ЖАҢААРЫҚТА жаңару бар
Тараздан жол түсіп Жаңатасқа келе жатқаныңда алдымен кербездене керілген Сарысу ауданының аркасын көресің. Мұнан соң таулы қатпардың арасында орын тепкен Ақтоғай мен жазық далада орналасқан Ұ.Сыздықбайұлы ауылдары қарсы алады.
Сыртынан қарағанда аядай ғана ауыл деп ойлайсың. Бірақ, мұнда атқарылып жатқан жұмыстар мен түрленудің қилы сәттерін көріп, көңіліңде жылулық байқалады. Ауызбіршілігі мол Жаңаарық ауылдық округінің жұрты қарыштау мен дамудың алдында қанатын кеңінен құлаш жайып сермеп келеді. Тап-тұйнақтай тірлігі бар ауылдық округтің тынысы жайлы ауыл әкімі Қуандық Алдабергенов былай деп баяндады:- Жаңаарық ауылдық округі әкімінің аппараты – деді ол: – Өз жұмысын «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының талаптарына сәйкес ұйымдастырып, барлық деңгейдегі жоғары атқарушы органдардың тапсырмаларын және аудан әкімдігінің қаулылары мен мәслихат шешімдерін жүзеге асыру мақсатында бағыттап отырады. Сонымен қатар, мемлекеттік және Үкіметтік бағдарламалардың орындалуына басымдық беріп келеміз.Округке 2 елдімекен қарайды. Халық саны – 1694 адам. Экономикалық белсенді халықтың саны – 811 адам. Осы тұрғындардың күнкөріс деңгейі мына төмендегідей болып отыр: Күнкөріс деңгейі 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 1694 адам жұмыспен қамтылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 адамға артық. Округіміздің негізгі бағыты ауыл шаруашылығы болғандықтан, тұрғындардың табыс көзі мал шаруашылығынан болып отыр. Қазіргі уақытта, мал басы жеке қожалықтар мен шаруа қожалықтарында мал мен құстың санында өсім бар. Округте 48 шаруа қожалығы тіркелген, онда 104 адам еңбек етеді. Округтегі малдарды жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында 53211,57 га жайылымдық жерлер бар. Қазіргі уақытта, жайылымдық жерлер жеткілікті. 13 шаруа қожалығы 11205 бас аналық саулықты асылдандыру бойынша мемлекет тарапынан субсидия алу үшін 29670,0 мың теңгеге өтінім берді. Мал басын көбейту мақсатында «Саудакент НС» арқылы 2 шаруа қожалығы (Жандос, Ақтоғай) 18 млн. теңгеге 30 бас жылқы алса, 35 жасқа дейінгі жастарға 2,5% несие беру бағытымен Ақдилдаев Айбек 92 бас қой малын 5,0 млн. теңгеге сатып алды. Мал азығы бойынша 12000 тонна шөп дайындалып, қыстау бастарына жеткізілді. Мал өлекселерін тастайтын арнайы «Беккер» шұңқыры мен мал тоғыту алаңы округ аумағында орналасқан. Ветеринарлық пункт ғимаратының тозығы жетуіне байланысты, жаңадан қызметтік орын қарастырылуда. Ветеринарлық алдын алу іс-шаралар жоспарына сәйкес 17 түрлі ауруларға қарсы екпе, емдеу жұмыстары жүргізіліп келеді. 16 шаруа қожалығы егістік жерлерді игерумен айналысады. Биылғы жылы егістік жерлерді игеру науқаны аяқталды. Ауа райы қолайсыз болғанымен шаруалар орташа деңгейде өнім алды. Жеке қосалқы шаруашылықтар бойынша үй іргесіндегі 26,0 га егістік жерлерге көкөніс, бақша және картоп дақылдары егілді. Қазіргі кезде, ауыл тұрғындары өндірген өнімдерін Жаңатас қаласында өтіп келе жатқан жәрмеңкеге шығаруда. Елді мекен шегінде 3 алмабақ орналасқан. Сонымен қатар, қосымша 2 га жерге бақша мен картоп дақылдары орналастырылды.
