ҮЗДІК АУЛА ТҰРҒЫНЫ

0

Қоғамға қозғау салып, көкейкесті ойларды халыққа жеткізіп жүрген газетіміздің соңғы нөмірлерінде тазалық, вандализм мен көше тәртібін сақтау туралы өзекті мәселелер көтерген болатынбыз. Расында халық үшін пайдаланылуға берілген дүниелерді қиратып, бүлдіру аманатқа қиянат жасағанмен бірдей іс.

Мәселенің мәнісін ашып көрсеттік. Бүгінде ісімен елге үлгі болып, қала тұрғыны ретінде қаламыздың дамуына тамшыдай болса да үлес қосып, халықтың алғысына бөленіп жүрген азаматтарымыз жетерлік. Соның бірі 3 — шағына­удан, 38-үйдің тұрғыны — Баһадүр Ақәділов. Өнегелі ісімен елге жаққан ағамыз 1966 жылы кеншілер шаһары — Жаңатас қаласы, Бүркітті поселкесінде дүниеге келген. Жастайынан қара жұмыстың дәмін татқан Баһадүр аға ұзақ жылдан бері «Қазфосфат» ЖШС-сінде күзетші болып жұмыс жасайды. Жұбайы Раушан Ақәділова немерелерінің қызығын көріп жатқан асыл әже. Отбасында екі ұлдан үш немере өсіріп жатқан бақытты шаңырақ. Туған жердің ауасын жұтып, адал жұмыс атқарып жүрген ағамыз 2003 жылы 3 — шағынаудан, 38 — үйге көшіп келеді. Жолдың түйіскен тұсында орналасқан бұл үйдің алдынан көптеген көліктер ағылып жатады. Қырдың үстінде қаланған ғимараттың сәні де жарасып тұруы заңдылық деп білген Баһадүр аға ауласын көркейтуге кіріседі. Ол өз күшімен есік алдына қоршау орнатып, ішіне талдарды отырғызып, әсем гүлдермен ауланы гүлзар бақ етеді. Мұнан кейін қырдың үстіне өз қаржысына самалжай (беседка) құрады. Бүгінде аталмыш орын сол ауланың ақсақалдары бас қосып, шүйіркелесетін жерге айналған. Әр сенбі сайын есік алдын күл-қоқыстан тазалап, талдарды баптайды. Әрі көршілерін де ұйымдастырып, тазалық жұмыстарына атсалысуға шақырады. Есік алдынан өтіп бара жатқан балаларға қоқысты тиісті орынға тастау керек екендігін айтудан жалыққан емес. Қоғамдық шараларға да белсене атсалысып, саяси науқандарда да бой көрсетіп жүр. Көпке үлгі болып жүрген еңбегі еленіп, 2020 жылы Жаңатас қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ағамыздың игі істері жайлы аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Балғабай бірнеше рет әлеуметтік желілерге салып, ол кісінің танылуына себепкер болып жүр. Бұл да үлкен ықыластың белгісі. Жастары қадірлеп, қарттары құрмет тұтатын осындай ағаларымыз бар да қаламыз әлі жасарып, жаңару жолына бет алады. Еңбегімен танылған ел ағасы өз ауласын таза ұстап, көрікті етуді абыройлы іс деп біледі. Бүгінде 60-ты алқымдап қалған ағамыз салауатты өмір салтын ұстанып, таң азанымен ерте тұрып, есік алдындағы талдарды суарып, айналасын тазартуды әдетке айналдырған. Баһадүр ағамызды көршілері ғана емес, қала тұрғындары да танып, құрмет көрсетеді. Өз кезегінде Баһадүр ағамыз: — Қала тұрғыны ретінде тазалыққа атсалысып, ауланы қорғау әр тұрғынның азаматтық міндеті деп білемін. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөздің сыры ашылғандай. Мен еккен талдардың келешек ұрпаққа сая болып, көлеңкесі демалатын орынға айналатыны сөзсіз. Алпысты алқымдасам да өз қаламның жарқын болашағы үшін аянбай қызмет ете беремін. Барша тұрғындарды игі істерге атсалысуға шақырамын. Ауламызды таза ұстап, гүлдендіре берейік, — деп барша тұрғындарға үндеу тастады. Қарап отырсақ, кішкентай ғана игіліктің артында қаншама ізгілік жатыр десеңізші. Міне, туған жерін сүю, Отанын құрметтеу. Осындай атпалдай ағаларымыздың игі істері жасампаз ұрпаққа өнеге болып қалыптаса беретініне біз сенім білдіреміз.

Самат Тоқбанов, «Sarysý»

Ќауіпсіз жол

Бала да жас терек сияқты, қалай тәрбиелесең, жастай қандай тәрбие берсең, ертең есейгенде жас кезіндегі алған тәрбиесі өміріне негіз болмақ. Ата-ана бала қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қою керек.

Күн сайын еліміздің қалаларында, ауылдарында автокөліктер саны өскен сайын жол апаттары да арта түсуде. Жол көлік оқиғалары жөніндегі деректерге зер салсақ, қалалық жерлерде жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын оқыс оқиғалар саны едәуір көп. Оның ішіндегі жас балалардың апатқа жиі ұшырайды. Жас-тай өмірмен қоштасып, орны толмас өкінішке әкелетіні немесе ауыр жарақат алып, кейбірі өмірлік мүгедек болып қалуы мүмкін. Оның себептері: көптеген оқушылар жолда жүру ережесін сақтай білмеуінде.

Осыған орай Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектебінде 2023-2024 оқу жылының жылдық жоспары негізінде жедел профилактикалық шаралардың алдын алу негізінде оқушылардың жолда жүру ережесін меңгеру дағдысын қалыптастырып және іс-жүзінде жол ережесін сақтауға, сақтыққа үйрету мақсатында «Қауіпсіз жол»,  «Назар аударыңыз балалар!» «Жолда жүру ережесін білейік!» тақырыптарында  іс-шара жоспары жасалынып, 11-22 қыркүйек аралығында жоспарға сәйкес көшеде, жолда, мектепте сондай-ақ бейтаныс адамдармен қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіру, және «Қауіпсіз жол» алғашқы көмек беру, нұсқаулық  бойынша  тәрбие сағаттары өткізілді.

Тәрбие сағатында Сарысу АПБ ЖПҚБ-нің бастығы, полиция капитаны Р.Қуанышбаев және АПБ-нің қызметкерлері  1-4, 5-11 сыныптар аралығында ауданымызда өтіп жатқан «Абайланыз-балалар!» атты жедел профилактикалық іс-шараның өту кезеңі барысында мектеп маңында орналасқан жаяу жүргіншіге арналған арнайы жол белгісімен өту туралы түсіндірме жұмысы жүргізіліп, жолда жүру ережелері таныстырылды. Балалар назар-аударыңыздар! тақырыптарында 5-8 сыныптар аралығында шығарма жазды. Ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша ауданымызда орналасқан көше-жол тораптарында және көше қиылыстарында абайлап өтулері мен жолда жүру ережелері және бағдаршам белгісіне қарап жүру жөнінде  жиналыс өткізіліп,   түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Құрметті ата-ана, балаларыңызды жолда қараусыз қалдырмаңыз, жолда жүру ережесін сақтауда балаларыңызға үлгі болыңыздар. Егеменді еліміздің болашағы – балалар. Сондықтан бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық.

М.Серкебаев,

директордың тәрбие

 ісі жөніндегі орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.