Ұлттық құндылық ардақталды

0

Қаймағы бұзылмаған қазақ халқының салт-дәстүрі қашан да қоғамда өзіндік орны жоғары тұрады. «Бесікке салу», «Тұсаукесер», «Сүндет той», «Беташар» сынды дәстүрлер ұлтымыздың рухын асқақтатып тұрады.

Мақсаты мен мұраты айқын еліміздің басты құндылығы оның салт -дәстүрі мен мәдениеті болып табылады. Ырым мен тыйымдарды біліп, салттарды сақтай білу — бабамыздың даңғыл жолын қалыптастырған қастерлі дүние.

Бақ пен бап қатар шапқан бүгінгі заманда мәдениетіміз қалыптасып, дәстүріміз алтын діңгекке айналып келеді. Рухани жаңғыруға қадам басып, жаңашылдыққа жетелеген уақытта түрлі мәдени шаралар ұлттық болмысты айшықты ете түсуде. Әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан салтымыздың бірі — Тұсаукесер рәсімі.

Алғашқы қадамын басып, болашаққа ұмтылған баланың жолы ашық болсын, жүрісінен сүрінбесін деген ниетпен жасалатын бұл дәстүрдің мағынасы өте тереңде жатыр.

Ұрпақтан-ұрпаққа алып қашқан бұл дәстүрдің берері мол. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні  аясында аудандық мәдениет үйінде «Тұсаукесер» салты көрініс тапты. Шараға аудан әкімі С.Мамытов, ардагерлер мен мәдениет үйінің қызметкерлері қатысты.  Фойеде тігілген киіз үй макетінің астында ән шырқалып, рухани жаңғырудың салттары сабақталды. Аудан әкімі С.Үмбетұлы жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, жылы лебізін арнап, бір жасар Ильяс есімді бүлдіршіннің тұсауын кесіп, жарқын болашақ тіледі. Аудандық билер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев құттықтау сөз сөйлеп, мұндай шаралардың маңыздылығына тоқталса, ардагерлер кеңесінің мүшесі Шәріпбек Қалжанов жиылғандарға ақ батасын берді. Шарада Ильястың әкесі Ерлан Қожабеков сөз сөйлеп, осынау мәртебелі іске арнайы қатысқан аудан басшысына алғысын білдірді.

Жарасым тапқан күн

Ұлтымызға жарасқан ұлттық киім қазақы ою -өрнектермен айшықталған қазынамыз болып табылады. Шапан, кимешек, қамзол, сәукеле сынды түрлі киімдер ұлтымыздың ұлы мұратына жетелейді.

Қазақтың ұлттық киімдері әлемде өзіндік орны қалыптасқан байлы-ғымыз екеніне күмән жоқ. Тіпті әлемдік сайыстарда спорт саңлақтары қазақы киіммен шығып рухын көтереді. Сондықтан санамызда ұлттық киімді сіңіріп, келешек ұрпаққа насихаттауымыз керек.

Бұл ел алдындағы азаматтық борышымыз. Бүгінде заманға сай тігілген костюмдер, оюмен өрнектелген кеудешелер мен бас киімдер жаңаша бейнеде ұсынылып келеді. Наурыздың онкүндігінің бірі — Ұлттық киім күніне орай, ауданымызда барлық мекеме, кәсіпорын және бөлім қызметкерлері, сонымен қатар, мектеп мұғалімдері мен оқушылары, балабақша тәрбиешілері ұлттық киімді киіп, мерекенің сәнін келтірді.

Көшеде қазақы нақыш-тағы шапан киген жігіттер пен кеудеше ілген қыз-келіншектер жарасымды күй кешіп, сән-салтанаттық көңіл күйдің лебі есіп тұрды.

90 жаста күбі пісіп,

май шайқаған әже

Тоқсан жаста бір қолымен күбі пісіп, май шайқап, құрт жасаған әжені көргеніңіз бар ма? Онда оқыңыз. Осындай алтын құрсақты ана Өндіріс ауылында тұрады.

Әңгімені кейіпкеріміздің дүниеге келген, қиыншылықпен өткен балалық шағынан бастасам. Жанат Нұртаева Жайылма ауылдық округі, Маятас  ауылында 1934 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келеді.  Алланың басқа салғанынан қашып құтыла алмайды екен пендесі. Екі жасқа келгенде ата-анасынан бірінен кейін бірінен айырылып, ағайынды үш қыз, бір бала туған-туыстарының, нағашыларының қолында өседі. Қарны тойып тамақ ішпесе де, бүтін киім кимесе де, басқа балалар сияқты ата-ана бауырында еркелеп өспесе де осы күніне шүкір етті. Оның бойында анау-мынау ер азаматтардың бойында жоқ бір күш бар болатын. 6, 7 жасынан бұғанасы қатпай жатып колхоз жұмысына ерте араласады. Күнмен таласа тұрып, елмен бірге масақ теріп, қолы босай қалса қозы-лақтарды да бағып, мал шаруашылығына көмектескен. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, жер-жерде қалыпқа келтіру жұмыстары басталғанда ер-азаматтармен бірге барлық дерлік тірлікке араласады. Аптап ыстықта шөмеле үйісіп, қыстың көзі қырауда да жылы үйде отырмай колхоз жұмыстарына бір кісідей атсалысып, көмектесті. Өзге балалар секілді мектеп табалдырығын аттап, әріп те тани алмады. Кейуананың жастық шағы қабырға қайыстырған ауыр еңбекпен өтті.

