Жылыту маусымы жақындап келеді
Осыған орай Сарысу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тұрғын үй секторларында өрттің алдын алу шараларын қолға алмақ.
Жылыту маусымында тұрғын үйлерде өрттердің пайда болуының негізгі себептері-жылыту жүйесінің ақаулығы және конструкциялардың кемшіліктері, жылыту құралдарын тез тұтанатын заттарға тым жақын орналастыру болып табылады. Осыған байланысты Сарысу ауданы тұрғындарынан жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі ережелері мен талаптарын сақтауды және өз қауіпсіздігіне бей-жай қарамауды сұрайды. Келесі ұсыныстарды сақтай отырып, сіз жылыту маусымында үйіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете аласыз:
— жаңа жылыту жабдықтарын орнатуды білікті мамандармен жүргізіңіз;
— жылыту маусымы басталар алдында және жылыту маусымы бойы әрбір үш ай сайын түтіндіктерді күйеден тазартуды ұмытпаңыз;
— есіктері жарамсыз, мұржалардан қабырғалардың ағаш конструкцияларына, аражабындар қалқаларына дейін жеткіліксіз жарықтары бар пештерді пайдаланбаңыз;
— пештің жанында пеш алдындағы парақ (өлшемі кемінде 70х50 см) бекітілгеніне көз жеткізіңіз;
— жанып жатқан пештерді, жағылған керосиндерді, керогаздарды, примустарды, қосылған электр жылыту және газ аспаптарын қараусыз қалдырмаңыз;
— стандартты емес қолдан жасалған жылыту құралдарын пайдалану үлкен қауіп төндіреді;
— пәтерде газ иісі болған жағдайда электр жарығын қосуға, сіріңке жағуға, темекі шегуге, ашық отты қолдануға болмайды. Бұл жағдайда жедел авариялық газ қызметін шақыру және ол келгенге дейін үй-жайды мұқият желдету қажет;
Өрт шыққан жағдайда 101 немесе 112 қоңырау шалыңыз.
Сарысу ауданы ТЖБ