Жұмыспен қамту шаралары бойынша 32 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 64 адам уақытша жұмысқа орналасты. Қоғамдық жұмыспен 26 адам және Жастар тәжірибесімен 2 адам қамтылды. Бастау-бизнес жобасымен 18 адам оқып сертификат алса, оның ішінде 5 адам 400 АЕК дейін қайтарымсыз қаржы алды. Атаулы әлеуметтік көмекті 3 отбасы алады. Қазіргі уақытта, «ЕвроХим» мен «Қазфосфат» ЖШС-де ауыл азаматтары жұмыс істесе, алдағы уақытта, «Қазсода», «Цемент зауыты» және «Жел электр станциясы» сияқты өндіріс орындарында ауыл азаматтары жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Мәдени және спорттық іс-шараларды өткізетін 2 клуб үйі, 2 кітапхана, 2 стадион, 2 шағын футбол алаңы және 2 мешіт үйлері халыққа қызмет көрсетеді. Мектептер мен мектепке дейінгі білім беретін ұйымдар заман талабына сай жабдықталған. Жаңа оқу жылында мектептерге 303 оқушы барды. МАД сыныбына 22 бала барса, барлығы 26 сынып болып отыр. Қысқы жылыту маусымына 640 тонна көмір түсірілді. Биылғы жылы мектеп бітірген 11 баланың 3-і «Алтын белгі» иегері атанды. Ақтоғай орта мектебін бітірген 8 баланың барлығы 100 пайыз жоғарғы оқу орындарының білім грантын жеңіп алды.
Ауылдық округте ардагерлер кеңесімен 154 зейнеткер тығыз байланыста жұмыстар атқарып келеміз. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары арасында 21 мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілді. Әр мереке сайын елдімекендерде концерттік бағдарламалар көрсетіліп отырылды. Қайырымдылық шараларын іске асыру бойынша аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі 13 отбасына көмек көрсетілді. Ұ.Сыздықбайұлы ауылындағы мешіттің жанына ауыл жастарының демеушілігімен асхана соғылды. Көктемде әскер қатарына шақырылған 23 азаматтың 8-і әскер қатарына алынса, күзгі шақырылымда 1 азамат әскер қатарына алынды.
«Өңірлерді дамыту-2025» бағдарламасы бойынша округте біршама жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, елді мекендер арқылы өтетін үлкен жол бойындағы 94 бағанаға жарықшамдар қойылса, елді мекендер ішіндегі 10 көшеге қойылған 250 бағананың 125-іне жарықшамдар орнатылған. Бағаналарға сырлау жұмыстары жүргізілген. Ақтоғай ауылының Ш.Датқа көшесі жаңадан толығымен жарықтандырылды (9,2 млн. тг.) сонымен қатар, осы ауылда «Жасыл белдеу» (3,9 млн. тг.) қорғаныш алқабы салынды. Сонымен қатар, Ұ.Сыздықбайұлы ауылында 2 «Жасыл белдеу» (құны 5,2 млн. тг.) қорғаныш алқабы жасалынды. Округте, барлығы 6 «Жасыл белбеу» мен саябақтар бар. Ал, қыс мезгіліндегі болған боранда құлаған Ә.Ыбыраев көшесіндегі 30 бағана ауыстырылды. Көктемгі және күзгі абаттандыру мен көгеріштендіру айлығы кезінде «Жасыл белдеу» қорғаныш алқаптары мен мекемелер аумағына 1100 түп тал көшеттері қосымша отырғызылды. Округте 10 көше болса, оның барлығына асфальт жол төселген. Қазіргі уақытта, Ақтоғай ауылындағы ауыз су жүйесі (328,0 млн. тг.) жаңғыртылуда.
«Асарлатып үй салу жобасы» аясында, Ақтоғай ауылының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі бала асыраушы Дүйсенов Ермектің үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Демеушілер көмегімен Ақтоғай ауылындағы Талдыбұлақ өзеніне көпір салынса, Ұ.Сыздықбайұлы ауылындағы су жиналатын тоған жөнделді,-деді.
Айта кететін жайт, округтің 2023-2027 жылдарға даму жоспары жасалынды. 2023 жылға жоспарлаған демалыс орынының құрылысын Абдымомынов Нұрбек аяқтап жұмысын бастады. Ал, мал бордақылау алаңының құрылысын Есмұрзаев Еркебек аяқтап, бордақылауға малдарын кіргізді.
Қазіргі уақытта, бізде «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Бүгінгі күнге дейін, «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 136 несие алушының құжаттары тексерілуге өткізілсе, одан 105 адамға несие беру мақұлданды. 69 адам қаржысын алып кәсібін бастады, – деп сөзін қорытындылады. Ендеше, еселі еңбек пен ауқымды жұмыстар еленіп, ауыл халқы алғысын білдіре берсін деген тілектеміз.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»