Көпбалалы аналар ардақталды
Аудандық орталық кітапханада аудан әкімі С.Мамытов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бір топ көпбалалы аналарды мерекемен құттықтап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарымен марапаттады.
Аудан әкімі көпбалалы аналарға қоғамдағы және бала тәрбиесіндегі айрықша еңбектері үшін алғыс сезімін білдіріп, отбасылық бақыт, бақуатты тұрмыс тіледі. Аудан басшысы әр көпбалалы анаға мерекелік сыйлық пен гүл шоқтарын тапсырды.
Көпбалалы аналар «Алтын алқа», «Күміс алқа» медалін тағып, қуаныш құшағына бөленді. Мемлекет басшысының Жарлығына орай алтын және күміс белгілері тағылған аналар да аянып қалмады, осынау қошеметке ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын жаудырды.
Айта кетейік жыл сайын ауданымызда бала туу көрсеткіші көтеріліп, көпбалалы жас аналар қатары көбейе түсуде.
Қуаныш сыйлады
Мереке қарсаңында аудандық кітапханада «Әйел-ана, әйел-жарың, шырағың» атты мерекелік кеш өтті. Аталмыш шарада түрлі салада еңбек етіп, ауданның дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген нәзік жанды арулар қатысты.
Басқосуда аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз алып, нәзік жанды аруларды мерекемен құттықтады.
— Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі-8 наурыз-Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі бар тіршілік, жарық дүние, бақытты өмір әйел-ананың аялы алақанында.
Адамзат баласына тән қасиетті, сүйіспеншілік пен іңкәрліктің, сұлулық пен махаббаттың, қайырымдылық пен ақылдылықтың бар болмысын бір бойына сіңіре білген ақ пейілді, дарқан жүректі нәзік жандарға арналған мереке табиғаттың оянуымен бірге келуі бекер емес.
Қазіргі қоғамымызда әйелдер тек отбасының береке-бірлігін ойлап қана қоймайды, мемлекетіміздің өркендеуіне және саяси-әлеуметтік, мәдени мәселелеріне белсене араласып келеді. Көпбалалы аналар, дәрігерлер мен мұғалімдер, мәдениет пен спорт қайраткерлері, бизнес өкілдері, әскери адамдар, журналистер – барлығы да қоғамымыздың негізгі құндылықтары – бірлікті, жасампаздық пен тұрақтылықты нығайта отырып, мемлекетіміздің сенімді тірегі бола білді, -деп ауданның дамуына өзіндік үлестерін қосқан нәзік жандыларға аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын және бағалы сыйлықтарды тапсырды.
Сонымен қатар аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков құттықтау сөз сөйледі.
-Құрметті ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар, қаракөз қарындастар! Бүгінгідей әсемдік пен сұлулық мерекесі күні сіздерге және жанұяларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін. Мейірімге толы жүректеріңіз бақыт ләззатына, қуаныш пен шаттыққа кенеле берсін,-деп аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хаттар, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Нәзік жандылар қолдау көрсетіп, құрмет білдіріп, сый-сияпат жасап жатқан аудан басшыларына алғыстарын білдірді.
Мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сәулет есқараев, «Sarysý»
Жылы лебізін білдірді
8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай, аудан әкімі Сәкен Мамытов ақжаулықты аналардың шаңырағына ат басын бұрып, арнайы құттықтады.
Алдымен ауданымыздағы ең қарт ана, Өндіріс ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысындағы тыл еңбеккері, 102 жастағы Өмірбаева Бибайша әженің үйінде болып, қарт анаға сый-құрмет көрсетті. Мерекелік құттықтауда аудан әкімі алдыңғы буын ардагер аналардың елеулі еңбегі көпке үлгі, қандай құрметке болса да лайық екенін айтып, қазыналы қарияларды құрметтеу-кейінгі ұрпақтың парызы екендігіне тоқталды. Жастайынан еңбекке араласқан Бибайша әже 102-ден асса да әлі де тың. Небір қиын кезеңдерді бастан кешкен кейуана өткен өмірін ерекше тебіреніспен еске алды. 1922 жылы 1 қаңтарда қазіргі Өндіріс ауылында дүниеге келген ақ жаулықты ана 12 жасынан бастап тылда еңбек етіп, Мәскеу қаласына дейін барған.
