САЛЫП КЕТКЕН САРА ЖОЛ

0

Сонау 1928 жылы Сарысу ауданы алғаш құрылған кезде өмірге келген балалардың ішінде кешегі күндері, ашаршылық пен соғыс жылдарының зардабын бастан өткеріп, есейген соң жоғарғы оқу орындарын бітіріп, ауданымыздың өсіп -өркендеуіне зор үлесін қосқан тұлғалар шыққан.

Атап айтқанда Асанов Қырықбай, Әбілов Рәш, Байзақов Ұлымбек, Жұмашов Жамантай, Жұмаділов Жатай, тағы басқалар бар. Бұл кісілердің қай-қайсысын алсақ та жүріп өткен өмір жолдары мен ел үшін атқарған еңбектері кейінгі ұрпаққа үлгі- өнеге.Мен үшін кешегі мүйіздері қарағайдай арыстандай айбарлы ағалардың ығында жүріп, біздер мына өмірдің ешбір қиындығын сезінбей өсіппіз. Бүгінгі күні сол тұлғалар көзден таса болғанда олардың арқалап өткен жүгінің ауырлығын енді түсінгендейміз. Сөз еткелі отырған ағаларым кешегі күндері облыс, ауданымыздың дамуына өзіндік үлестерін қосқан Жұмашов Жамантай мен інісі Жұмаділов Жатай жайлы еді.  Жұмашов Жамантай ағамыз жоғарғы оқу орнын бітірген соң МТС-терде бас агроном болып істеген. 1957 жылы 28 жасында Жайылма совхозында директор болып 1965 жылға дейін абыройлы атқарады. Сол жылы Шу ауданына ауыл шаруашылығы басқармасына басшы қызметін атқарады. Одан әрі аудандық Партия комитетінің екінші хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет етеді. Ол Еңбек  Қызыл ту, «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.  1989 жылы зейнетке шығып, 2005 жылы  қараша айында дүние салды. Жұбайы жоғары білімді ұстаз Клара Барақова екеуі 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Балалары Тараз-Жаңатас қалаларында тұрып жатыр. Жас кезімде шешем айтып берген осы бір әңгіме есімде сақталып қалыпты.

Анамның айтуынша   «1932 жылы күзге қарай  Арқада қайыр сұрап шұбырған аш адамдар көбейе бастады. Әлгілердің түрлері адам шошиды. Көздері шатынап, аштықтан ісініп кеткен еді. Елдің алды Шуға қарай қаша көше бастады. Өкімет адамдары қашқан елді кейін қайырумен әлек. Ұзын құлақтан еститініміз шұбырған халық бетбақтың даласында әр жерде қалып жатқан көрінеді. Көп кешікпей бір тастай қараңғы түнде бізде көшіп шықтық. Ол кезде біздің үй әлі де бақуаттылау еді. 1 түйеге жүк артылды, екінші түйеге әке-шешесі мен екі бала Жамантай мен Жатайды отырғызды. Жатайдың әкесі алдымызда 200 метрдей барлап жүріп отырды. Қалғанымыз жаяу жүріп келеміз. Ылғи да түнде жүріп отырдық. Күндіз терең сайларды паналап қараңғы түскенше жатамыз. Бұл кісілер бетбақтың сай-саласын бес саусақтай білетін еді. Көп қиындық көрмедік. Біз сияқты жеке көшкендердің біразы орта жолдан қайтыс болғанын кейіннен естіген едік. Азабы мен бейнеті мол қатерлі жолды артқа тастап бір жарым ай дегенде Шуға да құладық-ау. Шуды құмның ішін қыстап, көктемде құмды кесіп өтіп, Үшаралға келдік. Міне, осы ұзын жолдың өне бойында атасы мен әжесі Жамантай мен Жатайды шапанының астынан шығарған жоқ. Көп кешікпей заман да түзеле бастайды. Ел есін жиып бас қосып осы күнгі Саудакенттен 2 шақырым жердегі ескі Өндірісте, Өндіріс атты колхоз құрылып, ағайындар біріге бастады» деп әңгімесін айтып отыратын. Бұл жағдай оқи алмай жүрген ауыл балаларына үлкен мүмкіндік болды. Аудан орталығындағы мектепке алғашқылардың қатарында Жатай мен Жамантай да мектеп табалдырығын аттайды. Бүкіл балалық шақтары, осы Өндірісте өтеді. Екеуі егіз қозыдай бірінен бірі ажырамайтын, көбінесе әжелерінің қасында болды. Бақытты үш отбасының ортасында ешбір қиындық көрмей өссе де, әжелері ұзақ өмір сүріп 1949 жылы дүние салғанда екеуі  жетімсіреп қалған еді. Артынан ерген іні-қарындастарының бәрі де осы Өндірісте өмірге келді. Болатын бала жас күнінде белгі берсе керек жақын ағасы Әбдейі Қожасбайұлы соғыста жүріп елдегі үмітін күткен осы екі інісіне өлеңмен хат жолдайды.

