Жәрмеңке өтті
Елімізде «Мектепке жол» акциясы кең көлемде ұйымдастырылып келеді. Ауданымызда да жыл сайын акция өткізу қолға алынып, игі дәстүр өз жалғасын тауып келеді.
«Мектепке жол» республикалық акциясының негізгі мақсаты-жаңа оқу жылы қарсаңында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, олардың мектепке баруын жеңілдету.
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ата-аналар балаларына мектепке қажетті заттарын сатып алатын кез. Осыған байланысты апта ішінде аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің ұйымдастыруымен акция өткізілді.
Жәрмеңкеге аудан орталығында кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер атсалысты. Олар жаңа оқу жылына қажетті мектеп формаларын, спорттық киімдерді, кеңсе тауарларын және өзге де қажетті құрал-жабдықтарды нарықтағы бағадан төмен, қолжетімді бағада ұсынды.
Ұйымдастырушылар бұл қадам-балаларға деген құрмет пен мектеп ұжымының беделін арттыруды көздейтінін, бұл жәрмеңкеде оқу құралдары қамтылған. Яғни, концелярлық товарлар, мектеп формалары және де сөмкелер. Негізінде жәрмеңке мектептегі балаларды уақытылы дайындауға бағытталғанын жеткізді.
Атап айтқанда, мектепке қажетті құрал-жабдықтар, киім-кешек түрі белгілі көлемде жеңілдікпен ұсынылғандықтан, алушылар қатары басым болды.
Биыл 1 тамызда басталған «Мектепке жол» республикалық акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Сонымен қатар акция шеңберінде аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мейлінше көмек көрсету көзделіп отыр.
Қала тұрғыны, ата-ана М. Көшербаева:
-Жыл сайын ауданымызда осындай ауқымды акция өткізу қолға алынып келеді. Жәрмеңке аясында мектепке қажетті құрал-жабдықтар, киім-кешектер нарық бағасынан төмен бағада ұсынылды.
Әрбір оқу жылы-балалар үшін үлкен қуаныш пен мереке. Осындай ауқымды әрі игі шаралар арқылы бүлдіршіндер мектеп табалдырығын шат-шадыман көңіл-күймен аттап, білім әлеміне қадам басады,-деді.
Жәрмеңкеге жиналған халықтың қарасы қалың болды. Ал, бүлдіршіндер болса жаңа оқу жылына сақадай сай.
Иә, ауданымызда акция аясында қайырымды жомарт азаматтар, мекеме, кәсіпорын басшылары мен қызыметкерлері белсенділік танытып, оқушыларға қуаныш сыйлауда.
Сәулет Рысбекұлы,
«Sarysý»