АТАДАН МАЛ ҚАЛҒАНША, ТАЛ ҚАЛСЫН
Қазақ әуел
бастан Наурыз мерекесіне
ерекше даярланған.
Көктем келіп, күн қыза бастағаннан-ақ ауланы, тоғайлар маңын тазалап, ағаштардың түбін әктеп, күтім жасаған. Наурыз — мезгілдің, жылдың жаңаратын уақыты ғана емес, адамның да жан дүниесін тазартатын, не тындырдым деп өткен жылға қайырыла қарайтын тұс. Барша жұртты жұмылдыратын тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру парыз.
Қазақта «Ер туған жеріне» деген қастерлі сөз бар. Қанатты сөзді қағидаға айналдырып, туған жері үшін тер төгіп, еңбек етіп жүрген атпалдай азаматтарымыз ауданымыздың мақтанышына айналып жүр.
Игілік ауылының тумасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ақын Маралтай Райымбекұлы ауылына келіп, игілікті шара өткізіп, «Маралтай» саябағының тұсауын кесті. Шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық ардагерлер мен алқа билер кеңесінің мүшелері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы сөз сөйлеп, ізгі тілегін жолдады. Мұнан соң аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы сөз сөйлеп, игілікті шараның маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Серік Аппазов құттықтау сөз сөйлесе, ауыл қариясы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Жүсіпәлиев Қойшыбай ақ батасын берді. Жылы лебіздерден соң Маралтай Райымбекұлы сөз сөйлеп, барша тұрғындарды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, тебірене жырдан шашу шашты. Саябаққа қайың, арша, шетен, үйеңкі, емен, қарағаш, туя, шығыс биотасы ағаштарынан жалпы саны 1300-ге жуық көшеттер отырғызылды.
Шара барысында Маралтай Райымбекұлы жерлестеріміз, Қазақстанның Еңбек Ерлері, актер Асанәлі Әшімов пен даңқты сазгер Ілия Жақанов және жерлесіміз, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің есімдеріне тиесілі ағаштарды отырғызып, арқалап келген аманатты орындады.