Жазылымнан кеш қалмайық
Ауданымыздың айнасына айналған «Sarysý» газеті Сарысу ауданының тыныс-тіршілігін, әлеуметтік-экономикалық дамуын, барлық саладағы өсіп-өркендеуді кеңінен насихаттап, жастарды Отанды сүюге, елін, жерін құрметтеуге баулиды.
Үкімет тарапынан қандай қамқорлық, бюджеттік ұйымдарға қандай көмек, жеңілдіктер берілуде тағысын тағы тартымды материалдарды осы баспасөз бетінен кезіктіруге болады. Аудан және ауылдық округ әкімдердің және халық қалаулыларының қандай игілік жасап, мектептерде қандай жаңалық боп жатқаны да және мәдени жаңалықтардан өнерлі өрендер жайлы, ауданның бетке ұстар Құрметті азаматтары туралы мақалалар жарық көріп тұрады. Төл басылымыңыз әрдайым жаныңыздан табылады деген сенімдеміз. Жазылым басталғалы бері мекеме, кәсіпорын, жеке кәсіпкерлер, қолы ашық жомарт азаматтар газетке жазылуға атсалысуда. Солардың бірі қаламыздың тазалығына баса мән беріп, ауданымыздың дамуына өзіндік үлес қосып жүрген «Сәулет» жеке кәсіпкер ұжымы белсенділік танытып, газетімізге алғашқылардың бірі болып жазылды.
«Сәулет» жеке кәсіпкер директор Дәулет Әбдіхалық өз сөзінде:
-«Sarysý» газеті ауданның айнасы. Ауданда болып жатқан барлық тіршілікті осы басылымнан оқуға болады. Елімізде және ауданымызда болып жатқан жаңалықтарды біліп отыруымыз қажет. Ал оның көзі аудандық басылым екені айтпаса да түсінікті. Мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытуда баспасөздің үлесі мол. БАҚ қызметі өткен, болып жатқан және алдағы уақытта болатын әлеуметтік өзгерістер жөнінде тәжірибелі түсініктерге негізделе отырып, қоғамдағы өзгерістерге нақты көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ауданның айнасы болған басылымға жазылып қазақ басылымдарын қолдау – азаматтық парыз. Мерзімді басылым беттеріне өзекті мәселелерді көтеріп, үн қосу – қоғам дамуына үлес қосу деген ұғымды білдіреді. Жаһандануға байланысты түрлі интернет ресурстары, басқа да ақпарат көздері көбейген сайын аудандық газеттердің де таралымы жылдан-жылға төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Десе де, қазір жаңа технологияларға негізделген толассыз ақпараттар ағынының арасынан өзіңе керектісін таңдап алудың өзі оңайға соқпайды. Ал, газет арқылы өзекті мәселелер көтеріліп, ауданның күнделікті тыныс-тіршілігі оқырманға жеткізіледі. Оқырман – газеттің тірегі, жанашыры. Кез-келген басылым оқырманымен ордалы. Олай болса, біз де газетіміздің аудан көлемінде көптеп таралып, әрбір шаңырақтың сенімді серігі, ой бөлісер сырласы болғанына мүдделіміз.
Біздің ұжым да «Sarysý» газетіне арнайы барып жазылып, аудан тынысымен танысып отырады. Қазіргі таңда газетте оқырманға құнды дүниелер, тәрбиеге қатысты танымдық мақалалар көптеп берілуде. Оған қоса, аудан көлеміндегі жасалып жатқан тың, серпінді жұмыстар ақпараттандырылуда. Сондықтан жаңалық жаршысы болған төл газетке жазылайық, құрметті оқырман,-деді.
Ендеше, «Газет – халықтың көзі, һәм құлағы» десек баспасөз науқанынан қалыс қалмау барша оқырманның мұқалмас парызы. Бұл ретте, аудан айнасы, жаңалықтың жаршысы бола білген төл басылымдарыңыз – «Sarysý» газетіне жазылуды ұмытпайық!
С. ЕСҚАРАЕВ, «Sarysý»