Жас кезімізде кітап пен газет-журналдарға барынша «ғашық» едік. «Жақсы кітап – жан азығы» дегендей, бір қызық кітап шықты десе оны іздеп жүріп, кітапханаға түссе, ерінбей тізімге жазылып, кезекпен-кезек қолдан-қолға тигізбей ынтыға оқитын жағымды бір қасиет болатын еді. сол кездің адамдарының бойында. Тіпті, ауылдың сиыр, қойын кезекпен баққанда да қолымыздан «Жұлдыз», «Жалын» журналдары түспейтін.
Оқыла-оқыла сырты ақжемге айналған кітаптар мен журналдарды көру тым таңсық болмайтын. Қойшының етік қонышында да бүктелген әдеби журнал жүретін. Малшы демей, қойшы демей, басшы демей күнделікті жаңалықты газеттерден оқып, біліп отыратын. Сондықтан ба кез-келген тақырып төңірегіндегі әңгімені іліп алып, жөнімен жалғастырып, ой-пікір бөлісу үйреншікті дүние еді. Әдебиет саласын да бір кісідей білетін, заманының жазушыларының атын жатқа айтып, кімнің не жазғанын, не туралы жазғанын қиналмай айтып беретін саңлақ оқушылар аз болмайтын-ды. Әркім өз өңірінен қанаттанып, қолына қалам алған жазушыларды сырттан болса да кітаптары арқылы таныс еді. «Өзің өскен аймақтан қандай жазушыларды білесің?» дегенде оларды тізе бастайтығынбыз: Кәрібай Ахметбеков, Әбді Шынбатыров, Илья Жақанов, Әбдеш Қалмырзаев, Берік Шаханов, Қали Сәрсенбай, Дулат Шалқарбаев, Бейбіт Қойшыбаев, ақындар Тынышбай Рахымов, Ескермес Ескендіров, Артығали Ыбыраев, Әлсейіт Әлменов, Төлеу Үшқоңыров, Маралтай Райымбекұлы, жазушы-сыншы Әлия Бөпежанова…. Тағы кімдерді ұмыттық? Ия, айтпақшы, олардың қатарына қарымды қаламгер Пернебай Дүйсенбинді батыл қосуға болады. Жазушылар қатарына қосылғанда ол сонау өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдары атой салып келгенін білеміз. Оқушыларын татымды «жазу-сызуымен» тәнті етіп, өзіне тарта білетін, қызықтыра алатын қаламгер келіп қосылды жазушыларға. Өзінің жүзін көрмесек те кезекпен-кезек баспаларда шығып жатқан әңгімелерін, хикаяттарын ерекше ынтызарлықпен оқыдық. Кейін білдік, Пернебай Алматыда емес, Жамбылда (қазіргі Таразда), Жаңатаста емес, өзінің туып өскен Қаратаудың теріскейіндегі Сарысудың Жайылма аулындағы орта мектепте қатардағы мұғалім-ұстаз болып қызмет етеді екен.
Содан, сыртынан атына, шығармаларымен таныс болсам да соңғы бірер жылда әртүрлі өткізілген іс-шаралар мен кездесулерде жүздесіп, дидарласуға мүмкіндік туды. Міне, сол жерлес қаламгер ағамыз Пернебай жақында 80 жасқа толады екен. «Сол өткенге не бітірдім, не із қалдырдым?» деген сұраққа қайратты қаламгер П.Дүйсенбин ел-жұрт алдында еш қысылмай: «Құдайға тәуба! Жаратқан иемнің пешенеге жазған тірлігін атқарып, ісіме көңілім толып, Алланың сыйлаған, бұйырған бақытына кенеліп жүрген жанның бірімін деп ойлаймын. Ұзақ жыл ұстаз бола жүріп, көптеген жастарды тәрбиелеуге шамам келгенше атсалыстым, қолына қалам ұстап, талпынған жас өскіндерге жөн көрсеттім, қабілетіме қарай біраз әңгіме-хикаялар жазып, оларды кітап етіп шығардым. Ой қуып, ой таразысына салсам, өткен өміріме, артта қалған жолыма шүкіршілік етемін…», деп айтуға оның толық хақысы бар.
Біз білетін ізденуден жалықпайтын жазушы Пернебай Дүйсенбин 1943 жылы 13 қазанда Сарысу ауданының Жайылма ауылында туылған. Жастық шағы сол киелі Қаратау етегінде өтіп, 1960 жылы орта мектепті тәмамдағаннан соң совхозда құрылысшы болып еңбекке араласты. Пернекең мектепте жүргенде тырнақалды туындыларын, шағын өлеңдерін, қысқа әңгімелерін аудандық, облыстық газеттерде жариялап, көптің көзіне түсе бастады. Тіпті, 1958 жылы оның салған бірнеше суреттері ту сонау Мәскеуден шығатын «Пионерская правда», Алматыдан шығатын «Дружные ребята» газеттерінде жарияланып, көпке танылды. Мәскеуде жарияланған «Жайлауда» («В отаре чабана») атты суретіне байланысты сол кездегі КСРО-ның түкпір-түкпірінен және де басқа көрші елдердің балаларынан жүздеген қолдау хаттар алды. Бұл оны қанаттандырып, құштарлығын арттыра түсті. Талпынған жас білім қуып 1962 жылы әл-Фараби (бұрынғы Киров) атындағы ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түсті. 1964-1967 жылдары Украинада әскери борышын өтеді. 1967-1969 жылдары Алматыдағы университетке қайта оралып, журналистика факультетін бітірді. Университетте оқып жүрген жылдары оның қазақ өнері, бейнелеу өнері, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалар Леонардо да Винчи, А.Сикейрос, С.Коненков, Н.Рылов, И.Левитан, М.Сарьян, О.Таңсықбаев еңбектері туралы, сондай-ақ қазақ өнерінің майталмандары Ш.Жиенқұлова, А.Ғалымбаева, Т.Тоғысбаев, т.б. туралы көптеген мақалалары мен эсселері, қызықты танымдық, әсерлі публицистикалық шығармалары республикалық басылымдарда («Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жалын» журналдары және т.б.) жарияланды.
Сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза студент Пернебайды іссапармен Өзбекстанға жіберді. Сөйтіп «Ташкент қайдасың?» деп Өзбекстан астанасына тартып кетіп, белгілі қазақ суретшісі Орал Таңсықбаевтың үйін үлкен шаһардан іздеп тауап, үйінде қона жатып, қылқалам шеберімен апта бойы дидарласып, сұхбат алып, галерея аралап, зерттеу жүргізді. Картиналармен етене танысады. Алматыға келе салысымен көлемді, тартымды эссе жазып республикалық жас-тар газеті «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне жариялатқанын замандастары әлі ұмыта қойған жоқ. Кейінірек, «Мен суретші Орал Таңсықбаев туралы жазылған эссесін оқығанда ерекше әсерде болдым. Пернебайдың суретшінің «Таң алдындағы ән» деп аталатын картинасы бойынша жасаған талдауы тым тартымды шыққан. Таң ауасындай мөлдір, тұнық көкке өрлей көтерілген ән әуенімен биік төбеге қарай баппен көтеріліп бара жатқан қазақ әйелдері туралы ойлары жүрекке еріксіз жылы сезім ұялатады. Сол кезде мен осыны жазған азаматтың да көкірек көзінде бір нұрлы сәуле бар екенін ұққандай болдым. Жансыз картинадан жанды сурет жасай білу де үлкен өнер», деп таңғалыс білдіріпті жерлесі, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов қаламгер П.Дүйсенбиннің 50 жас салтанатты мерейтойында сөз алып.
Әрине, қайнаған орта Алматыда бір газеттің редакциясына орналасып, әрі қарай, қызық қуып жүре беруге де болар еді. Бірақ, дипломы қолына тиген Пернебай өйтпеді. Сол 1969 жылы кіндік қаны тамған туған жеріне оралып, Жайылма ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ бере бас-тады. Суреткерлігін де қалдырмай жас бүлдіршіндерге сурет өнерінен сабақ берді. Өнерлі, талаптанған жастарға әдебиеттің сыр-қырын үйретіп, біразына оңды бағыт-бағдар берді. Уақыт келе балалардың сүйікті ұстазына айналды, тіпті, сол төңіректегі қанаттанып жүрген біраз бүлдіршін талапкерлерге, жас ақындарға ақыл-кеңес беріп, қанаттарын қатайтты. Мектеп директорының орынбасары, директор болып та біраз жыл еңбек етті. Бірақ, оны көбіне әдебиет әлемі, қаламгерлік қызықтырды. Жас балалар әдебиетіне барынша бет бұрып, бірнеше тартымды повестер мен әңгімелері бірінен соң бірі жарық көре бастады. Оның қаламынан шыққан «Кішкентай генералдар», «Біз, Төлепбек атай, самолет командирі және Пальма» атты повестері жас оқырмандарға үлгі боларлық, өзіндік ерекшелігі бар туындылар. Бұл шығармаларды, ең алдымен, балаларға арналған адамгершілік, азаматтық сабағы деп бағалаған абзал. Пернебай Дүйсенбин шығармалары идеялық, көркемдік қасиеттерімен ғана емес, шұрайлы тілімен де дараланады. Көпшілік әр шығармасын жылы қабылдады.
