ЛОГОПЕД МАМАННАН КЕҢЕС
Біздің өмір сүріп отырған қоғамымызда сөйлеу тілі уақытынан кеш шыққан балалар саны көп. Сөздерді анық дыбыстай алмайтын, психологиялық ауытқулары бар балалардың көбеюі ата-аналармен қатар дәрігерлерді де қатты алаңдатып отыр.
«Балам» дейтін әрбір ана бала денсаулығына құрсағында жатқан кезден бастап көңіл бөлгені абзал. Өйткені, бала ағзасында пайда болатын аурулардың басым бөлігі құрсақта жатқанда дамиды. Баланың сөйлеу қабілетінде болатын ақаулар да сол кезден бастау алуы мүмкін. Логопед мамандар кей себептердің алдын алу мүмкін емес болғанымен, көп жағдайда бала тілінің уақытында шығуы тікелей ата-анаға байланысты екенін айтады. Ата-аналардың бала тілін қызық көріп, олардың қате дыбыстаған сөздерін қайталауы дұрыс емес. Керісінше, бала ата-анасының сөйлегеніне қарап, сөзін түзеуі үшін әке-шеше әр сөзді анық дыбыстап айтуы қажет.
Баланың сөйлеу тілін тексеру үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – бағдарлау. Логопед бұл кезеңде баланың құжаттарымен танысады, ата-анасымен әңгіме барысында анамнез жинақтайды. Екінші кезеңде логопед баланың сөйлеу тілінің барлық компоненттерін тексеріп сөйлеу тілінің қорытындысын анықтайды. Үшінші кезеңде баланы оқу процесінде бақылау арқылы ақаулықтың байқалуын, өзгерістерін анықтайды. Тексерудің мазмұны және оны ұйымдастыру баланың сөйлеу деңгейіне байланысты болады.
Баласының бойынан кемдік не ақау байқаған ата-ана не істеуі қажет?
Баланың бойынан көрініс алатын әрбір өзгерісті ата-ана мұқият қадағалап, дәрігерлерден үнемі кеңес алып тұруы керек. Егер қандай да бір қалыпты емес өзгеріс байқала қалса, толық тексерткен жөн.
Осы орайда, барлық облыс орталықтарында, қалаларда, аудандарда балаларды оңалту орталықтары бар. Олардың саны күн артқан сайын қажеттілікке сай артып келеді. Солардың бірі Жаңатас қаласындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті. Онда логопед, дефектолог, педагог-психолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы және әлеуметтік педагогттар кеңес беріп, қызмет көрсетеді. Бұл мекемедегі мамандар сөйлеу тілі түрлі өзгеріске ұшыраған балалармен де жекелей жұмыс жасайды. Қызмет көрсету тегін жүргізіледі.
Егер жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді балаңыздың бойынан анықтап білген болсаңыз, аталмыш мекемеге жүгінуіңізге болады. Уақытылы көрсетілген және жасалған жұмыстар тек қана оң нәтиже бермек.
Жаннұр Айнабекова,
ППТК-нің педагог-логопеді