Жаңа дүкен ашылды
Ауданымызда кәсіпкерлік саласы дамып келеді. «Тірлік етемін» деген жанға мүмкіндік те көп. Мұндайда бірі-сауда дүкенін ашады, кейбірі жаңа дүниені ойлап табуға асығады. Қалай дегенмен де халықтың еңбектен қол үзбегені дұрыс қой. Жақында қаламыздағы 6-шағынауданда «Планета» дүкені ашылды. Кәсіп иесі– Мухаммад Джамилов. Дүкенге тұрғындарға қажетті киім-кешек, аяқ киімдер, құрылыс заттары, иіс сулар, кеңсе заттары және ойыншықтар сән беріп тұр.
Дүкеннің ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Талғат Төлеубаев құттықтау сөз сөйледі.
-Қандай да бір өрге басар істің артынан сабақтастық пен үйлесімділікті көруге болады десек, қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласына ерекше ден қойылып, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасалып келеді.
Жан-жақты қолдаудың, кәсіпкерлікті дамытуға арналған түрлі бағдарламалардың нәтижесінде аудан орталығымен қатар, кент, елді мекендерде де кәсіппен айналысуға ниетті азаматтар саны артып, кәсіпкерлік нысандары да көбеюде,-деп жаңа сауда үйі тауар түрлерін қолжетімді бағамен сатып, қашанда тұрғындарға сапалы өнім ұсынып, тиімді қызмет көрсетуіне тілектестігін білдірді.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкер М.Джамилов 20 оқушыға мектепке қажетті оқу құралдарын тарту етіп, тәтті тағамдар қойылған дастарханнан дәм татырды. Іс-шара барысында дүкен иесі аудандық «Сарысу медиа» орталығының директоры жұмысына, кәсібіне береке тілеп, Алғыс хатпен марапаттады.
Жаңа дүкеннің лентасын қала әкімінің орынбасары мен жеке кәсіпкер қиды.
С. Рысбекұлы,
«Sarysý»