Он бес жасында өндірістік Әзімхан Өзекбаевпен тағдырлары тоғысып, отбасын құрады. Тұрмысқа шыққан соң да айы оңынан туа қоймады. Сонау Бетпақдалада мал бағып, күннің ыстық аптабында еріндері тілім-тілім болып, колхоздың малын аман алып қалуды ойлады. 1983 жылға дейін мал бағумен айналысады. Сол жылдары Жанат әже тосыннан болған оқтан оң қолынан иыққа дейін айырылады. Бұған мойымай бір қолымен еңбек ете жүріп 13 баланы өмірге алып келеді. 13 құрсақтан үш баласы шетінеп кетеді. Қазіргі таңда бес ұлын ұясына, бес қызын қиясына қондырып, олардан 26 немере, 37 шөбере, 11 шөпшек көріп отырған асыл ана, қамқор әже.

Менің таңқалғаным бір қолымен еңбек ете жүріп, әлі күнге дейін күбі пісіп, май шайқап, құрт жасап, егін егіп, тамақтың қамырын бір қолымен жайып, керек кезде өз көйлегін өзі тігіп алады. Бұл кісінің қажыр-қайратына таңқалмасқа шарамыз жоқ. Тағы бір куә болған  көрініс қайнап тұрған самаурынның бір құлағына жіп өткізіп, оны бос тұрған жеңімен тістеп көтергенін көргенмін. Одан бөлек емшілік қасиеті де жоқ емес. Ауыл тұрғындарының ауырған балаларын емдеп, жазып береді.

Әңгіме барысында еңбек ардагері, Жанат әженің тұла бойы тұңғышы Майтон аға былай деді: «Көктемде төлдеуге көшеміз. Әкеміз тауға апарып тастайды. Өңкей кішкентай балалармыз. Анам бір өзі, жалғыз қолымен киіз үйді тігіп, бірге қоныстанып жатқан көршілеріміздің де киіз үйлерін жабысуға көмектесетін. Бұны бүкіл ауыл біледі. Тағы бір оқиға есімде. Менің мектепте оқитын кезім. Біз Үлгілі деген жерде мал бағып тұрамыз. Жаңатас, Түркістан Байқадамнан асып Көкдала жаққа қарай көшетін. Түнделетіп көшіп келе жатқан малшылар үйге келетін. Сонда әкем «малшылар шаршап келе жатыр, аттарын байлаңдар дейтін». Біз оны бұлжытпай орындайтынбыз. Ал анам болса, қанша қонақ келсе де түн ішінде қазан көтеріп, ет асып, шығарып салатын. Келген қонақтар да анамның шын ықыласпен берген асына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудыратын. Ал, ер жетіп, қолыма диплом алып, жұмысқа орналасқан соң ел аралап ауылдарға бара қалсам, осы сен бір қолы жоқ апаның баласы емессің бе деп танып жатады. Ой, талай анаңның қолынан дәм татқанбыз дегенде қуанып, марқайып қалатынмын».

Міне, «Алтын алқа» иегері, Тыл және еңбек ардагері Жанат әже жайлы қысқа болса да келешек жастар үлгі алсын деген мақсатта газетке жариялап отырмыз.

Сұхбат соңында қарт ана: «Ел іргесі тыныш, бейбіт заманымыз мәңгілік болсын. Халқымыз аман болып, түрлі қиындықты еңсеріп, жақсы күндермен қауышып жүре берейік. Егемен еліміздің ертеңі жарқын, кемел келешегіміз жақсы күндермен жалғаса берсін. Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! Ақ мол болсын, дас-тарханымыз дәмге толсын. Ұрпағымыз ұлағатты, бақытты ғұмыр кешсін»-деп аналық ақ батасын берді.

Қарттың тілегі

Ел мен жердің амандығы мен бейбіт күндерінің баянды болуын тілейтін қарттарымыздың ақжолтай лебізі бауырымыздың бүтіндігіне арқау болуда. Мереке қарсаңында 90-ға аяқ басқан ауданымыздың қадірлі қариясы Қаппарбек Мұстафаев мерейлі сәтте ақ батасын беріп, жүрекжарды тілегін арнауда.

