Лизингке трактор алды
Бүгінгі таңда ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді.Шаруа қожалықтың шаруалары дөңгеленіп мемлекет тарапынан қолдаулар алуда.
Игілік ауылдық округіне қарасты «Назар» шаруа қожалығының төрағасы Жұмабай Назаров лизинг негізінде «Беларус-82.1» тракторын сатып алды.
Төраға өз сөзінде:
-Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларын қолға алып келеді. Егін және мал шаруашылығын қарқынды дамыту мақсатында осы техниканы алдым. Ауыл-қазақтың тал бесігі. Ауыл-қазақтың отаны. Ауыл-тағылымды тәлім-тәрбиенің ордасы. Қазақы қасиеттер ауылдан бастау алады. Міне, сондықтан да ауыл қамқорлықтан, жанашырлықтан қағажу қалмау керек. Қолдан келсе ауылды көркейтіп, гүлдендірейік,-деді.
Иә, ауыл мен қаланың көркеюі, жасыл желекке орануы-жарқын болашақтың кепілі. Ауылға көңіл бөлу — әрбір елді мекендегі тұрғындардың абыройлы міндеті. Сондықтан алтын бесік-ауылды көркейту баршамыздың басты парызымыз болмақ.
«SARYSÝ-AQPARAT»
Тұрғындар таңдау жасады
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы Жаңа Қазақстанды құру жолында нақты қадамға айналуда. Ұлтымыз бір арнаға ұйысып, даму мен жаңарудың жарқын жолына түсті.
Кез-келген саяси қоғамда көш-басшыны анықтап, ортақ мәмілеге келтіретін сайлау жүйесі еліміздің басты бағдары болып табылады. Сайлаудың әділ және белсенді өтуі жергілікті халыққа байланысты екені баршаға аян. Осы орайда, аптаның соңғы күнінде ауданымыздың орталығы Жаңатаста қала әкімінің сайлауы ұйымшылдықпен өткізілді. Қалада 25 707 тұрғын болса, сайлаушылар 15183 адамды құрады. Сарысу аудандық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 9 тамыздағы №44 шешімімен Жаңатас қаласының әкімін сайлау бекітілген болатын. Жаңа леппен ұйымдастырылған сайлау қаладағы 7 учаскеде жергілікті уақытпен сағат 7:00-де мемлекеттік әнұранмен басталды. Аса жауапты сәтте сайлаушылар көңілді күйде ағылды. Әр учаскелерде, халық көп жиналатын орындарда рухты, жігерлі әндер ойнатылып тұрды. Сайлауға ең бірінші болып келгендерге ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар тапсырылды. Алғашқылардың бірі болып келген қала тұрғыны Ж.Отарбаева өз пікірін былай деп білдірді. — Қаламыздың жарқын болашағы үшін №364 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауымды жасадым. Бұл қаламыз үшін тарихи оқиға болмақ. Себебі Президент Жолдауында айтылғандай қала және ауылдық округ әкімдерін халық арасында сайлау өткізу билік пен бұқара халықтың арасындағы «алтын көпір» болмақ. Мен алғашқылардың бірі болып өз дауысымды бергеніме қуаныштымын. Қаламыз қарыштап, дами берсін, — деді. Ең қарт сайлаушылардың бірі 86 жастағы Қ.Байжұманов қария да учаскеге барып, саяси науқанда белсенділік танытты. Қарияға да ұйымдастырушылар естелік сыйлықты табыстады. Сайлау барысында үйінен шыға алмайтын қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға сайлау учаскесінің қызметкерлері арнайы бөлінген автокөліктермен қызмет етті. Қаладағы мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар саны – 738 адам, үйден дауыс беруге өтініш бергендері — 25 адам. Сайлау барысында құқық бұзушылық фактілері орын алған жоқ. Бәрі де заңға сәйкес өткізілді.
Қаланың жаңа әкімін сайлауға өз таңдауын жасаған тұрғындардың жасыл қаланың жайнай беретініне сенімдері мол.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»