Медициналық бөлімшеге-90 жыл
Медицина саласы — ең қастерлі мамандық. Елде қандай ауру шықпасын алғы шепте мейіргерлер жүреді. Күн демей,түн демей адам жанының арашасы болып жүрген ақ халатты абзал жандарға, қай жағынан да көмек берсе артық болмайды.
«Байлық алды — денсаулық». Адамзаттың денсаулығы үшін еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен медбикелер қауымының жұмысы қауырт. Олардың еңбегі бағалауға тұрарлық.
Толғауы терең 90 жылдық тарихы бар Саудакент ауылдық емханасында 65 медициналық қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде 4 жалпы тәжірибелі дәрігер, 1 акушер-гинеколог, 45 мейіргер оның ішінде 2 фельдшер, 5 акушерка, 12 тазалықшы, 1 жүргізуші бар. Ауылдық емханаға қарасты 4 мектеп, 2 фельдшерлік-акушерлік медициналық пункт халық игілігі жолында жемісті еңбек етіп келеді. Бөлімше директоры Гүлира Сұлтанова медициналық пункт туралы былай деп баяндады: — Аудандық орталық аурухананың Саудакент бөлімшесі елге тынбай қызмет етіп келеді. Пункттің соматикалық бөлімі 16 төсек және күндізгі емдеу төсегі бар, жұқпалы аурулар бөлімінде 15 төсек бар. 1 терапевт дәрігер, 1 инфекционист дәрігер, 1 балалар дәрігері бар. 14 мейіргер, 12 тазалаушы жұмыс жасайды. Жетістіктер де жоқ емес.
Жалпы тәжірибелік дәрігер Лайла Сушина адал қызметі мен ерен еңбегі үшін «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен сонымен қатар, сала мамандары облыстық және аудандық әкімшілік Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жас маман дәрігерлер мен мейіргерлер ҚР Президентінің «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, — деді бөлімше басшысы. Айтпақшы, Гүлира Аманкелдіқызы да «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, «ҚР денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Тағылымды тарихы бар бөлімшенің ауыл тұрғындары игілігіне бөлене беретіні анық.
Самат тоқбанов,
«Sarysý»