1936 жылы Жайылма ауылында дүниеге келген абыз ата 1966 жылы кеншілер шаһарына көшіп келіп, талай жылдар еңбектің майданында шынығып, қызметтерді абыроймен атқарды. 1988 жылы зейнетке шыққан қадірлі қария 3 ұл, 2 қызды тәрбиелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді.  Еткен еңбектері еленіп, «Еңбек ардагері», «Тыл ардагері» төсбелгілерімен және Тәуелсіздік шақта «Сарысу ауданына 95 жыл» сынды түрлі мерекелік медальдарымен марапатталды. 2023 жылы облыстық ардагерлер кеңесінің «Алғыс хатын» алған көнекөз қария жас кезіндегі Наурыз мерекесін қалай қарсы алғандығы туралы естеліктерімен былай деп бөлісті: — Сонау балалық шақта Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтілмейтін.

Ауылдағы шағын үйлер бір-бірлерін мерекемен құттықтап шығатын. Ол кездер заманның нағыз қиын шақтары еді ғой. Наурыз мерекесі тек 1980 жылдардың басында ғана ресми түрде кеңінен тойланып, орталық алаңда киіз үйлер тігілді.

Қазір заманның кең кезі ғой. Тәуелсіздікке қол жеткізген шақта мереке қайта жаңғырып, түрлі форматтардағы іс-шаралар өткізіліп келеді. Бұл өте жақсы. Тоқсанға таянған шағымда тілерім тек елімнің амандығы, жерімнің тыныштығы. Бақытты елдің ұландары алаңсыз ғұмыр кешсе екен деймін, — деп аталық ақ тілегін жолдады. Әр сөзі баталы қазыналы қартымыздың тілегі қабыл болсын деп тілек білдіреміз.

Берекелі дастарқан

Қай жағынан алып қарасаңда Наурыз мерекесі тіршіліктің түрленуі ғана емес, ұлттық тағамдардың ұлықталатын молшылық мерекесі. Дастарқанда түрлі — түрлі тағамдар дайындалып, сыйлы қонақтарға ұсынылады. Айшықты мейрамның басты нышаны саналатын — Наурыз көже дәмді тағамдардың бірі болып саналады.

Құрамында 7 түрлі дәмдеуіштер қосылатын көже көпшіліктің сүйікті асы. Осы орайда, ұлттық құндылықтарды ұмытпай дастарқаны берекеге толы болып жүрген Өмірқұлұлы Наурызбайдың отбасы туралы сыр бөліспекпіз.

Жыл сайын Наурыз мерекесінде наурыз көже әзірлеп, жақын жандарға дәм татқызу отбасының қағидасына айналған. Өмірқұлұлы Наурызбай 1992 жылы 22 наурызда яғни ұлттық мереке күні дүниеге келген. Жұбайы Есжанова Гүлзат екеуі 4 баланы өсіріп жатыр.  Әр мерекені айшықты тойлайтын үлгілі отбасының шаңырағынан қонақ үзілген емес. «Қонақ келсе несібесін ала келеді» дегендей, бақытты жанұяның ырысы артып келеді. Наурызбай КМФ микроқаржы ұйымында қызмет атқарса, Гүлзат Жаңатас көпсалалы колледжінің белді маманы. Көп балалы анамен сұхбаттасқанымызда жүрекжарды лебізін жеткізді: — Біздің отбасы, деді Гүлзат; — Көпке үлгі болып жүрген ынтымағы жарасқан тату отбасы деп айта аламын.  Жолдасым Наурызбай әркез мені қолдап отырады. Балаларым да әкесін құрметтеп, айтқандарын бұлжытпай орындайды.  Біз Нау-рыз мерекесін асыға күтеміз. Себебі бұл мереке молшылық мейрамы. Құтты мейрам. Бар дәмдіні сыйлы қонақтарға ұсыну бізге асқан бақыт сыйлайды, — деп ағынан жарылды.  Айта кетейік, Гүлзат Наурыз көжені отбасының анасы Ноғайбаева Алтынқыз екеуі бірлесе дайындайды екен. Енесі мен келінінің татулығы көпке үлгі болары анық.

Шаңырақ  күні

аталып өтті

Шаңырақ дегеніміз — қастерлі ұғым. Қазақта «Шаңырағың шайқалмасын», «Шаңырағың берік болсын» деген даналық сөздер рухани құндылықты арттырып, елдікті айқындайды.

Ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында сыйдыра білген мемлекетіміз бейбітшіліктің көгінде биікке самғап келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлыстың Ұлы күніне орай, бекіткен Наурыздың онкүндігі аясында аптаның демалыс күнінде «Шаңырақ күні» аталып өтті.

