Ұлтқа қызмет ету-ұлы іс
Журналистика әлемі – алып мұхит. Ақиқат жолындағы арпалыс пен айқасқа толы, буырқана бұлқынып, шарпысып жатқан сезімтал әлем. Ол күн сайын сені өзінің түпсіз тұңғиық құпиясына еріксіз тарта береді.
Журналист мамандығы–қиындығы мен қызығы қатар жүретін, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Төртінші билік өкілдері деп аталатын бұл мамандық иелерінің басты қаруы – сөз, қорғағаны халықтың мүддесі.
Сарысу өңірі тарихы терең, өнер қонған киелі өлке. Бұл өлкеден талай өнер иелері мен белгілі қоғам қайраткерлері түлеп ұшқан. Солардың бірі қаламын қолға алып қару еткен, жаңалықтың жаршысы болған, арқалаған жүгі таудай, қоғамдағы орны айрықша, мәртебелі мамандық иесі, белгілі журналист Болатбек Көрпебайұлы Төлепберген. Ол барлық туындыларында ұлттық құндылықтар мен қазақ мәселесіне қалам тербеп келеді. Ұлттық мәселелер, тарихи ақтаңдақтар және демократия принциптері турасында өз авторлығымен және құрастыруымен он бес кітапты жарыққа шығарған. Туған өлкемізден шыққан үлгі тұтар, мақтан етер жерлесіміз, халық жаршысы, билік пен бұқара арасындағы көпірді жалғаушы, ұлт жанашыры, журналист Б.Төлепбергеннің өмірі мен еңбек жолы, бұл салаға келуіне түрткі болған себеп, аталмыш мамандық иесінің бойында болуы тиіс қасиеттер туралы жас ұрпаққа насихаттау, өскелең ұрпақтың бойына туған жерін қастерлеу, тарихы мен мәдениетін білу, өлкемізден шыққан белгілі тұлғаларды құрметтеу сияқты ізгі қасиеттерді сіңіру мақсатында аптаның дүйсенбі күні аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, алаштанушы ғалым, мемлекет қайраткері «Шалқар» радиосының директоры Төлепберген Көрпебайұлы Болатбектің 50 жас мерейтойына арналған «Ұлтқа қызмет ету – ұлы іс!» атты тұлғатану кеші өтті. Іс-шара барысында ардагерлер кеңесі және қалалық «Алқа билер» кеңесінің мүшесі Марқаш Мизенбаев құттықтау сөз сөйлеп, кешті ашып берді. «Журналист -қоғамның тамыршысы», «Болатбек Төлепберген – публицист», «Алаштанушы- ғалым» бөлімдерінде кітапхана қызметкерлері А.Жанжолова, Р.Қадырбекова, Ж.Рахымжанова және Б.Қойлыбаевалар толық тоқталып, қызықты мәліметтер берді. Кеш қонақтары Болатбек ағаның туыстары Гүлдана Төлепбергенова, Қойшыбай Төлепберген, Ай-Қанат Құсайынова ыстық ықыластарын білдіріп, ұйымдастырылып жатқан шараға алғыстарын жеткізді. ҚР жыр -терме және айтыс халықаралық Одағының мүшесі Талғат Құсайынов арнау арнаса, облыстық «AR-AІ» газетінің бас редакторы, ақын Тұрсынбек Сұлтанбек видео құттықтауын жолдады. Мәдениет үйінің қызметкері Жанарбек Абдрахманов «Біздің елдің жігіттері» әнін тамылжыта орындаса, кітапхана қызметкері Р.Қадырбекова «Ағажан» әндерін тарту етіп, Темір Мыңжасардың «Журналистер» өлеңін Ш.Қаспақова мәнерлеп оқыды. Аудандық «Аналар» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, Ұйым ауылдық мәдениет үйінің жанынан ашылған «Асыл аналар» ансамблінің орындауында халық әндері «Сәулем-ай», «Дедімай -ау» әндері шырқалды. Кештің соңында кітапхана қызметкері Балкерім Қойлыбаева «Алаш сөзін ардақтаған азамат» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Іс-шараны аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова қорытындылап, келген қонақтарға алғысын білдірді.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»