РАМАЗАН-РУХАНИ ТАЗАРУ АЙЫ
КҮЛЛІ ӘЛЕМ МҰСЫЛМАНДАРЫ САҒЫНА КҮТКЕН БЕРЕКЕЛІ РАМАЗАН АЙЫ ДА КЕЛІП ЖЕТТІ. БҰЛ АЙДЫ АЙЛАРДЫҢ СҰЛТАНЫ ДЕП ТЕ АТАП ЖАТАДЫ. ӨЙТКЕНІ БҰЛ АЙДА МЫҢ АЙДАН ДА ҚАЙЫРЛЫ БОЛҒАН ҚАДІР ТҮНІ БАР, БҰЛ АЙДА АҚ ПЕН ҚАРАНЫ, ЖАҚСЫ МЕН ЖАМАНДЫ, АДАЛ МЕН АРАМДЫ
АЖЫРАТУШЫ ҚҰРАН КӘРІМ ТҮСІРІЛЕ БАСТАҒАН. СОЛ СЕБЕПТЕН РАМАЗАН АЙЫН ҚҰРАН АЙЫ ДЕП ТЕ АТАЙДЫ.
Рамазан айында әрбір мұсылман Алланың әмірін орындап ауыз бекіткенде ішіп-жеуден ғана тыйылып қоймайды, тілден шыққан сөздің тазалығына, әр нәрсені көру үшін берілген көздің тазалығына, есту үшін берілген құлақтың тазалығына мән беріп, нәтижесінде рухани тазаруға қол жеткізеді. Бұл айда Алланың рақымынан үміттеніп, ауыз бекіткен момынның тәубесі қабыл болады. Қысқа қарай ағаштардың жапырағы қалай төгілсе, дәл солай ораза тұтқан адамның да күнәлары төгіледі. Адамдардың жанын сергітіп, жүректеріне мейірім нұрының құйылуына себеп болатын бұл ай ораза ұстаушының пендешілік қасиеттерден арылуына жәрдемші. Тәкәппарлық, көреалмаушылық, көрсеқызарлық, менсінбеушілік сияқты рухани дерттерден шипа тауып, мейірімділік, адалдық, бауырмалдық, шыншылдық деген жан азықтарына кенеледі. Өйткені рамазан айында пендені азғырып әртүрлі айлаларымен жолдан тайдырушы лағынеті шайтандар кісенделеді.
Бұл айдағы оразаның жеке адам үшін де, қоғам үшін де берер пайдасы ұшан- теңіз. Өйткені ораза тұтқан адам тұтқан оразасы қабыл болу үшін адамгершіліктің ақ жібінен аттамауы керек. Ғайбат айту, өсек-өтірік айту, жала жабу деген сияқты азғындық әрекеттер тұтқан оразамыздың пайдасын өртеп жіберетін жалындаған от. Дінімізде жалпы қандай құлшылықты жасайтын болсақ та ниеттің алар орны ерекше. Алланың елшісі (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Әрбір амал ниетке байланысты…» — деген. Ендеше оразаны әлемдердің жаратушысы Алла Тағаланың разылығын табу үшін ұстайтын момын, мұсылмандардың тек жақсылыққа ұмтылуы кез келген қоғам үшін пайдалы екені өзінен-өзі түсінікті. Хазіреті Әли (р.а.) былай деп айтқан екен: «Пайдаға бола жасалған ғибадат – саудагердің ғибадаты. Үреймен жасалған ғибадат – құлдың ғибадаты. Алла Тағаланың барлық жақсылықтарына шүкір ету мақсатында жасалған ғибадат – нағыз ерікті адамның ғибадаты» — деп.
