Тәртіпке бас иген құл болмайды

0

Кейуананың кең құшағындай тербетілген киелі жеріміздің тұмса табиғаты мен тұмардай сақтап тұрған кең жайлау өлкеміздің ажары күннің нұрлы дидарындай реңдене түседі.

Осындай маңғаз далада қоныс тепкен аядай ғана еліміз талай тоқыраулар мен толқуларды бастан кешіріп, тарих толқынына сапар шегуде.

Рас, Тәуелсіздік алған жылдардан кейін аяқтан қайта тұрған елімізде көптеген инфрақұрылымдар дамып, 30 жылда орда бұзып дамушы мемлекетке айналдық. Моноқалалар қайта жаңғырып, ауылдық округтерде пилоттық жоба іске қосылып, ауыл шаруашылығына жан бітті. Етек жеңімізді жинап, егемендікте қыранымыз көкке самғаған тұста жаңғыру мен жаңарудың жолында нақты қадамдар жасай алдық.

Бүгінде аудан орталығы — Жаңатас қаласы жыл санап қыр гүліндей жайнап келеді. Жасампаздыққа ұмтылған жасыл қаламыздың тағдыры мен тынысы өз қолымызда екені айдан анық. Мәселенің мәнін ашып жазар болсақ, 40 мыңнан аса халқы бар өңірдің түйткілді күрмеуі де жоқ емес. Тек оның шешімін табу өзімізге байланысты. Тарқатып айтар болсақ, алдымен қалада тазалықты қолға алу керек. Осы уақытқа дейін газетімізде тазалықты сақтау туралы көптеген үндеулер мен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы жазып келеміз. Аудан әкімінің қаулысына сәйкес, ауданымызда сенбіліктің екі айлығы жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Қала мен ауылдық округтерде мекеме, бөлім қызметкерлері сенбілікке шығып тазалыққа өздерінің үлестерін қосып келеді. Одан бөлек, қоғамдық жұмысшылар күнделікті қоқыстарды қопсытып, көше сыпыруды тұрақты жүргізіп келеді. Тазалық жұмыстарына 1000-нан аса күш жұмылдырылып, тонналап қоқыстар шығарылып жатыр. Талдар балақталып, арам шөптерден арылу шаралары іске асып келеді. Дегенмен, аз ғана қолдың бітірер тірлігі де аз болмақ дегендей, сенбілікке тұрғындар да атсалысып, аулаларын күл — қоқыстан тазартуға білек сыбана кіріссе «көп түкірсе көл» болар еді. Асылында бей — берекет шашылған қоқыс қайдан келеді? Әрине бұл аузын бумай қоқыс жәшігіне дәл түсірілмеген қалдықтардың желмен ұшып, қаланың ластануына жеткізеді. Осы орайда, тұрғындарға қоқысты «жәшікке дәл тастаңыздар» деген үндеуді тағы да айтқымыз келеді. Жәшік демекші, қоқыс жәшігіне барғанда аяқ асты болып жатқан нанды байқаймыз. Қазақта «Ас атасы — нан» деген аталы сөз бар. Ата-бабамыз сәбиі ақ пен қараны ажырата бастағаннан — ақ, оң қолына нан ұстауды, ысырап етпеуді үйреткен. Нанның қасиеті мол. Адам кез-келген тамақты екі күн жесе, қанша нәрлі болғанымен жалығады. Ал наннан өмір бойы шықпайды. Алдымызда нан тұрмаса көңіліміз де, дастарханымыз да орта. Берекеміз кетіп, дүние ойсырап тұрған секілді көрінеді. Сондықтан халқымызда «Нанды жерге тастама», «Нанның үстіне зат қойма», «Нанты төңкерме», «Нанды бір қолмен үзбе» деген тыйымдар бар. Айтпағымыз, сонау нәубет жылдарындағы аталарымыз нан тапшылығын көріп, тұрмыстық азабын тартып өсті. Қазіргідей тоқшылық заманда кейбір тұрғындар нан қадірін түсінбейді. Жерде жатқан нанды көрсе де көрмегендей сыңай танытады. Болмаса ойланбастан қоқыстың арасына тастай салатындар кездеседі. Бұл әрине кешірілмес күнә. Нанды құрметтемеген адам ешкімді де құрметтемес деп ойлаймын. Сондықтан құрметті тұрғындар. Ас атасы- нанымызды қоқысқа тастамай қадірлейік.

