Атадан мал қалғанша, тал қалсын
Көне Тараз еліміздегі көрікті, көкжелекке оранған әдемі шаҺарлардың бірі.
Күнде таңертең жұмысқа бара жатып және кері қайтып келе жатып қала орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақты асықпай, аяңдай аралап, бірер сәт болса да тыныстап өтетін көп жылғы үйреншікті әдетім бар. Бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен реттеліп, тәртіпке келтірілген саябақ бүгіндері ел-жұрттардың күнделікті демалатын саялы бағына айналғанын көріп, көреген басшының іскерлігіне риза боласың. Қызметке келген әр ойлы азамат А.Мырзахметов сияқты ел-жұрт үшін, келешек үшін іскерлік танытып, осылай беріле қызмет етсе, мына қызылды-жасылды, мың құбылған тіршілік өзгеріп, жайнап, жақсарып кетер еді-ау деген тәтті қиялға берілесің…
Биыл ерте көктемде Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта көпшілік сенбілік өткізіп, саябақтың сирей бастаған тұстарына 700-дей жас тал-дарақтар отырғызды, арық-атыздарын тәртіпке келтірді. Болашақты ойлаған қала басшыларының бұл игілікті іс-шараларын «Қала көркі – көгеріш» деп қала тұрғындары ризашылықпен қабылдап, қаланы көріктендіруге жұмыла атсалысуда. Көп жылдардан бері айтылып, бірақ шешімін таппай келе жатқан қаланың «Тектұрмас» аймағы мен шаһарымыздың айналасын орап тұратын «Жасыл белдеуге» көптеген жас көшеттер отырғызылуда. Базбір мәліметтер бойынша, биыл Таразда 40 мың жас тал-дарақ көшеттері отырғызылып, бір миллион гүл егілмекші. Осы игілікті іс-әрекеттерді естіп-біліп сонау ертеректе, 1825 жылы орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин Еділ-Жайық бойын аралап жүріп, қазақтың жел-құйын ойнаған жазық, дархан кең далаларына көз тігіп тұрып:
— Шіркін, әр қазаққа қырда бір түп ағаш отырғызу міндет етілсе, жапанда орман жайқалар еді-ау!, — деп тәтті қиялға берілгені еске түседі.
Шынында да еліміздің әрбір азаматы осы бір парасатты сөзді көңіліне тоқып, жүрегіне аялатып, ағаш егуді алдына мақсат етіп қойып, бұл дәстүрді келер ұрпағының бойына сіңіре білсе, айналамыз жайқалған жасыл желекке оранбас па еді! Қазақ бабамыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаған.
Ертеде бір патша уәзір-нөкерлерімен аңға бара жатып, бір белі бүкірейген қарт кісінің ағаш егіп жатқанын көреді. Патша әлгі ақсақалға бұрылып келеді де сәлем беріп тұрып мынадай сұрақ қояды:
— Қария, неге сонша қиналып жатырсыз? Бұл ағаш бірнеше жылдан кейін жемісін береді. Сіздің ғұмырыңыз оған дейін жетпейді ғой, – дейді. Сонда ақсақал:
— Тақсыр, мен өмірімнің жетпейтінін білемін. Бірақ мен аталарымның еккен ағаштарының жемісін жеп жүрмін емес пе? Ертеңгі ұрпақ та менің еккен ағаштарымның жемісін жесін, – деп жауап беріпті. Патша қарияның айтқан жауабына аса риза болып, бір қалта алтын береді. Сонда ақсақал:
— Міне, көрдіңіз бе, менің еккен ағашым қазірдің өзінде жемісін бере бастады, – депті. Патша бұл сөзге де риза болып, тағы да алтын береді.
— Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді, – деген екен сонда ақсақал.
