Еңбекпен ер атанды

0

Табыстың тайқазанын қайнатып, еңбекпен ер атанған ардақты ағалар жайлы қалам тербеген де бір ғанибет.

Келместің кемесіне мініп, қайтпас сапар аттанса да соңында өшпес із, айта жүрер әңгіме қалдырған жанның бірі Құлшиев Тоғман қария еді. 1899 жылы жарық дүние есігін ашқан Тоғман атамыздың жалын атқан жастық шағы өткен ғасырдың дүрбелеңге толы жылдарында өтеді. Кеңес өкіметінің орнауы мен ашаршылық кезеңдеріндегі ел басына төнген нәубет пен қиындықтарды көзбен көріп, көңілге түйіп есейеді. Жайылма ауылы өңіріндегі алғашқы құрылған серіктестік пен колхозға мүше болады. Мектепте оқып, білім алмаса да еңбек додасының бәсекесінде топ жара бастайды. Тоғман атамыз ата кәсіп төрт түлік мал, оның ішінде ірі қара өсірумен айналысады. Кең дала төсінде ірі қара табындарын өрістетіп, ақ адал еңбектің рахатын көріп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталады. Ел басына күн туған сындарлы шақта Тоғман атамыз да бес қаруын асынып майдан даласына аттанады. Туған жерін, өскен елін жаудан қорғап, толарсақтан қан кешеді. Дана халқымызда «Қырық жыл қырғын болса да ажалды шейіт болады» деген сөз бар. Көрер жарығы мен қызығы, татар дәм-дұзы түгесілмеген екен. Тоғман атамыз жеңіс туын желбіретіп, елге аман-есен оралады.

Ел-жұртымен қуаныш құшағында қауышқан атамыз өзінің сүйікті кәсібі ірі қара өсіруге белін бекем буып, білек түре кіріседі. Тер төккен еңбектің рахаты, жасаған бейнеттің зейнеті боларын терең сезінген атамыз таңның атысы мен күннің батысы қоғамдық мал соңында жүрді. Бетбақдала мен Сарыарқа мал жайылымдықтарын алғаш игерген майталман малшылардың бірі болады. Қоғамдық төрт түлік мал басын өз төлі есебінен өсіріп, Бетбақдала мен Сарыарқа мал жайылымдықтарын игеру малшылар қауымы үшін оңай шағылатын жаңғақтай шаруа емес еді. Аудан  өңірінен  ерте көктемде Бетбақдала арқылы бала-шағасымен үдере көшіп, Сарыарқа мал жайылымдығына айшылық жер жүріп жететін болған. Көктемнің құбылмалы ауа райы тұсындағы көші-қон әрбір бақташы, жылқышы, шопан, түйешіден ерен еңбекті, қажымас қайратты талап етті. Басқа әріптестері секілді Тоғман атамыз да жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсете білді. Қанына сіңген еңбексүйгіштік қасиетінің арқасында абырой биігінен көрінді. Көптің құрметіне бөленді. Қарамағындағы 110 бас ірі қараның салмағын рекордтық көрсеткішке жеткізгені үшін ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1949 жылғы 12 шілдедегі Указымен Социалистік  Еңбек Ері атағы берілді. Бұл сол кездегі ең үздік еңбек көрсеткішіне жеткен саңлақтарға берілетін даңқты атақ еді. Дана халқымыздың «Еңбек ер атандырады» деген қанатты сөзі де осындайдан қалса керек.

Ат орнын тай басады. Бүгінде еңбекпен ер атанып, ел мақтанышы болған Құлшиев Тоғман қарияның өнегелі игі істерін көзіндей болған ұрпақтары жалғастырып жатыр.

Темірлан Әбілдаев,

ардагер журналист

Жылдамдықты асырма!

Көліктердің жол үстінде ірі қара малын қағып, апатқа ұшырауы жылдан-жылға көбейіп барады.   Көлік пен малдың соқтығысуы салдарынан адамдар зардап шегіп,  қайғылы

жағдайлар тіркелуде.

Әсіресе       жыл-қылардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары тасжол бойында  көбірек болады. Оның алдын алу үшін  республика, облыс, аудан көлемінде  тиісті мамандар ірі қара малы бар тұрғындарға жарық шағылыстырғыш ленталарды тағу керектігін айтып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Себебі көлік жүргізушінің дер кезінде жол апатынан сақтануына малға тағылған жарық шағылыстырғыштың көмегі көп.

Иә, азын-аулақ тиынды үнемдеймін деп, өзге тұлғалардың өміріне қауіп төндірмейік. Малды қараусыз жіберген тұрғындардың кінәлі екені түсінікті. Дей тұрғанмен көлік иелері жылдамдықты шамадан тыс арттырмаса, апаттың алдын алуға болатыны сөзсіз.  Қазіргі  таңда жолаушылардың діттеген жеріне тез бару үшін қоғамдық көлікке емес, таксиге отыратыны баршамызға белгілі.  Кейбір  тасымалдауға арналған (патенті)  жоқ таксистер бір-бірлерімен жарысып,  жүйткіген темір тұлпар апатқа ұшырап, өкінішті жағдай болып жатқанын да кезіктіріп жатамыз. Құрметті көлік жүргізуші тұлғалар, үйде отбасыңыз күтіп отырғанын ұмытпаңыз.

