МАЛ ҚЫСТАТУ-МАҢЫЗДЫ НАУҚАН
Исі қазаққа сіңіп, ата бабамыздың бойына біткен мал шаруашылығы қанатын кеңге жайып келе жатқан іргелі сала. Ұлан — байтақ жердің төсінде төрт түлікті шашау шығармай бағу әсте оңай шаруа емес-ті.
Сонау көшпенді елдің ата дәстүрінен айнымай, ұрпақтан- ұрпаққа алып жалғасқан мал шаруашылығы ауданымызда да маңыздылыққа ие сала болып келеді. «Қыстың көзі қырауда» демекші, қылышын сүйретіп қыс келгенде малдың аман шығуы, жем-шөбінің жеткілікті болуы қысқаша айтқанда ауданымызда төрт түліктің жағдайы туралы баяндап кетуді жөн көрдім.
Аудан бойынша ауылдан тысқары орналасқан мал қыстауларының жалпы саны 171 құрайды. Оның ішінде, бүгінде 160 мал қыстауы пайдаланылуда. Жалпы қыстаулардың басында 100 мыңға жуық мал қыстауда. Оның ішінде, 7970 бас МІҚ, 4493 бас жылқы, 85 160 бас уақ мал және 1676 түйе малы. Қыстаулардың 130-ы құдықпен қамтылған, 18 қыстау табиғи артезиан суын пайдаланады және 12 қыстау бұлақ басында орналасқан. Жайылымдық алқаптарға инфрақұрылым тарту жобасы аясында 2023 жылы ауданда 36 су ұңғымасы қазылған.
Мал қыстауларының 126-ы телефон желісі және ұялы байланыспен қамтылған. 34 мал қыстауының басында байланыс жоқ. Байланысы жоқ мал қыстауларының жағдайын ауылдық округ әкімдері тұрақты бақылауда ұстайды. Бұдан бөлек, 30 мал қыстауы орталықтандырылған электр жүйесіне қосылған. Ал қалған 130 мал қыстауларында күн панелі, бензинді генератор және аккумуляторлар қолданылды.
Қыстаулардың басында 650 тоннаға жуық жем (арпа, бидай, жүгері) және 10700 тонна жуық шөп қоры бар. 2023-2024 жылдарға арналған мал қыстату науқанын өткізу үшін 123,0 мың шөп дайындау жоспары бекітілді. Ағымдағы жылы шөп шабу жұмыстарын жүргізуге белгіленген алқап көлемі 43180 га құрайды. Оның ішінде, 5800 га жоңышқа алқабы және 37380 га табиғи шабындық алқап.
Аудан бойынша 127,0 мың тонна шөп жиналып, жоспар 103,3% орындалды. Бұдан бөлек, былтырғы жалдан қалған 12,0 мың тонна шөп қоры бар және қосымша 27,0 мың тонна бидай, арпа, мақсары сабандары жиналды. Бүгінде 110,0 мың тоннаға жуық мал азығы қоры қалып отыр.
Мал қыстату науқанын шығынсыз өткізу мақсатында жергілікті атқарушы орган тарапынан аудандық штаб құрылып, төтенше жағдайдың алдын алу бойынша жоспар бекітілген.
Н.Молдабеков,
аудан әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы