Қайырымдылық жасап жарысайық
Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір ізгі қасиет. Олай дейтініміз ізгіліктің өзі – адамның адамға деген таза ниеті мен бір-біріне деген сүйіспеншілік көмегі. Жақсылық жасау- имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің,- дейді дана халқымыз.Осыған орай жуырда Жайылма ауылындағы «Балауса» бөбекжай бақшасының ұйымдастыруымен және ата-аналардың қолдауымен «Қайырымдылық жасап жарысайық» атты акция өтті.
Акцияның басты мақсаты – жақсылық жасауға үндеу, бір-біріне қамқорлық көрсету және қайырымдылықтың маңызын түсіндіру болды. Шара барысында қатысушылар ерекше белсенділік танытып, көтеріңкі көңіл-күйде өтті. Осындай игі бастамалар тәрбиеленушілерді мейірімділікке, ұйымшылдыққа және адамгершілікке тәрбиелеуге үлкен үлес қосады.
Аталмыш акцияда ата- аналардың қолдауымен Тараз қаласындағы «Үміт» балалар үйінде тәрбиеленуші бүлдіршіндерге қуыршақтар салынған себеттер тарту етті.
«Балауса» бөбекжай бақшасының меңгерушісі Г.Сертекеева өз сөзінде:
-Еліміздегі жүздеген балалар үйінде мыңдаған жәудіркөздер тәрбиеленіп жатыр. Жарық дүниеге келген сәттен-ақ тағдырдың тауқыметіне тап болған қаракөздердің жайы кімді де болса алаңдатпай қоймайды. Оларға мемлекет тарапынан тиісінше қамқорлық көрсетіліп жатқанымен, ата-ананың аялы алақанына ештеңе де жетпейтіні анық.Сондай-ақ осы балабақшасының тәрбиеленушілердің ата-аналары қолдау көрсетіп, үлкен іске атсалысты. Ол кісілерге ұжымымыздың атынан алғысымды білдіремін,-деді.
Иә, жылы сөз бен мейірімге мұқтаж жандардың жанына шуақ шашып, көңілдеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жатсақ нұр үстіне нұр болар еді. Әрбір адам кішіпейіл де әділ, қайырымды болуы тиіс. Айналамызға ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсету – адамгершіліктің ең үлкен құнды қасиеті екенін ұрпақтан –ұрпаққа үлгі етейік.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»