Бұл бір. Екінші мәселе қаладағы көрікті орындарда сиыр, жылқы сияқты малдардың жайылып жүретіндігі. Саябақтар мен аллеяларда көше бойымен кетіп бара жатып, байқаусызда малдың қиын басып кетіп жатамыз. Бұл әрине жағымсыз дүние. Одан бөлек, көлік қозғалысына да кереғар әсерін береді. Осындайда қараусыз қалған жылқыларды, сергелдеңге салған сиыр-лардың иелері малын жайылымдық жерлерге апарса дұрыс болар еді. Бұл қаланың көркін бұзары анық. Біздің көзіміз көріп үйренгенмен келген қонақтардың назарына жағымсыз күйде түсетіні анық. Кезек күттірмейтін келесі мәселе вандализм туралы. Осы уақытқа дейін қаншама жобалар іске қосылып, қаламыз таза қалаға айналуға, ауылымыз озық ауылға ұмтылып жатыр. Саябақтағы орындықтар жаңадан қойылып, ауданымызды безендірілу жұмыстары жүргізілуде. Алайда, жастар қауымы орындықтарды сындырып, саябақтағы суреттерге бейәдеп сөздерді жазып, реңді силуэтті сүреңсіз етуде. Қоғамдық орындар халық үшін демалатын, кең тыныстайтын жерге айналу керек. Осындайда, қаланы бұзу, қиратудан емес, іздену мен ширатудан бастағанымыз жөн болар. Бұл — біздің қаламыз. Бұл — біздің ата қоныс киелі жеріміз. Өз жерімізге жанымыз ашымаса өзгелерден де қайран болмайтыны сөзсіз.

Байқасақ, бұл мәселелер көзге кішкентай ғана үйреншікті дүниелер көрінуі мүмкін. Дегенмен, осындай кіші мәселелердің арты үлкейіп, тереңдеп кетсе зардабын көруші тек біздер ғана болмақпыз.

Қорыта айтқанда, күн мен түн алмасып, қым-қуытқа байланған мына заманда көкірегімізді оятып, оянған өлкенің таза ауасында тыныстайық. Бала шағаның несібесі деп жинаған төрт түлік малдарды қараусыз қалдырмай қалқан болып, қаламызды құрметтейік.Вандализмге жол бермей орындықтар мен көрікті жерлерді бүлдірмейік. Әкімшілік тиісті жұмыстарды атқарып шара қолданып жатқанымен нәтиже толық жақсарып жатқан жоқ. Бозторғай жұмыртқалаған берекелі жеріміздің көркін сақтау өз қолымызда. Тек сыннан дұрыс қорытынды шығарайық. Бақ пен ынтымақ бірлігі асқан елге ғана қонады. құт пен ырыс тірлігі жарасқан жерді ғана мекен етеді. Ертеңіне сенетін елмен бірге темірдей тәртіп пен мықты талаптың арқасында ғана көшіміз ілгері,  түтініміз түзу шығып, болашаққа бағдар жасай алатын ұлтқа айналамыз. Сондықтан, ережеге бағынып, еріншектікке жол бермей, туған жерге емірене қызмет етейік. Даламыз жаңарып, қаламыз озық үлгідегі моно қалаға ғана емес, жаңа қалаға қадам баса берсін.  Бауыржан атамыз «Тәртіпке бас иген құл болмайды» дегендей, тәртіп болған кезде ғана Тәңірдің өзі бізді жарылқайтыны анық.

Бетті дайындаған:

Самат Тоқбанов,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.