Жазушы 1997 жылы Жаңатас қаласына ауысып, ондаған жылдар жергілікті газеттерде басшылық жасады. Шабыттың сәйгүлігіне қонып, сан түрлі қиялға жол беріп, повестер мен әңгімелерді бірінен соң бірін жазып, олары кезекпен-кезек республикалық газет-журналдарда жарық көріп жатты. Қолы жұмыстан бірер күн қалт еткенде Алматыға жол тартып, белгілі қаламгерлермен ұшырасып, ой бөлісіп, өз творчествосын жетілдіре түсті, тәжірибе жинады. Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин, Тұманбай Молдағалиев, Сейітжан Омаров, Қаржаубай Омаров, белгілі сыншы, ақын, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Бекен Ыбырайымов, Мәди Айымбетов сынды жазушылыр мен журналистер Пернебайдың шығармашылығына көңіл аударып, талдау жасап, бірнеше басылымдарда жарық көрді. Ерінбей атқарған істің арқасында 1979 жылы «Жұлдыздар неге жылайды?» деген лирикалық повесі «Жалын» журналында жарияланды. Оны оқырман қауым жылы қабылдады. Ол 1990 жылы КСРО, 1994 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, әке», «Елгезек ертегілер елінде», «Тектінің тұяғы еді» атты және де басқа кітаптары жарық көріп, оқырмандардың қолына тиді. Өңірдің тарихын жалықпай, тірнектеп жинап, шаң басқан көптеген архивтерді ақтарып, ауыл-ауылды аралап көне қариялармен кездесіп, тың мәліметтер мен көптеген деректер жинап, оларды зерделеп 2003 жылы Сарысу ауданының 75 жылдығы қарсаңында тарихи шежіреге толы танымдық «Шежірелі Сарысу» атты көлемді деректі кітабы баспадан шықты.
Содан, ел шежіресін жинауды қолға алып, ту сонау Атырау, Орал, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған асып, жергілікті көзі қарақты азаматтармен кездесіп, архив материалдарымен танысып, естіген-білгендерін ерінбей қағазға түсіріп, жинағанын «електен өткізіп» тағдыр толқынымен ата қонысынан ауа көшкен Кіші жүздің Шеркеш, Тама, Жағалбайлы, тағы да басқа руларының тарихын, тағдырын, шежіресін арқау етіп, 2007 жылы тарихи-танымдық, деректік, шежірелік, әдеби «Үркердей болып көшкен жұрт» атты үлкен еңбегі жарық көрді. Ал, 2008 жылы тарихи, танымдық, деректік, энцеклопедиялық «Сарысунама» кітабы көпшіліктің қолына тиді. Сол жылы «Шежірелі Сарысу» деректі фильмін дайындап, оның авторы әрі продюссері болды. Сонымен қатар ол Сарысу ауданының гербісінің авторы.
Жазушының 70 жасқа толуына орай 2013 жылы «Ертегілер еліне саяхат», «Шуақты белес», «Арайлы таң алауы» кітаптары әртүрлі баспалардан жарық көрді. Әр туындысының өз ерекшелігі бар. Не жазбасын, терең зерттеп, зерделеп, ой таразысынан өткізіп, әбден «пісіріп» барып қағазға түсіретін қызығарлық жақсы әдеті бар. Қай жазушы өзінің туған өлкесін тура осы Пернебай ағадай қастерлеп, шежіре тарихын жинап, баспадан шығарып жүр? Сарысу ауданының 90 жылдғы қарсаңында облыстық бірнеше газетке ауданның өсу-өркендеу тарихынан мол мәлімет беретін көлемді мақалалар даярлап, олары жарық көрді. Публистикалық еңбектерінде сан жоқ. Оның барлығы жазушының жалықпай еңбектенуінің, ұқыптылығының, ізденпаздығының арқасында деп ұққанымыз жөн.
Қажырлы қаламгер Пернебай аға Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО ОК мен республикалық «Жалын» баспасы бірлесіп өткізген жабық бәйгесінің 1979,1980,1981,1986 жылдардағы лауреаты. 1994 жылғы республикалық «Балауса» баспасының, 1996 жылғы «Парасат» журналының лауреаты. Оның республикалық бәйгелерде алған повестері төрт конкурстық жинаққа енгізіліп, Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көрді. 2013 және 2015 жылдары Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері атанып, 533 автордың арасынан оза шауып, гран-приін жеңіп алды. Жамбыл облыстық «Үздік журналист» конкурсының І жүлдесін иеленді. Пернебай Дүйсенбин 1999-2007 жылдары Сарысу аудандық мәслихатының екі мәрте депутаты болып сайланып, ел-жұрттың тілек-ұсынысына сәйкес белсене қызмет етіп, аудан экономикасы мен мәдениетін дамытуға үлес қосты, елдің құрметіне бөленді. Мақтауға тұрарлық азаматты уақытысында орынды мақтап, құрметтеу парыз. Жерлестері оның көп жылғы белсенді, тындырымды еңбегін бағалап Сарысу ауданының Құрметті азаматы атағын берді. Мемлекеттік орден, медальдардан, «Алғыс хаттардан» кенде емес.
2021 жылы оның проза жанрындағы екі томдығына Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.
Қарап отырсақ, бұның барлығы қолына қалам ұстап, жазушылықпен айналысып жүрген кез-келген жанның басына қона салатын бақыт-жетістік емес.
Сондықтан да Пернебай Дүйсенбиннің шығармаларымен таныс жазушылар оның творчествосына әрдайым көңіл бөліп, ылғи жоғары баға беріп, қалам тербепті. «Пернебай Дүйсенбиннің «Шуақ» әңгімесі шопандар өмірінен, соның ішінде Алғабай тіршілігінен сыр шертеді. Жазушы Алғабайдың болымсыз іс-әрекеттерін көрсете отырып, оның шын мәнінде қандай адам екенін танытуда үлкен шеберлік көрсеткен. Алғабайдың бүкіл харакетінен, сөйлеген сөзінен, үзік-үзік ойынан, автордың тек қана демеп, сүйемелдеп отыратын самарқау баяндауынан шопан ата бірте-бірте қомақтанып, нағыз еңбек адамының сом тұлғасына айналады. Бір қарағанда тартыс та жоқ сияқты, бірақ бағдарлап үңілсең, талай жерде бой көтеруге ұмтылған тартысты Алғабайдың шынайы еңбек адамы ретіндегі рухы жеңіп, оны тұралатып тастап отырғанын аңғарасың. Пернебайдың бұл әңгімесін сәтті шыққан туындылар қатарына жатқызуымыз керек», деген екен жазушы Сайымжан Еркебаев.
«Ал біз қазіргі қазақ ертегісі қандай болуы керек деген сұрауға жауапты жас жазушы Пернебай Дүйсенбиннің «Сары Сөмке және оның достары» туралы ертегі атты повесінен таптық. Оның кейіпкерлері ертектен-ертекке бір қалыпта аумай көшіп жүретін қу түлкі, аш бөрі, қорқақ қоян емес, аты өшіп қалған хан да, уәзір де, тазша бала да емес, кәдімгі күнде қолға ұстап мектепке апаратын Сары Сөмке, сурет салатын дәптер, бояу қарындаштар мен әуелете доп тебетін қонжық….
Повестің тілі де жатық. Кібіртіктемей еркін оқуға оңтайлы. Автор бір тарауда Сары Сөмкені, енді бір тарауда бояу қарындашты, келесі тарауда сурет салатын дәптерді «сөйлетеді». Бірақ сюжет тұтастығының ара-жігі ажырамаған, композициялық құрылысы сәтті», дейді қарымды қаламгер-журналист Жүсіпбек Қорғасбеков.
«…Бұл қара қарындаш пен ақ альбомның бастан кеш-кендері туралы әдемі ертегі. Тілі жеңіл, жатық. Ара-тұра ұшырасатын кібіртіктер өңдей келе жөнделіп кетсе, бұл хикая қазақ балалары үшін ең қызғылықты кітаптардың біріне айналар еді», — деген пікір білдіріпті қабырғалы қаламгер Мұхтар Мағауин.
