ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛЫНЫП, ҚҰРАН ОҚЫЛДЫ
Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды.
Алла Тағала мұсылман жұртына нәсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза да жаңа киімін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрак мерекемен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, бауырмалдылықпен қауышады.
Айттың соңғы күнінде орай, қаламыздағы орталық стадионда «Қазфосфат ТКӨК» ЖШС-нің ұйымдастыруымен Құрбан айт мерекесі аталып өтті. «Лукум» бишілер тобының биімен ашылған шараға «Қазфосфат ТКӨК» ЖШС персонал жөніндегі директоры Жақаев Жандос, кәсіподақ төрағасы Әбілғазиев Ізбасар, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Абдрахманов Бәсие құттықтау сөз сөйлеп, айт мерекесінің маңыздылығына тоқталса, аудандық орталық мешітінің бас имамы Каримбаев Айбек жайылған дастарқан басында құран оқыды. Әдемі кешпен өрілген шараға кәсіпорын қызметкерлері, ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетсе, ұйымдастырушылар тарапынан арқан тартыс, қол күрес, гір тасын көтеру, асық ату, ләңгі тебу және қой көтеру спорттық шаралары өткізіліп, жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Балаларға арналған батут және аниматорлар кештің сәнін келтіріп, балаларға қуаныш сыйлады.
Жалпы мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады.
Осы орайда, «Қазфосфат» ТКӨК ЖШС ұжымы да мереке қарсаңында Жаңатас қаласының, Құмкент және Қызылдихан ауылдарының аз қамтылған отбасыларына көмек қолын созып, арнайы азық-түлік себеттерін таратты.