Жаңа мектеп АШЫЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың
бастамасымен елімізде 2025 жылға дейін 800 мың баланың
заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған болатын.
Бұл мемлекеттің білім саласына орасан зор қаржы бөліп, назар аударуының нәтижесі.Халыққа арнаған Жолдауында балаларымыз білімі мен білігі жағынан шетелдердегі замандастарымен бәсекеде жеңілмейтін, сонымен қатар, бойында ұлттық ділі сақталған, отаншылдық рухы жоғары, кемел қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тәрбиелеу қажеттігі баса айтылған. Тек осындай ұрпақ қана еліміздің мерейін бүгінгі жеткен биігінен аласартпай, жаһандану, әлемдік көшіне ілеспек. Ауданымызда білім саласына қатты көңіл бөлініп, оқушылардың сапалы білім алуларына жан-жақты көңіл бөлініп жағдай жасалынуда. Ауданымызда биылдың өзінде 1 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, 2 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, 2 мектепке және 1 қосымша білім беру мекемесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Маятас ауылының тұрғындары үшін қуанышты күн болды.50 оқушыға арналған типтік үлгідегі жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Салтанатты жиында аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, ауылдықтарды қуанышымен құттықтады.
-Мемлекеттік қолдаудың арқасында балаларымыз осы оқу жылдан бастап кең, заманауи талапқа сай жабдықталған мектепте білім алатын болады. Жаңа оқу ордасы ұстаздар қауымы үшін де жемісті болады деп сенемін, — деп, Донда Сенбин атындағы орта мектептің салтанатты ашылуына арнайы келіп отырған Сенбин Болат Ажақайұлына және сондай-ақ, жаңа мектептің құрылысын жүргізген «ҚазМұнайҚұрылыс» компаниясының басшыларына, құрылыс жұмыстарына ат- салысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Аудан әкімі заңгер, заң ғылымдарының профессоры, әділет генералы, жерлесіміз Болат Сембинге қазақы дәстүрмен ауыл тұрғындарының атынан иығына шапан жапты. Сонымен қатар Заң ғылымының кандидаты, профессор, әділет генералы Болат Сембин Ажақайұлы сөз сөйлеп, жылы лебізін білдіріп мектепке арнайы сыйлығын тарту етті. Сондай-ақ мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізген компания басшысы Асылбек Жантаев мектеп директорына жаңа білім ордасының кілтін табыс етті.
Жаңа мектептің лентасы аудан әкімі С.Мамытов және қариялар салтанатты жағдайда қиды. Ауыл тұрғындары оқушылардың білім нәрімен сусындайтын жаңа ғимарат салып берген мемлекет басшысына, облыс, аудан басшыларына алғыстарын білдіріп, ақ батасын берді.
Мектебім-
мейірім мекенімАдам өміріндегі сарқылмас қазына-ол білім. Адам баласы барлық арман, мақсаттарына тек білім арқылы ғана жете алады. Бүгін барлық білім беру мекемелері есіктерін айқара ашып, білім нәрімен сусындауға келген бүлдіршіндерін құшақ жая қарсы алуда.
Бүгінгі оқушы — білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы ашық, халқымыздың ұлттық және рухани — адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген тұлға болуы керек. Ауданымызда оқу процесіне жаңа технологиялар енгізілуде. Жыл сайын білім саласына бөлінген қаражат көлемі ұлғайып, білім ошақтарының материалдық — техникалық базасы нығайып келеді. Биылдың өзінде 1 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, 2 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, 2 мектепке 1 қосымша білім беру мекемесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 380,5 млн. теңгеге Маятас ауылында 50 балаға арналған жаңа мектеп бой көтеріп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 242 млн. теңгеге Жаңатас қаласындағы Абай орта мектебі, 116,1 млн. теңгеге Өндіріс ауылындағы Ж.Отарбаев орта мектебі күрделі жөндеуден өтті.
Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясына 25,5 млн. теңгеге, Ә.Бүркітбаев ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектебіне 27,1 млн. теңгеге және Ұ.Сыздықбаев ауылындағы Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің бөлімшесіне 14 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы орайда, 1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты шара қала мен барлық ауылдық округтерде өткізілді. М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында «Мектебім-мейірім мекені» атты салтанатты жиыны өткізілді. Мектеп директоры Р.Қамбарбаева мектеп ұжымын, білім алушыларды, ата-аналарды, мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндерді құттықтап, ізгі тілегін білдіріп өтті.
Сонымен қатар, аудандық бөлімінің әдіскері Есенбекова Ғалия да жылы лебізін білдірді.
Шара барысында 11-сынып оқушысы Жансезім Амантайқызы бірінші сынып оқушыларына жүрекжарды өлеңін арнап, «Әліппе» кітабы мен білім кілтін табыстады.
Мектептің өнерлі оқушылары «Алғашқы қоңырау», «Шәкірт тілегі», «Мектебім» атты әндерін тамылжыта орындады. Қоңырау соғу рәсімі мектептің 11-сынып түлегі Қуанышбек Асхат пен 1-сынып білім алушысы Нұрлан Айшаға берілді.
***
Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында салтанатты шара өткізілді. Шара барысында ізгі тілектер айтылып, алғашқы оқу жылында табалдырығын аттап отырған бүлдіршіндерге үкілеген үміт күтетіндігін жеткізді. Алғашқы қоңырауды соғу рәсімі мектептің 1 «А» — сынып оқушысы Берік Аяулымға берілді.
***
Үшбас негізгі мектебінде «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасы өткізілді. Шараға аудан әкімінің, ауылдық округі әкімі аппаратының, аудандық білім бөлімінің өкілдері, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Шара Мемлекеттік Әнұранмен бас-талды. Аудан әкімінің құттықтауын арнайы келген өкілі оқып беріп, барша білім иелеріне жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Мектеп директоры М.Мамытов мектеп оқушыларын білім күнімен құттықтап, тілегін жолдады: — Бүгін тарыдай болып 1-ші сыныпқа оқушы атанып, мектеп табалдырығын аттауға бүлдіршіндер келіп отыр. Аса қымбатты 1-ші сынып оқушылары! Сендер мектепте қызыққа толы өмір кешесіңдер, жан-жақты білім аласыңдар, көп достар табасыңдар. Абай атамыз: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім — ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген екен.
Сондықтан бүгінгі жастар ілім — білім жинауға қашанда асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдерін ел кәдесіне жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтары болуы қажет.Алғашқы қадамдарың құтты болсын. Мектепте тек қана жақсы және үздік бағалар алуларыңа тілектеспін,- деді.
Шара барысында мектептің 7-сынып оқушысы Зебер Данияр «Сыңғырлаған қоңырау» әнін орындаса, бірінші сынып оқушылары тақпақтарын жатқа айтып, жиылған жұрттың ықыласына бөленді.