Жапырақтары алтындалған әулет

0

(Дос жайлы толғаныс)

Өмірде өзіміз тағылым алғандай,  уағында сыйластармен, достармен беріге дейін  хабарласып тұрдық. Даналар даралап кеткендей: » Бір дос бар, жібек орамал кепкенше, бірі бар басың жерге жеткенше»- дейді. Алдағыны Алла біледі, ал менің өзім араласқан достықты, даналықтың соңғысына жатқызар едім.

Ол Түркістан қаласының тумасы. Бірақ, саналы еңбек жолын жары Әсиямен қол ұстасып келіп, Сарысу ауданынан бастап, оның өсіп- өркендеуіне өмір бойы үлес қосқан осы жан. Түрлі басшылықтарда адал, салиқалы қызмет көрсетіп, туған жерінде қаншама қызметке шақырылса да қозғалмай  47 жыл бойы ауданнан қозғалмады. Сәтті күні, өмірлік серігі,  педагог Әсия екеуі абыроймен зейнет демалысына шықты.  Қазір Таразда қалалық ардагерлер кеңесінде.

Иә, жоғарыда атап кеткенімдей өмірде не бір мінезді жандармен, дос- жарандармен бірге болдық. Ол-өмір заңдылығы. Бәріне де шоң рахмет. Біреулері, мінезі үйлеспей алыстады, біреулері қызметі өскеннен соң суындық, енді біразын, Аллаға қажет болып қара жер-бесігіне бөлеп мұңайдық. Артықтау айтсам жаратқан кешірсін бұл соңғылары саны бүгінде тірісінен артып кетіпті. Жандары жаннатта болсын!

Ал, Алдекеңмен  сон-ооу,  1971 жылдан басталған сыйластыққа бүгінге дейін арамыздан қара мысық өтпепті. Бірақ,  Алдаштың мінезі сыйымды, білімді, адам сыйлаудың үлгісі болған, көпшіл азаматпен өрелі жан дос болмауы мүмкін емес шығар, сірә. Осы жылдар ішінде оған көзім жеткен. Қай қызметте жүрсе де біреуге қол ұшын беріп, көмектесуге дайын тұратын достың отбасы да, тәрбиенің тал бесігіндей әсер ететін маған.

Оның бала-шағасының бәрі Сарысу топырағында дүниеге келді.

Жақында Алдаберлі (Алдаш) үшін қуанған жайым бар. Жамбыл облыстық ақпарат және қоғамдық басқармасы оған елден ерек «Алтын шаңырақ» белгі дипломмен наградтаса, артынша  Тараз қалалық әкімі досқа, «Күміс кереге» дипломын  тапсырғанда, есіме өткен бірге жүрген қызық күндер  орала берді. Өсірген жеті қызы бәрі мектепті түгел дерлік- «Алтын алқа», «Үздік аттестатпен» Жайлаукөл мен Байқадам атындағы орта мектептерін бітіргенінің куәсі болдым. Ол жайлы кезінде жоғарғы басылымдарда «Алтын жапырақты бәйтерек!»- деп бір дүрілдетіп жазып жеңілдеп қалып едім.

Отбасыңа беріліп отырған диплом, марапаттарың Құтты болсын Алдеке! Мен сен үшін қуаныштымын! Сен қандай мадақтауға да лайықты жан екеніңді сарысулықтар біледі.

Алдекең, Түркістан қаласындағы индустриялды  техникумын ойдағыдай бітіріп келгеннен соң сыныптасы, жары, шет тілі пәнінің мұғалімі Әсия екеуі бас құрап, жаңаша қайта құрылып жатқан Байқадамдағы 124 кәсіптік техникалық училищеге жолдамамен келіп, 1970 жылы уыздай шақтарында орналасты. Жыл аунамай, тынымсыз жас ұстаз аудан, облысқа бастамашылдығымен танымал болып, кешікпей облыстағы жас ұстаздардың ішінен одақ астанасы Мәскеу қаласында Кремль қабырғасында суретке түсу құрметіне ие болып барып қайтқан.

Ұзамай талапты жас ұстазды сол кездегі училище директоры Жақсылық Бозжігітов өзінің орынбасарлығына жоғарылатты. Алдекеңнің осыдан өсу жолы басталды. Аудандық партия комитетінің «Білім» қоғамы және бөлім бастығы болды. Сарысу кеңшарының партия комитетінің хатшысы, Өндіріс- Игілік ауылдарының әкімі және Байқадам әкімдігінен зейнет демалысына шықты.

Алдекеңнің  қыздарының жетеуі де: Меруерт, Ләззат, Жанат, Айдын, Жанар, Салтанат және Перизат магистратураны елде, шет  елде оқып, қорғап шықты.Оның ішінде Жанат пен Айдыны ғылым докторы атанды. Міне, бүгінде алтын жапырақты Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Алдаберлі Махашев достың әулеті осындай тәрбиелілігімен, білімділігімен еліміздің түкпір-түкпірінде ұрпақ өсіріп, сарысулықтарға мақтаныш болуда.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе»- деп, ұлы данагөй Мұхтар Әуезов айтпақшы бізде  өсіп-өніп бесігіне кие дарыған осындай отбасы бар облыста.

Досты дер кезінде берілген марапатымен құттықтай отырып, заманның қадірменді қариясы болуына тілектестігімді шын ниетпен білдірмекпін.

(Суреттерде:

Алдаберлі мен Әсия балаларымен.)

Бергентай НҰРМАХАНҰЛЫ,

Сарысу ауданының

«Құрметті азаматы»

Leave A Reply

Your email address will not be published.