Таң атқаннан кеш батқанға дейін нәр татпаумен қатар түрлі жамандықтардан нәпсісін тыю – өзін адамдыққа тәрбиелеудің теңдессіз мектебі деп айтсақ болады. Ал енді кешке дейін ішіп жеуден тыйылып, нәпсінің қалауларынан тыйылып кешкі уақытта ауызашарға жеткенде сізді күтіп тұрған Алланың нығметтері, тәніңіз үшін ас — ауқат болса, жаныңыз үшін мол сауап, пенденің бүкіл болмысын рахатқа бөлейтін баға жетпес байлық емес пе? Таңғы уақыттағы сәресі мен кешке келетін ауыз ашар уақыттарының берекетін айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл уақыттар пенденің жасаған дұғасының қабыл болатын уақыттары. Сол үшін осы екі уақытта мейлінше көп дұға етуді әдетке айналдыру керек.
Құрметті мұсылман бауырлар берекелі де, мерекелі рамазан айы құтты болсын! Баршамызға осы айдың берекесін Алла Тағала нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Алла Тағала еліміздің сыртын жаудан, ішін даудан сақтасын! Әмин!
А.Каримбаев,
аудандық мешіттің бас имамы
Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Шығыс аристотельизмін жүйе дәрежесіне көтерген әлемнің «Екінші Ұстазы» және Ислам философиясының негізін қалаған Шығыстың «Бірінші философы» атанған Әбу Насыр Әл-Фараби шығармалары
әлеуметтік философия, этика, эстетика,
саясат және ислам құқығы
мәселелерімен тығыз байланысты.
Әл-Фарабидың әлемге танымал ғылыми философиялық шығармаларында табиғат қоғам, адам болмысы Құдайдың жаратылысы болғандықтан және толықтай оның құдіретіне бағыныштылықтан өзара тығыз бірлікте, бір-бірімен ықпалдастылықта қарастырылады.
Әбу Насыр Әл-Фарабидің трактатында: «Ол қоғамдық салада жаппай қалтқысыз қабылдаған Исламның бір Құдайдың сенімі негізінде қалыптасып орныққан. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбар арқылы берілген уахидағы онтологиялық мәселелердің өзектілігі, мұсылман әлемінің ортағасырлық мәдениетіндегі оның шешімін табудың әдістері мен ауқымын анықтады». Осыған Ислам руханиятының философиясымен ғылыми зерттеулеріне назар аудартып, Ислам әлемінің ойшылдары өздерінің ізденістерін көп бұрын Құдайдың жаратушылық құдыретіне мойын ұсынғанын қуаттайды.
Әл-Фарабидің философиялық бағдары әу бастан уахидың аясында қалыптасып, оның ықпалында дамып, онтологиялық мәселелерді шешуге байланысты өзіндік көзқарасы қалыптасты. Шығыстың «бірінші философы» Әл-Фараби бастаған орта ғасырлық философтар мен ғалымдары Құран-Кәрім негізінде Жаратушының жаратқан дүниесінің заңдары мен құбылыстарын зерттеді.
«Орта ғасырлық мұсылман философтары Ислам дінін білім мен ақыл парасат негізінде, ғылыми тұрғыдан түсініп,пайымдаған. Мұсылман ойшылдары мен ғалымдары ислам дүниетаным негізінде ғылыми ізденістер жүргізді. Ислам- мұсылмандық философиясының мәйегі,араб тілінде берілген қасиетті Құран-Кәрім Ислам әлемі ойшылдары мен ғалымдарының шығармашылық және дүниетанымдық көзқарастарының түпкі қайнар бастауы болды.» Сондай-ақ,Мұхаммед пайғамбардың уағыздарынан Құранды одан әрі зерттеп және мән мағынасын тәпсірлеуде көбірек назар аударатын мәселелер айқындалады, бірақ бұл мәліметтерді иман келтірген адам, қайткенде де түсінуге тиіс еді, өйткені оның адаспай жүруіне тиісті Құдай жолы еді. Құдайдың бірлігі мен барлығы және оның сипаттары, Жаратушының өзінің жаратқандарына қатынасы, адамның әрекетке қатынасы,яғни адамның басындағы мәселесі.
