Түркістандағы тындырымды іс

0

Жиында аз қамтылған, бала жасынан мүмкіндігі шектеулі қызы бар Ерлан Қайсарбековтың үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі мақұлданды.  Қазіргі  уақытта  шаруа  қожалық төрағалары, ауыл  тұрғындары, сыныптастарының  демеушілігімен  үйдің  шатырын  ауыстыруға  қажетті   материалдар (Шатыр, рейка, профнастил, қоршау, құрылысқа қажетті шегелер) сатып әкелінді.  Аталмыш үйге толықтай күрделі жөндеу   жұмыстары  аяқтау алдында тұр. «Асар» жобасына ауыл тұрғындарымен қатар, ерікті жастар да қолғабыс етіп, игі іске белсене атсалысып жатыр. «Бітпейтін сірә іс болмас, жұрт жабылып көптесе» дегендей, бірлікпен жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстары біткен соң үй 25 — қазан  Республика күні  мерекесіне  орай, Ерлан Қайсарбековке пайдалануға беріледі. Өз кезегінде ауыл тұрғыны қуанышын жасыра алмады. — Бірлігі мен тірлігі жарасқан ауылдың адамдарына ешкім жетпейді ғой. Жан-жақтан келіп, қолғабыс етіп, үйдің күрделі жөндеу жұмыстарына білек сыбана кірісіп жатыр. Мемлекет тарапынан қолдау тауып іске асып жатқан «Асар» жобасы жүректерге жылулық, жүздерге иман сыйлайды. Ал, имандылық — ізгіліктің бастауы. Осы орайда, істің іргелі бітуіне атсалысып жүрген барша ауылдастарыма алғысымды білдіремін. Ауылымның қаймағы бұзылмай, бейбітшілік көгінде қыранымыз биікте самғай берсін. Келе жатқан Республика күні мерекесі құтты болсын. Қаймағы бұзылмаған ауылымның тұғыры әркез жоғары болғай, — деп ізгі тілегін білдірді. Шаттық пен бақыт мекендеген түркістандық тұрғынның сөзінің жаны бар. Себебі, бірауыздан басталған іс қашан да өнімді болмақ. Демек, қуанышқа қауышатын күн алыс емес. Шаңыраққа құт орнап, қоныс тойын тойлайтын сәтті ел де асыға күтеді.

 

Халық арасында қолдау тауып, мұқтаж жанұяға қуаныш сыйлайтын «Асар» жобасы жыл сайын белсенді түрде іске асып келеді. Игі істің жаршысы бола білген ауыл тұрғындары сауабы мол жұмысқа бір атаның балаларындай бірлікпен жұмыс жасауда. 25 қазан Республика күні мерекесі қарсаңында аталмыш жобаның аясында Түркістан ауылдық округі бөлек жергілікті қоғамдастық мүшелерімен арнайы жиын өткізілДІ.

Белсенді ќызметкер

марапатталды

«Кітап — білім бұлағы» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Бүгінде ауданымызда кітап саласына еңбек етіп, балалардың санасын кітаппен нұрландырып отырған кітапханашылар көп. Олар түрлі облыстық сайыстарда білімі шыңдалып, үздік деп танылуда.

Жуырда Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының 65 жылдық мерейтойына орай,кітапхананың тарихына шолу жасап, кітапханалық жұмыстың жаңа тәсілдері мен көпшілік іс-шараларды, оқырмандарды кітапханаға тарту үшін түрлі заманауи жобалар және бағдарламаларды қонақтар мен аудан кітапханашыларына таныстыру мақсатында «Кітапхана – білім ордасы» мерекелік кеш пен «Кітап және оқу: дәстүр мен жаңашылдық» митап ұйымдастырылды.

Кеш қонақтары Әбілов Меңдібай, «Балдырған» журналының авторы, жазушы, филология ғылымының кандидаты Сәттібайұлы Көсемәлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Хамит Есаман,  «Aq jol» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Шабыт»  фестивалінің лауреаты және ардагер кітапханашылар: Жақсыбаева Әлия, Ысқақ Мейрамкүл Елеукенқызы және Жанболатова Гүлжан бала кезінде алғашқы оқыған кітаптары туралы айтып, кітапханаға жылы лебіздерін білдірді.

Сонымен қатар, қатысушыларға «MEGA ТҰЛҒА» дамыту орталығының жетекшісі, педагог-психолог А.Сахыбаева «Балам ақылды болсын десеңіз…. және бұл миссиядағы кітапхана рөлі» атты тренинг өткізді.

Шара барысында «Ай-жұлдыз» би ансамблінің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылып, кітапхананың ең көп кітап оқыған және іс-шараларға белсене атсалысқан оқырмандары марапатталды. Жеңімпаздарға сымсыз құлаққаптар, блендер, ұялы телефон және бас жүлде велосипед сыйға берілді.

Облыс бойынша үздік деп танылған Сарысу, Байзақ және Меркі аудандық балалар кітапханаларының меңгерушілері өздерінің үздік іс-шараларымен, жобаларымен таныс-тырып, тәжірибе алмасты. Ауданымыздың  атынан қатысқан Жаңатас қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі Мадина Тұрлыбекованың   мерейі үстем болып,  жеңімпаздар қатарынан көрінді. Өз сөзінде кітапхана қызметкері Мадина Тұрлыбекова: — Кітап саласындағы жинаған тәжірибелерім мен тынымсыз жұмыстарымның арқасында жүлделі орынға ие болып, үздік сала қызметкері атанып отырмын. Бұл мен үшін үлкен абыройлы іс. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Себебі, адамға рухани азық сыйлау әр қызметкер үшін ең бақытты кез деп білемін. Алдағы уақытта да кітапхана жұмысына аянбай қызмет ете беретінімді айтқым келеді, — деді. Ісіне адал, білікті қызметкердің алар асуы алда екенін сөзбен емес іспен дәлелдеуді мақсат етті. Ендеше, сол даңғыл жолда ауданымыздың абыройын асқақтатып, белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз.

Кїзгі ханшайым

Жаңатас қалалық аула клубында «Күз ханшайымы-2023» атты топ аралық жарыс болып өтті. Жарыста үш топ  5 кезең бойынша бақтарын сынады.

Қатысушылар  танысу, екінші және үшінші кезең бойынша  үй тапсырмасы күздік жемістерден «Экибана» және күзгі жапырақтардан «Апликация» жасалды. Сондай-ақ, «Мен өнерлімін» кезеңінде 1 минуттық пародия әнімен өнерлерін көрсетті. Бесінші кезеңде қатысушылардың жылдамдығы мен тапқырлығы бағаланды. Үш топтың арасынан ең көрікті киім мен шаш үлгілері, үй тапсырмасының талапқа сай жасалғаны ескерілді. Жарыс нәтижесінде I -орынды «Балауса» тобы Абай Нұрсезім,  II -орын «Тұлпар» тобы Нұрғали Айзере  және III- орынды «Балдырған» тобы Дүйсенбай Мөлдір  қанжығаларына байлады. Жеңіске жеткен командалар арнайы мақтау қағаз және сыйлықтармен марапатталды.

Газ балонды ќауіпсіз пайдалану

Сарысу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, Заң қызметі, әлеуметтік нысандардағы жабдықтарды қауіпсіз пайдалану өнеркәсіптік қауіпсіздігі бөлімінің басшысы  Д.Назарбеков және ЖАО қызметкерлері және тұрғын үй жетекшілерімен қала әкімі аппаратының мәжіліс залында «Газ балонды қауіпсіз пайдалану» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Жиында газ балонды қауіпсіз пайдалану туралы ақпараттар айтылып, өрттен сақтануда аса жауапкершілікпен қарау керектігі жеткізілді.

Өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында тұрғын үйлерді аралау жұмыстары жүргізіліп, тиісті түсіндірмелер жасалып жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Тұрғындар өздеріне артылған міндеттерді толық орындайтынын және қауіпсіздік ережелерін сақтайтындығын айтты.

Бүгінгі таңда, аудан бойынша осал топты отбасылардың тұрғын үйлеріне улы газды анықтайтын құрылғылар орнатылу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Қазақта «Сақтансаң сақтайды» деген сөз бар. Тілсіз жаудың алдын алуда әр тұрғын жауапкершілікті сезіну керек. Аудан намысын қорғап қайтты

Өткен аптада Шу ауданы Ескі-Шу ауылдық округінде орналасқан «Ақ жайлау» демалыс орнында   «Салт-дәстүрім- сарқылмайтын байлығым» атты облыс жастары арасында ұлттық ойын түрлерінен жарыс өткізілді.

Жарысқа Сарысу, Байзақ, Жамбыл, Қордай аудандары мен Шу қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты.    Әр ауданнан келген қатысушылар 5 кезең бойынша бақтарын сынады.

Ең алдымен білекті де белді  жігіттер аударыспақтан өзара мықтыны анықтады. Одан кейін қол күресінен, арқан тарту  сынды сайыстарға қатысып, бақтарын сынады. Нәтижесінде сарысулық  Алмаз Мұхтаров аударыспақ ойынынан 3-орынды, қыздар арасында қол күрестен Альбина Айтжан 1-орынды жеңіп алды.

Ал,сарысулық арулар бауырсақ пісіруден  жарысқа қатысып, 1-орынды иеленді. Сондай-ақ, қатысушылар патриоттық әндерді әуелете шырқады.

Жарыста командалық есеп бойынша Байзақ ауданы I –орынды жеңіп алса, Жамбыл ауданының жастары II -орын иеленді.  Ауданымыздан барған жастар аудан намысын қорғап, 3-орынды қанжығасына байлап қайтты.  Жарыс жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.