ЖҮРЕГІ ШУАҚТЫ, ІЗГІ МҰРАТТЫ ҚАЛАМГЕР

0

Апта ішінде аудандық мәдениет үйінде Қазақстан  Жазушылар  одағының  мүшесі, «Дарабоз» сыйлығының екі дүркін иегері, Халықаралық «Алаш»  әдеби  сыйлығының лауреаты, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбиннің 80 жасқа толу мерейтойын  атап өтуге арналған «Жүрегі шуақты, ізгі мұратты   қаламгер» атты салтанатты жиын өтті.

Аудандық мәдениет үйінде мерейтой иесі П.Дүйсенбинді «Сарыарқа» ұлт аспаптар оркестрі күйімен қарсы алды. Мәдениет үйінің ішінде сурет галереясы және жазушының шығармашылық еңбек жолындағы кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрермендер назарына ұсынылды.

Шара шымылдығын «Айжан қыз» би ұжымы «Шашу» биімен ашты.

Сондай-ақ, жазушы Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылық   жолын бедерлеген «Сексеннің сеңгіріне салған соқпақ» атты қысқа  деректі фильмін көрермендер  назарына ұсынылды.

Облыстық мәслихат депутаты Ә.Нұралиев облыс әкімі Е.Қарашөкеевтің құттықтауын жеткізді.

Салтанатты шарада КСРО халық әртісі,  Қазақстанның Еңбек Ері  Асанәлі Әшімов сөз сөйлеп, жазушы П.Дүйсенбиннің өмір жолына тоқталып, мерейтой иесіне сый-сияпат жасады.

Сондай-ақ, шарада аудан әкімі С.Мамытов құттықтау сөз сөйледі.

— Еңбек Қызыл Ту орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының Гран-при иегері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Халықаралық, республикалық әдеби конкурстардың жеңімпазы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, жазушы Пернебай Дүйсенбиннің 80 жас мерейтойы құтты болсын ағайын! Ағамыздың  Сарысу тарихын тайға таңға басқандай етіп  қалдырған «Сарысунама»,  Жаңатас қаласының тарихына арналған «Жаңатас дастаны», «Ей, жезкиік, дүние-ай», «Бал дәуреннің бұлтсыз аспаны»,  «Жұмбақ жұлдыз сәулесі» тағы басқа кітаптары оқырман жүрегінен жол тауып, оң бағасын алды. Пернебай Дүйсенбиннің жазған шежіресі – қазақ тарихының бір бөлшегі, зайырлы мемлекеттің өткені мен бүгінін, болашағын, тарихы мен шежіресін, тілі мен ділін, азаттығы мен еркіндігін, халықтың бірлігі мен тәуелсіздігін шығармаларына арқау етіп келеді.

Осынау ғұмыр белесінде мағыналы өмір жолынан өтіп, кемеңгерлік пен кемелдікке жарқын көңілмен келіп отыр. Өмір жолының асқар биігі сексеннің сеңгіріне шығып отырған Пернебай Дүйсенбин белгілі жазушы, журналист, ғұмырын еліміздің болашағына арнаған зиялы азамат ретінде танылды, деп мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, құрмет көрсетті. Сонымен қатар аудан әкімі Қазақстанның Еңбек Ері  Асанәлі Әшімовқа  ауданның 95 жылдық мерекелік төс белгісін тағып, иығына шапан жапты. Одан кейін мектеп оқушылары арасында өткен П.Дүйсенбин оқулары байқауының жеңімпаздарымен жүлдегерлерін марапаттады.

Шарада Қазақстан  Жазушылар одағы  басқарма төрағасының бірінші орынбасары Н.Қуантайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы, Қали Сәрсенбай, ақын Маралтай Райымбекұлы, «Шалқар» радиосының редакторы Болатбек Төлепберген ізгі тілектерін білдіріп сыйлықтарын тарту етті.

Аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков  мерейтой иесін құттықтады.

Одан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаевтың  «Облыстың құрметті ардагері» төсбелгісі берілді.

Салтанатты шарада Ақтау, Атырау, Маңғыстау облысынан келген қонақтар, республикамызға танымал ақын, жазушылар  Пернабай Дүйсенбинге жылы лебіздерін білдіріп құрмет көрсетті.

Сонымен қатар «Сарысу» халық театры «Ескендір» драмалық  спектаклінен қысқаша үзінді қойды.

Жаса ақындар мерейтой иесіне арнау өлеңдерін оқыды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әнмен күйден шашу шашты.

Әдебиет пен мәдениет майтал-мандарының кені болған, жақсы мен жайсаңдардың елі болған, ырысы мен берекесі  ортаймаған құт мекен – Сарысу ауданынан өнерлі азаматтар түлеп ұшқан.

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, руханият шырақшысы болып  жүрген, Қазақ әдебиетінің әсіресе балалар мен жасөапірімдер  әдебиетінің  дамуына айтулы үлес қосқан, туған ауданымыздың төл тарихын қалыптастырған, туын көтеріп, беделін арттырып жүрген Пернебай Дүйсенбин тек қана көркем шығармалар ғана жазып қоймай  талай талантты жастарға жөн, бағыт сілтеп олардың қанаттануына    қамқор бола білген.

Салтанатты шара соңында халық П.Дүйсенбиннің шығармашылығынан рухани әсер алып, жақсы көңіл күймен тарқасты.

Сәулет есқараев,  «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.