Дәл осы сәт неке қиып жатқан және ана атанып жатқан жас отбасылар үшін ерекше күн болып табылады.

Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген шараға  «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы аудандық АХАТ бөлімшесінің басшысы Ләззат Абдрахманова, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Олжас Бейсен қатысты. Рухани дәстүр ұлықталған шарада неке қиған жас отбасыларды мерекемен құттықтап, неке куәлігі тапсырылса, жаңа туған нәрестенің туу туралы куәлігі табысталып, жас анаға естелік сыйлық берілді.

Тал егу-тәрбие баспалдағы

Бірліктің иісі аңқыған Нау-рыз мерекесінің мағынаға толы күні — Жаңару деп аталады. Бұл күні «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөздің сыры ашылып, тал егу жұмыстары жүргізіледі.

Осы орайда, аптаның сейсенбісінде қаламыздағы «Жасыл белдеу» алаңша-сында көшет отырғызу жұмыстары жасалды.

Игілікті іске аудан әкімі С.Мамытов, мекеме, кәсіпорын, бөлім басшылары мен қызметкерлері және жас буын өкілдері қатысып, көшеттерді отырғызды. Қазақ әуел бастан Нау-рыз мере­кесіне ерекше даярланған. Көктем келіп, күн қыза бастағаннан-ақ ауланы, тоғайлар маңын тазалап, ағаштардың түбін әктеп, күтім жасаған.

Наурыз-мезгілдің, жыл-дың жаңа­ра­ты­н уақыты ғана емес, адамның да жан дү­ние­сін тазартатын, не тындырдым деп өткен жылға қайырыла қарайтын тұс.   Барша жұртты жұ­мылдыратын тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, күллі жараты­лысқа деген ықыласын оятып, адам бала­сының табиғатпен үйлесімді түрде дамиты­нын ұғындыру парыз. Ұзынсары дегеніміз не?

Ертеректе, бала кезімізде ата әжелерімізден естіп, құлағымызға құйылып қалған әңгімелердің бірі «ұзынсарыға» қатысты болатын.

Бір абыз қария кемпіріне: «Бәйбіше! Соғымның ең майлы, ең дәмді деген жерлерін сақтап, кебежеңе сала бер. Алдымызда «ұзынсары» келе жатыр. «Ұзынсарыға» да сыбаға сақтап қой» десе керек жұмбақтап. Кейуана қартының сөзін қалт жібермей, кебежеге соғымнан қалған сүрін, майын, қазы қарта, жал-жаясын сала береді.

Сөйтіп жүргенде үйге бір ұзын бойлы, сары кісі «құдайы қонақ» болады. Шалының айтқан «ұзынсарысы» осы екен деп ойлаған кейуана кебежедегі бар дәмдісін қазанға салмай ма? Қонақ үй иелерінің ілтипатына разы болып аттанады. Сөйтіп жүргенде наурыз айы туып, күн ұзарады, балаға да, үлкенге де нағыз қараөзек шақ келеді.

«Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» саналған кезеңде қария кемпіріне: «Ал, бәйбіше! «Ұзынсары» келді! Енді кебежеңдегі қысқы соғымнан қалған сүрлеріңді қазанға сал» дейді. Сонда кейуана: «Ойбуй! «Бар жақсыңды «ұзынсарыға» сақта деген соң, өткенде келген «ұзынсары» кісіге астым ғой соғымның бар сұрпын» деп қарап отыр дейді.

Әуелі естігенде күліп едік, кейін есімізге түссе ойланып қалатын болдық. Шындығында, шаруа баққан ел үшін алты ай қыстан кейін жадыраған көктемнің келуі үлкен мереке болғаны ақиқат. «Ұзынсары» аталуының да себебі жоқ емес. «Қаңтардың күні – қарға адым» дегендей, қысқы күннің қысқалығын, ол кезде жарықтың көп түспейтінін бәріміз де білеміз. Ал, күннің ұзаруы, жарықтың көбеюі жан-жануарға да, адамға да жақсы әсерін тигізеді. Жер-ананың тоңы жібіп, қылтиып шөп шыға бастайды.

Түн қысқарып, күн ұзарғаннан кейін жоғарыда айтқан қараөзек шақ та басталады. Бұрын қыстың ұзақ түнінде мал-жанды ерте жайғап, ерте ұйқыға жататын болса, күн ұзарғаннан кейін ел ұйқыға кеш жатады.

Осы аралықта шаруамен жүрген жандардың өзегі суырылып, қарны ашатындықтан ұзарған күнді тұспалдап «ұзынсары» атаған. Бұл кезең наурыз мерекесімен де тұспа-тұс келеді. Өйткені, 22 наурызда көктемгі күннің тоғысуы болады, яғни, күн мен түн теңеледі. Одан кейін күн бірте-бірте ұзара береді.

