Даладай дархан, баладай аңғал ауыл адамдары-ай…
Кезекті екі күндік демалысымды пайдаланып, қаланың у-шуынан бірер күн болса да демалайын деген оймен ауылға кетіп барамын. «Ауылға барам, бәрі де таныс ел жақта, аңқылдайды олар, қарамайды олар бар, жоққа», — деген өлең жолдары тіл ұшыма келіп, жүректі жылытып, көңілді желпи түседі. Қоңыр күздегі күннің шуақты сәулесі мына әсем әлемді аздап болса да жылытып, қырат-белестер сарғыл түске бояла бастапты. Жаздай бір тамбаған жауынан соң жуырда ғана жауып өткен жаңбырдан дала жусаны қайта көктеп, жусан исі мұрынымызды қытықтайды. Көк жүзінде еріне, жүзе-қалқып ақбауыр бұлтттар жылжып барады. Бәрі-бәрі керемет үйлесім тауып жатқандай көрініс береді. Осы бір тамаша көріністі көзбен көріп, бойға сіңіру үшін ауылға бару жөн-ау деп ой толғайсың. Ауыл тыныс-тіршілігін біліп өскен жанға ол бір ерекше жүректі толқытатын жылы дүние, тіпті сағыныш десек те болады. «Ең бірінші байлығым туған елім, алыс жүрсем сағынған туған жерім», деп кеудедегі жұдырықтай жүрек бұлқынады-ай келіп, бір тыным таппай. Шіркін, сол жүректегі ыстық сезімді уақыт келе суытып алмасақ еді деп ой қаузайсың.
Иә, мына мың құбылған тіршілікте ауыл мәселесі, оның қазіргі ахуалы ауылда өсіп, ержеткен адамдарды толғандырмай қоймайтыны рас. Өйткені, оның кіндігі туған ауылымен көзге көрінбейтін жіппен байлағандай болып байланып қалған. Базбір мәліметтер бойынша, елімізде мына егемендік алғаннан бергі 30 жылда 600-ден астам ауыл қожырап, иесіз қалып, жер бетінен мүлдем жоғалып кетіпті. Ол үрдіс әсіресе шекараларға жақын өңірлерде көп кездесуде екен. Сол өкінішті. Соны біліп отырып, кейде «Бұл әлемдік урбанизация ғой, оны тоқтату мүмкін емес», деп өзімізді жұбататынымыз бар. Бірақ, шындыққа келгенде, ауылдардың жоғалып бара жатқанына өзіміздің Үкіметіміздің, жоғарыда отырған атқамінерлердің дұрыс, жөнді саясат жүргізбей отырғандарының кесірі емес пе екен? Осы жерде «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген қазақтың ата сөзі еріксіз еске түседі.
Компартияның арнайы қаулысымен 1954 жылы тың игеру жылдары қазақ трихының ақ бесігі, киелі де қарт Қаратау үстіртіндегі Көсегенің Көкжонындағы үш-төрт колхоздың басын біріктіріп, Түркістан әскери округында азаматтық парызын өтеп жүрген жастардың үндеуімен ұйымдастырылған «Түркістан» тың совхозы құрылып, қазақ, орыс, украин, неміс, курд, армянин және де басқа ұлт өкілдері тізе қоса бірігіп еңбек етті. Ол жаңа тың шаруашылығы Сарысу ауданындағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі болып, мемлекет қамбасына жыл сайын жүздеген, мыңдаған тонна астық құйып жатты. Бала кезімізде далада қайнаған еңбектің куәгері болып, еңбек көрігін қыздыра, беріле, тынымсыз еңбек етіп жүрген жандарды көріп жас жүрегіміз лүпілдей қызығатынымыз рас болатын. Елдің еңбекке деген пейілі ерекше еді-ау, шіркін. Ауыл-аймақ та жыл өткен сайын жаңарып, жасарып, кеңге қанат жайып келе жатты. Сандаған бой көтерген жаңа тұрғын үйлер, мектеп пен балабақшалар, мәдениет ғимараттары, монша, дүкендер мен машина-трактор стансалары, гараждар, қоймалар және т.б. ауылға көрік беріп, ерекше көз тартатын. Егін жинау кезінде дала төсінде жүздеген қаздай тізілген комбайындар, күні-түні тынымсыз ары-бері жүйткіп астық тасыған жүздеген автомашиналар, қырмандағы қызу қарбалас жұмыс, барлығы-барлығы өңірді еңбек симфониясына айналдырар еді. Енді, ойлап отырсақ, ол да бір оралмайтын қызық дәурен екен. Енді сол көріністер көзден бұл-бұл ұшты, кешегі ертегідей болып санамызда қалды.
