БЕРЕКЕ ТҰНҒАН ҚҰРБАН АЙТ
Жалпы Құрбан сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал айт – мереке, мейрам, қуаныш деген сөз.
Осынау береке тұнған күні жамағат Алладан жақсылық сұрап, құрбандық шалады. Барша мұсылмандардың ұлық мерекесі саналған айтулы күн ауданымызда аталып өтті. Құрбан айт мерекесі Жаңатас қаласындағы орталық мешітте айт намазын оқудан басталды. Айт намазына мешітке жиналған жамағаттың жүзінен қуаныштың лебі есіп тұрды. Намаз оқылмас бұрын ауданның бас имамы Айбек Каримбаев Құрбан айттың тарихы, ерекшелігі, айт намазының оқылу тәртібі туралы уағыз айтып, құрбандыққа шалынатын малдар туралы мағлұматтар берді. Жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, елге тыныштық, береке мен бірлік тіледі. Содан соң, Алланың үйіне таң сәріден жиналған жамағат жүзін құбылаға бұрып, сәждеге бас тигізіп, Аллаға құлшылық етті. Намаз аяқталған соң жиналған жамағат мешіт ауласында жайылған дастарханнан дәм татты. Айт намазына қатысып, құлшылығын орындап, бір-бірін күллі мұсылманға қадірлі болған мерекемен құттықтаған ағайын құрбандық шалуға кірісті. Жалпы аудан бойынша құрбандыққа 1 түйе, 22 сиыр және 258 қой-ешкі сойылып, құрбандыққа шалынды. Құрбан айтта сойылған малдардың еті аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы отбасылар мен мұқтаж жандарға таратылды. Алланың разылығына қауышуға асыққан жандар айшықты мерекені осылай атап өтті. Айт мерекесі қала мен барлық ауылдық округтерде жалғасты.