқан ішкі жарасымды тынысындай көрінетін. Бірақ, қашанда табалдырықты оң аяғымен аттап, көп ішінде көркейіп, текті ұрпақтан шыққан ол осы ізгілігі мол істерді атақ-даңқ үшін емес, ауыл абыройы үшін жасағаны анықтың ақиқаты.

Ал, халқымыз сағына күтетін әз-Наурыз мерекесі бүкілхалықтық сипатқа ие болып, алғаш тойлана бастаған күннен бастап бүгінге дейін бұл ауылда үлкен салтанатпен өтіп келе жатқанына да оның сіңірген еңбегі көп. Ауыл көшелерін жарықтандыру, жолдарын жөндеу жұмыстарын ұйымдастырудан да шет қалмай, сонымен қатар, ауылдағы мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар аса зәру болып жүрген ветеринарлық пункттің де жайлы орынға қоныстануына патша көңіл  азаматтың алақан ізі жатыр.

Ел қадіріне бөленген берен Бөкең оң қолымен жасаған осындай оңды істерге көкірегін керіп, асып-тасыған жоқ, қайта адамшылығынан айнымай, қолына «жаңа бастамаларды» алып, өмір ағымымен алға кете барды.

Мектеп болашағын, ұрпақ келешегін  тереңнен ойлаған Бөлтірік Ильясов директор және аудандық мәслихаттың депутаты бола жүріп біріншіден мектепке Шоқай датқа бабаның тұлғалы есімінің берілуіне мұрындық болса, екіншіден  Игілік ауылына заманауи жаңа мектептің қажет екендігін тиісті мемлекеттік органдардың есігін қаға жүріп, алдарына қоя білуі нәтижесінде 2007 жылы есігін айқара ашқан болашақтың білім бағына айналар жаңа мектеп ғимаратының пайдалануға берілуіне барынша күш-жігерін жұмсады. Сонымен қатар, мектеп жаңа ғимаратқа көше сала ол аудан әкімі Болат Мәдікенов пен мәслихат хатшысы марқұм Мейрамбек Есмахановтардың алдына қайта-қайта бара жүріп, мектептің ескі ғимаратының бұзылып кетуіне жол бермей, ол жерден бірден үш топтық балалар бақшасы мен 120  балаға арналған өнер мектебінің ашылуына еткен еңбегін Игілік жұрты жадынан шығармай, ауызынан тастамай айта жүреді екен.

 Осылайша, халық қалаулысы, ұстаз-басшы, ауыл қамқоры Бөлтіріктің әрбір ұлағатты істері көптің алғысына ие болды және білім кемесіне мінген оқушыларды шексіз қуанышқа бөледі!

Жалпы қай дәуірде болмасын ұстаздың қоғамдағы ролі мен мәртебесін жоғары түсінетін, адам жанының нәзік иірімдерін көре білетін де, нағыз педагогтар екені баршаға аян. Міне, мен осы тұста таңдаған мамандығынан бір сәтке де айнымаған оның  табанды ұстаз, реформатор-директор бола білгенін айрықша атап өткім келеді.

Қайсы бір жылы Игілік топырағынан поэзия әлеміне түлеп ұшқан қазақтың аса дарынды дауылпаз ақыны Маралтай Райымбекұлының шығармашылық жолына арнап, аудан көлемінде алғашқы болып сынып ашқан салтанатына арнайы шақырылған айтулы романист-жазушы марқұм Несіпбек Дәутаев ағамыз бен сол кездегі «Нұр Отан» партиясы  облыстық филиалы төрғасының бірінші орынбасары, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Масат Берікпен бірге атбасын бұрған сапарымызда Бөкеңнің басшылығымен жасалған, әрі қарай жасалып жатқан игі істерді көріп, қуанып, ризашылығымызды айтып та қайтқан күн еріксіз еске оралып отыр.

Жалпы Шоқай датқа мектебінің аты аудан және облыс көлеміне оқушылары мен ұстаздары жеткен биік белестердің арқасында ұдайы жақсы көрініс тауып жүрді. Өйткені, мектепте білім сапасы жаңа деңгейге көтеріліп, тәрбие жұмыстары өзінің оң нәтижелерін үздіксіз беріп жүрді. Ол өзіндік бай дәстүрі берік орныққан ұжым қалыптастыра білді. Сонымен қатар,  үлкен ұйымдастыру қабілетінің арқасында ол тәжірибелі мұғалімдерге аса зор сенім білдіріп, қаншама жас мұғалімдердің үлкен өмір жолындағы ұстаздық «тұсауын кесті». Бұл қадамдардан мектеп ұжымын аудандағы алдыңғы қатарға қоса білген Бөкең басшының «Еңбекпен шыққан төр биік!» деген халық даналығына дара азаматтың берген жауабын көргендей боласыз!