Жазушының «Саят» повесі туралы сыншы Бекен Ыбырайымов былай деп жазыпты: «…Көргені мол, бала Саят қарау да қайырымсыз тірліктен жаны шошынып безінді. Шәріп атай сатып алып берген ақ тайқарды әкесінің атып салатын сәті Саяттың жан дүниесін ерен күшпен сілкіндірген. Әдемі де әсерлі суреттелетін ситуация. Әкесінің ашуы да, ақ тайқардың атылуы да, Саяттың күйзелісі де-бәрі дәлелді. Қысқасы, шығарманың шарықтау нүктесі бала оқырмандарды селқос қалдырмайтыны сөзсіз. Адам табиғаты мен пейілі оның тірлігіне байланысты, сол арқылы танылатынын П.Дүйсенбин балалар үшін дәлелді, нанымды бейнелеген».
«Пернебайдың үлкен шығармашылыққа барар жолдағы баспалдағы аса күрделі де қасиетті, текті де тегеурінді өнер дүниесін түсінуден, танудан бастау алады. Сөз жоқ, жазушының өнер тақырыбына терең бойлап, оның алуан қыры мен сырын түсінуге, құдіретін өзгенің жүрегіне жеткізуге ниеттенуі көп дүниеге көзін ашты, суреткерлік мұратын айқындай берді» деп жазады жерлес жазушы, журналист Қали Сәрсенбай інісі. Бірде «Алматы ақшамы» газетінен оқығаным бар. Оның бас редакторы Қали Сәрсенбай Пернебай ұстазы туралы тамылжыта естелік айта келіп: «Менің Пернебай Дүйсенбин деген ұстазым болды. Үлкен жазушы, кезінде мықты журналист болды. Алпысыншы, жетпісінші жылдары «Лениншіл жастың» эстетикалық клубы Пернебай Дүйсенбинсіз шықпайтын. Студент кезінде Шерхан Мұртазаның тапсырмасымен сонау Ташкентке барып, суретші Орал Таңсықбаевты жазып келген азамат. Студент кезінде Арменияға барып, армянның әйгілі суретшісі Мартирос Сарьяннан сұхбат алып келген. Сарьян – тоқсанға келгенінде, көзінің тірісінде мұражай ашқан адам. Пернебай Дүйсенбин сол Сарьянмен сұхбаттасу үшін бір жыл бойы стипендиясын жинап жүріп барған. Үш күн бойы кіре алмаған. Ақыры, кіріп, сұхбаттасып, материал жазып келген. Бізге әдебиет пәнін осы Пернебай Дүйсенбин оқытты. Оқытқанда қалай оқытты деңіз! Мысалы, Ілияс Жансүгіровтың «Күй», «Құлагер» поэмаларын өтетін болса, өзінің ескі магнитофоны бар, соны қоса ала келеді. Күй тыңдатады. Ықыластың күйлерін, қобызбен ойналатын күйлерді тыңдатады. Сосын сол күйдің сарынымен, баяу қойып қояды да, «Құлагерді» оқытады. Балаға қанша бағытта білім беріп отыр?! Музыка, күй сарыны өз алдына, мәнерлеп оқуға машықтанасыз. Поэзияның құдіретін сезінесіз. Оның ішінде әртістік қабілет, шешендік те бар. Қазір мектепте осындай мұғалімдер бар ма?
Ауылдағы ең бай кітапхана Пернебай ағайдың үйінде болатын. Жаныңа керек кітапты сол ағайдан табатынбыз. Берген сабақтары қандай қызықты еді, ағайдың айтқан әдебиет пен жазушылар туралы айтқан әңгімелерін бәрлығымыз селт етпей тыңдап,тіпті, 45 минуттың қалай өткенін білмей қалатынбыз. Жанымыз нұрланатын, күні бойы әдебиет сабағы бола берсе дейтінбіз. Бұның сыртында Пернекеңнің іс-тәжірибесі облысқа таратылып, кеңес өкіметінің орденімен де наградталғаны бар. Ол режиссер де болып, қазақтың батырлар жырын сахналап, сол кездегі аудандық халық театрын жұмыссыз қалдыра жаздағаны да бар еді. Сол кезде халқымызға әлі таныла қоймаған арыстарымыздың кейбір есімін сол кісіден естіп едік. Ұстаздың шеберлігі, кереметтілігі, сірә, сол болу керек! Менің журналист-жазушы болуыма сол ағамыздың тәлімгерлік сабақтарының, әдебиетке деген ерекше сүйіспеншілігінің әсері болды-ау, тегі. Сөйттім де қаламды өзіме өмірлік серік еттім. Оған өкінбеймін…» дейді мектептегі ұстазы жайлы жылы пікір білдіріп.
Айтқанымыз жөн, Пернекең, ең алдымен, еліміздегі белгілі балалар жазушысы. Қаламгердің атын аспандатып, даңқын шығарған балалар жайлы жазған дүниелері екенінде ешкім күмән келтіре алмайды. Республикалық «Жалын» баспасынан жарық көрген «Жұмбақ жұлдыз» кітабындағы «Жұлдыздар» неге жылайды?» деген повесті қазақ прозасындағы балаларға арналған шығармалар қорына өзгеше құбылыс болып еңген дүние. Жас қаламгер осы алғашқы кітабымен-ақ әдеби ортаның назарын өзіне аудартты. Аталмыш повестің бас кейіпкері мылқау бала Тайжанның тағдыры, оның көзімен сұм соғыстың салған ауыр зардабы шынайы шындық тұрғыда суреттеледі. Қаламгерлік қасиеттің көрінісін дөп басқан шығармада тілдің тамаша образдығы, повестің көркем мазмұндылығы айрықша көрініс тапқан. Басқа шығармаларының басым көпшілігі балаларға арналған, қайсысын алмаңыз тартымды, қызықты оқылады.
Пернебай Дүйсенбин — халық өнерінің насихатшысы. Оның ұйымдастыруымен белгілі әнші, республикалық «Жігер» фестивалінің және Әміре Қашаубаев атындағы республикалық конкурстың лауреаты Сәуле Жанпейісова мен оның шәкірттерінің өнерін халық арасында кеңінен таратты. Басқа да көзге ілінген жастарды қолдап, өнерге қанат қақтырды. Өңірдегі ұмыт болып бара жатқан бірнеше күйшілерді, шебер домбырашыларды, жыршыларды ерінбей іздеп тауып, олардың шығармаларын магнитофонға жазып, республикалық радиоға, өнер зерттеушілерінің қолына табыстап, ұлттық «Алтын қорына» жаздырды. Ойлап отырсақ, бұл да Пернебайдың ел-жұртына деген ыстық ықыласы, азаматтық өнегелі ісі, қажырлы еңбегі.
Жазушы әрдайым көпшілік ортасында. Жастардың шақыруымен мектептер мен кітапханаларда өткізілетін кездесулерге тартынбай барып тұрады. Оның шығармашылық жолы, қаламынан туған туындылары оқушыларын көп қызықтырады. Пернекеңнің көсіліп әңгіме айта бастағанда оның білімінің кеңдігіне, ойының тереңдігіне таң боласың. Сондықтан болар әрдайым жастар оны ұйып тыңдайды, өмірінен, творчествосынан сабақ алады. Пернебай Дүйсенбин ағаға қызыға қарап, қаншама сыртта, ауылда жүрсе де жазам деген кісіге еш қамал жоқ екеніне көзің жетеді. Халықтың «Жазушы мен ақын жер талғамайды, күй талғамайды» деуі, сірә, бекер болмауы керек.
«Бала кезден кең далаға бауыр басып өскен Пернебайдың сезімтал да, зерек жетілуін жусан иісі жебеген. Ол кішкене кезден-ақ сан түрлі туған жер бояуынан сыр ұқты. Қалам құдіреті сыншыл, жыршыл жүрекке киелі ұғымдай көрінетін. Қоршаған ортаның құпия құбылыстарынан өзінше ой түйіп, оны қағазға түсіру қаншалықты қызық болса, соншалықты қиын екенін аңғарған. Алғашқы өлең, әңгіме жазып, сурет салуды ермекке емес, еңбекке айналдыра бастағаны содан», деп жазыпты Болатбек Төлепбергенов.
Міне, осылай талай азулы жазушы ағайындар Пернекеңнің өзі мен шығармашылығы туралы жылы лебіз-пікірлерін білдіріпті. Оған біздің қосып, алар ештеңеміз жоқ.
Қолға ұстаған қаламыңыз қарымды болып, ізденуден жалықпай, әркез ел-жұртыңыздың құрмет-аясында жүріп, атқарған еңбегіңіз жан рахатына бөлей берсін, Пернебай аға!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Рухани ұстаз
Мен Пернебай Дүйсенбинді кеңестік кезден танитынмын. Бірақ араласып, сыр ашысып көрмеппін. Ол кісі бұрынғы В.И.Ленин атындағы қазіргі Әйтеке би орта мектепте басшылық жұмыста жүргенде бірде-екілі мектептің жаңа оқу жылына дайындығы жөнінде тексеріп барғаным есімде қалыпты.