Осы әпсана-аңыз әңгімені еске ала отырып қазақтың: «Қолдан келсе көп ағаш өсіріп, жүрген жерін жасыл желекке айналдыру, көріктендіру әрбір пенденің игілікті ісі» деген сөзінің бекер айтылмағанын ұғасың. Менің балалық шағым қазыналы да киелі Қаратау өңіріндегі табиғаты әсем Көсегенің Көкжонындағы шүйкімдей ғана Үшбас ауылында өтті, яғни, көк майса белді көрпе ғып, тау етегін жастанып жүріп өтті десем қателеспеймін. «Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ» – деген екен көрнекті қаламгер Ғабит Мүсірепов. Бұл – бос айтылмаған сөз. Туған жерден артық жер жоқ. Өйткені туған жерің – тірегің, атажұртың – алтын бесігің. Сұлу, мөлдір дүние сол! Жүрегіңе жағымды тылсым жаратылыс! Туған жер – екінші анаң.
Рас қой. Туған жер топырағының құдіретін басқа дүниемен алмастыру мүмкін емес қой. Ол – біздің көңіл күйіміздің емшісі. Онда өткізген балалық шақ, әй, бір тәтті, әй, бір бал-шекер күндер екен-ау, шіркін!
Сол менің Сарысу ауданындағы ат төбеліндей Үшбас ауылым сол өңірдегі көкжелеңі мол, тал-дарақпен көмкерілген ауылдардың бірі. Оның осындай болуына менің әкем — жарықтық Ордабек көкем көп еңбек сіңірді. Сонау өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдары еккен ағаштары, олардың қатарында жеміс ағаштары (алма, өрік, шие және т.б.) бүгіндері 50-60 жасқа келіп, қартайып бара жатқанын ауылға барған сайын байқайтынмын. Ауыл ортасында 1,2 гектар жерге оның қолымен егілген алма бағы да жыл сайын төгілте мәуе беріп, жергілікті бала-шағаларды, тұрғындарды қуантатын. Қазақ атамның бағзыдан «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөзі еске түсетін. Енді міне уақыт көшіне ілескен, біздер, адамдар, сияқты сол алма ағаштары да қартайып, кейбірі тіпті қурап баратын-ды. Соларға қарап «мына әкем отырғызған алма бақты қалай сақтап қаламын?» — деп ішкі дүнием әлем-жәлем болып, ауыр ойға қалатынмын. Жастайымыздан білім қуып, қызмет бабымен ауылдан алшақ кеттік. Сондықтан туған ауылға сиректеу баратынымыз менің жаныма бататын. Көңілде көп нәрсе сайрап жатыр ғой, бірақ оның барлығын іске асыруға қол қысқа, уақыт тапшы. Сол – өкінішті еді. Таяуда көгілдір көктемнің шуақты күндерінің бірінде киелі Қаратау жотасындағы Көсегенің Көкжонындағы туған ауылым алақандай Үшбасқа бардым. Қытымыр қыстан арылып, табиғат «ұйқысынан» оянып, кербез дала кеше ғана жауып өткен жауыннан бусанып жатыр. Тынысыңды аша түсетін таудың саф ауасында көктемнің, көктің иісі сезінеді. Тау белестерінен көктемнің нышаны болып саналатын бәйшешек гүлдері көзге шалынады. Әсем қызғалдақтар да жапырақтарын жайып, түйін салып, күнге қол созып бой көтеріп келеді екен. Бірер күннен кейін мына белестер мен жазықтар сан түрлі дала гүлдерінен төселген көз тартар кілемдей болып өзгеріп шыға келетініне еш күмән жоқ.