Осындай кезде «ұзынсарыға» сақталған сүр еттің иісі аңқып жатса, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін осынау қиын-қыстау кезеңді еңсеруге ынталы болары ақиқат.

Ата-бабаларымыздың данышпандығын осындай кезеңдерде байқаймыз. Байқап қана қоймай, соны өз тәжірибемізге ендірейік. «Жақсы ас жаман ауруды жеңеді» демей ме бұрынғылар?  Ендеше, ұлттық тағамдарымыздың нағыз қажеттігін ұғынғанымыз жөн-ау…

Материал ғаламтор

желісінен алынды

Ұлу жылы-берекелі   жыл болсын!

Күнтізбеде –2024 жылдың наурыз айынан Қазақтың жыл санауы бойынша Ұлу жылы кірді. Ежелден бабаларымыз әр жылдың өзіне ғана тән мінезі мен ерекшелігі барын біледі. Ұлу жылынан ұлтымыз әрдайым жақсылықты күткен. Қоян жылы көбінде қуаңшылық орын алғанын аңғарған халқымыз кезінде құрлық жануарынан кейін сулы мекенде өмір сүретін ұлуға келесі кезекті берген делінген кейбір аңыздарда. Сондықтан, Ұлу жылынан үміт көп. Ендеше, ұлудың ерекшеліктерін тізбелеп көрсек.

          Неліктен ұлу жылы атанды?

     Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы он бесінші ғасырда жазған «Шипагерлік баян» кітабында жыл атауларына өз сипаттамасын берген екен. «Сумақы – тышқан. Маңғаз – сиыр. Айбар – барыс. Секем – қоян. Сумаң – жылан. Тұлпар – жылқы. Иіртек – ұлу. Шопан – қой. Мешін – мешін. Айтақ – ит. Шақырауық – тауық. Қорысқы – доңыз» деп жазыпты. Зерттеушілердің айтуынша, ежелгі көшпенділер хайуандық күнтізбені қытайлардан қабылдап алған көрінеді. Алайда бұл күнтізбе толығымен көшірілмеген, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, Қытайда Маймыл жылы, көшпенділерде Мешін жылы деп аталады. Ал Айдаһар жылының Ұлуға айналуы туралы екі болжам бар екен. Қай уақытта да ауа райына тәуелді көшпенділер көбіне жазы қуаңшылықпен, қысы жұтпен есте қалған Қоян жылынан кейінгі жылға жауын-шашын мол болсын деген ырыммен сулы жерде өмір сүретін ұлудың атын берсе керек. Екінші болжам бойынша айдаһар қытай тілінде «лұн» деп аталады екен. Ұлу сөзі осы «лұн» сөзінен шығуы ықтимал.

          Үлгілі жыл

      Ұлу суда жүретін болғандықтан, бұл жылы   құрғақшылық болмайды. Жыл тыныштықпен, береке-молшылықпен өткен. Түркі жұрты, оның ішінде қазағымыз да ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Соған қарағанда бұл халық үшін жайлы, жұмсақ жылдар қатарынан орын алса керек. Кей жылдары ұлу да жайсыз келіп отырған. Мәселен, 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс, Қазақстандағы байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін Сібірге жер аударған 1928 жылғы голощекиндік кәмпеске де Ұлу жылында болған. Дегенмен, ұлу жылы өте жайлы, жұмсақ жыл болып есептеледі. Стихиялық белгісі – ағаш. Бейбіт өмірді сүйетін, жайлы, тыныштықты жаны қалайтын, ақылды да зерек адамдар осы жылы туады деседі. Тек олар тез ренжігіш, қырсықтау келетін көрінеді. Кемеңгер дана да дара халқымыз әрбір жылға тек жақсылық пен құт-береке әкеледі деп сеніммен қарап, үкілі үмітпен болжам жасап отырғаны белгілі. Мысалы, Тышқан жылы – тыныштық, Сиыр жылы – сыйлық, Барыс жылы – байлық (бірлік), Қоян жылы – қамбалы (құт-береке), Жылан жылы – жайлы, Жылқы жылы – жұтсыз, Қой жылы – құтты, Мешін жылы – мерейлі, Тауық жылы – татулық (табысты), Ит жылы – игілік, Доңыз жылы – дүниелі, деп әр жылға жақсы ниетпен сипаттама беруінің өзінде үлкен әрі ғылыми тәрбиелік дүниетанымдық ұғым жатқандығын бірден-ақ аңғаруға болады. Осы орайда, қазақ халқы Ұлу жылын ежелден-ақ «Ұлы жыл» немесе «Үлгілі жыл» деп ерекше қастерлеп, құтты жылдың бірі деп санаған.