Басқа мектеп директорлардай емес, жалпақтап, жағынып, жоқты бардай етіп ұзынсонар жетістігін сөз етіп көсілмей мектептің жаңа оқу жылына дайындығын көріп тұрсыздар ғой, дегендей мектептің жетістіктері жөнінде ауыз ашқан жоқ. Сырт көз сыншы деген. Маған терең ойдың үстінде жүргендей көрінген. Республикалық облыстық басылымдарда әртүрлі тақырыптарға жазылған мақалаларын оқып жүрдім. Ой-өрісінің кеңдігі, қиялы тереңге бір жұмбақ әлемнің ішіне тартып бара жатқандай әсер еткен еді.
Кейінірек, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа Сарысу ауданынан ұсынылған 18 кандидаттың тізімінің ішінен Пернебай Дүйсенбиннің аты жөнін көргенімде,ол кісінің рухани ой өрісінің жан-жақты өрістеп, биіктеп бара жатқанын сезгендей едім.
Пернекеңмен жақын танысуым Сарысу ауданы әкімі аппаратына ішкі саясат және әлеуметтік салалар бөліміне меңгеруші болып келуімнен басталған еді. Бұл кез Сарысу ауданының құрылғанына 75 жыл толу мерекесімен тұспа-тұс келген еді. Сарысу ауданының құрылғанына 75 жыл толуына орай кітап шығару жоспарланған болатын. Кітаптың авторы кім болады деген сұрақ тұрды. Аудан әкімі Жуалы ауданының тумасы. Ал кітап Сарысу ауданың 75 жылдық тарихы туралы жазылмақ. Ауданда туған, жазып жүрген журналистер баршылық. Бірақ олардың бәрі аудан тарихын жазудан бас тартты. Ауданда Қазақстан Жазушылар одағының 2 мүшелері бар. Олар Дулат Шалқарбаев пен Пернебай Дүйсенбин. Дулат ағай зейнеткер, сексеннің сеңгіріне жақындап қалған кісі, ал Пернекең ол кісіден жас, әрі жұмыста жүрген, жазушы. Осы кітапты жазу Пернекеңе тапсырылды. Ол кісі аудан тарихына байланысты кітапты жазуға шын ниетімен кірісті. Кітапты жазу үшін аудандық комиссия құрылды. Кітапта қамтылатын материалдар үшін арнайы естелік жасалды. Естеліктегі ақпаратты қамтамасыз етуді мен аудан әкімінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі ретінде қамтамасыз еттім. Барлық қала, ауыл аймақ әкімдері, мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдар бұл іске тегіс тартылды. Пернекең белгіленген мерзімде кітапты жазып шықты. Ол кісі кітапты жазу кезінде күндіз-түні аянбай еңбек етті. Мен сол кезде ол кісінің еңбекқорлығын байқаған едім.
Пернекеңнің бір ерекше қасиеті-ол кісінің мінезі жұмсақ, қарапайым, кісінің көңілін қалдырмайтын, жанашырлық қасиеті мейірімді жүзінен байқалып тұрады, қайырымдылығы алдына бір төбе, артық сөзі жоқ, бар ой-жігері жұмысқа бағытталғанын байқауға болады. Жұмыстан басқа нәрсені ол кісі екінші кезекке қойып жүрді. Осы жолы нағыз еңбекқор жазушының ізденіс үстіндегі еңбегін көргендей болдым. Мынандай бір ерекше жанашырлық қасиетін “Сенім” баспасының қыздары айтқан еді. Сарысу ауданының құрылғанына 75 жыл толуына арналған “Шежірелі Сарысу” кітабы Тараз қаласындағы “Сенім” баспасынан 1000 дана тиражбен басылып жатқанда бірінші беттегі аудан әкімінің суреті тұрады деп сызылған тұғырда сурет жоқ болып шыққан. Ол жерге аудан әкімінің суреті тұруы керек болатын. Кітап 1000 данамен шығып кеткен. Тұғырдың астына аудан әкімінің аты-жөні жазылған. Ал суреті болса жоқ. Ол өзі Сарысу ауданының құрылғанына 75 жыл толу мерекесіне арналып шығарылған кітап. Кітапта аудан әкімінің суретінің жоқтығын байқаған Пернекең баспа қыздарына неге аудан әкімінің суреті жоқ, десе қыздар жан-жақтан жылап қоя береді. Біз енді сотталамыз, жұмыстан босайтын болдық,бала-шағамызды кім асырайды, несиемізден қалай құтыламыз, деп өздерінің кінәсін мойындайды. Пернекеңнен осы жағдайдан құтқара көріңіз деп өтінеді. Пернекең жас қыздарды аяп, өзі кітапқа байланыс-ты жауапкершілікті өз мойнына алады.-Кітаптың бірінші бетіндегі тұғырдың ішіндегі 1000 суретті бір күнде сыртқы көзге білдіртпейтіндей етіп жапсыра аласыңдар ма? Егер жапсыра алсаңдар, жабулы қазан жабулы күйінде қалады, дейді. Ойбай, ағай білдіртпей жапсыра аламыз,деп қыздар бір ауыздан қуанып шу ете қалады. Келістік, деп Пернекең қыздарды бір үлкен қауіптен құтқарып қалады.
Кітап ауданға әкелініп, аудан әкіміне таныстырылады. Аудан әкімі кітапты көріп, авторға рахметін айтады. Бірінші беттегі өз суретіне көзі түсіп, қолымен суретін сипап қалғанда суреттің жапсырылғанын байқап қалады. Айқай, осы жерде шығады. Баспаның директорына қоңырау шалады, абырой болғанда баспаның директоры жұмыс орнында болмай шығады. Аудан әкімшілігінен барған кітапқа жауапты қызметкер де жазасыз қалмайды. Таратылып кеткен кітапты қайтадан жинап алып, қайтадан баспаға өткізіңдер, деп әкім ашу шақырады. Таратылып кеткен кітапты жинап алу бұл кезде мүмкін болмай қалған еді. Сөйтіп Пернекең өгізді де өлтірмей, бұзауды да аш қалдырмай ортақ тіл табуға өзінің абыройын салып, жас қыздардың жіберген кемшіліктерін түзетуге күш салыпты. Бұндай тәуекелге екінің бірі бас тіге бермейтіні ақиқат.
Бала кезден кең далаға бауыр басып өскен Пернебайдың далаға деген сезімталдық қасиеті ерекше сипат алғаны кездейсоқтық емес. Ол дала табиғатының сырын, құпиясын түсініп, оны білуге құштар жан болды. Ол кішкене кезден-ақ сан түрлі туған жер бояуынан сыр ұқты. Қалам құдіреті сыншыл, жыршыл жүрекке киелі ұғымдай көрінетін. Қоршаған ортаның құпия құбылыстарынан өзінше ой түйіп, оны қағазға түсіру қаншалықты қызық болса, соншалықты қиын екенін аңғарған. Алғаш өлең, әңгіме жазып, сурет салуды ермекке емес, еңбекке айналдыра бастағаны содан. Ол мектепте оқып жүрген жылдары тырнақалды туындыларын-өлеңдерін, әңгімелерін аудандық, облыстық газеттерде жариялады. 1958 жылы оның салған суреттері Москвадан шығатын «Пионерская правда», Алматыдан шығатын «Дружные ребята» газеттерінде жарияланып, көпке танылды.
1964-1967 жылдары Украинада әскери борышын өтеді. 1967-1969 жылдары университетке қайта оралып, журналистика факультетін бітірді.
Университетте оқып жүрген жылдары оның қазақ өнері, бейнелеу өнері, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалардың еңбектері туралы көптеген мақалалары мен эсселері,танымдық, публицистикалық туындылары республикалық басылымдарда молынан жарияланды. Олардың қатарында Леонардо да Винчи, Сикейрос, Рылов, Коненков, Сарьян, Левитан, Орал Таңсықбаев, Шара Жиенқұлова, Айша Ғалымбаева, т.б. болды.
Пернебай Дүйсенбин 1943 жылдың 13 қазанында Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Жайылма ауылында дүниеге келген.
1960 жылы мектеп бітірген соң туған ауылында құрылысшы болып жұмыс істеді. 1962 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсті. 1964-67 жылдары Кеңес Армиясы қатарында қызмет етті. Әскерден келген соң оқуын жалғастырып, оны 1969 жылы тәмәмдап, туған ауылына мұғалім болып орналасты. 1973-1987 жылдары В.И.Ленин атындағы орта мектеп директорының орынбасары, 1987-1992 жылдары мектеп директоры, 1992-1997 жылдары мектеп психологы болды.
1997 жылы “Қаратау кеніші” газетінің қызметкері, 1998 жылдан ақпарат бюросының бастығы-газет редакторы.
2003 жылдан бастап аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы қызметін атқарды.