Шыны керек, игі жақсының басым көпшілігі ауыл дейтін ұлы даладан шықты емес пе? Сөз өрнегін оймақтап, жырдан кесте тіккен ақын-жазушыларымыз да, ән өрнегін айшықтаған сазгер, күйшілеріміз де, аты аңызға айналған даналарымыз да сол қарапайым ауылдың қара шаңырағынан шыққанын білеміз.
Талай танымал тұлғалар түлеп ұшқан Көкжон — көне кесенелер мен құнды жәдігерлер сақталған, мол тарихы ішінде бұғып жатқан, бүгіндері моп-момақан болып тынып жатқан жұмбаққа толы киелі мекен. Қойнауынан құт дарыған, шатқалынан шаттығы тасыған бұл өңір — ырыс пен ынтымақтың қайнар бұлағы десек болады. Сонау 1955 жылы бұл шаруашылыққа заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов атбасын бұрып, тың көтерушілердің тыныс-тіршілігімен танысып, «Түркістан солай туған» атты көркем очеркін жазыпты. Сол Түркістан ауыл өңірдегі М.Әуезов атындағы орта мектептің оныншы сыныбын 1969 жылы 18 оқушы бітірген едік. Одан әрі әркімнің өмір жолы, өз сүрлеуі басталды. Содан бері де елу бес жылдан асыпты-ау. Сол түлектердің барлығы да мектеп қабырғасынан қанат қағып түлеп шыққаннан кейін қалауларынша білім алып, еңбекке араласып, ауылда қалғаны бар, қалмағаны бар, еліміздің шартарабында абыройлы жұмыс жасап, жалынды жастық шақтарын Отанына жұмсады. Бүгінде олардың барлығы зейнет жасында, бала-шағаларын өсіріп, шүкіршілік етіп, немере-шөбере сүйіп отыр. Уақыт өз айдауына еріксіз көндіріп жатыр…
Өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдары Кеңес дәуірі келмеске кетіп, КСРО құрамындағы әр мемлекет егемендік алып, жеке өз шаңырақтарын көтерді. «Үкімет өлтірмейді» деген принциппен өмір сүрген халық ойламаған жерден қиындықтарға тап болды. Завод-фабрикалар мен өнеркәсіп орындары тоқтап, жұмыссыздық етек алды. Жұмыс таппаған ел-жұрт дағдарысқа ұшырап, сеңдей соғылып, күн көрудің, шиеттей балала-шағаларына нан тауып берудің жолын іздеп бастары қатты. Басқа ұлт өкілдері үдере көшіп, пәленбай жыл бойы тіршілік еткен үйреншікті мекендерін тастап, шекара асып жатты. Совхоз-шаруашылықтардың автомашиналары, трактор, комбайындары, ғимараттар, егістік далалар, шабындықтар «саудаға» түсіп, талан-тараж болды. Әрине, олардың негізгі бөлігі — «жіліктің майлы басы» сол кездегі билік иелеріне бұйырды. Өкінішке қарай, қарапайым қара халыққа шашылған, «сынған астаулар» ғана қалды. Уақыт келе ел естерін жиып, өз шаруашылықтарын реттеуге кірісті. Бірақ, ауыл жастары жұмыссыздықтың ащы дәмін татып, «екі қолға — бір күрек» таппай, еріксізден басқа табыс көздері бар өңірлерге, Алматы, Астана қалаларына жол тартты. Ауыл ахуалы бірте-бірте төмендеп, халық саны азайып, берекесіздік жайлады. Тіпті базбір ауылдарда мектеп жасындағы балалар саны азайып, мектеп жабылу алдында тұрғаны жайлы сөз көбейді. Кейбір ауылдардағы даңғарадай көпқабатты мектептер соның салдарынан жабылып қалғаны жасырын емес. Ауылдардағы мәдениет үйлері, кітапхана, монша және де басқа мекемелердің есіктері тарс жабылып, қара құлып күзетті.