        Ұлу жылғылар

   Ұлу жылы туғандар өзгелерден өмірлік күш-қуатымен, денсаулығының мықтылығымен ерекшеленеді екен. Бірақ бірбеткей, кез келген нәрсені бірден көңіліне алып қалады, қызба мінезді. Қоғамдағы ықпалы күшті болғандықтан да оны көбі сыйлайды. Әдетте Ұлу жылғылар карьералық табалдырықтың биігіне ұмтылғыш және көздегеніне жетпей қоймайды. Екіжүзділік оларға тән емес. Бетің бар, жүзің бар демей, ойындағыны айта салатын көрінеді. Ұлу жылы туылғандар еңбекқор, қиыншылыққа төзімді келеді, істеген ісінің көзін таба біліп, діттеген мұратына жетеді. Ұлу жылы өмірге келген ұл балалар өршіл, алға ұмтылғыш, әрі талантты болса, қыз балалар сүйкімді, алғыр ойлы болады деп жорамал жасаған.

        Кімдерге табыс әкеледі?

         The Chinese Zodiac астрологиялық басылымы-ның хабарлауынша, Тышқан, Тауық және Мешін жылы туылғандар үшін жыл табысты болады деп күтілуде. Сонымен бірге Ұлу жылы туғандардың да айы оңынан туатын көрінеді. Олар өздерінің бойында серіктестік, адал болу, тез тіл табысу және жомарт болу сынды қасиеттерді шыңдайтын болады.

        Кібісе жылымен сәйкес келеді

     Биыл ақпан айы 29-ымен аяқталады. Яғни, кібісе жылы. Бір қызығы, ұлу жылы ылғи дәл осы кібісе жылымен жиі сәйкес келетін көрінеді. Кібісе жылы төрт жыл сайын бір айналып келеді. Басқа жылдарда 365 күн болса, кібісе жылында 366 күн бар. Осылайша, артық бір күн қыс пен көктемнің түйіскен тұсында қосылады. Бірқатар деректерге сүйенсек, кібісе жылы ежелгі Мысырда пайда болған деседі. Мысырдың есепші-ғалымдары (жұлдызшылары) әр жылдарды зерттей отырып, әр жылдың 365 күннен тұратынын санаған екен. Қазіргі қолданыстағы күнтізбе де – сондай санақтың нәтижесі. Сол санақ бойынша ғалымдар күн мен түннің теңелу уақытының арасын жыл деп атаған. Жылды төрт мезгілге жіктеп, әр үш жылдың 365 күнге аяқталатынын, осы үш жылдан соң бір күннің артық шығатынын есептеп, төртінші жылды 366 күнге толатынын шығарған. «Кібісе жыл» (високос) осыдан шығып отыр. Ежелгі жұлдызшылардың бұндай есептеулері ғылыми тұжырымдармен де сәйкескен, яғни төрт жылда бір рет тәулік санының артық болатынын ғалымдар да мойындаған. Халық арасында кібісе жылына қатысты алуан пікір, түрлі наным-сенім мен ырымдар бар. Тіпті кейбіреулер осы жылдың қиын-қыстауға толы болатынын сәуегейлейді. Алайда өткен кезеңдер кібісе жылының Қазақ еліне жайсыз емес екенін, керісінше ерекше орын алып жататынын байқауға болады.

      Ұлулар туралы қызықты деректер

    Ұлу -Жер бетіндегі ең ежелгі жаратылыс-тардың бірі. Олар 500 миллион жыл бұрын пайда болған деседі. Бұл жануарларға көп тамақ қажет емес және олар кез келген ортаға бейімделе алады. Ең баяу тіршілік иелерінің қатарына жатқызылады. Бір минуттың ішінде 7 сантиметр қашықтықты жүріп өтеді. Ұлулар соқыр және саңырау. Олар тек жарық пен қараңғылықты ғана ажыратады. Ал бір-бірімен жанасу арқылы байланысады. Ұлулар орташа есеппен 15 жыл өмір сүреді. Қолайсыз жағдай кезінде 6 айлық ұйқыға кете алады екен. Ұрпақ қалдыру үшін серіктес қажет емес. Олар жұмыртқалау арқылы көбейеді. 3-4 аптаның ішінде бір ұлу 85 ұрпақ әкелуі мүмкін. Туған кезде ұлудың қабығының түсі мөлдір болады. Қабықтың мықтылығы, ағзадағы кальцийдің мөлшеріне байланысты. Өз салмағынан 10 есе ауыр затты тасымалдай алатын да қауқары бар. Ұлудың етіндегі ақуыз мөлшері тауықтың жұмыртқасынан да көп көрінеді. Африка және Еуропа елдерінде оны пайдалы азық ретінде көреді. Тістерінің саны кез келген акуланікінен көп болады. Ең үлкен түрі – австралиялық ұлу, салмағы – 40 кг, ал ұзындығы 30 см-ге дейін жетеді. Эволюция теориясының негізін қалаушы Чарльз Дарвин ұлулар кез келген жағдайға бейімделе алатын тіршілік иесі екендігін мәлімдеген. Олар құрт-құмырсқалармен қоректенеді. Тұз бен қант бұл жануарлар үшін улы саналады. Қауіп төнген жағдайда ұлу өз қабығына толығымен тығыла алады.