Жерлес жазушы, журналист Қали Сәрсенбай Пернебай Дүйсенбин ұстазы туралы былай деп еске алыпты: “Менің Пернебай Дүйсенбин деген ұстазым болды.Үлкен жазушы, кезінде мықты журналист болды. Алпысыншы, жетпісінші жылдары “Лениншіл жастың” эстетикалық клубы Пернебай Дүйсенбинсіз шықпайтын. Студент кезінде Шерхан Мұртазаның тапсырмасымен сонау Ташкентке барып, суретші Орал Таңсықбаевты жазып келген азамат. Студент кезінде Арменияға барып, армянның әйгілі суретшісі Мартирос Сарьяннан сұхбат алып келген. Сарьян-тоқсанға келгенінде, көзінің тірісінде мұражай ашқан адам. Пернебай Дүйсенбин сол Сарьянмен сұхбаттасу үшін бір жыл бойы стипендиясын жинап барған. Үш күн бойы кіре алмаған. Ақыры, кіріп, сұхбаттасып, материал жазып келген. Бізге әдебиет пәнін осы Пернебай Дүйсенбин оқытты. Оқытқанда қалай оқытты деңіз! Мысалы, Ілияс Жансүгіровтің “Күй”, “Құлагер” поэмаларын өтетін болса, өзінің ескі магнитофоны бар, соны қоса ала келеді. Күй тыңдатады. Ықыластың күйлерін, қобызбен ойналатын күйлерді тыңдатады. Сосын сол күйдің сарынымен, баяу қойып қояды да, “Құлагерді” оқытады. Балаға қанша бағытта білім беріп отыр?! Музыка, күй сарыны өз алдына, мәнерлеп оқуға машықтанасыз. Поэзияның құдіретін сезінесіз. Оның ішінде әртістік қабілет, шешендік те бар. Қазір мектепте осындай мұғалімдер бар ма?
Пернебай ауылдан ұзаған адам емес. Кейіпкерлері де, кішкентай достары да қара сирақ ауылдықтар. Жазушы оларды жақсы түсінеді. Талғам таразысына салып талай толғантқан да. Кейде өзі жалғыздықтың күйін кешетіні бар. Маңындағы қалың қауымнан пікірлес пенде іздеп бәйек болу кімге оңай? Қазір жазушы жанына ойлы жанармен үңілер үндестіктің ғайыпқа сайғаны шындық. Әдеби шығармаларда кездесетін жалғыздық шырмауы, міне,-осы. Дегенмен ортасын іздеп елегзіген қаламгердің меселі бұдан қайтпаса керек. Қайта теріс аққанға қарсы тұрып, оң ағызу үшін талпынысы бәрінен де пәрменді.
Әлбетте, бүгінгі жазушы жауапкершілігі жеңіл жазушыға ұқсамайды. Өйткені уақыт осыған бағыт алған.
Жоғарыдағыларды Пернебай түсінеді. Қолы қалт еткенде ересектер тақырыбына, замана тынысын тап басар туынды жазуға ниет білдіретіні сондықтан.
Пернебай Дүйсенбин-көрнекті балалар жазушысы.
Пернебай Дүйсенбин 1999-2007 жылдары Сарысу аудандық мәслихатының екі мәрте депутаты болып сайланған. Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбиннің өмір тарихын-аудан тарихынан бөліп қарауға болмайды. Оның өмірі-аудан тарихымен біте қайнасқан. Бірге. Оларды ажыратып бөлуге болмайды. Ол ауданның құрылу тарихынан бастап, бүгінгі өмір тынысын бөліп қарамайды. Аудан тарихынан кейін ауданның рухани өміріне бет бұрған жазушы. Ол аудан халқының ата-тегін жазуға да ден қойған, халықтың ата-тегі жөнінде шежірені танып білуіне де көзін ашып, білгенін халыққа үйретуден жалықпайтын жазушы. Бір сөзбен айтқанда өмірдің қандай саласы болса да Пернебай Дүйсенбиннің қаламынан тыс қалған емес. Оның шығармаларынан рухани ұстаздық лебі аңқып тұрады. Кейіпкерлерін жанындай жақсы көріп, табиғатты елжірей отырып суреттейтін, қасиетті дәстүрімізді жаңғырта, нәрлендіре түсетін жазушыға шығармашылық ғұмыр беріп, ақылман аға тұлғасы биіктей берсін демекпіз…
Майлыбай Смағұлов,
Қазақстан Республикасы
Журналистер одағының мүшесі
ТАЅСЫЌБАЕВ. САРЬЯН. ДЇЙСЕНБИН.
1958 жылдың жазы. Маятастың түбінде отырған шопан Дүйсенбі қарттың үйіне Сарысу аудандық «Социалистік шаруа» газетінің редакторы Ұзақбай Төлеуов (Ұзақ Бағаевтың курстасы) бастаған бір топ кісі сау етіп келе қалды. Жүрістері шұғыл журналистер озат шопанның озық тәжірибесін облысқа таратуды межелеп келген.
Осы күндері жазғы демалыс кезінде сегізінші кластың оқушысы Фермебай да әкесіне қолғабыс етіп жүреді. Үнемі терезе алдында сурет салып отыратын балақай журналистік аңғарымпаздығы басым редактордың бірден назарын аударады. Көздеп келген шаруасы жайына қалып, ол бала әлеміне еніп кетеді. Фермебайдың салған суреттері сондай мазмұнды, мағыналы болып шығады. Мәскеуден шығатын «Пионерская правдаға» (1 миллионнан астам тиражбен тарайды) «Малды ауылда», өзіміздің «Дружные ребятада» бірнеше суреті жарияланыпты. Осы туындылары туралы оған республиканың, көршілес елдердің оқушыларынан мыңдаған хат келген. Көп достар тапқан. Олар қымбат бояу, қарындаштар, альбом салып жіберген. Солардың бірсыпырасы кейін белгілі адамдар болды. Мәселен, Ригадан хат жолдаған Анна Шметкова «Рита» фильмінің бас кейіпкерін сомдапты. Ол кейіннен танымал актрисаға айналды. Фермебай сурет¬тен қолы қалт еткенде чайнворд, кроссворд, ребус құрастырумен де айналысады екен. Ұзекең бір-екеуін шешіп көруге талаптанып еді, кәдімгідей терледі. Қысқасы, жас балғынның бойындағы қабілет ұшқындары редакторды риясыз күйге бөлейді. Облыстық «Еңбек туы» газетінің қызметкері, курстасы Анарбек Айтбаевқа «мына бір кереметке назар салшы», – деп мөлдіретіп хат жазып, қуанышын бөліседі. Содан «Еңбек туында» «Хаттар сыры» деген мақала жарық көреді. Қазақы ырыммен «фермебастық болсын» деп қойылған Фермебай деген аты кейін үлкен күшпен өзгертілген Пернебай Дүйсенбиннің үлкен өнерге қанат қағуы, бұлақтың көзі ашылуы осылайша облысқа танымал екі журналистің арқасында мүмкін болды. Өндірдей кезінен «Огонек» журналын құшақтап жататын ол ұлы суретшілердің картинасына тамсана қарап, олардың өмірін ежіктеп оқып, түсінбеген сөздерін қойын дәптеріне түртіп алып, ауылға барған соң кітапханадағы сөздіктен қарап, іңкәр ізденісін өзінше жетілдіретін. Жылдар өткен соң Фермебай Алматыға келіп студент атанған соң оның аңсары мүлдем басқа кеңістікке бет бұрды. Әуелдегі суретші болсам деген арманы журналистикамен алмасты.
Алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың басындағы «Лениншіл жас»… Біз, жалынды комсомол оның әр санын асыға күтетінбіз. «Күмбез», «Маздақ», «Өркен»… Әр рубрикасы мен клубында жарияланған жазбалар соншалықты тартымды, тағылымды еді. Соның бірі – «Аққу» эстетикалық клубы. Ж.Нәжімеденовтің Абыл жөніндегі күй тілімен жазылған толғанысы, О.Бөкеевтің Айвазовскийдің «Тоғызыншы валы» туралы теңіздей буырқанған тебіренісі, Б.Мекішевтің, Т.Рақымжановтың жарияланымдары, қай-қайсы болсын, ынтызарлықпен оқылатын. Қысқасы, біз «Лениншіл жасқа» ғашық едік. Осы бір жылдары ҚазМУ-дың журналистика факультетінің албырт студенті Пернебай Дүйсенбиннің жазбалары да «Аққуда» тоқтаусыз жарияланып жатты. Оның дарыны да, арыны да әу дегеннен ешкімге ұқсамады.
