Жайылманың жампозы

0

ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген туған өңіріміздің түлегі, жерлесіміз екенін жалпақ жұрт біле  бермейді.

Жыға танымайды. Ендеше  осы бір азамат туралы бір үзік сыр ақтарудың сәті келген секілді. Нақтырақ айтқанда ол Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылының тумасы. Алдымен құжаттар сөйлесін. Ауылдағы сол кездегі Ленин атындағы қазақ орта мектебін (қазіргі Әйтеке би атындағы мектеп) 1991 жылы бітірген тұста, яғни осыдан 33 жыл бұрын берілген төмендегі мінездемеге көз жүгіртсек. Әлқисса…

«Болатбек Төлепбергенов 1974 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма селолық советінде туған. Ұлты-қазақ. 1981 жылы Ленин атындағы қазақ орта мектебінің 1-ші сыныбына оқуға қабылданып, 1991 жылы бітірді. 1988 жылдан ВЛКСМ мүшесі. Мектепте комсомол комитетінің хатшысы болып қоғамдық жұмыс атқарды. Өзіне тапсырылған қоғамдық жұмысты адал және тиянақты орындайды. Оқуға да, еңбекке де қабілетті. Өз бетінше ізденіп, газет журналдарды үзбей оқиды.

Ғылым, білімге ізденушілігі, талпынысы бар. Тәртібі үлгілі. Оқыған пәндерінің ішінен әдебиет пәнін өте сүйіп оқиды. Республикалық, облыстық, аудандық газеттерде көптеген мақала, әңгімелері шықты. Сонымен қатар көркем әдебиетпен де айналысады. Республикалық «Лениншіл жас» газетіне «Мен болашаққа сенемін» мақаласы, облыстық «Ақ жол» газетінде «Көңілдегі көп түйткіл» мақаласы, «Ақ желкен» журналына  «Күз көңіл» новелласы т.б. газет-журналдарда басылды.

Өз ортасында сыйлы, жалпы класс оқушылары арасында беделді. Адал, шыншыл, ізетті. Ол биылғы жылы мектепте үлгілі бітіргендігі үшін, «Оқудағы, еңбектегі» үздік жетістіктері және үлгілі тәртібі үшін «Күміс медальмен» марапатталды. Төлепбергенов Болатбек талапты жас, өзінің таңдаған мамандығы бойынша оқуға лайықты».  Мінездеме 1991 жылы маусым айының 25-і күні мектептің педагогикалық кеңесінің қаулысы бойынша бекітіліпті. Мектеп директоры Пернебай Дүйсенбин мен сынып жетекшісі Күләй Жақсыгүнова ұстаздары қол қойған. Енді бұл құжатқа қоса берілген төмендегі кепілдемеге де назар салайық.

«Болатбек Көрпебайұлы  Төлепбергенов жас кезінен сабаққа өте ынталы, өте жақсы оқиды, 7-8 кластардан бастап-ақ ол жазу өнерімен әуестеніп келеді. Көптеген мақалалары, материалдары аудандық, облыстық баспасөз беттерінде жарияланды. Болатбек соңғы жылдары республикалық баспасөз беттерінен жиі көріне бастады. Оқушы өмірі, мектеп өмірі, қоғам өміріндегі жаңалықтар оның назарынан тыс қалған емес. Мектеп проб-лемалары  оқушы өмірінің алуан мәселелеріне жиі назар аударады. Өзін толғандырып жүрген мәселелерге  де кезінде үн қатып, бірнеше дүркін ойлы, толғақты материалдар жазды. Мәскеуге барған сапарында ол бір топ оқушыларды Ғани Мұратбаевтың бейітінің басына апарып, тағзым  етіп қайтты. Сол жолғы сапары туралы өте әсерлі материалдары республикалық, аудандық газет беттерінде жарық көрді.

Болатбек көркем әдебиетке де  бой ұрып жүр. Бұл жолда да жеміссіз емес. Республикалық «Ақ желкен» журналы оның «Күз көңіл»  атты новелласын жариялады. Новелла өзінің ойлылығымен, лирикалық саздылығымен оқушыға әсер етеді. Сөз соңында өзім оқып білім алған ҚазМУ–дың түлегі ретінде, журналист ретінде, балалар жазушысы ретінде Төлепбергенов Болатбектің болашағы мол, үлкен үміт күттірер қаламгер болатындығына сенімдімін».

Бұл кепілдеменің соңына «Пернебай Дүйсенбин, ССРО Жазушылар Одағының мүшесі, балаларға және жастарға арналған республикалық конкурстың 4  дүркін жүлдегері. Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, 28.06.1991» — деп, қол қойған екен.