Жамантай, Жатай інішек,

Жасөспірім баласың.

Оқу-білім алсаңдар,

Алысқа ұшып барасың.

Үміттімін сендерден,

Ертең-ақ әлі ер жетіп,

Артта қалған қалың елге,

Қамқоршы пана боларсың. …-деп, бұл өзі ұзақ өлең сол кездерде колхоз басқарған Жарқынбай, Жаппар ағалары да екеуінен үлкен үміт күтіп келешектің тек қана оқуда екенін айтып ақыл-кеңес береді.

Міне, сол кездегі ел ағалары мен әке шешелерінің зор үмітін арқалаған  Жатай Жұмаділдаев   білім алуға ұмтылады. Ауданның бір топ жастарымен бірге әжесінің батасын алып, Алматыға келеді. КАЗПИ-ге оқуға түсіп, оны аяқтаған соң туған елге келіп, Байқадам орта мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Парасат адалдықпен сусындаған жас жігіт Жантай Жұмаділов  24 жасында Сарысу аудандық оқу бөлімінің бастығы болып тағайындалды, одан әрі осы ауданда Райкомда алдымен үшінші хатшы, артынан екінші хатшы болып туған ауданының өркендеуіне үлкен үлес қосады. 60-шы жылдардың ортасында Мәскеу қаласындағы сол кездегі кеңес одағындағы ең үлкен жоғарғы оқу орны болған СОКП-нің жанындағы жоғарғы партия мектебінде оқып білім алады. Сол 1967 жылы бұл кісі Жамбыл облыстық оқу бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Осы бір ауыр жүкті арқалап өткен ширек ғасыр уақытта облыстағы  соғыстан бұрынғы, кейінгі салынған ескі мектептер түгелге жуық жаңартылып қазіргі заманғы жаңа үлгідегі мектептер салынды. Жаңадан жүздеген балабақшалар ашылды. Өзі туып-өскен Өндіріс ауылының ортасынан үлкен мектеп салдырды. Балалары алысқа қатынап оқып жүрген ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. Осы уақыттар ішінде мыңдаған балалар сапалы білім алды. Ел ұрпағымен өседі десек осының бәрі де сол кездегі құзырлы орындардың есігін қағумен әр түрлі адамдармен тіл табыса білген парасаттылығының арқасында келешек ұрпақтар үшін атқарылған қыруар еңбектер еді. Алаш рухты кісі еді. Алпысыншы жылдардың бас кезінде елге атақты қобызшы Жаппас Қаламбаев келеді. Райкомда хатшы болып жүрген ағатай ол кісіні ауылға алып келіп (ұмытпасам Құдайберген ағаның үйі болу керек) сол үйге түсіріп күтеді. Біз ол кезде 8-9 жастағы бала едік. Ауылдың тайлы-таяғы қалмай сол үйге жиналды, таң атқанша қобыз тартылды. Үлкен кісілер ағыл-тегіл жылап отырды. Кейіннен білдік қой сол түні Ықыластың күйлері тартылған екен. Ол кезде Ықылас мұралары түрлі себептермен зерттелмей жатқан кез еді. Осы алпысыншы жылдар аяғында Талас бойында отырған біздің үйге ішінде ағатайым бар төрт-бес кісі келді. Әкеймен сәлемдескен соң жайлап әңгімелерін бастады. Сонда Ықылас туралы естеліктер көп айтылды. Толықтау келген ақ сары кісі әкейден Ықылас туралы тәптіштеп көп сұрады. Бұл кісі атақты жазушы Ғабит Мүсірепов екен. Шу бойындағы Ықыластың бейітінің басына бара жатқан