1941-1950 жылдары соғыс зардабынан бұзылған жерлерді қайта қалпына келтіруге қатысқан. 1950 жылдан бастап, 1980 жылға дейін Коммунар совхозында жүгері егу жұмысында звеновод, ағаш өңдеу цехында жұмысшы, егін шаруашылығында мақташы, қызылша жинау-шы болып еңбек еткен. 1980 жылы зейнетке шыққан. Мерекелік жүздесуде ғасыр жасаған ана елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеп, аудан әкіміне ризашылығын білдіріп, аналық ақ батасын берді. Маңдай тер, адал еңбегінің арқасында құрметке бөленген қарт ана бүгінде 30 немере мен 10 шөберенің қызығын көруде. Мұнан соң аудан басшысы ауданымыздағы еселі еңбегі мен халқының құрметіне бөленген бірқатар ардагер аналардың шаңырағында болып, мерейлі мерекелерімен құттықтап қайтты. Ауданның Құрметті азаматы, ұзақ жыл басшылық қызметтерде болып, Жаңатас қаласының және ауданның өсіп-өркендеуіне үлкен үлесін қосқан, білім, кеңес, партия қызметінің ардагері Тыныштық Бектөрееваның үйінде болып, мерекелік сый-сияпатты табыстады. Ардагер ана өзінің аналық алғысын айтып, аудан әкіміне және құттықтап барған азаматтарға ауданның дамуы жолында еңбек ете берулеріне тілектестігін білдірді.
Сонымен қатар, Сәкен Үмбетұлы ардақты ана Әміреева Жақсыкүл апаның үйінде болды. 8 баланы өмірге әкеліп, жеткізіп, одан 30 немере, 8 шөбере сүйіп отырған абзал ана аудан әкіміне алғысын айтып, ақ батасын берді. Қасиетті Меккеде үлкен қажылықта болып, қасиетті Қағбаға тәу еткен қажы апа елінің амандығын, жұртының жақсылығын тілеп отыр.
Аудан басшысы ардақты ана Сапарбаева Шакизат апайды да құттықтады. Ауданымыздағы «Мұсылман әйелдері» ұйымының жетекшісі ретінде, қыздар тәрбиесіне, жастар тәрбиесіне, жастарды имандылыққа баулуда үлкен еңбек сіңіріп жүрген еңбек ардагері аудан басшысына алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте абыроймен еңбек етіп, ауданның құрметіне бөленген мемлекеттік қызметтің, экономика, қаржы саласының ардагері Асия Тойшыбекованың шаңырағында болған аудан басшысы, ардагер ананы мерекесінде ізгі тілегін жеткізді. Асия Омарқызы арнайы ат басын бұрып, мерекелік көңіл-күй сыйлаған аудан әкіміне алғысын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ардақты аналарға мерекелік құрмет көрсетіп, құттықтауда аудан әкімі Сәкен Үмбетұлымен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орынбаев және тиісті сала басшылары болды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Шуақты мереке аталып өтті
Алтын құрсағынан адамзаттың алыбы жаратылған асыл ананың жүрегі үлкен, жүзі мейірімді, қолы қайырымды.
Адамзат жүріп өткен небір ауыр жол, алмағайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күнге жеткізген әйел-ана құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Әйел отбасының ұйытқысы, ұлағатты ұрпақ өсірушісі ғана емес, еліміздің өркениет жолында, түрлі салада абыройлы еңбек етіп келеді. 8 наурыз — халықаралық әйелдер күні мерекесі ауданымызда кеңінен аталып өтті.
Аудандық мәдениет үйінде ұйымдас-тырылған «Анадай асыл қайда бар» атты әдеби сазды, салтанатты жиынға аудандағы ақ жаулықты аналар, ауданның Құрметті азаматтары мен қызметкерлері қатысты.
Кеш барысында әйел-анаға, әпкеге, жеңгеге, ару қызға, қарындасқа арналған өлең шумақтарын жігіттер әуенмен көркемделген өлең шумақтарын оқыса, «Айжанқыз» би ұжымының қатысуымен, әншілердің орындауында «Анашым аман жүрші» әніне би қойылымы ұсынылды. Мерекелік шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов ақ жаулықты аналарды, аяулы арулар мен қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына амандық, көңілдерінің үстем болуына тілектестігін білдірді. Одан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков барша нәзікжандыларға ізгі тілегін жеткізді.
Салтанатты шара барысында ауданның әлеуметтік — экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосып, үздік жетістіктерге жетіп жүрген бір топ арулар «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медальдармен, облыс әкімінің, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Концертте залдағы барлық аналар қауымы мен қыз-келіншектерге естелік сыйлықтар мен гүлдер тарту етілді. Құшағы гүлге, көңілдері мейірімге толы аналар сыйлықты қуанышпен қабылдап, шаттыққа бөленді.