Мінездеме түсінікті, ал қосымша кепілдеменің берілгені Болатбектің Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетіне құжат тапсыратындықтан болса керек деп топшыладық. Оның үстіне жазушы  Пернебай Дүйсенбиннің шәкірті гуманитарлық саладан басқа оқуға бармайтыны анық. Сөйтіп ауылдағы суреткер баптаған оқушы осындай аманат жүгін арқалап, жоғарыдағыдай арнайы жазылған хаттармен жоғары оқу орнына түспеуі мүмкін емес еді.

Айтқандай жоғарыда ұстазы кепілдемеде атап жазған бір дерекке тоқталайық. Күнделікті мерзімді басылымдарды үзбей оқитын оқушы бір күні «Лениншіл   жас» газе-тінде жарық көрген журналист Бауыржан Омарұлының жастар жетекшісі Ғани Мұратбаев туралы «Біздің Ғани» атты мақаласына назар аударады. Мәссаған, мектеп оқушыларымен бірге дәл сол кезде Мәскеуге барғалы жатыр. Дереу мақаладағы Мәскеудегі Ваганьков зиратындағы Ғани Мұратбаев бейітінің мекен-жайын жазып алады.  Мәскеу қаласына саяхаттау барысында Болатбек ұстаздар мен шәкірттерді ертіп, Ваганьков зиратындағы Ғани Мұратбаевтың  бейітін шыр көбелек іздеп жүріп, ақыры тауып, тағзым етеді. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» демекші, бұл сәйкестікті шебер пайдалана білген шәкіртінің ізгілікті ісіне сүйсінген ұстазы оны ұмытпай кепілдемеде жазған. Мұндай басқа балалардың басына кірмеген жайтты орайластыра білген, ең бастысы, тарихи тұлғаға тәу етудің не екенін түсінген шәкіртінің сөзсіз жақсы адам, талантты қаламгер боларына сеніп, оған кепілдік бергені шын мәнінде ұстазының да ұлағатты суреткер екенін әйгілейді емес пе?

Осындай ұстаздың алдын көрген шәкірттің де ұстамы мықты. Мектепті бітірген жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Журналистика факультетінде оқуға түсті. ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде оқып жүргенде үздік үлгерімі мен республикалық басылымдарда жиі жарық көріп жатқан материалдары үшін Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Атамұра» баспа — корпорациясының жазушы Оралхан Бөкей атындағы стипендиясының тұңғыш иегері атанды. Бұдан кейінгі жылдары да көптеген биік белестерді бағындырды. Еңбек жолын «Өркен» және «Жас алаш» газеттерінің тілшісі болып бастап, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі,  «Зерде» және «Жалын» журналдары бас редакторының орынбасары, Президент Теле-радио-кешенінің редакторы,  «Асар» жастар газетінің бас редакторы, «Журналист» газетінің редакторы, «Шалқар» радиосының бас редакторы және «Қазақ» радиосы директорының орынбасары – «Шалқар» радиосының директоры қызметтерін атқарды. Қазіргі уақытта Шалқар радиосының директоры.

Болатбек тек қызмет бабын күйттеп кетпеді. Қайда жүрсе де қолынан қаламы түспеді. Күрделі, түрен түспеген тақырыптарды қаузады. Тарихи ағартушылық бағытта өз авторлығымен және құрастыруымен жиырмаға жуық кітапты жарыққа шығарды.

Атап айтқанда  2004 жылы «Көшкен күннің бояуы» публицистикалық кітабы, 2006 жылы «Біз білмейтін желтоқсан» кітабы, «Желтоқсан-86» он томдық естеліктер, құжаттар, мақалалар жинағы» (құрастырушы авторы), 2007 жылы «1937-2007: Тауқымет пен тағзым» жинағы, 2008 жылы «Мәңгі жас Алаш идеясы» кітабы, 2009 жылы «Ұлтым деп соққан жүректер» жинағы, 2010 жылы «Желтоқсан қарлығаштары» кітабы, 2011 жылы «Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры» кітабы,  2012 жылы «Қасиеттім-Желтоқсан!», 2015 жылы «Біз осы не бітіріп жүрміз?», 2017 жылы «Алаш жолы» және 2022 жылы «Азаттық аңсаған» кітаптары жарық көрді. Және жақында «Атамұра» баспасынан “Алаң жұрт” атты автордың деректі хикаяттары, әңгімелері және әдеби сын мақалалары енген кітабы жарық көрмек. Сонымен қатар 2008 жылы «Сүйікті менің Отаным» және 2009 жылы «Тәуелсіздік бесігін тербеткен» атты деректі фильмдері көрерменге жол тартты.