Сондықтан да, мектеп жұмысын жүйелі түрде басқару ісінің шынар биігіне шыққан, қалың топтың ортасында төредей болып төрдегі орнын берік сақтаған Бөлтірікті мен Сарысу ауданы мектеп басшыларының «генералындай» көретінмін. Өйт-кені, ойы да бар, бойы да бар ол бұл «атақты» өзінің адал пейілімен, таза көңілімен, көпшіл қасиетімен, елден бөлінбей, елді бөлмей, тұтастықты ту, бірлікті жалау ете білгенінің арқасында және бөгде сөзге ілеспей, солақай «саясатты» сырт айналып, бардың анығын айта жүріп жеткені ақиқат! Осыншама жемісті жұмыстарды табыс-ты атқара білген, өз пікірін «менікі дұрыс» деген ойсыз оғаш қылықтан алыс, бойын тәкәппарлықтан қашық ұстап, өз ойын үнемі көптің пікірімен үйлесімді үндестіре білген жомарт көңіл Бөлтіріктің жайсаң жолы да «сары майдай» сызыла сырғып және дүрмек жүретін тақтайдай тегіс болып өткен жоқ әрине. Бірақ, ол алдынан кездескен барлық қиындықтар мен кедергілерді ақылымен, парасат-пайымымен, сабырлы мінезімен шеше де, жеңе білген азамат! Көптің ортасында жүрді. Ол бүгінгі кейбір азаматтар әдетке айналдырып жүрген серуен-сейіл құрып, балық аулап, аңшылықтың да «қызығына» әуес болған жоқ. Қайта қарапайымдылықпен өрілген қалыпты биігін сақтай білді!

Бөкең ат тізгінін тартқан шақтан бастап айналасын таспен емес, доспен қоршаған жайсаң! Менің елу жылдан астам бірге келе жатқан күніміз бір, түніміз бөлек жайдары мінез Лесбек Егембердиев досыммен, сондай-ақ, облысқа есімдері кеңінен танымал Данияр Ынтықбаев, Жақып Жексембиев, Қанат Жұматаев пен Бейбіт Сәмтовтар арасындағы тамыры ұзаққа кеткен достық, шын мәнінде бауырлыққа ұласқаны да уақыттың айқыны. Ал, сыйлас досына астындағы атын түсіп беретін, шекарасы жоқ достықтың дариясында жүзген ақ кемедей Бөлтіріктің мен білмейтін, сіз танымайтын  достары қанша ма?! Әрине, ол бір Аллаға ғана аян… Ал, «Сыйлы болу үшін, сыйлай біл!» деген ертеден қалған есті сөзде осындай жігіттерге айтылған болар.

Ол осындай достарына ғана құрмет көрсетіп қана қоймай, олардың ет жақын бауырлары мен жақындарына да әркез өз ықылас-пейілін көрсетіп жүреді. Оған менің Жайылма ауылында тұратын асқар таудай Амантай көкем мен Балкүл жеңгеме, өзінің жасы кіші әріптесі болған Әмірәлі інілеріме деген ақжарма көңілі толық дәлел бола алады. Ал, Амантай көкем болса Бөкең інісіне әр сәлемімен кездерде «Көсегең көгерсін!» деген батасынан бір жаңылған емес! Бөкең достың осындай көреген қадамдарына қалай риза болмайсың!

Бүгінгі қоғамның бел ортасында жүрген тұлпар топтың бір жүйрігі, көркем сөздің хас шебері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, айтулы идеолог, белгілі қоғам қайраткері Дархан Мыңбайдың бір жазғанында «Жақсы деген атыңды сақтап қалу – аса зор жауапкершілік, айырықша аманат!» дегені бар еді. Міне, шойын жолдың үстінде нық жүретін локомотивтей көрінетін біздің Бөлтірік досты осындай құрметке бөлеген дүниелердің ең басында – атан түйе ғана көтере алатын осы жауапкершілік жүгінің жатқанын ешкім де жоққа шығара алмас! Міне, сондықтан да өмір және қызметтік жолында ол осы салмағы саз балшықтан да ауыр жауапкершілік аманатын жадынан бір сәтке де шығармай, құйылған қорғасындай сақтап қалған абзал азамат!

