ЖАСТАР-ҚАЙЫРЫМДЫ ІСТЕР ЖАРШЫСЫ

0

Болашақтың айқын бастауы әрі қоғамның бөлігі болып табылатын жастар Тәуелсіздіктің ақ таңында жарқын істерге жол бастап келеді. Бүгінгі өрендердің көздегені көк аспан, бағдары айқын.

Икемі келетін әр істі шабытпен жасап, алдарына ұлы мақсат қоя білу — бүгінгі жас буынның негізгі бағыты. Еңбегімен еленіп, сауапты істерде алдыңғы қатарда көрініп жүрген еріктілер қай кезде болмасын жақсылық жасауға талпынып, көпке үлгі болып жүр. Жалпы еріктілердің еңбегі ақысыз. Волонтерлер – тәжірибе алу үшін, дағдыларды және білімдерді арттыру үшін, дербес қарым — қатынастың қағидаларын білу үшін жұмыс істейді. Көбінесе волонтерлік қызмет – төленетін жұмысқа жол салады, бұл жерде адам өзін жақсы жақтан көрсете алады, өзін әртүрлі қызмет аясында сынап көріп, өмірлік жолын анықтай алады. Волонтер болу – алдымен қоғамды сәл де болсын өзгертуге қадам. Күніне бір сағат қоғамға тегін жұмыс істеу — әр адамның азаматтық борышы болуы керек. Тегін жұмыс істесе де, кейін жинаған тәжірибе екі еселеніп көмектеседі. Ерікті болу бұл жүректерді жұмсартатын іс болып табылады. Жастарды бірлікке шақыратын түрлі акциялар жастардың көзқарасын арттыратыны анық. Қаңтарылған қаңтар айы қыстың нағыз мінезді айы десек болады. Ауа райының қолайсыздығы жергілікті тұрғындардың әсіресе балалардың мектепке, балабақшаға баруына кедергі келтіреді. Ұйытқып соққан жел мен қатты аяз адамды әбігерге салары анық. Осы орайда, волонтерлеріміздің бастамасымен жақында «Тегін такси» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Акцияның негізгі мақсаты суық күнде жолда қалған жандарға жылу сыйлап, діттеген жеріне жеткізіп салу болып табылады. Шара барысында кәсіпкерлер, ерікті тұрғындар көліктерімен тұрғындарды тиісті жерлеріне тегін апарып, ақысына сансыз сауапты иеленді. Бұл игі іс жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шараға айналған. Бара-бара ауқымы кеңейіп, қоғамға қозғау салып жатыр. Сонымен қатар, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы да сәтті іске асып келеді. Қалың қар түскенде жалғызбасты тұрғындар,  мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт кісілердің қарды тазалауға қолы бармай, шаш етектен келетін шаруаларға шамасы келмей қалады. Осы орайда, ауданымыздың  еріктілері қала және ауылдық округтердегі қарттардың ауласын тазалауға қол ұшын созды. Шара барысында жігерлі жастар жалғызбасты ананың ауласын қардан тазалап, отын-суы мен үй шаруашылық жұмыстарына жәрдем етіп, қолғабыс жасады. Қариялар үйлеріне көмекке келген жастарға ақ батасын беріп, алғыстарын жаудырды. Жастарды қайырымдылық істерге тартып, жүректеріне иман нұрын себелеуді мақсат еткен істер алдағы уақытта да жалғасын табары анық. Ендеше, егемен елдің ұландарына бірліктерің ажырамасын деп тілек білдіреміз.

Самат Тоқбанов,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.