Жаңалығы жеткілікті жазған дүниелерін ғылыми тұрғыдан дәйектеуді де ұмытпады. «Қазақстандағы ұлттық идеяның рухани-адамгершілік негіздері» атты тақырыпта Ұлттық Ғылым Академиясы Философия және саясаттану институтында философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. Жиған білім-білігі мен тәжірибесімен қазіргі кезде шәкірттерімен бөлісуде. Астанада қызмет еткен жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті Журналистика және саясаттану факультетінде аға оқытушы ретінде дәріс оқыды. Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасында аға оқытушы. Осынша еңбек еткен Болатбек Төлепберген  марапаттан да кенде емес. «Сорос-Қазақстан» жас жазушылар бәйгесінің жүлдегері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалінің иегері, Мемлекеттік «Дарын» жас-тар сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Президентінің БАҚ саласы бойынша сыйлығының лауреаты және «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік медалінің иегері сынды түрлі марапаттарға қол жеткізді. Ал Қазақстан Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшелігіне осы жетістіктері үшін өткені анық.

Есімі еленіп, еңбегі бағаланған ерге «Туған жеріңе не істедің? Қандай қызмет еттің? Нендей көмегіңді тигіздің?» — деген сұрақ алдын кес-кестері анық. Заңды сауал. Жөнді жауап беру ер жігітке жүк. Қаламгер қаламымен көмектеседі. Бұл тұрғыда Болатбек ауылындағы кітапханадан бастап, облыстық кітапханаға дейін шығарған кітаптарын тарту етуді әдетке айналдырған. Өңірден шыққан жазушы, өнер адамдарының мерейін асырып, республикалық басылымдарда  жиі мақалалар жазып, насихаттап тұрады. Радиода хабарлар ұйымдастырып, туған жерінің жетістіктерін паш етіп келеді. Бір жылдары ауылында өзі оқыған Әйтеке би атындағы орта мектепке балалардың жаңа жылдық кешіне шырша қажет болып, мектеп мұғалімдері хабарласқанда Алматыдан алдырып, шыршаны мектепке жеткізіп бергені бар. Қолдан келер көмектің үлкен-кішісі жоқ. Бастысы ниетте, ықылас-пейілде.  Бір жылдары Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына қандай тарту-таралғы жасай аламыз деп, Болатбек екеуміз ақылдасқан едік. Ойлана келе бұрын қолға алынбаған «Әулие ата өңірінің музыкалық мұрасы» аталатын жинақты дайындап, облыс әкімдігінің қолдауымен жарыққа шығардық. Аудио жинаққа Жамбыл облысында туған халық композиторлары мен қазіргі заман сазгерлерінің шығармалары, осы өңірде көп орындалатын халық әндері мен есімі елге таныс әнші, күйшілері енді.

Таратып айтсақ: Қазақтың әні мен күйі — халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы, ұлттың бекзат болмысы, жүрек сыздатқан сағынышы, мұң-шері, қызық-қуанышы десек, «Халық әндері» деп аталатын І дискке Жамбыл өңірінде көп орындалатын халық әндері топтастырылды. Қазақтың өнер әлеміндегі Алатаудай асқақ ақын, кербез композитор Кенен Әзірбаевтың кейінгі ұрпаққа қалдырған өлмес мұрасы Қазақстан өнер шеберлерінің орындауында  ІІ дискіге жинақталды. Бесігін ән тербеген Қаратау — саусағынан саз төгілген дәулескер күйшілердің де мекені. Қарт Қаратаудың қойнауы Қорқыттан қалған сарынды жаңғыртып, Ықыластай ұлымен  халқының құлағын қобыз күйлеріне қандырған жер. Сондықтан, ІІІ диск дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлының күйлеріне арналды. Қара домбырасымен ел тарихын шежіредей сарнатқан Байсерке мен Сүгір күйлерінен бастау алып, дәстүрдің жалғасы іспетті қазіргі саз, жаңа заман күйлерінің таңдаулы нұсқалары жамбылдық әнші, күйшілердің орындауларында «Жамбыл күйшілері» және «Сырлы әуен» деген атаулармен IV және  V дискілерге енді. Жамбыл жері – ежелден тарихи,  мәдени-рухани мұралардың қайнар көзі ғана емес, талай таланттарды тудырған – алтын бесік. Жамбылдан шыққан ақын, жазушы, актерларды атамағанның өзінде, композиторлар мен әншілер есімі  бұл күнде алты алашқа мәлім. Осы орайда  Жамбыл өңірінен шыққан сазгерлер әндері VІ,  VIІ дискілерге топтастырылып, әншілер орындауындағы шығармалар «Жамбыл жұлдыздары» деген атаумен VIII дискіге жинақталды.  Қарт Қаратау – ұлтымыздың тағдыр талайына талай мәрте куә болған тарихы терең өлке. Сөйтіп осынау өлкеден бастау алған рухани байлығымызды көпке паш етіп, қазақтың рухани мұрасын арттыру мақсатында жинақталып, Жамбыл облысының асыл мұра – ән, күй қазынасын барынша мол қамтыған бұл антология тұңғыш рет шығарылды.