беттері екен. Ағатайым менің ағам Ықыласты көзімен көрген адам еді. Сол кісіден біраз әңгіме шығатын шығар деп жолдан бұрып әкелген екен. Бұл кісілер ас-су ішкен соң жүріп кетті. Шешем жол азықтарына қазы- қартасы мен құрт майынан салып берді. Міне, осылай жақсылармен жанаса жүріп, елінің жоғалуға айналған асылдарын жоқтауға да атсалысты. Бұл кісілердің осы сапарынан көп кешікпей Ықыластың басы қарайтылып, мұралары зерттеле бастайды. Аудан орталығындағы ән-күй мектебіне есімі берілді. Республикалық деңгейде 150 жылдығы атап өтілді. Сонау жылдары әскерде жүргенімде соншама жұмыс басты адам уақыт тауып хат жазып тұратын еді. Осы бір іші ақыл-кеңеске толы хаттар маған үлкен күш-жігер беріп қолдау көрсететін. Соңынан ерген бауырларының бәріне де жоғары білім әперіп жауын жауса, жел соқса панасы болған екен. Көзінің тірісінде әулетіміздің басынан өткен барлық қызығы мен қиындығының қасынан табылып бас көз болып жүретін еді. Бауырларының ішінде Досанның келешегінің зор үміт күткен еді. Ізбасарым болады-ау деп жасынан қамқор болып тәрбиелеп өсірген інісі Досан облыстық сауда басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып тұрғанда, аз ғана уақыт ауырып қырық төрт жасында өмірден озды. Сол кездерде қатты қамығып көңілі пәс болып жүрді. Жұбайы Айткүл екеуі 2-ұл, 3-қыз тәрбиелеп өсірді. Ағатайымның Құдай қосқан асыл жары Айткүл жеңгемізде текті жерден шыққан кісі. Әкесі Сүлейменов Сүйіндік ескіше өте сауатты кісі еді. Халқымыздың қаһарман ұлы атақты мерген «Халық қаһарманы» Ыбырайым Сүлейменов осы кісінің туған інісі. Тараз қаласында бұл кісі атында үлкен көше бар. Менің әке-шешем бұл кісілермен өмірден өткенінше қарым- қатынасын үзбей  сыйластықта болды. Тараз қаласына жолы түскенде осы кісілердің үйіне түсуші еді. Жандары жайсаң екенін шешем айтып отырушы еді. Әулетке жаңа түскен жас келінді сүйкімді мінезі мен қазақи тәрбиесін көріп, әулеттің үлкендері өз қыздарынан кем көрмепті. Жақсы ортаға түсіп мол тәрбие алған жеңгеміз бұл күнде үлкен отанасына айналды. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан жеңгеміз барша әулеттің анасындай ағатайымның қара шаңырағында ұл-қыздарымен немере-шөберелері ортасында өзінен кейінгілерге өнеге өсиетін айтып әулетінің ұйытқысы болып отыр.

Бұл екі кісінің өмір дерегін жазған себебім  ауданымыздың гүлденуіне өздерінің үлестерін қосқан қос тұлғаға қарап, келешек ұрпақ  бой түзесе деймін. Отанын, еліне абыройлы қызмет жасаса мемлекетіміз гүлденіп, әлем елдерімен тереземіз тең болады.

Құрметті жастар, туған жеріңнің тарихын біліп, өркендеу жолында өздеріңнің үлестеріңді қоса беріңдер.

Қасен Төлеутаев,

 зейнеткер, 

Өндіріс ауылы,                        

Leave A Reply

Your email address will not be published.