Бұл мәселенің аясына кіріп талқыланытын мәселелер ең алдымен Құдайдың бірлігі, Құдайдың барлығы мен сипаттары, Жаратушының өзінің жаратқандарына назары, «адамның әрекетке қатынасы»,яғни адамның еркіндігі мәселесі және т.б. болады.
Әбу Насыр Әл-Фараби Құдайдың бірлігі мен барлығы және сипаттары туралы пайымдауында: «Ол-Дана, бірақ Оның даналығы Өз мәнділігінен бөтен басқа бірдеңені танудан тумаған, Ол-Өз мәнділігін тану арқылы даналығы артатындай ештеңеге мұқтаж емес, даналық. Оның сұлулығы бүкіл көркем нәрселердің сұлулығынан асып түседі. … Оның ілімі ең үлкен ұлық ғылым болғандықтан Алғашқы мәнділіктің рахаттанып мейірленуінің мәнісі біздің ой санамыз жетпейтіндей жоғары тұр. Ол-Бірінші ғашық және бірінші мағшұқ… Ол ештеңеге мұқтаж емес… Ол-тәнсіз «Ол-ақиқат».Ақиқат барлыққа сәйкес келеді. «Ол- тірі тіршіліктің көзі.»,-дейді Әл-Фараби. Шығыстың «бірінші философы» атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің философиялық уахиди аясында қалыптасып, дамып, онтологиялық мәселелерді шешуге байланысты өзіндік көзқарасы қалыптасты.
Жоғарыда атап өткендей Әл-Фараби Исламдағы таухид концепциясын көрсетеді. Ол Аллаһ Тағаланы «Бірінші мәнділік», «Бірінші себеп»,-деп таныды.Оның болмысынан кемел мақтауға лайықты болмыс болуға мүмкін емес»,-дейді Әл-Фараби. Ғұлама философ Ислам танушы Әл-Фараби әлем мен адамзаттың бірлігін, сенім мен амалдың бірлігін негіздейді. Ислам дінінде Алла бір,оның серігі,теңі және ұқсасы жоқ. Барлық іс Соның қолдауымен болады Аллаһтың мәніне ақыл жетпейді. Әл-Фараби өзінің пайымдауында: «Құдайдың бірлігі мен Құдайдың барлығы мен сипаттарында: Ол-біреу, дара. Ол-дана. Оның сұлулығы алғашқы мәнділік абсалютті сұлулық. Оның ілімі ең ұлық ғылым» деп, терең түйіндейді. Әбу Насыр Әл-Фарабидің философиялық ғылыми пайымдауларына сүйенсек Жаратушының сипаттары еш нәрсені жаратпастан бұрын пайда болған. Жаратушының сипаттары мәңгі бақи. Мұсылман ілімінде жаратушыға иман еткен адам, Жаратушының затына тән кәміл сипаттарына сеніп, Оның пәктігін мойындау керек. Адам баласы Аллаһты тек көркем есімдері мен сипаттары тұрғысынан танып білді.Аллаһ Тағаланың 99 көркем есімдері бар. Аллаһ Тағала әлем мен адамзаттың бірлігін сенім мен амалдың бірлігін дәйектігін негіздейді. Ислам дінінде Алла бір,оның серігі, тең ұқсасы жоқ.