ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ГОМЕРІ – Майкөт ақынның есімі мәңгілік

0

Қазақтың ұлы жырау-жыршысы

Жамбыл Жабаев Майкөт ақынның түркі әлемінде теңдесі жоқ ақын екенін дәріптеген: 

Сіз бе едің-ақын аға Майкөт деген,

Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпеген.

        Саңқылдап сарайыңнан өлең шықса,

       Именіп өзге ақындар бәйпектеген — дейді.

Жамбыл Жабаев Майкөт ақынды аға деп пір тұтқан. Майкөт ақынның түркі әлеміндегі жыраулар поэзиясында өзіндік ерекшелігі мол, ақын, жырау, жыршы, айтыскер. Қазақтың белгілі зерттеуші ғалымдары Майкөттің нағыз шебер ақын екенін мойындаған. Қырғыз бауырларымыз Майкөттің ақындығын, айтыскерлігін жоғары бағалап, ғалымдар зерттеулер жүргізген.

XVIII ғасырдың екінші жартысымен XX ғасыр әдебиетіндегі ең көрнекті тұлға-Майкөт Сандыбайұлы. Ақын-жыраудың шығармаларын жинақтап құрастырғандар Аян Нысаналин, Серікбек Еркінбекұлының және ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің зерттеу жинақтарында Майкөт Сандыбайұлы шамамен 1837 жылы Қаратаудың теріскейі, Шабақты өзенінің бойында дүниеге келген деп жазылған. Майкөт ақынның Құлмамбетпен айтысында:

Сұраса руымды Ысты дейді,

Ойықта хан Жамбыл

Бөлтірік шешен күшті дейді.

Ыстының бір баласы Тілігіміз,- деген.

Майкөт ақын Ыстының бір баласы Тіліктен шыққан. Заманның бізге бір табан жақын тұрғанына, өмір сүрген дәуіріндегі көптеген тарихи оқиғалар халық жадында жақсы сақталғандығына қарамастан, қазақтың ескіде өткен басқа ақын-жыраулары сияқты Майкөт Сандыбайұлының өмірі мен шығармашылығы қақында біздің білеріміз тым өте жұтаң. Жыраудың туған, өлген жылдары туралы нақты деректер жоқ. Қазақ энциклопедиясының 7-кітабында ол 1824 жылы дүниеге келген деп жазылса, кейбір зерттеуші ғалымдардың мұрағаттарында Майкөт Сандыбайұлы 1837 жылы дүниеге келіп, 1902 жылы дүниеден озған деп жазылған.

Бүгінгі таңда Майкөт Сандыбайұлы туған, өлген жылдары (1837-1902) деп көрсетіліп жүр.Белгілі Майкөт ақынның баласы Майкөтов Арқабай 1807 жылы дүниеге келген,1934 жылы дүниеден озған.Ол Қаратау, Жетісу, қырғыз елін аралап, Ұлбике, Қылышбай, Сауытбек тәрізді ақындармен айтысқан. Қырғыз манабы Шәбденнің асында Жамбыл, Кененмен қырғыз ақындары Қалмырза, Жәлилмен кездесіп, олардың бірқатарымен сөз сайысына түскен. «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Нәрік батыр» сияқты халық дастандарын жырлаған. Қобыз, сырнай, домбыра аспаптарына қосылып айтатын әнші-ақын болған. Би-болыстарды сынаған өткір өлеңдері ауыл арасына кең тараған.

Майкөт пен     баласы Арқабайдың шығармашылық мұрасы толыққанды зерттелмегендіктен бізге жеткен там-тұмдап ел арасында сақталған азды-көпті еңбектері олардың ақындық-жыраулық, азаматтық тұлғаларын ашып бере алмайды.Саудакенттегі ел жақсыларының ақылымен Майкөт Шаяндағы Әппақ ишан медресесінде он жыл оқып, білімдар молда ретінде шәкірттерге сабақ беріп жүріп, жас ақын атанған. Майкөт медреседе оқып жүргенде «Алпамыс», «Қобыланды», «Едіге», «Шора», «Ер Тарғын», «Көрұғылы» сияқты батырлар жырларын, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ғашықтық жырларын жатқа айтатын. Майкөт жастайынан өлеңге, жырға құмар болып өскен. Жадынан өлең де шығарып айтатын болған. Халық «Өнер алды-қызыл тіл» десе, Майкөт ақын бұл мақалдың даналығын әбден ұғынған адам. Ол сөз өнерінің қиындығын да, құрметтілігін де білген.