Міне осындай терең ойда, толғаныста келе жатып ауа-райы қаталдығымен ерекшеленетін Көсегенің Көкжонындағы «Аққырқа» асуына да келіп қалыппыз. Ауыл жастары, әр жылдары мектепті тәмамдаған түлектері білім ошағын бітіргендерінің 20-30-40 жылдықтарын атап өтіп, ауылдастарына сыйлық ретінде көзге көрінер бір скльуптыра орнататын дәстүр сақталған. Мына «Аққырқа» асуында да «Қаратау қыраны», «Тау жолбарысы», «Қазақтың киіз үйі» сияқты бірнеше архитекторлық белгілер қойылып, жасыл желек егіліпті. Көз жетер жерде менің туып-өскен ат төбеліндей Үшбас ауылым көлбеңдейді. Төменде, кезінде совхоз орталығы болған, осы өңірден талай азамат түлеп ұшқан Түркістан, кейінірек Әшір Бүркітбаев ауылы атанған ақ мекен жатыр…
Жоғарыда айтылған сол біздің Түркістан шаруашылығы да уақыт талабына сай 90-шы жылдары ыдырап, бөлшектеніп, жеке-жеке шағын кеңшарларға айналды. Бүгіндері әркім өз шама-шарқына, жағдайларына қарай тіршілік етуде. Бірақ, бір байқағанымыз, дала өмірі жастарды қызықтырмайды, «реті келсе қалаға барып, нәпақама жарайтын жұмыс тапсам жақсы болар еді» деп, әлгі «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын…» деп баяу әндетіп, арман-қиял үстінде жүр. Ертелі-кеш ол ойы базбірінің іске асатынына сенеді. Оның басты себебі, ертеңгі күнге деген сенімсіздік, табыстың аздығы, ауыл мәдениетінің дамуының төмендігі, медициналық қызмет көрсетудің сапасының нашарлығы, жеке тұрғын үйдің болмауы, үй салуға мүмкіншілігі жоғы және т.б. Біздің пайымдауымызша, жастар болашағын өз ауылымен байланыстыру үшін алдымен тұрақты жұмыс, лайықты еңбек-ақы, өмір сүруге қолайлы инфрақұрылымның болғанын қалайды. Бұл мемлекетті әлеуметтік-экономикалық бағытта дамытуда ескерілетін ерекше салалар екені анық. Ал жастардың күші болмай, ауылды көркейту — күрделі шаруа екенін білеміз. Әйтеуір, қазақтың «Ауылым — алтын бесігім», «Ауылым — алтын тұғырым», «Ауылым — өлең төсегім», «Ауыл — ұлтымыздың ұйытқысы», «Ауыл — адамзаттың кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері» деген қанатты сөздеріміз көзден бұл-бұл ұшып, жылдар өте ауылдар бірте-бірте болашағы жоқ ауылға айналып кетуден Құдай сақтасын.
Шынын айтқанда, дәл қазіргі уақытта жастарды ауылға тартатын бір-ақ нәрсе. Ол — мемлекеттік бағдарлама. Барлық жағдай жасалып жатыр десек те, ауылмен қалалық жерді салыстыруға болмайды. Өйткені, қалада орта басқаша, өмір де басқаша. Сондықтан да жастарды қазіргі ауыл өмірі қызықтырмайды. «Ауыл, ауыл» деп еміреніп тұрған жастар тым саяқ. Осы мәселе көпшілікті толғандыратыны рас. Ауыл тіршілігімен, оның қазіргі ахуалымен жақынырақ таныспақ болып бірнеше ауыл тұрғындарымен ой бөлістік.
