ХАЛЫҚТЫҢ КҮШІ БІРЛІКТЕ
Тәуелсіздік алған уақытта еліміз сан қиындықтарды бастан кешіріп, сынақтардан сүрінбей өтіп келеді. Келеңсіз жағдайларға апаратын табиғи апаттардың адам баласы үшін
зардабы қиын.
Тосыннан келген жұт елді әбігерге салып, есеңгірететіні сөзсіз. Осындайда «жұмылған жұдырықтай» болудың маңызы зор. Еліміздің бірнеше өңірінде болып жатқан су тасқыны суыт жүрісін танытып, елді мекендерді жайпап келеді. Сынақтарға сынып қалмайтын сабырлы халықпыз ғой. Бәрін де жеңіп келеміз. Дегенмен, бұл апаттың шығыны орасан зор болып отыр. Үкімет қарсы тұруға бар пәрменін қосып жатыр. Шамасы келгенше тілсіз жауды ауыздықтап, тасқынның бетін қайтаруға күш — қайрат жұмсап келеді. Құрсауда қалған ағайынға қол ұшын беруді азаматтық іс санайтын жандар жан-жақтан жәрдемді аямай, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, ұйымшылдыққа ұйытқы болуда.
Осы орайда, ауданымыздан аттанған көмек керуеніне сарысулықтар өз үлестерін қосты. Бірі қажетті азық-түліктер себетін, бірі қаржылай көмектерін тапсырып жатыр.
Игі шара ауылдық округтерде де жалғасып жатыр. Жайылма ауылдық округі әкім аппаратының ұйымдастыруымен су тасқынынан зиян шеккендерге көмек қолын созып, гуманитарлық көмек жіберді. Ауылдық округ әкімі Ж.Смағұлов өз сөзінде: -Бірнеше өңірді су алып жатқаны баршамыздың қабырғамызды қайыстырып отыр. Еліміз, халқымыз үшін қолдан келген көмекті аянып қалмаймыз. Жайылма ауылы табиғи апат аймағындағы тұрғындарға көмек қолын созды. Көрші аймақтарды су басып жатқанда, тұрғындар бей-жай қарап қалмады. Бірі азық-түлік, енді бірі көрпе-төсек әкеліп, үлестерін қосты.
Ауыл тұрғындары, кәсіпкерлерге, қолдау көрсеткен, ұйымшылдық танытқан жомарт жандарға алғысымды білдіремін,- деді.
Қазіргі таңда ел халқы табиғи апаттан зардап шеккен отандастарына жан-жақты қолдау көрсетіп, ауызбіршілік танытуда. Тіпті бауырлас елдердің халқы да қиын кезде көмек қолын созуға әзір екенін көрсетті. Су тасқынына байланысты қиын жағдайға тап болған жерлестерімізге алғашқы гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған игі бастаманы өңірімізге белгілі кәсіпкерлер, ірі компаниялар, қала тұрғындары қолдауда.
Сонымен қатар, партия мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, этно-мәдени бірлестік, қоғамдық ұйымдар, «Жастар ресурстық орталықтарының» өкілдері атсалысуда. «Көп түкірсе — көл» дегендей, игі іске тамшыдай болса да үлес қосуды мақсат еткен жандардың қайырымдылық шарасы жалғасын таба бермек.