П.Дүйсенбин «Тау мен дала жыршысы» атты ғажап эссе жазып қайтты. «Лениншіл жастың» лездемесінде Шерағаң аузының суы құрып мақтады. Елге келген соң Пернекең суретшінің жары Елизавета Николаевнаға хат жазып, К.Байсейітованың жаңа жарық көрген төрт пластинкасын, Мұхаңның шағын бюстін қоса салып жібереді. Кейіннен Елизавета Николаевнаның жазған жауап хаты соншалықты әсерлі болды. Орал аға Күләштің дауысын тыңдап, Мұхаңның бюстіне ұзақ қарап, көңілі босапты. Сол күннен бастап суретші сағыныш аралында өмір сүрді десе де болғандай еді. Дейтұрғанмен де өзбек өкіметі оның елге деген сағынышын сейілту жолында да жанкешті жұмыс жасағанын айту парыз. Ташкенде өткен алапат жер сілкінісінен соң суретшінің туындыларын сақтап қалды. Екі қабатты зәулім үй салып берді. Оған деген ел азаматтарының құрметі шексіз болды. Мына бір жағдай осы ойымыздың бір ғана ақсамас айғағы болуға жарап қалар.
«Ыстықкөлдегі кеш» атты ғажайып пейзаждық туындысын жазу үстінде әншейінде тау мен даланы бедерлеуде алдына жан салмайтын суретші қиын хал кешеді. Бітіп тұрған дүние көрінгенімен, кешкі шапақтың көрінісі көңіліне қонбайды. Ондаған жобасын жасаған болар-ау. Суретшіні бұл азаптан құтқарған әңгімені де Пернекең өз аузынан естиді.
Пернекең бала күнінен Ықылас, Сүгір, Көзбенбет күйшінің көзін көріп, күні кешеге дейін өнер төккен Сағынтай Елепановпен көрші тұрды. Жарықтық өте сыпайы кісі еді дейді көзкөргендер. Дәулет, Жаппас, Генералдар бұл шаңырақтың құтты қонағы болып, бір марқасын жемей тарқамайтын. Бала күнгі әсер ұмытылмайды ғой. Сағынтайдың қобызын ұлы Сейділдә ұстап қалды. Іңірде естілген қобыз үн бір ауылды тербеп тұратын. Бірақ ол кейінгі жылдары тағдырдың жазуымен қобызды ұстамай кетті. Сол өкінішті бір заманда «Лениншіл жасқа» «Сейділдәнің сағынышы» деп жазып едім. Пернекең сол Сағынтайдың саздарын көзі тірісінде өз тартуында магнитофонға жазып алып, бүгінге жеткізді. Аудандық «Социалистік шаруа» газетінің фототілшісі Кеңес Бегулиев түсірген суретті сақтады. Онымен қоймай, 10-класс оқушысы осы суретпен қоса 1959 жылы облыстық газетке күйші туралы мақала жазады. Белгілі өнертанушы, қобызшы Саян Ақмолда бүгінде Сағынтай мұраларын жинақтаумен айналысып жүр. Осы жолда көптеген құнды деректерді Пернебай ағадан алып, мол қазынаға кезіккенін әр кезде кеуде толы қуанышпен айтады.
Бұл кісі ұзақ жылдар алыс ауылдағы мектепте ұстаздық етті. Одан ұтты ма, ұтылды ма білмеймін, бірақ біздің ұстаздан бағымыз ашылды. «Ағайдың, тек қана осы кісінің сабағы бола берсе екен», – дейтін бар бала. Оның дәрісін тыңдаған ең сотқар баланың өзі бірер жылда озаттар сапына қосылатын. Иығына қапшығын іле салып, ел ішіне, табиғат аясына саяхатқа жиі алып шығады. «Желдің уіліне, судың сылдырына, құстың үніне құлақ түріңдер. Соны жазып келіңдер», – дейді. Содан жатпай, тұрмай шығарма жазамыз. Ауыл сахнасында талай тамаша спектакльдер қойды. Актер боламыз деп желпіндік. Болармыз, болмаспыз жан дүниемізде бір сілкіністер жүріп жататын. Біз ойын емес, ой баласы болып өстік. Ол осылайша бала шәкірттің балғын санасына ізгілік дәнін септі. Бүгінде шетінен қайраткер тәрбиелеген ұстазға осы жасында қайраткерлік атақтың ресми берілмеуі де біздің қоғамда жаңалық дей алмаймыз, әрине. Ол ауыл адамдарының есінде аңыз адам болып қалды. Салған үйі де ешкімге ұқсамайтын. Толстойдың Ясная Полянадағы үйіне ұқсатқан дейтін білетіндер. Сол үйдің алдына қара үй тігіп, қыстың қақаған қара суығында қара пешті маздатып қойып, жазу жазады екен дегенді де еститінбіз. Ал енді бұл кісінің кітапханасын мен әлі күнге еш жерден кездестірген жоқпын. Бір қабырға әлемдік классика. Енді бір қабырға әр елдің бейнелеу өнерінің шеберлеріне арналған т.б. Ұсталығы, ісмерлігі өз алдына. Кітап сөрелерінің бәрі өз қолынан шыққан. Оның сыртында бір бөлме ұлт құндылықтары, жәдігерлер, осылай кете береді. Футболшы бір матчта 11 шақырымнан астам жүгірсе, біздің ағай аудан мен екі арадағы он екі шақырымда жыл он екі ай автобусқа міну қаперіне кірмейтін. Міне, осындай бір кісінің санасына сыймайтын ерекшеліктермен өмір сүру дегенді сіз қалай елестетесіз? Бала шәкірт сол ғажайыпты да қимай-қимай Алматыға келдік қой. Тіпті әр демалыс сайын ауылға, ағайға асығып тұратынбыз.
Бағамдар болсаңыз, мақалада қаламгер Дүйсенбиннің өзге қыры мен сырын ашуға талпыныс жасалды. Таңғажайып тенор Аманкелді Сембин де сурет салған. Бірақ бұл кісінің суретшілігіне қатты қызыққан. Тіпті қоярда қоймай «Құрманғазы» атты портретін аттай қалап алған. Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романының желісімен салған суреттері де қолды болып кеткен. Бүгінде «Қос қыран. Бауыржан мен Панфилов» картинасы Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы мұражайында тұр. Әу бас-та суретші болуға тас түйін бекінген оған туыстарынан бастап өре түрегеліп, қарсылық білдірді. Оның үстіне бойымыздағы суретшіні бояушы деп қабылдайтын кенже түсініктің де кері әсері болмай қойған жоқ. Ол бәрібір бұл бағыттан алыстамады. Бейнелеу өнерінің қыр-сырын ашқан симфоньятта іспетті жарияланымдар жазушылық жолға бағытталған жанкешті жаттығулар іспетті еді. Көп ұзамай әдебиетке «Жұлдыздар неге жылайды?» повесімен ентелеп емес, әдеппен келіп кірді. Курстасы, көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кәдірбек Сегізбаев «Шіркін, Жұлдыздар неге жылайды?» режиссері табылса, қандай ғажап фильм шығар еді», – деп жазды «Егемен Қазақстанда». Кіл бір жүрек тербер монологқа құрылған лирикалық повесть бірден оқырман ықыласын туғызды. Баяғы бала күніндегідей хаттар қаптады. Мектепті алтын медальмен бітірген оқушы Зылиха Анабаева көз жасын тыя алмағанын жазса, оралдық оқушы М.Сәрсенбаева бұл кісінің шығармаларын оқығанда, Айтматов туындыларымен үндестігін аңғарғанын айтады. Кейде әріптестер оның ішінде қалыптасқан қаламгерлердің өзі жақауратып (бәлкім, ішкі рухани сараңдық), жалпылама айтқандарынан гөрі, қарапайым оқырманның пікірі шынайы шығып жататынына көз жеткізуге болады.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан суреткер әлі де жарау аттай. Түрлі бағыттағы ізденістерін сәтті жалғастырып жатыр. Оған әу бастан тосын тәсіл – көзқарастар, қайшылықтар жағдайында жұмыс істеу тән. Әдебиетте роман-эсседен бөлек соның ағайыны іспетті новеллалардан тұратын романдар бұрыннан бар. Мәселен. О.Гончардың «Тронка», О.Генридің «Корольдар мен капустасын» соған жатқызуға болады. Бүгінде Пернекең де түрлі оқиғалар мен мінездер жиынтығынан тұратын «Өмір-иірім» атты роман-мозаиканы аяқтап, баспаға тапсырды. Қайран Ақаң, курстасы Ақселеу Сейдімбек бірде бәзбіреулермен бас қосып, мазмұнсыз, мағынасыз сөздер белең алып, надандық исі шыға бастағанда «Пернебай елге кетіп, сендердің жолдарың ашылды ғой, ол Алматыға, осы ортаға керек еді» деп, рухани үрдістегі болмыс-бітімі бөлек әңгімені сағынып, қамыққан көңілін жасыра алмаған екен. Талант қайда да талант қой. Сол Пернекең ауылда жүріп те Алаштың ардақтысына айналды. Бұдан артық атақтың керегі бар ма?!
