ТАЗАЛЫҚ талпыныспен жалғасты

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан «Таза Қазақстан» атты экологиялық науқаны жалғасын тауып жатыр.

Серпінге толы сенбіліктің басты мақсаты экологиялық мәдениетті сақтай отырып мектеп аумағына тазалық жұмыстарын жасау.

Осы орайда өткен аптаның сенбісінде аудан бойынша сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке 1000-ға жуық адам қатысты. 20 тоннадай күл-қоқыс шығарылып, 30,0 гектар аумақ, 15 шақырымға жуық арық тазаланды. Жаңатас-Саудакент бағытында орналасқан «Жасыл белдеуге» тазалық жұмыстары жүргізіліп, шөптер орылды.

Сонымен қатар, ауылдық округтерде «Таза Қазақстан» акциясының «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында өзендер мен каналдардың маңайына тазалық жұмыстары жасалды.

Сенбілік – халықты игілікті іске шақыру. Әр адам өз үйін әдемі, ауласын таза ұстаса, жеріміздің тазалығы мен көркіне көрік қосар еді. Жанға рахат, көңілге шаттық сыйлайтын тазалық шараларына алдағы уақытта да аудан тұрғындары белсене қатысса, нұр үстіне нұр болары анық. Ауламызды гүлдендіріп, көшелерімізді көркейтеміз десек, санитарлық тазалықты өзімізден бастағанымыз жөн.

Туған жердің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармау аса қажет дүние. Қашанда халық үшін туған жер – руханияттың темірқазығы, ұлттық құндылықтардың алтын бесігі, береке-байлықтың бастауы. Туған жерінің ауасын жұтып, суын ішіп, табиғатынан қуаттанған әрбір азамат өз ауласын таза ұстап, қадірлеуі тиіс.

Самат тоқбанов,

 «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.