Қарттыққа барар жолда
Кейде біз қарапайым еңбек жолымен елді өркендетіп, оның әлеуметтік- экономикалық үрдісіне үлес қосып келген жандарға көңіл бөле бермейміз. Бұл да қателігіміз.
Оны тоғыз жасынан білемін. Мен көргелі Рекең адамгершіліктің үлгісін көрсетіп, біреу ащы айтса да, тәтті айтса да, әзілдесе де, бір қалыпты көңіл құбылысын сездірмей жүре беретін. Бос жүрмейтін, ашуға алдырмай, өкпеге айналдырмай тапсырылған тірлікті тастай атқарып ұстамдылығымен де өрелеп жүретін азамат болып қалыптасты. Қанша жұмысты опырып тастап жүрсе де, ешкімнен ебініп еңбегінің мадақтауын сұрауға жоқ-тын. Тек ол емес, балалық шағымда мен көп араласып өскен Игілік ауылының игілеріне бұл қарапайымдылық қандарына сінген болмыс тәрізді. Онда таяқ лақтырсаң тек кең, келісті, бауырмал, көпшіл тұрғындарына «сарт»- ете қалатынына таңмын.
Ертеден газетте қызмет атқарып жүргенімізде журналистер арасында мынандай қағида бартын:
Сол тұста Сарысу ауданының қалыптасуына ерекше тер төккен, аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асанов былай деп айтыпты-деген, даналықты көп еститінбіз. Ол кісі бірде: «Коммунарға (Бүгінгі Игілік ұжымшары) директордың қажеті жоқ, «мынау директорларың» деп,- ағаш қадап қойсаң жұрты жұмылып жұмыс істей береді. Бұлар сондай еңбекқор халық»- деген екен. Жасымызда әзілді тек күле тыңдасақ, келе- келе игіліктіктерге қарап отырып қандай дуалы ауыз жан еді, жарықтық Қырекең- дейтін болдық.
Сол теңеудің алдыңғы сапында осы Рахымберді Қалмағанбетов досым да жүргендей елестейтін.
Мен үш ұйықтасам ойыма келмейтін Игілікке қалай тап болған едім? 1957 жылы Алматыдағы Зоовет институтын бітіріп, дипломын алғалы тұрғанда әкемнің інісі Ескермес Жабалбаевтың (1964 жылы 29 жасында «Қамқалы» совхозын ұйымдастырып, директоры болды) әкесі, атам қайтыс болды.
Мені ағайым келді де, жеңгем Аманкүл екеуі бас құрап, өздеріне «еншілес»- етіп жаздырып алып, Байқадамдағы орыс жеті жылдық мектебінің біріншісіне кіргізді.
1960 жылы әпкем Айтбике игіліктік Кәрібай жездеме тұрмысқа шықты да, Ағай Жайлаукөлге ауысып кеткен соң, әпкемнің қолына оқуға ауыстым.
Міне, осы жерде жаңа достар, Рахымберді, Үмтәш, Қоңқаш ( жас-тай қайтыс болды.) Тайғара, Маман т.б. достармен дуылдаған балалықтың балдәурені өтіп жатты. Сол дәуірдегі ауыл балаларының басынан өткен жақсылы- жаманды қызығушылық — тентектік, біздің де басымыздан өтпеді-деп, айта алмаймын!
Бүгінде бәрі қызық ойласам!
Әсіресе, жездемнің нағашы інісі Рахаң және Үмтәш, Қоңқаш марқұмдармен күні-түні бірге жүрдік десе де нанымды болар.
Күз болса, әр үйдің бақшасында иісі танауды қытықтайтын торлама қауыны мен қазандай қарбыздары нысанамыз болатын. «Қаз жегеніне емес, орғанына мәз»- демекші бір-екі тіліктен кейін қарынды көтере алмай сүріне, қабына үйге жетеміз. Бұрын қазылып, түбі опырылып жататын терең құдықтарға түсіп, жабайы кептер-көгершіндер аулап асырадық.
Бірде ауылдың белді басшысының Жамбылдан алып келіп еккен жиырма шақты алма көшетін түн жамылып барып суырып әкеліп Рахымберді, Үмтәш үшеуміз үй бақшаларына отырғыздық. Бұл кәттә ұрлық еді. Отыз жылдан соң керемет аппорттарға қызықпайтындар жоқ еді. Есейгенде әлгі кісінің ұстаз қызын тауып алып, кешірім сұрап жеңілдегенім бар. Күз болса болды Коммунар совхозы сол жылдары жүгері мен күнбағарды араластырып егіп, пісіріп сүрлейтін. Бірақ, ферманың қара ала сауын сиырларынан бұрын біздің бала достар ауыз тиетін едік. Табақтай-табақтай піскен шемішкені, бөліп-бөліп ұсақтап әкеліп, үгітіп жинап, қыстай сыныптастардың көзін қызықтырып қарық болып жүретінбіз. Әсіресе әнші, серілігі бар Рахымбердімен кешке қарай Үмтәш екеуміз оман арықтан арғы жағындағы тастанды алаңқайға шығамыз. Рахымбердінің өзі тастамайтын қызыл «Украина» — деген, әдемі гармоны бар. Сауықтан соң, Рекеңді қинап гармонын екі жақтан амалдап алып алып әр түрлі ойын талаптар қоямыз…
Былқ етпейтін, ол; «Достар,қып-қызыл Украинаға» неге дұрыс қарамайсыңдар» — деп, талабымызға келіспей ақыры бітімге келіп, дуылдап кештетіп үйге келетін едік.
