Елдің баласы

0

Марқұм жездеміз ғалым Аманбай Жаппарұлы Ахметов

туралы бір үзік сыр

Мектептің соңғы  сыныбында оқып жүрген кезімізде аудан жаңадан  құрылып  халықтың көңіл күйі көтеріліп, ел арқа-жарқа  күй кешіп жатқан кез болатын. 

Аудан орталығында орналасқан Байқадам совхозының экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштері де ауызға ілініп, совхоздың аты шыға бастаған.

Байқадам совхозының жетістіктері тіпті аудан көлемінен асып, облыс, республика аумағына тараған кез болатын. Совхоз директоры Болатбек Кәриев ағай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болды. Шаруашылық  жетістіктері басшының  есімін Республикаға дейін  өсірсе, басшы шаруашылықтың көрсеткішін Одаққа дейін танытып үлгерген кез еді.

Болатбек ағай 1960 жылдан   1968 жылы республикалық  дәрежедегі  дербес зейнеткерлікке  шыққанға  дейін  Сарысу  ауданы  Байқадам  совхозының  директоры болып істеді. Осы  жылдары  шаруашылықтағы  мал басы  күрт өсіп, қой саны  60,0 мыңға жетті. Кәриев Болатбек  бірнеше рет облыстық, аудандық, партия комитетінің мүшесі, аудандық, ауылдық Советтердің  депутаты, 1960 жылдан  өмірінің  соңына  дейін Байқадам  ауылдық Советінің  депутаты болды.

Ол кісі  «Құрмет белгісі»  Ұлы Отан соғысы» I  дәрежелі  ордендерімен және  КСРО-ның  көптеген  медальдарымен   марапатталды. Осы шаруашылыққа 1962 жылы мектеп бітіргеннен кейін Аманбай Ахметов бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып бекітіледі. Аманбай өте іскер, әрі өзіне тапсырылған істі өте тез, жылдам орындауға тырысатыны жүріс-тұрысынан көрінетін. Аманбайдың көшедегі жүріс-тұрысы да үнемі асығыс сияқты көрінетін. Аманбай қазіргі Күлтөбенің қарсысындағы Ахмет қарияның үйінен шығып, қазіргі Болатбек Кәриев көшесімен Колхозшылар көшесінің қиылысына келіп, ұзын бойлы қияқ  мұртының тебіні бар, ашаң жүзді, ұзын сирақты, шалбары тобықтан жоғары тартылып, онсызда ұзын бойын, арық денесін арашалай түскендей, қара сұр, келісті жігіт Шабақты өзеніне қарай бір сәт бұрылып, алдындағы, жанындағы көшелерге қайта-қайта бұрылып, бір орнында тұра алмай шиыршық атып тұрғанын көріп,  мынаның есі дұрыс па, неге жан-жағына  қайта-қайта қарай береді, деп  қасынан таңырқап өтетінбіз.

Сөйтсек, Аманбай ағаның өзіндік есебі, жоспары, іс-әрекеті өзінше бір әлем екеніне кешікпей көз жеткіздік.

Болатбек Кәриев көшесіне қарай беретіні совхоз директоры Болатбек Кәриев осы көшеде тұрады. Ол кісінің жұмысқа бара жатқанын, басқа да совхоздың басшыларының жүріс-тұрысын қадағалап тұрады екен. Кім жұмысқа қай уақытта барады. Бұл комсомолдық бақылауға жатса керек.

Колхозшылар көшесінде бір топ дос-тары  тұрады. Олар Бейбіт Қойшыбаев, Жеңіс Сазанбаев т.б. Соларға қарап тұрса керек.

Ал, Шабақты өзені жаққа неге қарай береді.Ол жақта кім тұрады? Ол жаққа неге қарап үзіліп тұр деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, ол жақта әпкем Рымтай тұратын. Рымтай Жамбылдағы медициналық училищені бітіріп келген болатын. Ол да жұмысына  осы көше арқылы  барады. Әңкең үш көшеге де қақпан құрып тастаған ғой. Сөйтіп жүріп, Рымтай әпкемізге үйленіп тынды ғой. Достарынан да байланысын үзген жоқ. Шаруашылықтағы комсомол жұмысын ақсатқан жоқ. Қысқасы үш қоянды бір оқпен атып алған Әңкең ғой.

Обалы нешік, Аманбай жездеміз көпшіл, кең, мейірімді жан болды. Ол елдің адамы еді. Аудан халқына, Алматыға барған ел-жұртқа қолынан келген көмегін аямайтын. Сонымен қоса, Сарысудың Алматыға барған адамдарының мекен-жайы, атын жадында сақтап, телефонына дейін біліп беріп, тауып беріп отырады. Оған еш ренжімейді де, Әңкең. Бір сөзбен айтқанда елдің азаматы болды. Ол елге қызмет етуден жалыққан емес. Қашан көрсең халықтың талап-тілегін орындап, қызмет етіп жүргенін көруге болар еді.