Жылқыны үйірімен, түйені келесімен, сиырды табынымен бағатын шаруа қожалықтары, жеке тұрғындар бармақ тістеп, өкініп қалмаудың қамын ойлап, төрт түлікке ие болайық. Көлік жүргізушілер көлік жылдамдығын асыра пайдаланбай, заңды бұзбай барар жерлеріңізге аман- есен баруларыңызға тілекшіміз.

С.Есқараев, «Sarysý»

АҒА ТУРАЛЫ МӨЛТЕК ТОЛҒАНЫС

Өзі дүниеден озғанымен, есімі есте қалатын аяулы адамдар болады. Себебі, кісілік келбеті, тіршілігінде біреулерге жасаған жақсылығы, көрсеткен қызметі, тигізген шарапаты ұмытылмайды. Кім болсын, жақсыны жадына сақтайды, мінез-қасиетін айтып жүреді.

Елдің сондай қадірлі азаматы бола білген, өзіңнің пір тұтқан тұлғаң – Аға туралы жүректің түкпірінде  жинақтала сүмбіледей сұрыпталған сырларды тежегім келмеді. Міне, осы тұрғыдан алғанда өзім ардақтап жүретін  Әлібаев  Отыншы аға жайлы жүректе пайда болған мөлтек толғанысты  көпшілік оқырманға ұсынғанды жөн көрдім.

Отыншы аға 1942 жылы Сарысу ауданының Комсомол ауылдық Кеңесіне қарасты «Қызыл күншығыс» ұжымшарында дүниеге келді. Бұл кезде Ұлы Отан соғысының «қайнап» жүріп жатқан кезі болатын. Соғыстан шаруашылық жұмысына бронмен  қалдырылған, бригадир болып еңбек ететін әкесі Әлібай таңмен таласа тұрып, ымырт үйірілгенде үйіне бір-ақ келетін. Өсе келе баласының зеректік қабілетін байқаған ұлын алты жасында мектепке өзі жетектеп, алып барады. Әкесі Әлібай қарияның мемлекет тарапынан мақта өнімдерін жинаудан толымды жетістіктерге жеткендігі бағаланып, Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық жетістіктері көрмесіне (ВДНХ) қатысу құрметіне ие болады. Ол кезде «Ұйым» колхозының бастығы Бөлекбай Дәулетбаев болатын.

Орта мектепті ойдағыдай бітіріп, мамандық таңдайтын кезде жас жігіттің құрылысшы мамандығын таңдауы да сол өзі шексіз сүйетін туған ауылға деген құштарлығынан туындаса керек. Бір құптарлығы, ол жас та болса уәде үдесінен шыға алатын азамат екенін сол кездің өзінде дәлелдеп шықты. 1966 жылы Алматы қаласындағы «Тау-кен» институтының «Құрылысшы-инженер» мамандығын бітірген жас маманды жолдамамен Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауданы «Бөржар» кеңшарына жібереді. Ол жерде құрылысшы-прораб болып еңбек етеді. Бірақ туған жерге деген құштарлығы басым болған жас жүрек келесі жылы өз ауылына ат басын бұрады. Ол кезде Сарысу ауданы Талас ауданынан бөлініп шыққан кез болатын. Келе аудандық тұтынушылар Одағы басқармасына прораб болып орналасады.

1968 жылы ауданда №2009 жылжымалы механикаландырылған құрылыс мекемесі ашылғанда, білікті маман Отекеңді жұмысқа шақырып, мастерлік қызметті ұсынады. Барлық қырымен көзге түскен жас жігіттің жігері мен білімі басшылық тарапынан тыс қалмай бас инженер қызметіне дейін көтеріледі. Ол кезде аудан жаңадан құрылғандықтан түрлі құрылыстар көптеп салынып, қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатты.