Қазір ауылда жастар азайып барады. Себебі, жұмыс жоқ. Ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орны аурухана мен мектеп қана. Ауыл жастарының көзiмен қарағанда, ауылда басқа баратын еңбек орны, нысан жоқ. Сондықтан олар 20 шақырымдаға Жаңатасқа немесе Шымкентке, Таразға кетiп қалады. Дегенмен, мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар жетерлік. «Ауылдың гүлденуi – Қазақстанның гүлденуi», «Дипломмен – ауылға!», «Ауыл аманаты», «Жасыл ел» сынды бағдарламалар бар. Ауылда мәдени, спорт, медицина, бiлiм беру салаларын дамытуға үлес қосатын, бос уақытты мағыналы өткiзетiн нысандардың қатарын көбейту керек. Ауыл жастарының шешiлмеген мәселелерi де жоқ емес. Ауылда жастардың серуендейтiн, кешкi уақыттарда демалатын орындары жоқтың қасы. Мәдениет үйi бар дегенмен, онда өтіп жатқан мәдени кештер жастарды қызықтырмайды. Шындықты айтсақ, аудан орталығынан шалғай ауылдарда жастарға арналған орталар жоқ деуге болады. Сондықтан да жастар ауылда тұрақтамайды. Жастар жоқ жерде жас балалар жоқ. Сол себептен мектепке баратын балалар саны жыл өткен сайын азайып барады. Бұлай бола берсе мектеп жабылып қала ма деген күдік бар. Егер олай бола қалған жағдайда, әрине, ауыл тұрғындарының басым көпшілігі орталыққа қоныс аударып, ауыл жетімсіреп, болашағы жоқ ауылға айналуы әбден мүмкін… — деген уәжін алға тартады Үшбас ауылдық метебінің оқытушысы Құрманғали Ілесбекұлы.
Жастарды жалқау демей-ақ қоялық. Біразы ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, соған тым бейімделіп алғанын көріп жүрміз. Аз жұмыс істеп, мол ақша тапқысы келеді. Ал біле-білгенге, негізгі кәсіп ауылда емес пе? Ізденгенге жүз түрлі жұмыс бар. Кеңшарлар тарағанымен, ұжымдасып мал бағып, қаз-тауық өсіріп, жерге ие болып, мая-мая шөп жинап, егін егіп, бау-бақша салып, тірлік жасауға мүмкіндік бар. Толып жатқан кәсіп түрі жеткілікті. Айталық, кез келген ауыл, елді мекенде наубайхана, шаштараз, тігінші, сауданың сан түрі, мал өнімін өңдеу, қатық, құрт, ірімшік, қаймақ, сүт, қымыз, шұбат өндіру бар емес пе? Тіпті, түрлі тамақ пісіріп (бауырсақ, самса, пиражки-күлше, т.с.с.), ауылға тиіп тұрған көрші Жаңатастың кей мекемелеріне апарып сатуға да болады. Тары, талқан, сарымай, қаймақ, жент дейсіз бе, бәрі ауылда өндіріледі емес пе? Әсіресе ауылдың майлы сүті мен айраны қандай? Қаланы керекті тағаммен қамтамасыз етіп отырған ауыл ғой. Қолөнер бұйымдарымен шұғылдану, жүн өңдеу, көрпе құрап, сырмақ тоқу, текемет басу секілді сан түрлі шаруамен айналысуға болады. Мысалы, біздің Үшбастаың жері бау-бақша өсіруге өте ыңғайлы, су да жеткілікті. Ерте кезде әке-аталарымыз картоп, қызанақ, қияр, қауын-қарбыз және де басқа өнімдер өсіріп, Жаңатас, Қаратау қалаларының тұрғындарын жаз бойы қарық қылып жататын. Енді міне біраз жылдар болды оларды мүлдем доғарды. Аяқ астында жатқан осыншама байлықты игермеу тегі ұят енді. Қазір ауыл тұрғындарының басты бағыты — егін егу, мал өсіру болып қалды. Одан басқа тірлікпен айналысуларына зауқы жоқ. Көріп жүрміз, анау дүнген, кәріс тәрізді ағайындар жерден жыл бойы қол үзбей пияз, сарымсақ, сәбіз, капуста (қырыққабат) және де басқа көкөніс өнімдерін өсіріп, соның арқасында байып отыр емес пе? Көрші Оңтүстіктегі қарабұлақтық өбек ағайындар соңғы жылдары аулымызға жиі келетін болды. Бақшаларында өсірген көкөнісін (қауын-қарбыз, қызанақ пен қияр, капуста мен қияр, сәбіз бен тұрып және т.б.) әкеліп, жергілікті халықтың «қалтасын қағып» кетеді. Содан ба ауыл тұрғындары ауласына бұрынғыдай бау-бақша егуді мүлде қойды. Басқа өңірлерде, байқасаңыз, жылыжай жасап, қызанақ, қияр, тіпті лимон өсіріп пайда тауып жатқандарды көріп, естіп жүрміз. Біздің қазіргі жастарда ондай ынта жоқ. Неге олай екенін түсінбеймін.., — дейді ауылдың байырғы тұрғындарының бірі Айдар Зеберұлы ағынан жарылып.