Кешті Алматы қаласынан арнайы келген «Қоңыр» тобы мен Тараз қаласынан облыстық филармонияның әншілері «Әскербек пен Жанна» дуэті ғажайып әсерге бөлеп, көрермендердің қошеметіне кенелді.
Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті, шараның сәнін келтірді. Ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тіршіліктің қайнар бұлағы. Қазақ әйелінің дастарханы тоқ, қонағы ырза, дүниесі түгел. Олар үшін бірінші орында отбасының берекесі тұрады. Қашанда нәзік жандардың қай салада болмасын, еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатыр. Олай болса, көктемнің осынау шуақты мерекесі нәзікжандылардың көңілдерін нұрға, жүректерін жырға бөлейтіні анық.
Нұрын төккен маған
Аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының ұйымдастыруымен «Ана-өмірдің шуағы» атты ертеңгілік өткізілді.
Шара барысында балалар аналарына арналған өлең және билерімен сәлем жолдап, өнерлерін көрсетті. Аналар арасында «Пантомима» және «Суретті құрастыр» атты әртүрлі ойындар ойнатылды.
Ертеңгілікте орталықтың мамандары «Көктем ханшайымы», «Кәмпит Ханшайымы» және «Сайқымазақ» кейіпкерлеріне айналып, балалармен бірге мерекелік әндер шырқап, әзіл-сықақ көріністері ойнатылды.
Мереке соңында балалардың қолдарынан аналарына жасаған сыйлықтары табыс етілді. Аналар да тілектерін айтып өте жоғары көңілмен балаларының жасаған сыйлықтарына ризашылығын білдірді.
Сўлулыќтыѕ ќайнар кґзі
8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ауданымызда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Аудандық кітапхана мен аудандық аналар кеңесінің «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» жобасы аясында бірлесіп ұйымдастырылған «Әйел — сұлулықтың қайнар көзі!» атты мерекелік кеш өтті. Кеш шымылдығы кітапхана қызметкері Қайрат Аяжанның орындауындағы «Ата — әже» әсем әнімен ашылды.
Шараға Ұйым ауылдық клубының «Асыл аналар » тобы қатысып, Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ маңдайлым» мен жерлес сазгер Төлеу Үшқоңыровтың «Тобылғы сай» әндерін нақышына келтіріп орындаса, кітапхана қызметкерлері А.Қойлыбекова, Р.Қадырбекова және Б.Әлиевтер «Анаға тілек», «Ару ана», «Аяулы ана» әндерінен шашу шашты. «Айлин» би тобы «Құстар биі» және «Үнді» билерін мың бұрала биледі. Кеш қонақтары Дурманова Қызманат және Сазанбаева Роза құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова келген ақжаулықты аналарды мерекелерімен құттықтап, сый -сияпаттар табыстады.
***
Жаңатас қалалық аула клубы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Ана-гүл, ана-өмір шырағы» атты салтанатты жиын болып өтті. Жиынға аула клубына қарасты мөлтек аудандарда орналасқан топтардан азанғы ауысымының балалары қатысты. Топ тәрбиеленушісі Сағындық Каусар «Балбырауын» күйімен салтанатты жиынды ашып берді.
Сондай — ақ Түктібай Мерей «Анашым», «Сезім» дуэті «Анашым», Есенбек Айерке «Туған жерім», Аянат, Аяла, Аяулым «Алғысым шексіз» әндерін орындады. Пернебек Самал М.Мақатаевтың «Ана» атты өлеңін оқыды. Шара барысында қатысушы аналарға арнайы сыйлық пен құттықтау ашық хаттары табысталды.
***
Саудакент ауылдық мәдениет үйі мен ауыл әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Ананың шуағы әлемді бақытқа бөлейді!» атты мерекелік кеш өтті. Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні саудакенттік аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің барлығы бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды. Байқадам ауылдық округінің әкімі Мейіржан Өксікбаев нәзік жанды әйелдер қауымын шуақты мерекемен құттықтап, түрлі салада белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен қыз-келіншектерді Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат жасады.
Ауылдық мәдениет үйінің әншілерінің тамылжыта шырқаған әндері, Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің оқушыларының хоры, «Қазына», «Әсем-ай» би топтарының өнерлері, «Өрлеу» фольклорлық ансамблінің орындаған шығармалары, сонымен қатар «Саудакент» халық театрының қойылымы да көпшіліктің жүрегінен орын алды. Мерекеге орай шараға қатысушы нәзік жандыларға ауыл әкімінің гүл шоқтары тарту етілді.