Осылардың барлығының басы-қасында, ортасында Отыншы аға жүрді. Мәселен, сол кездегі аудан орталығында аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің ғимараттары, «Сарыарқа» қонақ үйі, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, үш қабатты зәулім пошта үйі, мәдениет үйі, мемлекеттік банк, редакция үйі, жылжымалы механикаландырылған құрылыс мекемесінің объектілері және көптеген тұрғын үй пәтерлері пайдалануға берілді. Солардың әрқайсысында Отыншы ағаның өзіне лайықты қолтаңбасы бар.1976 жылы Отекеңді құрылысы артта қалған Жуалы ауданындағы №2010 жылжымалы-механикаландырылған құрылыс мекемесін басқаруға жібереді. Ол жерде де ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында көптеген құрылыстар пайдалануға беріліп, облыста ПМК бойынша алдыңғы қатардағы бестікке ілікті. Дегенмен, туған ауылына бүйрегі бұрып тұратын ағамыз ауылға қайта келгесін аудандық ауылшаруашылығы басқармасында бас инженер болып, аудан көлемінде жүріп жатқан құрылысқа басшылық етті. Отекеңнің өміріндегі жарқын кезеңінің бірі-кемел шақта аудандық партия комитетінің нұсқаушы қызметіне шақырылуы еді. Ақырын сөйлеп, айтқанын ұғындыра білетін, келушілерді жылы қабылдап, мұқтаждарын табуға қолғабыс ететін адамдарды ол кезде «нағыз білікті маман» дейтін. Отыншы ағаның бойынан осындай қабілет табылып, аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне жоғарылатылады. Бұл бөлімде аппараттың барлық жұмысын уысында ұстайтын, хатшы мен қызметкерлердің арасын жуыстырып, жұғыстырып отыратын дәнекер іспетті еңбек етті. Аудандық партия комитетінде бірге қызметтес (нұсқаушы, сая-си ағарту кабинетінің меңгерушісі) болған жылдарымда бұл кісінің еңбексүйгіштігіне, қарапайымдылығына, ұлтжандылығына, қарамағындағыларына қамқор бола жүріп, қатаң талап қоятындығына, бастаған істі аяқтамай тынбайтын әрі зор адамгершілігіне көзім жеткен еді. Бірнеше рет аудандық Кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды.

Аудандағы жауапты қызметтерге көтерілуінің әсері оның кейінгі өмір жолдарына да із қалдырып отырды. 1987-1992 жылдар аралығында жол құрылысы, аудандық тұрмыс қажетін өтеу  комбинатының басшысы болған кезінде де табысты еңбек етті. Халыққа қызмет көрсету саласында облыс көлемінде алдыңғы қатарда болып, бірнеше рет марапаттауларға ие болды.    Кейіннен аудандық еңбекпен қамту орталығы зейнеткерлік қоры бөлімінің бастығы болып тұрғанда да аудан мекемелері мен шаруашылықтарының миллиондаған қарызын реттеуге өз үлесін қоса білді.

«Алтын кездік қап түбінде жатпайды» дегендей елімізде әкімшілік жүйесі құрылғанда Байқадам ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкері болып, өзіне жүктелген функционалдық міндеті- салықтардың түсімін дер кезінде мемлекет шотына түсіруді жүзеге асырып отырды. Осы мекемеден 2005 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Ол кісі одан соң да қол қусырып үйде отырып қалған жоқ. Ауыл тіршілігіндегі келелі мәселелерді жақсартуға белсене араласып отырды. Жиындарда ауылда орын алып отырған түйінді жайттарды жасқанбай айтып, оның шешілу жағдайын талап ететін.Өмірдің осындай соқтықпалы, соқпақты жолдарынан сүрінбей өтіп, шындықтың, әділдіктің туын көтеріп, дұрыстықтың дабылын қаққан биік ардың адамы бола білді десек артық айтқандық емес.

«Ердің қосы оңбай, ісі оңбайды» деген нақыл сөз бар. Бұл жағынан алғанда Отекең ағамыз бақытты жан бола білді. Бұрыннан берекесі ұйыған, әлеуетті әулеттің адал жар, асыл келіні Ақпай тәтеміз келгелі ырыс, бақыты тасып, абыройы арта түсті.  Алматыдағы политехникалық институтының «Инженер-энергетик» факультетін бітірген Ақпай әпкеміз жас кезінен бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Сарысу аудандық электр жүйесін тарату мекемесін басқарды. Сонау тоқсаныншы жылдары  Жамбыл облыстық электр жүйесін тарату басқармасының бастығы Нұрбек Мақанов облыста өткен бір жиында биік мінберде тұрып: — «Ақпай Ысқақова тек біздің облысымызда ғана емес, бүкіл Орта Азия көлемінде ең бірінші энергетик-инженер әйел. Оның ер азаматқа тән ізденісі, іскерлігі, өмірі өнеге болуы тиіс!» деген еді. Шындығында да солай, Сарысу ауданының Құрметті азаматы   А.Ысқақованың өз кезіндегі асқақтаған атақ-даңқын қазір біреу білсе, біреу біле бермейді. Ақ жүректі, адал  тілекті, ибалы, инабатты жанның Отекең ағамыздың қызметі өрлеп, абыройының асуына да елеулі ықпалы болғандығы даусыз.

Біреуге ерте, біреуге кеш, әйтеуір бір қоштасу сөзін айтқызбай қоймайтын тіршілік қағидасы халыққа бүкіл жаратылысымен аянбай қызмет етіп, парасатымен бауыр бастырған кемерінен асар ақыл-ойлы асыл ағамыздың әлі де болса кейінгі ұрпаққа берері мол еді. Амал қанша, ажалға араша жоқ. Аяулы ағамыз 2022 жылы 23 қаңтарда дүниеден өтіп, етжүректі елжіретіп, қабырғамызды қайыстырып кетіп еді. Содан бері  ағаның өзі болмаса да көзіндей көрген достары, әріптестері, шәкірттері, бәрі-бәрі бізбен бірге, жарқын бейнесі –жадымызда,үлгі-өнегесі алдымызда.

Алдаберді МАҚАШЕВ,

Сарысу ауданы және

Тараз қаласының

Құрметті ардагері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.