Бұл істің басы-қасында шашауын шығармай ұйым-дастырып, Болатбек жүрді. Елге, туған жерге өз асыл мұрасын жарыққа шығарып, рухани айналымына қосудан артық қандай қызмет маңызды деп ойлайсыз?

Ал өзі туып өскен Сарысу ауданының  тоқсан жылдық мерейтойына лайықты тарту ретінде Болатбек  «Сарысу өңірінің музыкалық мұрасы» антологиялық жинағын шығарып, табыс етті. Жинаққа Жамбыл облысы Сарысу ауданында туған халық композиторлары мен қазіргі заман сазгерлерінің шығармалары, осы өңірде көп орындалатын халық әндері мен есімі елге таныс әнші, күйшілер енді.

Сарысу өңірі Ықыластай ұлы күйшімен халқының құлағын классикалық қобыз күйлеріне қандырған жер. Сондықтан, І дискі дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлының күйлеріне арналып, радиохабарлар берілген. Қара домбырасымен ел тарихын шежіредей сарнатқан Сүгір күйлерінен бастау алып, дәстүрдің жалғасы іспетті күйлердің таңдаулы нұсқалары сарысулық күйшілердің орындауларында «Сарысу күйшілері» деген атаумен IІ дискіге енді. Және мұнда сарысулық күйшілердің шығармашылық портретін ашатын радиохабарлар да берілді.

Сарысу өңірі – ежелден тарихи,  мәдени-рухани мұралардың қайнар көзі ғана емес, талай таланттарды тудырған – алтын бесік. Сарысудан шыққан композиторлар мен әншілер есімі  бұл күнде алты алашқа мәлім. Осы орайда,  Сарысу өңірінен шыққан, қазақ өнерінде қайталанбас қолтаңба қалдырған композиторлар Илья Жақанов пен Тынышбай Рахым әндері III, IV дискілерге топтастырылып, біртуар әншілер: Амангелді Сембин мен Сәуле Жанпейісованың орындауындағы шығармалар V-VI дискілерге жинақталды. Ал «Сарысу композиторлары мен әншілері» атты VІІ-VІІІ дискілерге Сарысу өңірінің талантты өнерпаздарының шығармалары енгізілді.

Сөйтіп Жамбыл облысы Сарысу ауданының асыл мұра – ән, күй қазынасын барынша мол қамтыған бұл антологияның идея авторы ретінде ұйымдастырып, Болатбек Төлепберген бауырымыз тұңғыш рет шығарды. Жобаға жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, Қазақстанның Еңбек ері, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Илья Жақанов ағамызды кеңесші етіп тартты. Ал бұл сегіз дискіден тұратын СД жинақ — асыл қазынамызға жанашырлық танытып, жарыққа шығаруға Сарысу өңірінің тумасы, ҚР Президентінің «Парыз» байқауының жүлдегері, белгілі меценат, кәсіпкер Жеңіс Тоғызақбаев демеушілік жасады. Елімізде аудандық көлемдегі өңірдің музыкалық антологиялық жинағы болып алғашқы рет шыққан «Сарысу өңірінің музыкалық мұрасы» жинағының таныстырылымдарын Болатбек ауданда, Алматы мен Астана қалаларында өткізді. Тұсаукесер ән-жыр кешіне ауданнан шыққан жазушылар, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер қатысып, ризашылықтарын білдірсе, әншілер мен күйшілеріміз өнерлерін ортаға салып, шараның маңызын арттырған болатын. Жалпы бұл жобаны аудан жұртшылығы, өңірден шыққан зиялы қауымымыз жылы қабылдап, алғыстарын жаудырды.

Осындай игілікті істерімен туған жеріне қызмет етіп келе жатқан Болатбек Төлепберген інім де елуді еңсеріпті. Жайылманың жампозына ұрпақ үшін  өлмейтұғын ісің, өнегелі еңбегің елене берсін, елінің жігері, қоғамның тірегі болған азамат деңгейіне жет деген жерлестер атынан тілек қосамын!

Маралтай Райымбекұлы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Жамбыл облысының «Құрметті азаматы»

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.