Майкөт Сандыбайұлының ұрпақтары Майкөт  бабасының мәңгі өшпес айтыскерлігі мен ақындығын түркі әлеміне және кейінгі ұрпаққа  таныту мақсатында  соғыс ардагері Мұсаев Дүйсенбек 20 жылдан астам бабасының еңбектерін, өлең-жырларын, айтыстарын зерттеді. Сонымен қатар Майкөт ақынның  туысқаны зейнеткер Саудакент елді мекенінің тұрғыны Егізбек Сәтұлы бабасы Майкөт ақынның есімін мәңгі қалдыру үшін қаншама қиындықтарға төзді. Майкөт Сандыбайұлының есімі туған жеріне туын тікті. Сарысу ауданының мәдениет үйіне Майкөт Санлыбайұлының аты берілді. Атап айтқанда: Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына және республикалық ономастика комиссиясының 2023 жылғы  17 қаңтардағы қорытындысына сәйкес, аудан әкімдігі қаулы етеді:

Сарысу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің

«Аудандық мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Сарысу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Майкөт Сандыбайұлы» атындағы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілсін.

Қазақтың ғалымдары, жыраулары, қырғыздың белгілі ақын-жыршылары мәңгі жырлап өткен. Майкөт Сандыбайұлының Түркі әлемінің Гомері атағына лайық екендігін мойындаған.

Қазақтың ұлы жырауы Жамбыл Жабаев Майкөт ақынды өзіне ұстаз, аға тұтқан:

Ассалаумағалейкум, Майкөт аға!

Мен естіп дауысыңды келдім жаңа.

Алдынан үлкендердің өтпейін деп,

Аялдап, әдеп еттім біраз ғана.

Адамдардың фәнидегі қарым-қатынастары – өткінші, қозғалыстағы тіршіліктің артқа қалатын ұлағаты.Қара өлеңдердегі дидактикалық-философиялық ойлардың тәлім-тәрбиелік бағдары адамдардың өзара сыйласқан қарым-қатынастарына арналады. Шынайы достық ұғымының аясында жақсы мен жамандардың үйлесімі болмайтыны ашық айтылады. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы бойынша әрбір адамға тек жақсымен, асыл сапалы кісілермен ғана достасу ұсынылады.Майкөт ақын өзінен үлкен, кіші ақындармен, адамдармен әр уақытта сыпайы сыйластықта болған. Жас ақын Жамбылға Майкөт ақын ағалық батасын бергенде:

Әумин, батаңызға көтердім қол,

Етейін Сізге құрмет мен осы жол.

Той қылып тобымызда отырыңыз,

Менің де, Майкөт аға, тілегім сол,-дейді.

Атадан-балаға жалғастығын тауып келе жатқан құрмет, сыйласу, қазақ халқының бұлжымас қағидасы болып табылады.Өлең шумақтарында үлкеннің кішіге, кішінің үлкенге деген ізгі ниет «етейін сізге құрмет мен осы жолы»-деген жыр жолдарынан аңғарамыз. Қазақтың көрнекті ақыны Кенен Әзірбаев «Өтер өмір» өлеңінде:

Мәді мен Майлықожа, Майкөт ақын,

Шығарған өнерімен жұртқа даңқын.

Махамбет, Шернияз бен Тәттімбеттер,

Кім білмес осылардың ардақты атын.

Қазақ ақындарының ішінде Майкөттің ақындығын жоғары бағалап «Сайраған тілі тәтті, ақын әнші»,-деп марапаттайды. Қазақтың «Халықтан қайнап туған ақын бұлбұлдарымен» қатар қояды. Ақын Майкөтті «Шығарған өнерімен жұртқа даңқын» деп дәріптейді.Қырғыз халқы мен қазақ жұртына танымал қырғыздың үлкен ақыны Тоғалақ Молданың «Қазақ ақындарына» атты толғауында Мәулікей, Жүсіпбек, Сүйінбай, Қуандық, Майкөт ақындарға ерекше баға береді. Фрунзеде (Бішкек) 1970 жылы «Қырғызстан» баспасынан шыққан шығрмаларының екінші томында жарық көрген. Қырғыз әдебиетінің классигі Тоғалақ молда, жас кезінде Майкөтті шалқар шабыт үстінде көріп, арқалы ақындығына қатты қызығады. Майкөт ақынның сал-серілік, ақындық-жыраулық өнеріне зор құрметпен қараған Тоғалақ:

Тоқпақта, үлкен жиында

Майкөтті көрдім көзіммен,

Байқалтып өткен сезіммен,

Қаршығадай шүйілген,

Өзі салдай  киінген,

Көрініп тұрар көзіме,

Айтып өткен бірнеше,

Нұсқасы қалып есімде, — дейді

Тоғалақ молданың Майкөт ақынды жас кезінде көріп, «қаршығадай шүйілген», «өзі салдай киінген» деп өзінің ішкі ілтипатын, мөлдір махаббатын, қимас сезімін, емен-жарқын көңіл-күйін, асқақ жыр-толғауларымен шабыттана жеткізген.

Түркі әлемінің Гомері – Майкөт ақынның есімі мәңгілік екені ақиқат. Сарысу ауданының халқы Майкөт ақынның есімі өшпей еліне қайта оралғанын зор қуанышпен қарсы алатыны сөзсіз.

Қ. МӘМБЕТОВ,

Филология ғылымдарының

кандидаты, Сарысу ауданының

Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.