Мереке иелерін қабылдады

0

Ауданымызда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, жаңа инвестициялар, субсидиялар және техникалық жаңғыртулар есебінен өнім көлемі артып келеді. Саланы әртараптандыру, мал шаруашылығын экспорттау және су үнемдеу технологияларын енгізу басты бағытқа алынған. Су шаруашылығы және ветеринария саласының қызметкерлері ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлестерін қосып, еңбек етіп жүр.

Апта ішінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков су шаруашылығы және ветеринария саласының қызметкерлері күніне орай құтқонған, берекелі ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген сала мамандарын қабылдады.
Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Н. Молдабеков:
-Тарихтан белгілі, су мен мал шаруашылығы – қазақ халқының, оның ішінде ата-бабаларымыздың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігінің, мәдениеті мен негізгі күнкөрісінің арқауы. Сондықтан бүгінгі таңда елімізде, оның ішінде біздің ауданымызда бұл екі саланың мемлекеттік деңгейдегі маңызы өте жоғары.
Қадірлі су шаруашылығының мамандары!
«Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Су – тіршіліктің көзі ғана емес, ауыл шаруашылығын, оның ішінде егіншілік пен мал шаруашылығын өрге бастыратын негізгі күш.
Қазіргі таңда аудан аймағындағы су ресурстарын тиімді пайдалану үшін 12 200 текше метр шөгінді шығарылып, 250 метр дамба нығайтылды. Сонымен қатар, су реттеу жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін 3 дана ашып-жабу құрылғысына жөндеу жүргізілді, 2 дана тельфер орнатылды және 6 дана тросс ауыстырылды. Сонымен қатар 4 каналда (Тасарық, Кедей, Байшахан, Төменгі Бүркітті) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнде суармалы алқаптардың жалпы көлемі 2 321 гектарды құрайды. Тәулік бойы егіс басында, су тоғандары мен каналдарда аянбай еңбек етіп, аудан берекесін тасытып жүрген сушы мамандарға шексіз алғысымды білдіремін.
Ардақты ветеринария саласының қызметкерлері!
Ауданымыздың негізгі күнкөріс көзі – төрт түлік мал екені жасырын емес. «Мал өсірсең, жөнімен өсір…» деген сөз тегін айтылмаған. Сіздердің мамандықтарыңыз – үлкен жауапкершілікті, асқан төзімділікті және қырағылықты талап етеді.
Ауданымызда ветеринария бөліміне қарасты 1 қала және 9 ветеринариялық пункт жұмыс жасауда. Бөлімде 71 қызметкер тұрақты түрде қызмет атқарады. Жоспарға сәйкес, «Бруцеллез», «Аусыл», «Сібір жарасы», «Қарасан», «Оба» сияқты түрлі ауруларына қарсы екпе жұмыстары 100 пайыз орындалып, жүйелі жұмыс жүруде.
Ауыл шаруашылығы жануарлары төлдерін бірдейлендіру бойынша 6 айлық жоспар бойынша 5 600 бас мүйізді ірі қара болса, орындалғаны 6 238 бас, 65 000 бас ұсақ мал болса, орындалғаны 62 515, 1 800 бас жылқы болса, орындалғаны 1 863 бас бірдейлендіріліп дерекқорға енгізілді. Бұл Сіздердің нәтижелі еңбектеріңіздің жемісі.
Ардақты әріптестер, сала ардагерлері!
Бүгінгі таңда осы екі салада да жаңа технологияларды енгізу, жұмыс процестерін цифрландыру және жас мамандарды қолдау бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстанды құруда еңбек адамының мәртебесін көтеруге ерекше мән беріп отыр. Бүгінгі біздің кездесуіміз де – сіздердің ауданымызға сіңірген өлшеусіз еңбектеріңізге деген құрметтің белгісі.
Осынау қос мереке қарсаңында баршаңызға отбасылық бақ-береке, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін,-деп бірқатар мереке иелеріне «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын салтанатты түрде тапсырды.
Сала мамандары құрмет көрсетіп, еңбекті бағалап жатқан аудан басшылығына ризашылықтарын жеткізіп, елдің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тіледі.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.