ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ құрмет көрсетілді

0

Ақпараттың майданында халыққа шынайы әрі жылдам ақпарат беретін аудандық «Sarysý» газеті мен баспасөз қызметі қоғамда маңызды рөлге ие.

Төрден орын алатын «Төртінші билік» иелерінің тынымсыз жұмыстары мен табанды еңбектеріне аудан жұртшылығы куә. Тарихы аудан тарихымен тамырлас газеттің беті заманға сай әрленіп, әр беті айшықталып келеді. Қарымды қаламгерлерге қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Осы орайда, өткен аптаның жұмасында аудан әкімдігінің мәжіліс залында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай, аудандық «Sarysý» газеті, аудандық баспасөз қызметінің өкілдері және баспасөз саласының ардагерлерін аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов қабылдады. Қабылдау барысында Ерлан Дайрабайұлы ақпарат саласында қызмет етіп жүрген мамандар мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, аудан әкімінің құттықтау хаттары мен бағалы сыйлықтарын тапсырып, аудандық «Sarysý» газетінің ұжымына арнайы сыйлықты тарту етті.

Жиын барысында жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин, аудандық «Sarysý» газетінің бұрынғы редакторы, газет ардагері Диханбай Ақділда, газет жанашыры, қоғам белсендісі Нұржан Есмаханов сөз алып, жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, естеліктерімен бөліссе, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, Жаңатас қалалық алқа билер кеңесінің төрағасы Сағынбек Бегеев құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Сонымен қатар, «Қазфосфат ТКӨК» ЖШС-нің кәсіподақ ұйымының төрағасы Ізбасар Әбілғазиев газет ұжымын мерекемен құттықтап, бағалы сыйлықтарды табыс етті. Ықылас пен жылы тілектермен қауышқан шарада «Sarysý» газеті редакциясының директоры Жанна Жетенова сөз сөйлеп, аудан басшылығына ризашылығын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.