«Sarysý-Aqparat»
Алаштың біртуар азаматы
Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебі бойынша мектеп кітапханашысы Байтанова Фатиманың ұйымдастыруымен 5-7 сынып оқушылары арасында сынып сағаты ұйымдастырылды.
Сынып сағатының мақсаты: Алаштың біртуар азаматы Жүсіпбек Аймауытовтың туылғанына 135 жыл толуына орай суреткер жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттау. Осы мақсатта ұйымдастырылған арнайы көрмемен оқушыларды таныстырып, мерейтой иесінің шығармаларын оқытып, таныстырды.
Сынып сағаты барысында оқушыларды үш топқа бөліп, шығармашылық тапсырмалар орындатты. І топқа –суреткер ақынның өмір белесі жайлы, ІІ топқа- ақынның шығармалары жайлы, ІІІ топқа ақынның еңбектері жайлы тапсырма беріп, постер қорғатты. Постер қорғау барысында әр топ -Жүсіпбек Аймауытов әдебиеттің әр түрлі жанрында өнімді еңбек етіп, құнарлы шығармалар қалдырғанын, бес томдық шығармалар жинағында оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансапқорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия- Шәрбану», «Шернияз» атты пьесаларын және көптеген әңгімесі мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертегілері, сын мақалалары мен аудармалары бар екенін айтып өтті.
Ақынға «халық жауы» деген жалған жала жабу арқылы ату жазасына кесілгендігі туралы мәліметтер айтты. Қазіргі таңда халық жауы болып, сол кездегі Сталиннің солақай саясатының кесірінен жазықсыз ату жазасына кеткен алаштың біртуар азаматтарының артында өшпейтін із қалғаны туралы тарихи мәліметтерге сүйене отырып мысалдар келтірді.
Сынып сағатын қорытындылау барысында мектеп кітапханашысы Байтанова Фатима оқушыларға әлеуметтік төңкерістер мен ұлы революциялар заманында өмір сүрген Жүсіпбек Аймауытов өзінің қысқа ғұмырында аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгергенін айтып, қоғам қайраткерінің педагогика, психология және методика саласында жазған ірі еңбектері өз уақытында елеулі рөл атқарғанын, олардың ішінде «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926) және тағы басқа іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізгендігін айтып сынып сағатын қорытындылады.
Оқушыларға өз елінің адал азаматы болуға, елін, жерін қорғауға, алаштың біртуар азаматтарының ерлігін мәңгі есте сақтауға шақырды. Сынып сағаты өз дәрежесінде өткізілді.
Г.Сыздықова,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Білім кәсіподағы
Кәсіподақтар- азаматтық қоғамның айнымас құрамдас бөлігі ретінде еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғауды өз қызметінің ең басты міндеті деп танып, мемлекеттің нығаюына нақты үлесін қосып келеді.
Жақында Мұхтар Әуезов атындағы мектеп — гимназиясында, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының құрыл-ғанына 100 жыл толуына орай, Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздарының VIII фестивалі “Білім кәсіподағы: 100 жыл -бір бағыт, бір мақсат, бір мүдде” тақырыбы аясында өткізілді.
Шараға аудандық білім бөлімінің қызметкері, кәсіподақ комитеті аудандық филиалының төрайымы Гүлмира Сұлтанбекова, аудандық мәдениет үйінің хореографы Күләш Байтұрсынова, аудандық білім бөлімінің қызметкері, кәсіподақ комитеті аудандық филиалының есепші маманы Эльвира Ахунова және кәсіподақтың 198 мүшелері қатысты.
Концертке ұласқан кеш барысында ұстаздар «Сарысуым» әнін хормен айтса, Кенен Әзербаевтың «Туған жер» әнін қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Әсел Иманқұлова қара домбырамен тамылжыта ән салды, әнші ұстаздардан құрылған топ «Дос — Мұқасан» вокалды — аспаптық аңыз ансамблі әндерінен поппуриінен акаппела орындаса, ал бишілер «Шалқыма», «Су асты әлемі», билерін мың бұрала билесе, өнерпаздар жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» шығармашылығынан көрініс қойды.
Өлеңге жаны құштар кәсіподақ мүшелері көркем сөз бен қара өлеңді жоғары деңгейде оқып шықты. Шараны мектеп директоры К.Сәрсекова қорытындылады. Фестивальдің қорытынды нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады. Айта кетейік, аталмыш шара 5 жыл сайын өткізіледі.
Самат қуандықұлы,
«Sarysý»