Қали СӘРСЕНБАЙ,
жазушы, журналист
Тәжі ќарттыѕ кґз жасы
Xалықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы
Пернебай Дүйсенбин 13 қазанда 80 жасқа толады. Жуырда ол алты бөлімнен тұратын «Өмір-иірім» атты жаңаша сипатты роман-мозаикасын аяқтап, баспаға тапсырды. Жазушының мерейтойы қарсаңында біз сол романның «Қоңыр иірім» атты бөліміне енген «Тәжі қарттың көз жасы» әңгімесін оқырмандарымызға ұсынып отырмыз.
Осы бір ерек мінезді қарттың сыртқы бітім-пішімі де, қимыл-харакеті де менің есімде ұзақ сақталып қалыпты. Әрдайым әрқалай орталарда сол кісінің қайталанбас қылығын еске алып, әңгіме қылып қоятынмын. Тосын тыңдағандар күлісетін де, көрген-білген жандар, сөзімді растап, бас шұлғысатын. Ересектеулері еріксіз езу тартып қойып:
— Жарықтықтың мінезі қызық еді-ау! – деседі.
— Өй, боқтағанда да түбін түсіретін! Бірақ зілі жок еді.
— Әйелдер жағы: «Сасқалақ қайнаға» — демеуші ме еді?!
Иә, рас, рас!
— Нәкен байғұс та бір момын жан еді ғой, марқұм! Тәжекеңнің мың сөзіне бір-ақ жауап қатып: «Ой, Тәтеке-ай!» — деп жеңіл кейіс білдіріп қана қоюшы еді.
Ауыл ересектері бір бас қосқанда Тәжі ата төңірегіндегі әңгіме көп өрбімей, келте қайырылды.
Өзге өріске қоныс аударған қысыр әңгіме ағысы басқа арнаға ауысып кете барды.
Менің көз алдыма тура осыдан алпыс бес жыл бұрынғы екі оқиға қайта оралды. Ол екеуі де бір-бірімен сабақтасып, селбесіп жатқан жайт болған соң оқырмандарға ретімен баяндауды жөн көрдім.
Үшбас өзенінің оңтүстігіне орналасқан біздің үй қойма меңгерушісі Оразбай молда отыратын бұлақтың оңтүстік-батысында қоныс тепкен еді. Калинин атындағы колхоздың барлық малшыларының құт мекен, жаз жайлауына айналған осы алапта бір-бірінен қол созым жерде жайланған қойшылар ауылы бір-бірімен іргелес, тақау отырады.
Бір-бірін ерулікке шақырысып, бір-бірімен шұрқыраса көрісетін осы бір жазғы шақтың жадыраңқы қалпы жалпы жұрттың көңіл-күйін көтеріп, кеуделерін қуанышқа кенелтетін. Осы сергек күйді өзен бойын кезіп, толас таппайтын біздер тіпті өткір сезінетінбіз. Кешке жақын төсекке сүріне құлап, тамағымызды ішер-ішпестен жастыққа бас қоятын дағдыдан әлі ажырай қоймаған кезіміз.
Інім Баян бір кесе сүтке нанды малып алып, бұралай күйседі де, төсекке құлай кетті. Сәлден соң қор ете қалды.
Мен әлі ұйықтай қойған жоқ болатынмын. Сырттан ит үрді. Құлағыма әлдененің аяқ дүрсілі естілгендей. Басымды көтеріп алып түрулі іргеден сыртқа көз салдым. Кішкене жылғадан бері сұр есегін қарғытып өтіп, үйге қарай салып ұрып келе жатқан Сағындық екен. Иманберлі атамның баласы. Менімен құрдас. Татулығымызда шек жоқ.
Апам сыртта жүрген. Мен сыртқа атып шықтым.
— Атам қайда, апа?
— Үйде.
— Көкем келсін деп шақырып жатыр.
— Е, жай ма?!
-Білмеймін! Әйтеуір ауылдағы аталардың барлығын шақырыпты.
— Немене, мал сойып па едіңдер?
— Сойған.
— Ерулікке өткен жұмада шақырған еді ғой.
— Ерулік емес! Әйтеуір, көкем Тәжі атам үшін шақырамыз деді.
-Е, Сасқалақ қайнаға бір жаққа көшкелі жатыр ма?!
— Білмедім.
Апам үйде жатқан әкеме айқайлады.
— Әй, анау Апырым қайнағанікі шақырыпты.
Апамның «Апырым» деп отырғаны – Иманберлі атам, яғни Сағындықтың әкесі. Ауыл әйелдері солай дейді.
Іштегі әкем:
— Неменеге? – деді. Үнінде кейістік сызы бар.
— Е барған соң білесің де!
— Мына белі құрғыр айналып, мазамның болмай отырғаны.
-Қой, жоқты сылтау қылмай. Бар! Ұят емес пе?!
Әкем жөткірініп, аласа маңдайшалы киіз үйден еңкейіп шығып келе жатты…
— Апа, мен де барайыншы көкеммен бірге.
-Е, әкең ертсе бара бер.
Мен қуанып кеттім де Сағындықтың есегінің артына жармастым…
Біз барғанда, қолға су құйылып, үлкен дәм тартылғалы жатыр екен.
Ыршым апам қуанып қалды.
— Е, келе қой. Сағындық екеуіңе анау ағаш тостаққа салып берейін.
Мен тамақты жеп отырып, көз астыммен төр жағалай отырғандарға көз салдым. Төрдің қақ ортасында Мұса атам отыр. Толықша, қызыл шырайлы келген жүзімен айналасына сергек қарайды. Оның қатарында Тәжі атам. Қарсысынан ағы көп қаба сақалының орта тұсы бұйраланып, ұшына қарай сүйірлене біткен. Қоңқақтау келген мұрнын анда-санда салалы саусақтарымен сипап қояды. Онымен іргелес отырған Тиыштықбек атам мен Балмағанбет атам қысқа қайырым тіл қатысып, әредік бас изесіп қояды. Ақ көңіл, бала мінезді Әлібек атам бізден сәл кешігіп келген әкеме дереу ығысып, шығыс қанаттан орын босатты. Оразбай аға мен елгезек мінезді диірменші Ерден екеуі көкеммен орындарынан атып тұрып сәлемдесті.
— Әй, Дүйсенбі, мына бала шалалық қылыпты. Хабар кеш тиді деп ренжіме!
— Жо-оқ! Неге ренжиін, Имеке! Малдан бүгін өзім де кештеу келдім.
— Е, оқасы жоқ. Иманберлі атам еңсеріле бұрылып:
— Әй, Ыршым, дәміңді әкел, — деді алдын жапқан қаба сақалын салалай сипап қойып.
Үлкен екі табаққа тартылған етке тең бөлініп, тамақ жеуге кіріскен қариялар аракідік, қысқа қайырым ғана тілдеседі. Өрби дамып, өріс ашар әңгіме әзірге айтыла қойған жоқ. Шетте, бізбен іргелес отырған екеуі бір-біріне сыбыр ете қалды. Құлағым «Тәжі» деген сөзді шалып қалды. Мен елең еттім. Бағана Сағындық та апама сол кісі туралы айтқан. Дәм желініп болды. Қолға су құйылды.
Мен алқа-қотан отырған аталардың жүзіне барлай қарап отырмын. Неге екенін қайдам, араларында бұрынғыдай емен-жарқын әңгіме, әзіл-оспақ, қағытпа қалжың ұшқыны қылаңытпай отыр.
Тәжі атам басын тұқшитып алып, кішкене кездігімен шынашақтай шарғы арша ағашынан тіс шұқығышын кертіп алып, ұштап отыр. Анда-санда қабақ астынан айналасына ақырын бұқпалай көз тастап қояды. Әлденеден сезіктенетіндей сыңай бар.
Үй ішіне үйездеген үнсіздікті Иманберлі атамның тереңнен тынысы алып, жөткірінген дыбысы бұзып жіберді. Тәжі атамның бурыл, бұйра сақалы селт етіп, сүйем көтерілді де, қалт тұрып қалды.
Иманберлі атам оған қарай еңсеріле бұрылып алып:
— Тәжеке! — деді. Арада аз-кем үнсіздік қайта орнады.
— Тәжеке, мына жұрт мұнда тектен-тек келіп отырған жоқ. Алдымыздағы ағамызсыз. Десек те… Ол қайтадан кідірді.
Тіктеген кеудесі қайтадан еңкіш тартты. Тәжі атам оған бір шақшия қарады да, қабағын түйіп ала қойды.
— Десек те сізден өтінер бір жай бар.
-Е, ол не?! Тәжі атамның үні қатқыл шықты.
— Мына алдыңызға бас қойып, дастарқанға ас қойып отырған себебіміз де соған байланысты.
Отырғандар екеуінің арасындағы қысқа қайырым жауаптасулардың ақырын бағып отыр дерсің. Әлдеқалай сөз қосудан да тайсақтайтындай. Артық ауыз сөзді Тәжінің еш көтермейтінін барлығы біледі.