Бәрі қызық. Жат қылыққа бармай өстік. Міне, балалықтың қызықтарымен сусындап, қасиетті Игілікте осылай есейген едік! Сол сапарлардағы «үзеңгі жолдасымның» бірі Рахымберді болды. Мен көбіне кеште Үмтәштің үйінде боламын. Балалықтағы алғашқы өлеңдерімді бірінші жаттап алатын бала дос осы Өтеген-Үмтәш. Қатарымыздағы ең күштіміз. Болмашыдан ши шығарып, жоғарғы сыныптағылармен шекісіп жүретін. Домбыраны жақсы шертетін! Жекжаттығы басым, Рахымбердінің отбасына кешке, әкесі әңгімеші Қалмағанбет қарттың мені әңгімелері тартатын.
Үйдің анасы мен үйелмелі- сүйелмелі әпкелерінің тұрмыс -тіршілігі көз алдымда өтті. Ал, Рекең жалғыз ұл еді. Артынан ерген Арзанкүл есімді қарындасы бартын.
Әулет тегіс еңбекқор-тын. Олардың қайсын іздесең де, мал қорасынан, не бақшалықтан табар едің. Рахымберді еңбекке ерте араласып осындай бірлігі жарасқан ауылда, бел шешпейтін босағадан өніп, ұшты. Жасы келіп қалған қарттар асықтырып, 1968 жылы қазіргі Шоқай датқа орта мектебін бітіргеннен кейін бірер жылдан соң байқадамдық Күміс сұлумен бас құрады. Күміс аудандық Атқару комитетінің жауапты хатшысы Байдаулет Серіковтың туған қарындасы. Екі белгілі елге сыйлы отбасынан шыққан ерлі-зайыптылар ағайын, туыс, көрші-қолаңға тәрбиелілігімен түтін түтетіп, қарт отбасы иелерінің көңілін толтырды. Рахымберді Қалмағанбетов бұл арада «автомектепті» бітіріп, кеңшарға жүргізуші болып орналасты. Сол 1968-69 жылдары Сарысуда алапат қыс болды. Шаруашылық малдары қолға қарады. Осы екі жылда рульден түспегең Рекеңдер, мезгілмен санаспай шаруашылық жұмысының ең өзекті участоктарында жүрді. Өзінің тындырымды, тілалғыш пейілімен басшылардың ойынан шығып, марапаттармен, заттай сыйлықтардың иегері болғанын көрдік. Алғашқы жүргізушілік еңбек жолы оған үлкен сынақтай болды. Ер жігіт сүрінбеді. Өзін танытты.
Шаруашылықтан қол үзбей жүріп Тараз қаласында жоғарғы оқу орнын бітіріп алып, инженер-механик мамандығын алды. Басшылық оны гараж меңгерушісі, шеберхана меңгерушісі етіп өсірді. Елде жекешелендіру науқаны жүріп, ұжымшарларға, кооперативтерге бөліне бастады.
1995 жылы Игілік ұжымшарына мүше болып, сонда май құю бөлімінде және механик, қойма меңгерушісі болды. Зейнет демалысына шыққаннан кейін малшаруашылығымен айналыс-ты. Қырық жыл еңбек өтілінің 26- сы туған ауылында (Коммунар совхозы), 14 жыл Игілік ұжымшарында еңбек етті.
Рекең, жоғарыда айтқандай қай істе де адамгершілік адалдығын биік ұстап, жас толқынға, бала-шағасына үлгі бола білді.
Құдайға шүкір, өзі «Еңбек ардагері» төсбелгісінің ардагері, жары сауда саласының ардагері Күміс екеуі төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере, шөбере сүйіп отыр. Ұлдары Егенберлі — мал дәрігері, Қуаныш-мәдениет қызметкері, Аманғали-күзет қызметінде, Нұр-ғали-жеке кәсіпкер. Қыздары Зулфия- полиция қызметкері, Марфуға- медик. Ерлі- зайыпты елі сыйлаған Рахымберді мен Күміс 26 немере мен 14 шөберенің қызығын қызықтап, ата шаңырағының беделін түсірмей өсіп, өніп келе жатқан Игіліктің «Еңбек ардагерлері», бақытты жандар!
Аман болыңдар, бала күндердің кіршіксіз достары. Біз сендермен мақтанамыз!
Бергентай Нұрмаханұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Жамбыл облысына еңбегі сінген» төсбелгісінің иегері және
Сарысу ауданының Құрметті азаматы
(Суретте: Р.Қалмағанбетов жары К.Серіковамен)