Барлық іс тек Соның қалауымен болады. Аллаһ Тағала бүкіл ғалам мен адамды бірлікте жаратқан Ол еш нәрсеге мұқтаж емес. Аллаһ Тағала Құран-Кәрімде бүкіл адамзатты «бейбітшілікке, бірлік пен ынтымаққа, достыққа, мейірімділікке, адамгершілікке, ғылым мен білімді және парасатты, мәдениетті» болуға шақырған». Әбу Насыр Әл-Фараби ғылыми философиялық трактаттарында:» Құдайдың бірлігі, Құдайдың барлығы мен сипаттары» туралы ой тұжырымдаған болса, қазақтың ойшыл философы Хакім Абай «Китаб Тасдиқ» (Сенім кітабы) ғылыми зерттеуінде Аллаһтың сипаттары мен есімдері туралы терең діни философиялық ой қозғайды. Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде: «Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым құдыреті сипаты бірлән сипаттадық»-деп, Аллаһтың бірлігі мен барлығын негіздейді.(Абай қара сөздер-Алматы. Ел, 1993). Ғұлама философ Әл-Фарабидің Алла Тағаланы сипаттаудағы көзқарасы Хакім Абайдың ой-тұжырымдары мен сабақтасып жатыр. Ғалым Мұхтар Арын өзінің «Бес анық» еңбегінде: «Мұхаммед (с.ғ.с.) тағы бір айтып кеткені – білімді, ғылымды қабылдайтын адамға ғана түсіндіру керек. «Кешеге айтқан сөз-шығын» дегендей, қабылдамайтын адамға көңілімізде жүрген жақсы ойларды айтсақ, онда қабылдамаушы адам емес, айтушы күнәһар екенін тереңнен толғап айтқан да Пайғамбарымыз. Абай да осы тұрғыда тамаша ойлар айтып кеткен.
…Міне, осының бәрін бүгінгі таңда ұлтымыздың өркениеттілігіне, мәдениеттілігіне ойлау қабілетінің дұрыс болуына пайдалануымыз керек. Айтып отырғаным- дін мен Абайдың арасындағы толық үндестік бар екендігіне дәлел. Демек, біз Абайды ұлы классик, ғұлама ғалым, кемеңгеріміз, данамыз деп уағыздайтын болсақ, оның үстіне оның кейбір ойлары Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың айтатынымен ұштасып жататын болса, онда дінді де, керек жерінде Абайды қалай пайдалансақ, солай пайдалануымыз керек»-деді. Аллаһ әлемдерді жаратушы және ешбір серігі жоқ. Жаратушы тек өзінің кемелді белгілерімен сипатталады. Аллаһ кемшілік атаулыдан пәк және Абай Аллаһтың кемелді сипаттары – білімділігі, жаратушылығы, естушілігі, күштілігі, мәңгілігі, сөйлеушілігі сынды сипаттары туралы былай дейді: «Алла Тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты» (Абай. Қара сөздер. – Алматы: Ел, 1993. – 85.).
Алланың өзі де рас, сөзі де рас.
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті,
Аллаһты танытуға сөз айырмас:
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді, ол сіздерге сөзді ұғарға. (Абай. Қалың елім, қазағым өлеңдер. – Алматы: Атамұра,2002. – 224 б.). Абайдың өлеңдері мен қара сөздері Ислам ілімі мен оның құндылықтарын ұлттық дүниетаным мен ұлттық ділге сай насихаттаған асыл мұра.
Абай өлеңдерін оқып, тыңдап отырып ұлт рухын, ұлт мінезін, ұлт ділін, ұлттық және діни құндылықтарымызды тереңнен танып білеміз.