Мезгіл уақытына сай ауылдың көктемгі тірлік-тіршілігі (жер жырту, егін егу, жоңышқа себу, ағаш отырғызу және т.б.) басталып кетіпті. Дала жұмысының бір тынбай қызу жүріп жатқанын көріп, «Көктемнің бір күні, жылға азық» дегенді білетін ауыл азаматтары көктемнің әр күнін тиімді пайдалануға тырысып-ақ жатыр екен. Олары орынды да. Әкем отырғызған алма бағына атбасымды арнайы бұрып, кешегі алаңсыз өткен балалық шағымның куәсі болған қартая бастаған баққа «сәлем» бердім. Ия, оның әрбірінің бойында Ордабек әкемнің аялы алақанының жылуы, ыстық табы қалған, әрбіріне тыңайтқыш беріп, дер кезінде суарып жас баладай мәпелеп өсірген ерен еңбегін бала кезімнен көргенмін. Жарықтық әкемнің иығынан жаздың күні бойы кетпені мен күрегі түспейтін. Тіпті, кейде айлы түндері атыз-атызға су жығып, алма бауды жағалап кететін кездері болатын. Күндіз арамшөптерден ажыратып, арық-атыздарын тазартып, мезгіл-мезгіл түптерін қопсыту әдеті еді. Сол тынымсыз еңбегінің арқасында алма бақ көз тартар болып жайқалып өсті.
— Табиғатты қалай аяласаң, ол саған солай жауап береді. Біздің адамшылық қасиетіміз айналадағы, Құдай біздің игілігіміз үшін жаратқан тіршілік иелерінің қадірін білумен өлшенеді. Кейде дүние қуған заманды көріп, «шіркін-ай» деп өкініп жататын кездеріміз де болады. Сондай бір жабырқау сәттеріңде табиғат аясына шығып, серуендеп қайтсаң, көңілің байып, жаның байыз тапқандай болып қаласың. Адам тәрбиесі мен табиғатқа деген көзқарастың бәрінің өзегі бір болса деймін. Біз үйімізді қалай таза ұстасақ, ауламызды, ауылымызды да солай таза ұстауға талпынуымыз керек. Жүрген жеріміздің бәрінде де сондай бір мәдениеттілік, ізгілік, адамдық, парасаттылық қасиеттер болса тамаша болар еді.., – дейтін Ордабек көкем жарыса өсіп келе жатқан алма бақтағы жас көшеттерді салалы саусақтарымен рахаттана мәпелеп тұрып. Әсіресе мамыр айында әлгі ағаштар жарыса гүл шашып, бүкіл бақ аппақ ұлпа қармен көмкерілгендей әсер беретін. Иісі қандай керемет еді шіркіндердің! Тап бір кісі арнайы жағымды иісті иіссу себелеп кеткендей болатын. Жаз ортасына қарай піскен алмалардың мұрын жарар иісі де аса керемет еді. Енді, міне, олар да бізбен жарыса қартайып, кейбірі жартылай қурап көріксіз күйге айналып бара жатқан болатын. Не амал бар? Қайран, дегеніне көндіріп жатқан уақытты тоқтатудың не амалы бар?!
Жерлестеріме осы жолы «қартайып бара жатқан мына алма бақты жаңартайық, жас алма ағаштарын отырғызайық» деген ұсыныс жасадым. Түсінігі мол жерлестерім менің бұл ұсынысымды дұрыс санап, бірден қолдады. Оны білген аудан әкімі Сәкен Мамытов техника жағынан көмек қолын созды. Сол игілікті жұмысты көпшілік болып бірігіп өткен дүйсенбі-сәрсенбі іске асырдық. «Ауыл көркі – көгеріш», деп білген ауыл азаматтары Құрманғали мен Мұрат Айтжановтар, Айдар мен Бекайдар Түлеповтер, Ардақ Байжанов, Сандыбай Қойлыбаев, Ғабит Тайбасарұлы, Сейтбек Үнипаев және т.б., белсенділік көрсетіп, қолдан келген жәрдемін аямады. Сөйтіп, көпшіліктің арқасында игілікті көп жұмыс атқарылды. Құдай қаласа, әкемнің отырғызған алма бағы қайта түлеп, жаңарып, көгеріштеніп келешекте көзіміздің алдында жайқалып тұратын болды. «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» демеп пе еді ата-бабамыз!? Ендеше, қолдан келсе әрбір азамат туған жеріне кем дегенде бір тал көкшыбық қадаса артық болмас еді. Аялайық, ардақтайық, көркейтейік туған жердің табиғатын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина
профессоры, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.