Өткеннің бәрі САҒЫНЫШ
Өткен аптада аудандық кітапхананың ұйымдастыруы-мен жазушы,КСРО және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы, аудан, облыс, республика көлеміне танымал белгілі қаламгер Бергентай Нұрмаханұлының 75 жас мерейтойына арналған «Өткеннің бәрі сағыныш» атты әдеби-қонақжай кеші өтті.
Кештің мақсаты Б.Нұрмаханұлының өмірі мен шығармашылығын оқырмандарға насихаттау, өскелең ұрпаққа ақын өлеңдері арқылы туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Шарада кітапхана қызметкері Б.Қойлыбекова, Б.Нұрмаханұлының өмірі мен шығармашылығынан толық мағлұмат берді.
Сонымен қатар кітапхана оқырмандары П.Мұхамедқали, Т.Ибрахим, Н.Берікқызы, Т.Қуандық, Б.Нұрмаханұлының «Ақ көбелек, ақ арман», «Бесік» атты өлеңдерін жатқа айтса, жазушының «Қыркүйекте туыппын», «Сарысуым, алтын босағам», «Түнгі сыр», «Өткеннің бәрі сағыныш», «Жүрегімде намыс оты алаулап» атты өлеңдерін Н.Асқар, А.Қабылбек,А.Аманкелді, А.Боранбаевалар мәнерлеп оқыды.
Кеште «Жүректі жарып шыққан ақ тілектер» легінде Қ.Сарсенбаев, Қ.Тілеуов, М.Төлепбергеннің видео құттықтаулары ұсынылды. Б.Нұрмаханұлының інілері Д.Ақділдә «Арнау» өлеңін, Т.Құсайынов «Жаңатас түні» әнін, Б.Есенұлы «Ол көктем оралмайды» жыр шумақтарымен шашу шашты ,ыстық ықыластарын, алғыстарын кітапхана қызметкерлеріне жыр шумақтарымен білдірді.
Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері А.Қойлыбекова, Р.Қадірбекова, Б.Қойлыбаевалар «Туған жерім тамаша», «Тамды аруы», «Туған өлкем», «Ағажан» әндерін тамылжыта орындаса, зағиптар бөлімінің меңгерушісі А.Жанжолова «Айтқыштардан қалған асыл сөз» атты кітабынан үзінді оқыды. Одан кейін Л.Рахымбаева «Рухы биік қаламгер» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Кеш соңында жазушы Б.Нұрмаханұлы кітапхана қызметкерлеріне батасын беріп, алғысын білдіріп, руханияттың ордасы аудандық кітапханаға, оқырманға жол тартқан «Ол көктем оралмайды» атты жаңа кітабын сыйға тартты.
ДАРА ТҰЛҒА
Туған елге, жерге адал қызмет етіп, жүрегі халқы үшін соғып, саналы өмірін еліне арнап жүрген, елдің мерей-мәртебесін арттырған Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері, ақын, жазушы, жерлесіміз, ауданның «Құрметті азаматы», Бергентай Нұрмаханұлының туғанына 75 жыл толуына орай Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Дара тұлға» атты тағылымды әдеби-сазды кеш өтті. Шара мақсаты ақын-жазушының өмірін, шығармашылығын кеңінен насихаттау, рухани мол мұрасымен таныстыру. Кеш барысында сөз алған «Сарысу ауданындағы №28 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Әбішов Мыңбай Бергентай ағамыздың бала кезден-ақ қазақ фольклорын бойына сіңіріп өскен дара тұлға екенін, Сарысудың дана, тапқыр айтқыштарының ел аузында жүрген керемет тапқырлықтары енгізілген, сөз құдіретінің бағасын ұқтыратын «Айтқыштардан қалған асыл сөз» атты жинағы туралы тілге тиек етті. Кеш барысында «Шоқай датқа және оның ұрпақтары», «Абзал аға – танымды тұлға», «Сағым жылдардың сағынышы», «Өнегелі жолдың өрісі» және т.б кітаптарының жазылу тарихына шолу жасалып, өлеңдері оқылды.
С.Есқараев, «Sarysý«