Кезінде мына ауылымыз жұмақтың ұясындай берекелі, көз тартымды мекен еді. Уақыт үрдісіне сай ол, басқа ауылдар сияқты, өзгерістерге ұшырып барады. Ауыл жастарының біразы тіршілік қамын ойлап басқа өңірлерге, қалаларға қоныс аударды. Біраз үйлер қаңырып бос қалды. Олардың арасында мемлекеттік тапсырыспен салынған бірнеше үйлер де бар. Ол үрдіс жалғаса берсе ауыл мектебі төртжылдық бастауыш мектебі болып қала ма деген күдік бар. Егер олай бола қалған күнде ауыл одан әрі «жүдей түсіп», ел-жұрт саны азайып, халымыз мүшкіл болмай да ма? Қазірдің өзінде бала саны азайып кетті. Мектепте еңбек ететін мұғалімдердің 5-6-ы жиырма шақырымнан — Жаңатас қаласынан келіп-кетіп, қатынап істеп жүр. Мемлекеттік қолдау болса жаңағы бос тұрған үйлерге күрделі жөндеу жүргізіп, сол мұғәлімдердің отбасын орналастыруға болмас па еді? Жергілікті билік иелерінен бұл ұсынымыз қолдау тапса жөнді болар еді. Ауылдың болашағына қамқоршы болып жүрген аудан басшылары асфальт жол салып, табиғи газ желісін тартып, ауызсу мәселесін, интернет байланысын шешіп берді, балалар үшін шағын спорт алаңы да жасалды. Ауыл орталығынан шағын алмабақ ашылды. Сол игілікті істер біздерді жігерлендіреді, бойымызды сергітеді, үкілі үмітімізді қанаттандырады. Бірақ, жастардың ауылға тұрақтамай жатқаны ойландырады. Оған енді не амал бар? Мүмкін анау қол жетердей жердегі көзге көрініп тұрған «ЕвроХим» компаниясы қарқынды құрылыстар жүргізіп жатыр. Сол мекеме біздің ауылдан бірнеше тұрғын үйлер тұрғызып, жер үйде тұрғысы келетін завод жұмысшыларын орналастырса біздің ауыл гүлденіп шыға келер еді. Оны кім ойлайды?.. — деп толғанады Ардақ Нұралыұлы.
Иә, ауыл мәселесі, жастар арасындағы жұмыссыздық, ауылды тастап қалаға қоныс аудару бүгіндері күрделі мәселердің бірі болып тұр. Кейде ойлаймын, анау таяқ тастар жердегі, көз алдымызда еңбек көркін қыздырып жатқан, «Қазфосфат» пен «ЕвроХим» компаниялары жұмысшыларды сырттан тартпай, жергілікті жұмыссыз жүргендерді тұрақты жұмысқа алса біраз мәселе шешілер еді емес пе? «Ұзынқұлақтан» естиміз, «ЕвроХим» компаниясы бүгіндері өздеріне жаңа Минерал тыңайтқыштар заводының құрылысын жүргізіп жатыр. Оның құрылысының жұмысына тиісті адамдардың 50 пайыз қытайлықтар екен. Біз болсақ, иек астында отырып, жұмыссыздықтан зардап шегіп отырғанымызда, жергілікті әкімшілік неге «ЕвроХим» компаниясының басшыларына жергілікті кадрларды жұмысқа алыңыздар деп келісім-шартқа отырмайды? Түсінеміз, әлгі компанияларға істі білетін, дайын мамандар керек. Бұрын алған маманыдықтары көпшілігінің кәсіпорындардың талабына мүлдем қабыспайды. Бірақ оларды дайындайтын арнайы курстарға жіберіп (мысалы, Жаңатастағы колледжге), біліктілігін арттыруға болады емес пе? Әйтеуір біздің ақылымызға сыймайтын, шешімін таба алмай жүрген жұмбақ дүние қазір осы болып тұр.., — дейді келесі бір үшбастық азамат Нұрсұлтан Тайбасар таңғалысын білдіріп.
