САМҒА, ЖАС МАМАН!
Талай мамандарды түлетіп, болашағына бағдар берген Жаңатас көпсалалы колледжі ауданымыздағы іргелі оқу орындарының бірі.
Аталмыш оқу орны 2023 — 2024 оқу жылын 479 студентпен аяқтады. Оның ішінде, 4 мамандық бойынша 112 түлек оқуды бітіріп, мамандық иесі атанды. 7 бітіруші түлек «Үздік диплом» иегері атанды.
Өткен аптада Жаңатас көпсалалы колледжінде «Самға, жас маман!» атты бітіруші түлектерге арналған салтанатты шара өтті. Әнмен әрленіп, күймен көмкерілген шараға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, Жаңатас қаласының әкімі Ілияс Домалақов, «AMANAT» партиясы аудандық фили-алының консультанты М.Пірімбек, аудандық мәслихаттың депутаты Б.Балғабай, ата-аналар мен колледж ұжымы және жастар қатысты. Салтанатты жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов сөз сөйлеп, оқуды аяқтап, үлкен армандарға жол бастаған бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, дипломдарды салтанатты жағдайда табыс етті.
Өз кезегінде жиынға қатысқан қонақтар мен ата-аналар жылы лебіздерін жолдаса, үздік бітіруші түлектер мақтау қағаздарымен марапатталды. Колледж директоры Нұрландия Түйтебаева тәрбиелі ұрпақ өсіргендері үшін бірқатар ата-аналарға Алғыс хаттарды тапсырды.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»
«Тау самалы» лагеріне 200 бала аттанды
Лагерь-тек балалардың тынығып, сауық құратын мекені ғана емес, өскелең ұрпақ үшін маңызы зор тәрбие ошағы.
Оқушының лагерьде танымы кеңейіп, ойы бір адым болса да өрістейді. Жаңа достар табады, жаңа ортамен тіл табысып, қарым-қатынас жасауды үйренеді, бойында көпшіл мінез қалыптасады.
Аптаның басында қала сыртындағы жазғы лагерьге, атап айтқанда, Жуалы ауданындағы «Тау самалы» лагерінің екінші маусымына ауылдық елді мекендерден 200 баланы салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, тиісті сала басшылары, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Шара барысында Сарысу аудандық аналар кеңесінің төрайымы Светлана Қожаназарова сөз сөйлеп, демалуға бара жатқан балаларға ақ жол тіледі. Балалардың жақсы тынығып, лагерьдегі шараларға белсенді атсалысып, демалысын қызықты әрі көңілді өткізулеріне тілектестігін білдірді. Айта кету керек, бұған дейін «Тау самалы» лагерінің бірінші маусымында ауданнан 100 бала демалып қайтты.
Жалпы, биылғы жаз маусымында қала сыртындағы лагерьлерге ауданнан 500 бала барады деп жоспарланған.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Жұлдызы жанған Дархан
Жуырда Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдас-тыруымен Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында шығармашыл ж
астардың «Жаңа есім-2024» жобасы өңірдегі жас таланттарды іздестіру, оларға қолдау көрсету, орындаушылық шеберлігін шыңдап,танылуына мүмкіндік жасау мақсатында іріктеулер өтті.
Наурыз айында бастау алған байқауда ауылдық округтер арасындағы іріктеуге вокал, дәстүрлі ән, аспапта орындау бойынша аудандық іріктеуге өтіп, облысқа жолдама алған ауданымыздағы Ә. Бүркітбаев ауылының тұрғыны, математика пәнінің мұғалімі, үміткеріміз, жеңімпаз Дәуітбеков Дархан «Жаңа есім-2024» жобасының 28 маусым күні өткен облыстық кезеңінің Гала — концертінде өз өнерін көрсетіп, «Жаңа есім-2024» дипломымен марапатталып, статуэткасын иеленді.
Р.өтембаева,
аудандық мәдениет үйінің директоры
Домбыра-асыл мұра
саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай мәдениет пен өнерді қолдау мақсатында «Домбыра-асыл мұра» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Ұлттық домбыра – барша қазақтың інжу маржан мұрасы, қазақтың бағзыдан келе жатқан қасиетті аспабы, ұлтымыздың киесі, қасиетті қазынасы. Бабадан қалған бағалы мұрамызды қастерлеп, келер ұрпаққа аманаттау – әр қазақтың парызы.
Іс-шараны жүргізуші бұл мерекенің маңызын түсіндіріп, киелі өнер ұрпаққа мирас болып қалатынын айтты. Саудакент ауылдық мәдениет үйінің үйірме мүшелері қасиетті қара домбырамен қазақтың сиқырлы күйлерін өз нақышына келтіріп ойнап берді.
Бұндай тағылымы терең, мазмұнды мерекенің өтуі — Ұлтымыздың терең тамырлы мәдениетін асқақтатып, рухын көтерері анық.
Жаңатасым-мәуелі гүл бағым
Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен 55 жылдық тарихы бар Жаңатас қаласының мәдениетінің өркендеуін насихаттау, туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мақсатында керегесін кеңінен жайып, жыл өткен сайын жаңарып, жасарып келе жатқан, Жаңатас қаласының 55 жылдық мерейтойына арналған «Жаңатасым – мәуелі гүл бағым» — атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Кеште Байқадам ауылдық округі әкімінің орынбасары Ж.Құлыбеков білімді ұрпақ болашақтың кепілі екенін, туған жердің әр тасы мен тауы қымбат екенін айта келе, әрбір жасты өз ауылын көркейтуге, мәртебесін көтеруге өз үлестерін қосуға шақырды. Іс-шара барысында тарихы тағылымға толы Жаңатас қаласына арналған өлеңдер оқылып, «ВИА», «вокал», «би» үйірмелерінің мүшелері Исаханова Нұрбану, Жиенбет Жаннұр, Досимов Бағжан, Алтынбеков Қайратбек т.б. және «Әсем-ай» би тобы өз өнерлерін көрсетті.
Тарихы терең Сарысуым!
Ауданымызда туризм саласы жоспарға сай іске асып келеді.
Өзге өңірден келген қонақтарға көрсетілетін мәдени-тарихи жерлеріміз мол екені бәріне мәлім. Кие тұнып тұрған мұндай жерлерге барғанда тарихқа тағзым жасағандай боласың. Жанның тыныштығы мен демалуына себеп болатын экскурсия жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Жуырда аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлерге және ауданда меценаттық қызмет көрсетіп жүрген белсенді кәсіпкерлерге ауданымыздағы тарихи-мәдени, танымдық жерлерге экскурсия жүргізілді.
Экскурсия Ақтоғай ауылындағы «Әулиетал», Ақтоғай үңгірінен басталып, «Ысты Тілік Баба» мемориалдық кешені, «Ықылас Дүкенұлы» мемориалы, «Шоқай датқа» кесенесі, аудандық Т.Мақашев атындағы тарихи-өлкетану мұражайын, Мойынқұм құмдарын, Қамқалы ауылындағы Ы.Дүкенұлы зиратын қамтыды. Келушілер өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, тарихи жерлерден алған әсерлерімен бөлісті.
«SARYSÝ-AQPARAT»