Түйін:

Ұлудың денесі жұмсақ болғандықтан бұл жыл жерге де, елге де құт-берекені, ырыс-несібені мол әкеледі деп есептеген халқымыз. Ұлу жылын ұлы немесе үлгілі деп айдарлауының өзінде де көп мағына жатқаны сөзсіз. Сондықтан, биылғы Ұлу жылы ұлтымызға жайлы, молшылық жылы болсын деп тілейік.

     Ұлу жылында тарихта қандай елеулі  

оқиғалар болған?

        2000 жыл

— 2000 жыл Тәуелсіз Қазақстан тарихында «Мәдениетті қолдау жылымен» есте қалды.

— 29 шілдеде бұрынғы Семей полигонындағы соңғы ядролық сынақ алаңы жойылды.

— 23 тамызда Қазақстан Республикасының  Ұлт-тық қоры құрылды.

— 15 қыркүйекте Сиднейде XXVII  жазғы олимпиада ойындарының алауы жағылды. Осы дүбірлі додада  Қазақстан үш алтын, төрт күміс олжалап, зор жетістікке жетті.

1988 жыл

— Араға 62 жыл салып Наурыз мерекесі қайта тойлана бастады.

— Қазақстанда 143 миллион тонна көмір өндіріліп, ол рекордтық деңгейге жетті.

— КСРО-да кооперативтер құрыла бастады. 24 тамызда бүкіл Кеңес одағында алғашқы кооперативтік банк Шымкент қаласында ашылды.

— 15 мамырдан бастап кеңес әскерлерін Ауғанс-таннан шығару басталды.

— 17 қыркүйек — 2 қазан аралығында  XXIV Жазғы олимпиада ойындары Сеулде өтті. Осы додада Қазақстанның ауыр атлеттері алғаш рет олимпиада медалін иеленді. 90 келі салмақта шеберлік сынасқан зілтемірші Анатолий Храпатый олимпиада чемпионы атанды. Жалпы, XXIV олимпиада ойындарында КСРО құрама командасында 30 Қазақстан спортшысы қатысты. Олар әртүрлі дәрежедегі 18 медальді иеленді.

1976 жыл

— Қаңтарда жер шарының 4 миллиардыншы тұрғыны дүниеге келді.

— 16 ақпанда Кеңес Одағында алғаш рет «КАМАЗ» көлігі шығарылды.

— 7 мамырда — Бас хатшы Леонид Брежневке Кеңес Одағының Маршалы атағы берілді.

— Алматының «Қайраты» Қазақстан футбол тарихында алғаш рет КСРО бірінші лига клубтарының чемпионатында жеңіске жетті.

— 17 шілде — 1 тамыз  арлығында XXI Жазғы олимпиада ойындары Канаданың Монреал қаласында өтті. КСРО құрама командасының сапында 14 Қазақстан спортшысы 11 спорт түрінен бақ сынап, 8 алтын және 2 күміс медальға ие болды.

— 18 қыркүйекте Қытай халқы көсемдері Мао Цзэдунді ақтық сапарға шығарып салды.

1964 жыл

— Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығына келді.

— 14 қазанда СОКП Орталық комитетінің қазан пленумында Н.Хрущев барлық партиялық қызметінен босатылды. Бірінші хатшылыққа Л.Брежнев келді.

— 16 қазанда  Қытай алғаш рет ядролық қаруын сынақтан өткізді.

— 10-24 қазан арылығында XVIII Жазғы олимпиада ойындары Токиода өтті. Бұл олимпиада алауының алғаш рет Азия құрлығында жағылуы еді. Олимпиаданы Токиода өткізу 1940 жылы да белгіленген болатын. Бірақ Жапонияның Қытайға басып кіруіне байланысты ол Хельсинкиге ауыстырылып, артынша Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуынан мүлдем өтпей қалды.

2024 жылы ел тарихында аттары алтын әріппен жазылар тұлғалар дүниеге келген даталар мен айтулы оқиғалар орын алған күндер көп. BAQ.KZ. тілшісі ұлу жылындағы айтулы даталар мен атаулы күндерге шолу жасады.

Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына – 145 жыл

Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда бұрынғы Жетісу облысы Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысындағы Жыланды тауының баурайында дүниеге келген. Теміржолшы, ағартушы-ғалым, Алашорда қозғалысын құрушылардың бірі екені баршамызға мәлім. Ол өзінің студенттік уақытында сол уақыттағы билікті аяусыз сынап мақалалар жазған. Сонымен қоса патша билiгiне оппозициядағы орыстың түрлi партияларына, түрiкшiл және мұсылмандық қозғалыстарға да қатысады. Оның осы кезде жазылған атақты «Қырғыздар және азаттық қозғалыс» деген баяндама-мақаласы империя жандармериясының соңына тыңшы қоюына әкелді.

Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына — 135 жыл

Жүсіпбек Аймауытов қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы. Ол жастайынан арабша хат тану, оқу үйренген. Ол Семейде Абай журналын шығаруға қатысты. Кеңестік қуғын сүргін кезінде ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген күтікпен атылған.

Сәкен Сейфуллиннің туғанына — 130 жыл

Қазақтың атақты ақыны, жазушы, драматург, Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Сәкен Сейфуллин Қарағанды облысында дүниеге келген. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген. Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған.

Ілияс Жансүгіровтың туғанына — 130 жыл

Ілияс Жансүгіров ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болған. Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын бітірген, соң «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарды. 1932-1934 жылдары — Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

Тұңғыш академик Қаныш Сәтпаевтың туғанына — 125 жыл

Қаныш Сәтбаев — геолог ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, қазақтан шыққан тұңғыш академик. Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде Семей губерниясының Павлодар уезінде Ақкелін болысының №4 ауылында туған.

Мектеп бітірген соң тау-кен факультетінің геологиялық-барлау бөлімшесіне студент болып қабылданған. Оқу орнында инженерлік-ғылыми көзқарасы қалыптасып, 1926 жылы Сәтбаев диплом жұмысын үздік қорғап шыққан. Осылайша ол республикадағы бірінші инженер-геолог атағына ие болды. Ол 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеуде қайтыс болды. Алматы қаласында жерленді.

Суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына — 120 жыл

Әбілхан Қастеев –кескіндемеші,график, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Ол Алматы облысына қарасты Жаркент қаласының жанындағы Шежін ауылында туған. Николай Хлудовтың көркемсурет студиясында оқып , білімін Мәскеу қаласында Крупская атындағы көркемсурет студиясында жалғастырған. 1942 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, 1944 жылы Қазақстанның халық суретшісі болды.

Режиссер Шәкен Аймановтың туғанына — 110 жыл

Шәкен Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданы Айманбұлақ ауылында туған. Алғаш театрда істеген алғашқы жылдары шағын эпизодтық рөлдерде ойнады. Шәкен Айманов ғұмырында 14 фильм түсіріп, 20-дан астам кейіпкердің рөлін сомдаған. Өзі соңғы рет түсірген «Атаманның ақыры» атты фильм көрермен қауымның жылы лебізіне ие болды. 1953-1970 жылдары аралығында Шәкен Айманов ұлттық киностудияның тұрақты жетекшісі және өзі ашқан Қазақстан кинематографистер одағының басшысы болды. Шәкен Айманов 1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында 56 жасында көлік қағып қайтыс болды.

Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына — 100 жыл

Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 15 маусымында Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Ол өз өтініші бойынша 17 жасында 1943 жылдың тамыз айында майданға аттанған. Ол екінші Балтық жағалауы флотының 22 әскери тобы 54 атқыштар тобының бригадасы құрамында отан алдындағы борышын өтейді.

Әлия Молдағұлова 1944 жылдың 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданы Казалиха деревнясы үшін болған соғыста фашист офицерінің қолынан қаза тапты.

Батыр Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына — 100 жыл

Рақымжан Қошқарбаев – Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық қаһарманы. 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы Ақмола ауданы Тайтөбе ауылына жақын орналасқан Қырыққұдық қыстағында дүниеге келген. Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30-сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1988 жылы 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.

«Еңбекші қазақ» газетінің алғашқы шығарылымының шыққанына -105 жыл толды

Қазіргі Егемен Қазақстан газетінің ғасырлық. Тарихы бар десек, артық айтқандық емес. Алғаш өз оқырмандарына «Ұшқын» деген атпен 1919жылы 17 желтоқсанда ұсынылды.Онда қазақ зиялыларының мақалалары жарияланып, газет редакциясында біртуар азаматтарымыз қызмет етті. Газет өз тарихында «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Социалды Қазақстан» болып өзгерді. Егемендік алған соң атауы «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді.

«Союз ТМ-19» ұшағының «Мир» орбиталық кешеніне ғарышкер Талғат Мұсабаевтың қатысуымен іске қосылғанына — 30 жыл.

1994 жылы 1 шілдеде «Союз ТМ-19» ұшағының «Мир» орбиталық кешеніне іске қосылды. Ол Қазақстан Республикасының ғарышкеры Талғат Мұсабаевтың қатысуымен орын алды.

             Мәліметтер ғаламтор

                  желісінен алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.