Апамдар: «Сасқалақ қайнағаның көмейжыны дүлей ғой. Бірақ қайтымы шапшаң», — деп отыратыны құлағымда.
— Жасыңыз пайғамбар жасынан асты. Енді…
— Не демексіңдер сонда?
— Дейтініміз көп, бірақ айтар тілегіміз аз.
— Қандай тілек?!
Алқа-қотан отырғандар қозғалақтап қалды. Балмағанбет, Тиыштықбек атамдар тізе нұқысты. Әлібек атам жымың етті де қозғалақтап қойды.
Иманберлі атамның үнінде енді сенімділік пайда бола бастағандай.
— Тәжеке! Айтар тілегіміз біреу-ақ!
— Әй, айтсаңшы енді! Әйтпесе…
Соңғы сөзін айтты да түйіліп қалды. Шалғы мұртының ұштары жыбырлай бастады. Ол аз-кем қозғалып, ереуілдей көтерілді де, қалт тұрып қалды.
Иманберлі сәл іркілді де, сөзді іліп алып кетті.
-Тәжеке! Тура сол «әйтпесеңізден» соң айтылатын кеселді сөздерден арылыңыз. Осы көптің тілегі – сол!
Төрде отырған Мұса гүрілдек үнімен жедел тіл қатты.
— Тәжеке, ініңіз осы көптің ойын дөп айтты. Сол көмейжынға тоқтау салар жасқа жеттіңіз. Оның үніндегі батылдық бағанадан бұйығы отырған жұртты серпілтіп өткендей. Еңселері тіктеліп, күн қақты жүздерін жылы леп желпіп өтті.
Әр тұстан:
-Дұрыс қой!
-Дұрысы сол! – дескен үндер естілді.
— Тәжеке, көп тілегін естідіңіз. Ата сақалыңыз ауызға түскен шақта кімге болса да найсап, боқтау сөз айту – мұсылмандыққа жат нәрсе. Ол қайсымызға да жарасатын қылық емес.
Тәжі көзін төмен салды. Өңі сынық тартқан. Алғашқыдан бәсеңдеу үнмен.
— Алпыс жылғы әдетті сылып алып таста дейсіңдер ме сонда?! – деді.
Тиыштықбек ұяңдау сөйлеп:
— Тән кеселі емес қой, өзіңізді өзіңіз қолға алыңыз.
Әсіресе анау Нәкен жеңгемізді аяғаныңыз жөн. Әкеден боқтайсыз, ол – атаңыз. Шешесінен боқтайсыз, ол – енеңіз. Тегінен боқтайсыз…
— Әй, жетті енді! Доғар!
— Жалпақ, сүйекті алақанын әнтек алға созды. Айналасынан араша сұрағандай.
— Не дейін енді? Жеген асымды желкемнен шығардыңдар ғой, түге!
— Не дейміз! Тентек әдетті сыртқа тебіңіз, көмейжыннан арылыңыз, — деді диірменші Ерден сыпайы жұмсақ үнмен.
— Қансіңді әдет сылып тастайтын жара емес қой, жандарым–ау!
— Жаман қылықтан іргесін аулақ салған жанға Алланың шапағаты тиеді деген, Тәжеке. Құранда осы ой айтылған, — деді Иманберлі.
— Ойпырым-ай! Пайғамбар, Құранмен алдымды орап, адымымды тұсадыңдар-ау! Жандарым-ау, қинадыңдар ғой, түге!
— Сол өз аузыңыздан шыққан Құранды ұстап, мына көпке сөз беріңіз. Көмейжыннан іргені біржола аулақ салғаныңыз жөн. Көп тілегі – осы! Иманберлі соңғы сөзді зор салмақпен кесіп айтты.
Отырған жұрт үнсіз қалды.
Тәжі басын төмен салып, тұншығып отыр. Ақ қырау шалған қалың қасы қабақ ырғағымен ауыр қозғалады. Әлден кейін ауыр дем алып, терең күрсін де:
— Құранды беріңдер, — деді.
Иманберлі кереге басына ілулі тұрған былғарымен қапталған Құранды алып, Тәжінің қолына берді…
***
Арада ай өтті. Біздің үй Жон өлкесінің Шошқабұлақ дейтін шұрайлы жеріне көшіп келгеніне көп болған жоқ-ты. Ол кезде колхозда қой мен қозыны бөлек бағатын. Ферма бастығы Рақым әлдебір себептермен қозышы Әлібекті ауыстырып, орнына Тәжі атамды әкелді.
Шіліңгір шілде ыстығы енді басталған кез.
Қапсағай қырқадан майда қадамдап құлаған күлгін түстес көлеңке қоңсылас қонған қос киіз үйді өз қоюымен бипаздай шомылдырып келе жатты. Аңқаны күні бойғы кептірген аңызақта қою көлеңкеден жылыстап, ойпаң ойысқа қарай бұқпантайлап шегініп бара жатқандай.
Сағат бұрын жамырап, мауқын басқан қозыларды тездетіп бөлу – малшылар үшін оңай шаруа емес.
Бала-шаға, бау-шарбағы қалмай, қолға бір-бір таяқ, қару ұстап, қозы бөлуге шықтық. Ашық қора төріне қой-қозыны шоқтай қылып иіріп, қой бастайтын қайқы қылыш мүйізді қос серкені қақпалап, сыртқа шығардық. Әр тұстан «шайт-шайт», «қайт-қайт» деген жарыс-па, тоқтау, тоспа сөздер қабаттаса шығып, қос серке кеткен бетті алып, ұзын таяқтарымызбен елеуреген қойлардың аптығын басып жатырмыз. Көп қозы енелерінен бөлініп, ортаға ұйыса бастайды. Ал телі-тентектері, жытқыр-жылпостары өлермендікпен өзеуреп, сықпа көпірден сығылысып, орғи өтіп жатқан қойлардың қалтарысымен зытып кетуге ұмтылады. Аса сақ, шапшаң қимылға қалыптасқан қолдардағы солқылдақ сәмбі құрықтар қасекі қозылардың төбесін аңдиды. Еңбек тұстан нықтап бір тиген соққы оны тәубесіне тез түсіреді.
Тәжі атамның дауысы бәрінен де қатты шығады. Әпкем Мереке, інім Баян, Тәжі атаның қызы Сағынай, апам, көкем – барлығымыз жұмылған жұдырықтай болып тұрамыз. Осал шеп, Нәкен әжем мен оның қызы Сағынай. Табиғаты жуас, қимылы баяу момын әжейдің осалдығын аққаптал қозылар салғаннан нысанаға ала бастаған. Екі-үш рет бірлі-жарым қозылар жер қаптырып кетті. Тәжі атай тістене айқайлады.
— Әй, Нәкен!!! Ай-и-и-и, сені-і-і-і… ысылдап қалды. Сөз аяғы айтылмады. Жағын тістеніп алған.
— Төрт-бес қозы тағы кетті. Кішкене Сағынай шар-шар етіп, безек қағып жүр.
— Әй, Нәкен!! Ойбай–ау, өліп қалдың ба?! Анау қолыңдағыны қатты сермемейсің бе, ойбай!?
— Үйбай, Тәжеке–ау! … Енді не істейін?! Нәкен апа қорғаншақтап сөйлеп, қимылдаған болып жүр.
Кенет Нәкен апа осы сәтте қас қылғандай, сүрініп құлап түсті.
Қой мен қозы лап берді. Кішкене Сағынай қалың нөпірден қашып, маған қарай шегіншектей берген. Тап осы сәтте кешкі ауаны жаңғырта, ышқына шыңғырған дыбыс шықты.
— Ей, Нә-ә-ә-кеен!! Тап әкеңнің аузын …! Ата-бабаңның, жеті атаңның аузын …! Өлтірдің–ау нәлет! – деп, құрығын шиыра атып жіберді де, жерге сылқ етіп отыра кетті.
— Уһ, жаным–ай!
Екі иығынан дем алып, әзер отыр. Қанталаған көзі үстін қағып жатқан Нәкенге қадаулы. Ішіп-жеп барады.
Кенет Тәжі атам үн-түнсіз қалды да, екі қолымен бетін басып, солқылдап жылап қоя берді. Апам мен көкем екеуі жүгіре басып жетті.
— Тәжеке, Тәжеке не болды?!
— Қайынаға, қайынаға! Қойыңыз! Апақ-сапақта жаман ырым ғой! Неге жылайсыз?
Екеуі байыз таппай бәйек болып жүр.
Тәжі атам басын шайқап-шайқап қояды. Үздік-создық өксік арасынан:
— Мені Құдай атты! Мені Құдай ұрды!! Құран ұстап нем бар еді?! – деп Алла Тағаланың алдында қарабет болдым–ау! Мені Құдай атты! Қос қолымен басын төмпештеп, еңкілдеп тұрып жылады.