«Қолөнер үйірмесі арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін және ұлттық мәдени құндылықтарын дамыту»
Қазіргі таңда балалардың шығармашылық қабілетін дамыту — білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі. Соның ішінде қолөнер үйірмесінің орны ерекше. Қолөнер арқылы оқушылар ұлттық мәдениетті танып, еңбекке деген қызығушылығын арттырады. Бұл үйірме балалардың қиялын дамытып қана қоймай, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа және әсемдікті сезінуге тәрбиелейді.
Қазақ халқы ежелден қолөнерге ерекше мән берген. Әжелеріміз бен аналарымыз текемет басып, сырмақ сырып, көрпе-көрпеше тігіп, түрлі әшекей бұйымдар жасаған. Осындай ұлттық өнерді жас ұрпаққа үйрету – бүгінгі ұстаздардың маңызды міндеттерінің бірі. Қолөнер үйірмесінде балалар түрлі материалдармен жұмыс істеуді үйренеді. Мысалы, қағазбен, матамен, жіппен, табиғи заттармен әртүрлі бұйымдар жасап, өздерінің шығармашылық қабілеттерін шыңдайды.
Үйірме сабақтары өте қызықты әрі пайдалы өтеді. Оқушылар әр сабақта жаңа нәрсе үйреніп, өз қолдарымен әдемі бұйымдар жасайды. Олар түрлі аппликациялар, ойыншықтар, сәндік бұйымдар және ұлттық нақыштағы қолөнер жұмыстарын орындап үйренеді. Мұндай жұмыстар балалардың ұсақ моторикасын дамытып, ойлау қабілетін арттырады.
Сонымен қатар қолөнер үйірмесі балаларды еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Әрбір бұйымды жасау үшін төзімділік пен ұқыптылық қажет. Осы қасиеттерді меңгерген оқушы болашақта кез келген істі жауапкершілікпен орындауға үйренеді. Балалар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын көргенде ерекше қуанып, өз еңбегінің нәтижесін бағалай бастайды.
Қолөнер үйірмесінің тағы бір ерекшелігі ұлттық құндылықтарды дәріптеуінде.
Балалар қазақтың ою-өрнектерімен танысып, олардың мағынасын үйренеді. Ою-өрнектер арқылы халқымыздың тарихы мен мәдениеті туралы түсінік қалыптасады. Бұл жас ұрпақтың ұлттық рухын көтеріп, өз елінің дәстүрін құрметтеуге тәрбиелейді.
Қазіргі заманда технология дамығанымен, қолөнердің маңызы ешқашан жойылмайды. Себебі қолмен жасалған бұйымдар әрқашан ерекше әрі бағалы болып саналады. Сондықтан қолөнер үйірмесі балалардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға үлкен үлес қосады.
Қорыта айтқанда, қолөнер үйірмесі -оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытатын, еңбекке баулитын және ұлттық құндылықтарды насихаттайтын маңызды тәрбие алаңы. Осындай үйірмелер арқылы жас ұрпақ өнерді сүйіп өседі, өз қолымен әдемі дүниелер жасап, болашақта еңбекқор әрі талантты азамат болып қалыптасады.
Н. Абдрахманова, техникалық шығармашылық орталығының
қосымша білім беру педагогі