Көкірегінен даланың исі аңқып тұратын, қараңғы жерді жарық етіп жүретін оның бойындағы тағы бір ерекше қасиет, ол оның ағайынның татулығын, туыстардың бірлігін әркез жоғары қойып, достардың қадірін көтеріп, әріптестерінің табысты істерне шын ниетпен қуана білетін биік адами қасиеті дер едім. Тіпті көңілін бұлт баспаған ер Бөкең жан-жүрегіне жақындармен жәй амандаса да алмайды. Ол сені қапсыра құшақтап, баурына басып, сүйіп амандасады! Өйткені, ол оның Сені елден ерек жақсы көргені, сағынғаны, кездесуіне қуанып, қадір тұтып, құрметтегені! Сондықтан да, оның осы сергек мінезіне, кіршіксіз таза пейіліне Жаратушы ием әркез шуағын шашып тұрады!

Көпбалалы отбасынан шыққан өмірлік серігі, аяулы жары Сырғакүл екеуі кешегі Шәкең қария жаққан сексеуілдің шоғындай қызуы басылмаған отбасы отын бүгінде маздатып жағып келеді. Есіктері жолға қарап ашық тұратын олардың отбасынан қанат қаққан қарлығаштары, өрімдей болып өскен Динара, Ақмарал, Назгүл, Серік, Берік және Еріктей ұл-қыздары түгел жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапқан азаматтар. Ал, сол перзенттері болса бүгінде ер жетіп, есейіп, өз отандарын құрып, ата-анасына қамқор тілекші болып отыр. Сондай-ақ, Бөкең мен Сырғакүл сүйкімді немерелеріне ардақты Ата, асыл Әже атанып, қуаныш бесігінде де тербеліп жүрген жайы тағы бар. Бүгінде тұтас бір әулеттің Бәйтерегіндей болып отырған Бөкең мен үлкен анасындай кейіптегі Сырғакүл Құдай қосқан мың жылдық құдаларымен де екі жұрттың арасын жол қылған бақытты жанұяның иелері!

Осындай тағылымды тәрбие-сімен, өнегелі өрісімен ел ауызында жүретін Ильясовтар отбасы 2014 жылы аудандық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанса, облыстық додада жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Бүгінде ағынан жарылып жақсылық үшін жаралған, Әулие тапқан алтын теңгедей жарқырап жүретін, күліп жүріп күн шуағына айналасын тарата білетін, ашуға қамшы салдырмай, сабырға үкі таққан, қамқорлықты  зиялылықпен өрнектеп, басындағы құндыз бөрігі өзіне сән беріп, Ел Ағасы биігіне көтерілген Бөкең достың барлық істері көпке өнеге, елге үлгі болып отырғаны да ақиқат!

Оның ауданға және мектепке сіңірген орасан зор еңбектері мен қызметтері өз деңгейінде тиісті марапаттарға ие болғаны да қуантады. Намысын жықпаған, рухы мықты ол әрбір марапатқа мансап деген оймен емес, үлкен парасат биігінен қарай білді. Дегенмен, кеудесін жарқыратқан бағасы биік марапаттар оның таза еңбегі екенін ешкім жоққа шығара алмасы анық!

Ертедегі ауыл сыртындағы төбе басына шығып сөз бастар, ел алдына шығып жол көрсетер сайын даланың абыз да ақылман қариялардың артында «Адам есейген шаққа келгенде мейірімді, көпшіл, қоғамшыл, бауырмал, іздемпаз болады және өткенді аңсап, сағынышқа толы күй кешеді» деген тасқа қашалып жазылғандай аталы сөз қалған екен.

Міне, көп жылғы аяғын шаршатпай жеткен еңбегінің зейнетіне ала бөтен алғыстармен шыққан ол осыдан бес жыл бұрын қос ғасырлық тарихы бар ежелгі Тараздың табалдырығын аттап, ұрпақтарының қамы үшін қоныс аударса да, өзі өскен Игілік ауылынан, жалпы Сарысу ауданынан қол үзбей жүруінің себебі де сол сағыныштың, қимастықтың белгісі де шығар?!