Ал, “Бір Аллаһқа сыйынып,
Кел, балалар, оқылық!…” , — деп, қазақ санасына сәуле сіңіруге тырысқан ағартушы Ыбырай Алтынсарин ел ішінде ғылым-білімді насихаттап, білім алуға және білім иелерінен үлгі алу мұсылмандар үшін парыз екендігін өз шығармаларының негізгі мұраты ретінде айқындайды. Ағартушы Ыбырай Алтынсарин өзінің «Шараит-ул исламды» атты кітабы туралы Миссионер Ильминискийге жазған бір хатында: “Ана тілінде жазылған, мұсылман дінінің негізгі рухына сай, дін оқуға басты құрал бола алатын оқу құралын жасап берудің қажет екенін ескеріп, біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, екіншіден, қазақ жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алмауы үшін, …мен соңғы кезде Мұхаммед шариғатын үйреніп, Сізге жолдап отырған осы оқу құралын құрастырып бітірдім” ,- дейді. Ыбырай қазақ балаларының ділі мен жас жеткіншектердің дүниетанымына сай түсінікті тілмен және қисынды өрілген, ғибратты, өнегелі өмір жолы мен әділеттілік, ізгілік, жомарттық, адалдық, тектілік, бейнетсүйгіштік, яғни көркем мінезділік ұстанымдарын ұлықтайтын төл еңбектерімен қатар, жасөспірімдер үшін өз уақытының озық ойшылдары мен ұстаздарының еңбектерін қазақ тіліне тәржімелеу арқылы білім мен көркем мінезділік, имандылық негіздерімен үндесетіндіктен үйлестіре жүргізу дәстүрін ұстанды. Ыбырай өсиет өлеңдерінде адамаралық қарым-қатынастың ахлақтық негіздерін аша отырып, сабырлылық және жомарттық, қарапайымдылық, тәрбиелік, әділеттілік және мейірімділікті адамның адамгершілігінің жоғары болуы және адамның ар-ұятты бағдар етуін, адам бойындағы көркем мінезділікті қалыптастыру үшін оған жас кезінен халал мен харамды, жақсылық пен жамандықты айыра білетіндей етіп, имандылық пен адамгершілікке негізделген дұрыс тәрбие беру.
Ислам ілімі мен мәдениетінің терең білгірі діни философ Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) еді. Шәкәрімнің дүниетанымының негізгі ерекшелігі дін және руханилық мәселесін қарастыру мен өзіндік рухани-құндылықтық категориялардың жүйесін ұсыну болды. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» атты кітабында «Ей, достар! Аллаһ Тағала барша адам баласына бір Аллаһ Тағаланың барлығын, бірлігін һәм өзін жаратқан иесі екенін біліп иман келтіріп, құлшылық қылсын деп жаратқан. Аятта: «Жын мен адамдарды құлшылық қылсын деп жараттым!» (Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін, ғана жараттым)-деген. Солайша құлшылық үшін жаралғанды.» (Зарият сүресі,56 аят). Шәкәрім Құдайбердіұлы «Иманның мағынасы» атты тақырыпшасында «Иман деген Аллаһ Тағаланың барлығына, бірлігіне, Онан басқа Аллаһ жоқтығына, Құран сөзінің бәрі шындығына анық ықыласпенен нанбақ.Иман айтқанда «Лә иләһә иллә Аллаһ, Мұхаммед расул Аллаһ» дейміз, оның мағынасы: «Бір Құдайдан басқа Құдай жоқ және Мұхаммед, саллаллаһу ъаләйһи уә сәлләм, Аллаһ Тағаланың бізге тура жолды көрсетуге жіберген елшісі» деген болады. Мұның мағынасын білмей, құры айтқаныңменен иман болмайды. Және анық шын нанып айтпай, құры тілменен ғана айтса, о да иман емес. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Аллаһ Тағаланың сипаттарын білмек» туралы еңбегінде «Ей, достар! Жоғарғы сөздерден Аллаһ Тағаланың барлығын һәм бірлігін білдіңіз. Енді сипаттарын айтайын. Аллаһ Тағала бар, өздігінен бар, біреу бар қылған емес, барлығының алды жоқ, бұрыннан бар. Арты жоқ, ешқашан жоқ болмайды, өлмейді, тозбайды, өзгермейді. Аллаһ Тағала жалғыз, не серігі жоқ, не теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ және еш нәрсеге ұқсамайды»- дейді ғұлама философ Шәкәрім.
Олай болса, Ислам дінін жетік білген Ұлы философ Хәкім Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлең жолында Жаратушының барлығына ешқандай шәк келтірмейді. Сондықтан адамзат Аллаһ Тағаланың хақиқат растық жолымен жүру парыз.
Қ. Мамбетов,
ауданның Құрметті азаматы