ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

0

Елімізде Жаңа оқу жылы қарсаңында тамыз конференциясын өткізу игі дәстүрге айналған. 

Осыған орай аудандық мәдениет үйінде    «Білім беру саласы қызметкерлерінің білім берудегі цифрлық инновациясы» тақырыбындағы аудандық тамыз кеңесі өтті.

Тамыз кеңесі  басталмас бұрын, жиылған көпшілік аудандық мәдениет үйінің дәлізінде ұйымдастырылған тақырыптық көрмені тамашалады. Бұл жерде біздегі білім саласының қол жеткізген жетістіктері, заманауи білім беру құралдарының үлгілері көрініс тапқан.

Дәстүрлі тамыз кеңесіне аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов, аудандық мәслихаттың төрағасы Ш.Мұсабеков, ұстаздар, білім беру саласының мамандары, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері және аталған саланың ардагерлері қатысты.

Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Г.Кабулова өткен оқу жылының қорытындысы және алдағы атқарылатын міндеттер бойынша баяндама жасап, білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын, саладағы негізгі басым бағыттарды атап өтіп, жаңа оқу жылының басты ерекшеліктеріне тоқталып, оқу жүйесінде іске асатын басты мақсат – міндеттерді тілге тиек етті.

Одан кейін Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің директоры Р. Қамбарбаева  сөз алып, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Аудан әкімінің орынбасары Қ.Аманов құттықтау сөз сөйлеп, білімі терең, ойлы, еңбекқор және отаншыл ұрпақты тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті екендігін, сондықтан, мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктелетіндігін айтып, алдағы уақытта аудандағы білім беруді одан әрі жетілдіру үшін аудандық білім бөліміне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген ұлағатты ұстаздарға сәттілік тіледі.

Салтанатты жиында білім саласының қызметкерлері оқу ағарту министрінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін, «Еңбек ардагері» медалі, «Орта білім беру ісінің үздігі» Құрмет диплом,   Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен сондай-ақ, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, сонымен қатар, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен білім саласының бірқатар қызметкерлері марапатталды.

Сонымен қатар аудандық мәслихаттың төрағасы Ш. Мұсабеков сөз сөйлеп,  бірқатар ұстаздарға аудандық мәслихаттың Құрмет, Алғыс хаттарын тапсырды.  Сондай-ақ «Amanat» партиясы аудандық филиалының консультанты  М.Пірімбек  педагогтарды  «Amanat» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапаттады.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып,  аудандық өнерпаздар әуелете ән шырқап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.