Ахметов Аманбай Жаппарұлы-1943 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Байқадам ауылында дүниеге келген. 1962 жылы орта мектепті бітірген. Мектеп бітірген соң, өзі туған ауылында комсомол ұйымының хатшысы болды. 1963-1966 жылдары Челяинск қаласында әскери міндетін өтейді. Елге оралған соң 1967 жылға дейін Байқадам совхозында комсомол ұйымының хатшысы болды. Сол жылы арнайы жолдамамен  Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түседі. 1972 жылы институтты  ойдағыдай бітіргеннен кейін институттың мал азықтандыру кафедрасында қалдырылады. 1992 жылы ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты атағын қорғады. Бірнеше, кітаптың авторы.

Әбекең, зейнетке шыққаннан кейін де, институттан қол үзбей туған ауылы Сарысуға келіп, жастарды ауыл шаруашылығы мамандығына тартуға үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, жыл сайын елге келіп-кетіп жүретін. Елдегі той-мерекелерге де бір кісідей атсалысып, қуаныштарға ортақтасып жүретін.

Рсан досының қазасы оған өте ауыр тигенін айтып отыратын. Достары Асаубай, Бейбіт, Жеңіс, Қоңырбай, Жанаттардың жетістіктерін, әңгімелерін өте қызықты етіп айтып отыратын. Достарымен мақтанып отыратын. Әсіресе, досы Қоңырбайдың кейбір қызықты іс-әрекетін айтып, шек-шілесі қатып отырушы еді. Оқаш досы туралы да қызықты әңгімелердің шетін ағытып  отыратын.

Атың өшкір, коронавирус аңқылдаған асыл азамат Аманбай Жаппарұлы Ахметовті де жалмап кетті. Есіл ердің пәни дүниеден  бақилыққа кеткеніне де біршама уақыт болыпты. Жолдасы Рымтай, балалары Тәкен,Сәкен, Қаршыға арнайы ас беріп, 2023 жылдың 9 қыркүйегіне ел-жұртын құран бағыштауға шақырып жатыр. Орнында бар оңалар деген осы. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, аяулы жездем Аманбай!

Майлыбай СМАҒҰЛОВ, Қазақстан Республикасы

Журналистер одағының  мүшесі

Қос ауылдың қызықты кеші

Ауданымыздың 95 жылдық мерейтойына орай, киелі мекеннің тарихын, осы өлкеден шыққан даңқты азаматтардың өмір тарихын, туған өлкенің табиғатын, тарихи ескерткіштерін, әдебиеті мен өнерін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында Тоғызкент ауылдық округінде Тоғызкент және Досбол ауылдық округтері әкімдігі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Саялы өлкем — Сарысуым» атты аудандық мәдениет және өнер фестивалі өткізілді.

Шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов, облыстық мәслихат депутаты Айтбала Жолмаханова, мекеме, бөлім басшылары, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты. Думанды кештің шымылдығын Тоғызкент ауылдық саз мектебінен қүралған ансамбльдің орындауында Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашты. Мұнан кейін аталмыш ұжым Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін шебер орындап, көпшіліктің көңілінен шықты. Ауылдың әншілері Дана Садықова «Сарысуым», «Ауылым», Мөлдір Ақжігітова «Көзіңнің мөлдірін ай», «Қазағым», Аяулы Баймаханбетова «Атамекен», «Арқада салған ән қандай», Меруерт Монтаева «Елге сапар»,«Перзент сыры», Әсембек Өткелбаев «Бір шәугім шай «Ағайын», Дәукенбай Мүсірепов «Сары бидай», «Гүлдерайым», Нұрдәулет Ерланұлы «Ассалаумағалейкум», «Толқын-толқын» әндерін орындап, кешті әсем әуенге бөлесе, Еңлік Әбдуәлі мен Еңлік Сәрсек ақын Ұлпан Бауыржанқызының «Сарысуым» өлеңін мәнерлеп оқыды. Ауылдық би үйірмесі жанынан құралған бишілер тобы «Аққу» биін билеп, фестивальді жандандырды. Сонымен қатар, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі қызметкерлерінің ұйытқы болуымен спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Бір сәтке ауылдың сәні кіріп, меймандар мерейлі кеште мәз-мейрам тарасқан фестивальдің мәні мен мағынасы тереңде жатыр. Бірлігі мен берекесі дарыған қос ауылдың кеші осылай көңілді өтті.

Самат Тоқбанов, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.