Ол қызметте жүрген шағында-ақ Игілікке кіре-берістегі алыстан көз тартатын аркадан бастап,  ауыл ортасынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Айтбай Назарбеков пен белгілі дәулескер күйші, айтулы тұңғиық жыршы-дас-таншы Мәді Шәутеевтің ескерткіш бюстарын қоюға және өмір бойы үстінен ақ жейдесін тастамай ауыл халқына адал қызмет еткен Зәукен Әбзелбеков ағамыздан  еміне шипа іздеген жұртты қабылдап отырған дәрігерлік пунктіне есімі жазылған арнайы тақта орнатуға және оның ішіне өте сапалы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бас болды. Сондай-ақ мектеп алдынан Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен бейбіт өмірде әскерден оралмаған жас жауынгерлерге арнап аллея ашып, арнайы тақта көтеруге барынша ықпал етті. Ал, соңғы екі-үш жылдың ішінде Игілік ауылынан шыққан азаматтармен қатар, өз бала-шағасының  басын қосып, бабалары мәңгілікке мекен еткен, ауылдағы ағайынға аса қасиетті Атақорымның айналасын реттеу, ішіне жол төсеу мен Алланың үйі – ауыл мешітіне бар қамқорлықтарын жасады. Осының барлығы бір сөзбен айтқанда, қаһарлы қыста туса да, қашан көрсең де жүрегі көктемдей күліп, жаны жаздай жарқырап жүретін, мұнтаздай таза көңілі тек жақсылық үшін жаралғандай біздің өр денелі Бөлтіріктің «ғұмыр» деген қоңыраулы керуен көшіндегі маңдайына жазылған ақадал Азаматтық миссиясы шығар! Бұл да «туыстарың үшін қолыңдағы ағайынның туын төмендет пе» деген Әке аманатына адалдық танытуынан болар!

Кешегі ірілердің інісі, бүгінгі кішілердің рухани ағасындай болып, ағайынға ақыл айтатын, сұрағанға жол көрсететін, досына бағыт беретін Бөлтіріктің артында сайрап жатқан өмір іздері ұлтымыздың данасы Төле бидің атақты Жетес биге берген «…өзіңе кәміл, халқыңа әділ, жауыңа қатал, досыңа адал бол!» деген ақ батасына ұқсас сияқты көрінеді маған. Өйткені, осы талғамы биік аталы сөздердегі бар қасиеттер оның жүрек төрінде жатқанына күмәнім жоқ!

Оның бұлақтан төмен қарай жәй ғана сылдырлап ағатын мөлдір су сияқты ақ көңілінен бірге туған бауырлары мен отбасына деген шынайы қамқорлыққа толы қастерлі дүниелерді көруге болады. Жалпы егіздің сыңары болып өскен Бөлтірік өте жүрегі нәзік, бауырмал азамат! Ол қолындағы үш тәттісінің біреуін әрқашан пейіл-тілеуі ақ жүретін, өмір есігін бірге ашқан, қос бесікте қатар жатқан бауыр-серігі Қаламқасқа ұсынса, қалған екеуін өз перзенттеріне теңдей бөліп беретін Үлкен Жүрек иесі! Бұл да өмір шындығы!

Ал, атқан таңға балаша қуана білетін, өмір ноталарының «тынысын» дөп басып, сезе  білетін қажымас қара нардай Бөкең  досымның ақберен 70 жасы әрине артына бұрыла қарайтын үлкен белес қой! Өйткені, ол бүгінде кешегі аудан іргесін қолдарымен қалаған шежірелі үлкендердің көзіндей болып отырған Сарысудың сар далалы тарихының нағыз куәсіндей болып отырған ардагер! Енді міне, алдағы сексен қырлы сан асуы бар Ұлы Жолға да бет бұрған қадамың құтты болсын! Ағайынмен жарасқан, достардан адаспаған, арды бауырына басып, намысынан жаңылмаған аяулы Бөлтірік досыма әрқашан шаңырағыңнан шаттық үзілмей, денің сау, отбасың аман, мерейің үстем, абыройың биік, мәртебең жоғары болсын дегім келеді! Ақ орамалдай әппақ мұнарлы көңіліңді кір шалмасын!

«Тағдыр» деген ұлы жолда табаның таймай, «өмір» деп соққан уақыт сағатың сәтімен сырғи берсін «сен» демей, «біз» дейтін Сарысудың қазанаттай саңлағы!

Қырғызәлі Тілеуов,

Мемлекеттік қызмет ардагері

Астана қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.