СІБІР ЖАРАСЫ–ҚАУІПТІ ІНДЕТ
Сібір жарасы – адамға көп жағдайда ауылшаруашылығы малдарынан немесе топырақтан жұғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі болып табылады. Барлық ауыл шаруашылығы жануарлары және етқоректілер сібір жарасына бейімді, егер алдын алу шараларын жүргізбесе, ауыруы ықтимал.
Сібір жарасының қоздырушысы — спора түзетін, қоршаған ортаның қолайсыз факторларына өте төзімтал, топырақта жүздеген жылдар бойы сақталатын және жылы қанды жануарлардың денесіне енген кезде тез арада ауру қоздыратын, таяқша тәрізді бацилла.
Ауа райының қатты ысуы кезінде сібір жарасы ауруының шығу қаупі жоғарылайды. Өйткені шаңның көтерілуінен топырақтың астыңғы қабаттары ашылады да тереңде жатқан сібір жарасы спораларының жер бетіне шығуына жол ашылады.
Сарысу ауданы бойынша 13 сібір жарасы ошақтарының ескі көмінділері тіркелген. Барлық сібір жарасының ошақтары бетондалып, қоршалған, ескерту тақтайшалары ілінген. Көмінділерден жыл сайын топырақ сынамалары алынып, аудандық ветеринариялық зертханаға өткізіліп тұрады. Ағымдағы жылы сәуір-мамыр айларында барлық көмінділер тексерілді, нәтижесінде ауру қоздырғышы анықталған жоқ. Ауылшаруашылығы малдары ауруды сібір жарасынан қолайсыз деп есептенілетін жайылымдарда жайылғанда, әсіресе құрғақшылық кезде шөппен бірге ілескен топырақты жегенде жұқтырады.
Адамдарға сібір жарасымен ауырған малды сойғанда, терісін сыпырған кезде, етін жіліктеу кезінде ауру жұғады. Сонымен қатар,сібір жарасы ауруы адамдарға терісі зақымданған кезде жер қазу кезінде топырақтан да жұғуы мүмкін.
Сібір жарасы ауруының алдын алу үшін әрбір адам төмендегідей қарапайым ережелерді сақтауы қажет:
— ауылдық округ мал дәрігер маманына жүгініп, жылына 1 рет барлық малдарына сібір жарасына қарсы вакцина салғызу қажет;
— сібір жарасы ошақтары бойынша жайылымдардың сипаттамасын ауылдық округі малдәрігер маманынан білу қажет, сібір жарасы ошақтарының маңайында мал жайылмауын қамтамасыз ету қажет;
— ауыл шаруашылығы малдары кенеттен ауырған немесе өлгенде, міндетті түрде ауылдық округінің мал дәрігеріне жүгініп, хабарлау қажет, сібір жарасына күдікті болған малды союға, терісін сыпыруға болмайды;
Сібір жарасы ауруының белгілері төмендегідей: сап-сау жүрген мал кенеттен өледі, аузы мұрнынан, және басқа да табиғи тесіктерінен қан ағады, іші кебеді, өліктің аяқтарында сіресу белгілері болмайды, өлген малдың қаны ұйымайды. Осы белгілер болған кезде, малдәрігеріне хабарласып, ветеринариялық зертханаға патологиялық материал жөнелтуге бағытталған жедел шараларды қабылдау қажет;
— ауыл шаруашылығы малдарын соятын немесе сататын жағдайда, алдын ала мал дәрігеріне көрсетіп, ветеринариялық анықтама алу қажет;
— ауыл шаруашылығы малдарын ұстайтын қора жайларда жылына 1 рет дезинфекция жұмыстарын жүргізу және санитарлық тазалықты сақтау қажет;
Мал базарлары мен ет дүкендерінен мал немесе мал өнімдерін сатып алатын болсаңыз, сатушылардан мал дәрігерінен берілген ветеринариялық анықтаманы талап етіңіздер. Адамдарда көбінесе ауру малды сойғанда немесе етін боршалағанда жұғатын, ауруы сезілмейтін, ортасында қара көмір сияқты өзегі бар жара түрінде кездеседі. Егер дер кезінде ем-дом жасалмаса, адамның дене қызуы көтеріліп, ағзаның ішкі мүшелерінің қабынуы мен адамның әлсіреуіне соқтыруы мүмкін.
Аурудың алғашқы белгілері байқала қалса, ауылдық округтің малдәрігер маманына және дәрігеріне хабарласыңыз, дер кезінде басталған ем өміріңізді сақтап қалатындығын естен шығармаңыз! Сібір жарасынан малыңызды, өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз! Қазіргі таңда ауданымыздың барлық ветеринариялық пункттері тарапынан сібір жарасына қарсы вакциналар егілуде. Ол вакцина жануарларға 3 айға толғаннан бастап егіледі. Иелігінде малдары бар аудан тұрғындарына хабарлаймыз, ауылдарыңыздағы малдәрігеріне хабарласып, вакцина егілуін қамтамасыз етіңіздер. Сібір жарасына қарсы вакцина үкімет тарапынан тегін егіледі.
Аудандық ветеринариялық
Станциясы