Ұлттық ойындар ұлықталды
Саудакент ауылдық аула клубының ұйымдастыруымен қосымша білім беру мекемелері арасында «Ұлттық ойындардан» аудандық жарыс өтті. Жарысқа 8 команда қатысып, өзара бақ сынады. Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Ләңгі тебу», екінші кезең «Асық ату», үшінші кезең «Бестас» және қорытынды кезең «Садақ ату». Әр команда бір ұстаз, үш оқушыдан құралған.
Техникалық шығармашылық орталығы, Балалар – жасөспірімдер орталығы, Балалар шығармашылық орталығы, Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі, Игілік өнер мектебі, Жайылма өнер мектебі, Ы.Дүкенұлы атындағы балалар саз мектебі және Саудакент ауылдық аула клубы командалары арасында өткен бәсеке өте тартысты өтті. «Ләңгі тебу» кезеңі бойынша Саудакент ауылдық аула клубының «Спорттық ойындар» үйірмесінің жетекшісі А.Исаев жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орынды Балалар шығармашылық орталығы командасының жетекшісі Н.Сатыбалдиев иеленсе, Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі командасының жетекшісі М.Минасипов үшінші орынды қанжығасына байлады. «Асық ату» кезеңі бойынша Құзар Ерсайын — бірінші орынға, Мұқатай Бақдәулет – екінші орынға, Дулатбек Бексұлтан – үшінші орынға ие болды. «Бестас» кезеңі бойынша Бұралқы Айсезім – бірінші орын, Серғазы Меруерт – екінші орын, Балғабай Айжұлдыз – үшінші орын иегері атанды. «Садақ ату» кезеңі бойынша Өсер Абылайхан жеңіс тұғырынан көрінсе, Нұрлан Аяжан – екінші орынды, Түлкібек Марлен – үшінші орынды қанағат тұтты.
Командалық есепте «Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі» озық шығып, жеңімпаз атанса, Саудакент ауылдық аула клубы мен Техникалық шығармашылық орталығы тең түсіп екінші орынды иеленді. Балалар – жасөспірімдер орталығы, Балалар шығармашылық орталығы және Игілік өнер мектебі жүлделі үшінші орынды өзара бөліске салды.
М. Ілескенұлы,
Саудакент ауылдық аула клубы