Ауыл үшін жаны ауырып, оны қалай сақтап қаламыз деп ой толғап жүрген жерлестерімнің ой-пікірлерімен келіспеуге болмас. Ауыл шаруашылық саласы бойынша өнім көлемін арттыру, мал шаруашылығын дамыту, мүмкіндік болса өнеркәсіп саласын ілгерілету бағытындағы ойлары тұнық азаматтардың ісіне риза боласың. Қазіргі ауыл жастарының бойында немқұрайлық, тоғышарлық, жалқаулық сияқты теріс мінездер пайда болғаны өкінішті-ақ. Олардың қазіргі ой пайымдауларымен, сезімдерімен, түйсіктерімен жақын таныса отырып кешегі ауыл тұрғындарының – әкелеріміз бен шешелеріміздің даладай дархан, баладай аңғал, жайдары, шыншыл мінездерін, еселі еңбектерін, туған жеріне деген ыстық махаббатын, аса еңбексүйгіштіктерін еріксіз еске аласың. Ауылдағы қым-қуыт тірлік әрине, апа-жеңгелеріміздің таңмен бірге таласып оянуымен басталатын: сиыр сауу, самурынмен шай қою, малды өріске шығару, үй жинау және т.б. Әйтеуір ауыл адамы үшін таныс қарбалас тірлік күннің шығуы мен батуына дейін жетіп жататын. Ауыл азаматтарының да өздеріне тиесілі жұмысы бір таусылмайтын. Ауылдың беделін арттырып, абыройын сақтап тұратын солардың сүйкімді де жағымды мінездері емес пе еді?
«Туған ауыл – топырағыңнан айналайын! Көңіл дархан, кең пейілді қазақ ауылы! Ғажайып сезімді ұл-қыздарына сыйлап жатқан егемен елдің баға жетпес Жер-анасы!» – деп көрнекті өнер қайраткері Асекең ағамыз (Асанәлі Әшімов) айтқандай, ауыл десе жүрегіміз әркез ерекше елжіреп тұрады, сағыныш бойымызды еріксіз жаулап алады. Несін жасырамыз, ауыл деген, шіркін, кезінде берекелі мекен еді ғой! Өсер елдің болашағы ауылда екенін ұмытпасақ жөнді болар еді. Ауыл әр адамның түпқазығы, рухының бесігі, тамыры тереңге жайылған қазақы дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған ордасы. Әр адамның өмірінде туған жердің алар орны зор. Себебі, ол жерде адам шырылдап дүние есігін ашты, алғашқы қадамдарын басты, білім алды, ер жетті, азамат атанды. Халқымыз: «Әркімнің туған жері — Мысыр шаһары» дегендей, оның әр тау-тасы, өзен-көлі мен ну-тоғайы, гүлді даласы мен сылқ-сылқ етіп аққан мөлдір сулы ерке бұлақтары, көк жүзіне шығып алып тынысыз шырылдап ән салған бозторғай үні жаныңа ең жақын, ең ыстық. Белгілі себептермен елден алыста жүрген ата-бабаларымыз ауылдың топырағын, жусанын бір иіскеуді армандап кеткені қаншама?! Қазыбек би: «Алтын ұяң – Отан қымбат, туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат», — деп туған жердің қасиетін текке ерекше бағаламаған.
Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Туған жерден қаншалықты алыстасаң, жаныңмен соншалықты жақындай түсесің» деген қанатты сөзі ойға келеді. Рас, туған жердің тауы да, тасы да — алтын, ауасы мен суы да — дәрумен. Себебі онда балалық шағыңның елесі, жастық шағыңның сәулесі қалған. Адамды магнитше тартып тұратын да осы құбылыс болу керек, сірә. «Ауылсыз адам өссе де, адамсыз ауыл өспейді. Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді», деген, сірә, осы болса керек. Солай деп туған ауылын жырға қосқан қазақ тұрғанда, ауыл шіркін қадірін жоғалта қоймас деген тәтті ой келеді. Соған сенейік…
Қаланың күйбең тіршілігінен шаршағанда ауылды аңсап тұрарымыз анық. Ауылдың таза ауасымен ұйыған тыныштығы кімді де болса өзіне тартып тұрады. Міне, біз де ауылға барып, бірер күн ағайындарымызбен, құрдас-замандастарымызбен жүздесіп, аунап-қунап қайтып келеміз. Ауыл адамдарының адал, әрі мейірімді, ашық мінезімен біздің алдымызға жайып салған, өздерін мазалап жүрген түйткілді мәселелерін тыңдап, санамызды сергітіп, ауылдан біраз ой арқалап қайттық. Лайым, ауыл аман болып, ауылдан адам көшпесін!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі