Көне Саудакентте тоғысу

0

    Сарысу ауданы көшіп келгенге дейін  қазіргі Байқадам бұрынғы Саудакент төңірегін ежелден қоныс еткен Сүлгетай, Қаракөл болыстарына Үшбас, Қаратас, Жайылма, Бүркітті, Қазоты, Баба-ата, жерлері, Талдыбұлақ, Ақтоғай, Саудакент, Көкдала, Қаракөл, Талас өңірлері қарады.

Екі болыстың халықтары әрі диханшылықпен әрі мал шаруашылығымен айналысатын жартылай көшпелі ел еді. Қыста балшықтан соғылған қоржынды мәстек үйлерде тұратын да, жазда шаруашылықтарының жағдайымен туыс-тас, аталас жанұялар өзен, бұлақтардың басында, сай-салада киіз үйлерде жайлауда отыратын. Жаппай сауатсыздық, зорлық-зомбылық бұл елді де әбден жайлап алған еді.

Совет үкіметінің ықпалы бұл өлкеде негізінен 1924 жылдан басталды. Осы жылдары азамат соғысы майдандарында орыс большевиктерінің ықпалында болып, елге, революциялық рухпен оралған Бейбітбаев, Байшораевтар болыс сайлауларында жеңіп, Сүлгетай, Қаракөл болыстарына болыс болып сайланды. Бұлар Саудакент төңірегіндегі алғашқы кедей болыстары еді. Осы уақыттан бастап, қаладан шалғай жатқан бұл өлкеде Совет үкіметінің ықпалы күшейіп, тәртіп орнай бастады. Алғашқы коммунистердің күшімен 1926 жылы Жайылмадағы бұрынғы Бабақұл молданың мешіті негізінде осы күнгі К.Маркс мектебі ашылды. 1927  жылы Саудакентте, Талдыбұлақта, Үшбаста да бастауыш мектептер ашылды.

Екі болыс та осы кезде Шаян ауданына қарайтын. 1927 жылы  7 қарашадағы мерекеден кейін Саудакентте, Жайылмада комсомол жиындары өтіп, ұйымның алғашқы хатшылығына Әбдіәлі Жуасбайұлы  сайланды. Сөйтіп, Саудакентте алғашқы комсомол ұйымы құрылды.

Осы жылдары шаруалар серіктестікке біріге бастады. 1928 жылдың март айында Жайылмада серіктестік құрылып, бастығына Айтжан Әмірбайұлы, Р.Момынұлы, Анашұлы, Байшуақ ұлдары сайланды.

1929  жылы бұл екі болыстар, серіктестіктер Талас ауданына қосылды. Саудакент учаскесі болып, оған үш ауылдық кеңес қарады. №30 ауылдық кеңесті Қ.Жапабайұлы, №31  ауылдық кеңесті Ж.Ақатов, №32  ауылдық кеңесті Е.Пернебаев басқарды. Бұлардың қарамағына 17 серіктестік қосылды. Саудакент учаскесіндегі партия ұясын Тоқтарбаев басқарды. Елді отырықшылдыққа айналдыру жөніндегі партия саясатын іске асыру мақсатымен Талас аудандық партия комитеті мен атқару комитеті Байқадам Қашқынбаевты Саудакенттегі құрылыс жұмысын басқаруға жіберді. Қашқынбаев елден адам, күш-көлік жинап, 1929 жылдың көктемінде құрылыс жұмысын бастайды. Сөйтіп, Саудакент шаруалары күш біріктіре отырып, алға қарай қаз-қаз қадам басады.

Бірақ Совет үкіметінің саясатына наразы бай-құлақтар қарап жатпады. Олар әр жерден бой көтеріп, коммунистерге, ауыл серіктестік басшыларына қастандық жасаумен болды. 1924 жылдан КПСС мүшесі, №30  ауылдық кеңес төрағасы Жапабайұлы Көшек, 1930 жылдың жазында бұрынғы Мамытбай байдың баласы Сапарбектің қолынан мерт болды, оның аяғы 1931 жылғы Байқадам оқиғасына ұласты.

1933 жылдың көктемі. Шудың қалың ну қамысын, құм ішін паналап шыққан сарысулықтардың алды жаяу-жалпы артынып-тартынып Саудакент, Жайылма,  Жон төңірегіндегі белгіленген жерлерге өздерінің бұрынғы ауыл, серіктестік жобалары бойынша көшіп келе бастады.

Үстінде теңселген жүгі бар түйе, ат жетектеген, бала-шағасын шұбыртқан көшпенділер бірі ерте, бірі кеш, үздік-создық көшіп келіп жатты. Көлік жетіспеуі себепті көбінің жүгі, үй мүлкі Арқадағы жайлауларында, жол-жөнекей Бетпақ үстінде қалған-ды. Бірлі-жарым көлігі бар әлділер ғана үйімен, қосымен жеткен. Көбінің үйі жоқ, көрпе-жастығымен ғана келгендер де бар.

Бірі Арқадан келіп, бірі Жайылма, Саудакент, Құмкент төңірегінен барып күзде Шу бойында, құм ішінде тоқайласып, қыстай қойы қоралас, ауылы аралас отыратын бұл қазақ тайпалары бұрыннан бір-бірімен танымал жегжат, құдандалды, көршілес елдер болатын. Жаз бойы бірін-бірі көрмеген олар жыл сайын күзде Шу бойында, Жал ішінде сағына көрісетін. Қыс бойы бірін-бірі шақырысып, дуылдасып, әзілдесіп бір жасап қалатын. Қыз беріп, қыз алып, алыс-беріс  жасап, араласып кеткен ел болатын. Сарысулықтар ерте көктемде Арқадағы жазғы жайлауларына қайтарда бірін-бірі қимай қоштасатын.

Көшпенділер алғаш келе бастағанда осы күнгі Жайылма участогін Шермағанбет Қонтаев жолдас басқаратын №11 ауылдық кеңеске  қарайтын.  Кеңес  қарамағына      Ақтөбе, Карл Маркс, Коминтерн серіктестіктері кірді. Серіктестіктерді Айтжан Әшірбеков, Кәрібоз Байболов, Нұртайлар басқаратын. Алдын-ала келісім бойынша осы ауылдың жеріне Арқадан көшіп келе жатқан №1, 2, 9 ауылдық кеңестердің қарамағындағы серіктестіктерді қоныстандыру көзделген болатын. Осы келісім бойынша Ақтөбе серіктестігінің мүшелері қоныстарын көшпенділерге өз еркімен беріп, өздері осы күнгі К.Маркс участогіне қарай ойысты.

Ұзақ жолдан шаршап-шалдығып келген көшпенділерді жергілікті халықтар құшақ жая қарсы алды. Олар ең алдымен көшпенділерге еруліктерін беріп, тынықтырды, әлдендірді. Одан кейін азық-түлігі жоқтарға азық беріп, үйі жоқтарға үй беріп, әлденіп алуына көмектесті. Осындай туысқандық, бауырластық, қамқорлықтың арқасында №1, 2, 9 ауылдық кеңестердің қарамағындағы Жаңажол, Қызылту, Еңбек, Ленин, Интернационал, Киров, Чапаев, Калинин атындағы серіктестіктер Жайылма участогына келіп орналаса бастады.

Үй салу ата кәсібі болмаған, бұрын балшық ағаш үйлерін мекендемеген көшпенділерге алғашқы кезде үй салу оңайға түскен жоқ. Үйдің іргесін қалаудан бастап, төбесін жабуға дейін жұмыс үстінде үйренді. Жаңа қоныстанушыларға құрылыс материалдарын тасып жеткізу де оңай болған жоқ. Өйткені олардың бірлі-жарым түйесі, аты болмаса, басқадай күш-көлігі, арбасы жоқ еді. Бұл жағынан да жергілікті бауырластары көмекке келді. Шермағанбет, Айтжан, Нұртай, Кәрібоздар басқарған аудан белсенділері ат-өгіз арбаларын беріп, Шабақтыдан, Құмшағал, Жетіқарқадан, Іргетас, Бестоғайдан құрылыстық ағаш, Ақжардан қамыс алуларына үлкен қамқорлық жасап отырды. Олар суық түскенше көшпенді елдің үй салып алуына, жылы жеркепелерге орналасуына жатпай-тұрмай көмектесті.

Екі ел тоғысып, бас қосқандағы осы бір бауырластық көмектің бір көрінісін көп жылдар бойы партия, шаруашылық қызметтерінде басшылық істеп, аудан шаруашылығын өркендетуге үлкен үлес қосқан республикалық маңызы бар дербес пенсионер марқұм Нармахан Тоққұлиев қария былай суреттеген еді:

-1933  жыл. Сарысулықтар көшіп келіп қоныстанып жатқанда мен мектептегі жас мұғалімнің бірі едім. Әлі есімде, үйіміз Жайылмада болатын. Ағаларым Ерімпаш, Бәймештермен бірге тұратынмын. Көршілес ағайындармен бірге біз де үйімізді босатып, көшіп келген сарысулық ағайындарға бердік. Біздің үйіміз «Қызы Ту» колхозының мүшесі Оспан Қабанбаевқа тиді. Баспанамызды бере отырып, Оспанның алдына: «Біз үйіміздің ақысын тілемейміз, қызығын, игілігін көріңіз. Бірақ ата қонысымыз, осы үйден өніп-өсіп едік. Енді осы үйде сіздің отбасыңыз өсіп-өнсін. Үйге өзі құлағанша қол тимеңіз»,- деген тілек білдірген едік.

Осекең уәдесінде тұрды. Ол кісі осы үйде тұрып, осы колхозды 30 жыл басқарып, экономикасы мен мәдениетін көтеріп, миллионер колхоздың қатарына жеткізіп, құрметті демалысқа шықты. Балалары осы үйде өсіп, көпшілігі жоғары оқу орындарын тәмамдап, қазір ауданда, облыста шаруашылық пен мәдениеттің әр саласында еңбек етіп жүр. Үйіміз әлі бұзылған жоқ, сол күйінде Осекең балаларының игілігінде. Мен өзім кейін Осекеңмен көп жылдар бойы қызметтес дос, бауырлас  болып өстім. Қазір оның балалары өз баламдай, әлім келгенше сырттай қамқорлық жасап жүремін. Кейіннен баламыз бен баламыз үйлесіп, жақындасып кеттік.,»- деп Нарекең екі тайпа елдің бүгінгі бауырластық достығын осылайша еске алған.

Осы жазда жайылмалықтармен бір мезгілде Саудакент төңірегінде  жаңадан қоныстанып жатқан Ворошилов, Сталин атындағы, Ұйым, Жон учаскесінде, Іргелібас, Көркею, Ынтымақ, Каганович, Андреев атындағы, Шилі, Қызыл- дихан, Жданов атындағы серіктестіктерге де осы төңіректе бұрыннан қоныстанып отырған №10, 12 ауылдық кеңестердің көмек, қамқорлығы аз болған жоқ. Жұмабай Ақатов, Жарықбасов жолдастар басқарған ауылдық кеңестердің белсенділері №3, 4, 5, 6, 7, 8-ші ауылдық  кеңестің басшылары Б.Сұлтанғазиев, Ж.Серікбаев, Д.Бөпежанов, А.Кенжебаев, А.Мұстафаев, Б.Құдайбергенов, С.Сапақов жолдастармен тізе қоса отырып сарысулық көшпенділерді қоныстандыруда, оларды азық-түлікпен қамтамасыз етуде көптеген игі жұмыстар атқарды.

Ерте  көктемде Шу өңіріндегі Кентаралдан көшіп келген аудандық партия комитеті мен ауылдық кеңес атқару комитеті, аудандық мекемелер, Саудакент басындағы 1929-1930 жылдары Байқадам Қашқынбаев салдырған үйлерге орналаса бастады. Оның өзі де аз небәрі 10-15 тұрғын үй еді. Мекемелердің көбі жетіспегендіктен киіз үйлерге орналасты. Қатар-қатар киіз үйлер тігіліп, селода киіз үйлерден бірнеше көшелер пайда болды. Үйлердің маңдайшаларында Қызыл тулар, жалаушалар желбіреп, қабырғаларына көшпенділерді қоныстануға күш жинап, баспана салуға, қысқа дайындалуға, ашаршылыққа қарсы күресуге шақырған ұрандар ілінді.

Аудандық партия комитетінің хатшысы Күзембаев, аудандық атқару комитетінің төрағасы Науатов жолдастар басқарған аудан активтері де күндіз-түні тыным көрген жоқ. Күнде қоныстанушылардың арасында болып, олардың белгіленген жерлерге қоныстануын ұйымдастырды. Баспаналары жоқтарына баспана тауып беріп, әрбір отбасының күзге дейін суық түскенше кепе қазып, үй салып алуына көмектесті. Серіктестіктерде әлді жігіттерден құрылысшы бригадаларын ұйымдастырып, құрылыс материалдарын дайындау, оларды өгіз-ат арбалармен тасу, қос қоржынды там үйлер салу істерімен айналысты. Аудан белсенділері серіктестік мүшелерінің күшін ең алдымен кезек күттірмейтін осы міндеттерді шешуге бағыттады. Отырықшы үйлер мен көшпенділердің қарым-қатынасын өзара достық көмегін ұйымдастырды. Ерте көктемде аудан орталығында, әрбір серіктестікте, әрбір ауылда басталған құрылыс жұмыстары бүкіл жаз бойы күзге дейін, қар түскенше толастаған жоқ.  Жетіқырқаның ірге тасқа лайық кірпіш тастарын, Құршабақтының, Шабақтының құмқайырларын, Бестоғай, Бұзаушоқының тал шыбықтарын, бөрене ағаштарын Қазоты, Қарақоға қамыстарын арлы-берлі тасыған ат, өгіз арбалардың шиқылы, түйе керуендерінің бүлк-бүлк  жүрісі бір толастаған жоқ. Ауылдақ кеңес төрағалары, серіктестік басшылары күні-түні бірдей ат үстінде болып, осы жұмыстардың басы-қасында жүрді. Жетіспейтіндерін толықтырып, қажеттерін тауып беріп, бригада құрамын үнемі толықтырумен болды.

Осы жылдары әрбір серіктестіктен арбаларды, құрал-саймандарды жөндеп, жасайтын ұстаханалар ұйымдастырылып, оларға қолының ебі бар, темірден түйін түйетін адамдар топтастырылды. Бұл бесаспап ұсталар күні-түні жұмыс істеп, елдің қоныстанып, баспана  салуына көп көмегін тигізді. Үйлердің есік-терезелері, ашық-машықтары, құлып, тартпалары, пештің есігі, қазандығы түтін шығатыны-осының барлығы солардың қолынан өтті. Арба дөңгелектерін, жақтаушаларын, жәшіктерін, өгізге, атқа, түйеге жегетін мойындықтарын жасады. Аттың ер тоқымын, құйысқанын, шылбыр, жүгенін, ауыздығын, тағасын, түйенің ашамайын, ер-тұрманын қолдан жасады. Әрбір үйдің күнделікті өмір тұрмысына, мәдени қажетіне тұтынатын бұйымдар аяқ, табақ, қасық, ожау-шөміштерді, келі, келсап, күбі, киім-ілгіш, адалбақандары, әбдіре, сандықтар да солардың қолдарынан өтті. Ыдыс-аяқ, кесе, шыны-аяқты солар жамады, пышақ, бәкілерді солар соқты. Олар әмбебап ұсталар еді, демалуды білмейтін, күннің атысы мен батысына дейін берілген тапсырмаларды орындайтын.

Шаршап-шалдығып келген көшпен-ділерді қоныстандыру аудандық партия ұйымының алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі болса, ауданда маңызы бұдан кем түспейтін басты міндеттердің бірі аш-жалаңаш көшпенділерді жазғы пісікшілікке дейін азық-түлікпен жабдықтау, диландырып елдің еңсесін көтеру еді. Аудан басшылары бұл міндетті шешуді елді қоныстандырумен бірге қат-қабат жүргізді. Өйткені адамдарды әлдендіріп, күшіне күш қоспайынша қоныстандыру жұмысын қарқынды жүргізуге болмайтын еді. Аудан басшылары осыған байланысты ең жақын Әулиеатадан азық-түлік, құрылыс материалдары жөніндегі республика үкіметінің көмегін жеткізіп алуға түйекештер, арбакештер керуенін ұйымдастырып, үсті-үстіне астық тасумен айналысты. Серіктестік мүшелеріне жәрдем астықты сенімді өкілдер арқылы дұрыс үлестіріп беруді қадағалады. Бірақ, арбамен алыс жолдан үзілді-созылды келген мардымсыз астық аудан халқының мұқтажын өтей алмады, жетпеді.

Көктемде жаңадан қоныстанған серіктестіктер егін егуге үлгермеді және олардың жағдайлары жоқ еді. Отырықшы серіктестіктер еккен егін бүкіл аудан халқына жетпейтін болды. Үкіметтен берілетін жәрдем астық уақытында берілмей жатты. Енді не істеу керек? Бір ғана үкіметтің жәрдеміне сүйеніп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Қалайда келер жылға дейін елді ашықтырмау керек. Міне, бұл жағдай аудан басшыларын көп ойландырды.

Қыркүйек айы күндерінің бірінде аудандық партия комитетінің хатшысы Күзембаев жолдастың басқосуымен өлкелік партия комитетінің өкілі Ораз Жандосов жолдастың қатысуымен аудандық партия комитетінің кеңейтілген бюро мәжілісі болды. Мәжіліске аудандық мекемелердің басшылары, ауылдық кеңестердің төрағалары қатысты. Мәжіліс Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің «Сарысу ауданының қазіргі хал-жағдайы туралы» 1933 жылғы қыркүйек қаулысының орындалу барысын талқылауға арналды.

Бюро мәжілісінде өлкелік партия комитетінің Сарысу ауданын қоныстандыру жөніндегі төтенше өкілі Ораз Жандосов бірінші болып сөйлеп, Сарысу ауданының қазіргі хал-жағдайы және оны жақсартудың шаралары туралы өлкелік партия комитеті қаулысының мазмұнын қысқаша айтып берді. Ол осы қаулыны жүзеге асыру бағытында аудандық партия ұйымының алдында тұрған қазіргі кезек күттірмейтін міндеттерге кеңінен тоқталды.

-Республика, облыс партия ұйымдары мен кеңес органдары,-деді ол,- айшылық жолдан шаршап, шалдығып келіп, жаңа қонысқа қоныстанып жатқан Сарысу халқына қамқорлық жасап, өз алдына бұрынғысынша аудан етіп қалдырды. Ауданға көршілес Талас, Созақ аудандарының осы көлемдегі бұрынғы отырықшы халықтарын қосып, осы екі аудан аралығындағы Қаратаудың теріскей бетіндегі кең жайылымдық, шабындық жерлерді, өзен-көлдерімен, Мойынқұм, Шу өңірінің Бетпақдалаға дейінгі қысқы-жазғы жайылымдық жерлерін түгелдей берді. Осындай ірі әрі құнарлы жерге бұрын белгілі қыс қыстауы, жаз жайлауы жоқ, бүкіл саналы өмірін бір ғана кәсібі-малының қамымен қысы-жазы бірдей көшпенділікте өмір сүрген Сарысу халқын орналастырып үлкен қамқорлық жасап отыр. Енді бұдан былай Сарысу көшпенділікке кезікпей жазғы, күзгі, қысқы, көктемгі жайылымдық тапшылығын,  шабындық жоқтығын көрмей, өзіне бекітілген кең далада еркін өмір сүретін болады. Қоныстанып, отырықшылық өмірге, диханшылық кәсіпке бейімделетін болады. Сөйтіп, республикамыздың басқа отырықшы аудандары сияқты Сарысу ауданы да жарқын болашағымыз социализмге қарай бет бұрады,-деді өкіл.

…Зал іші тып-тыныш. Жиналғандар Ораздың жалынды да қамқор сөзін ұйып  тыңдаған. Әсіресе көшпенділер өкілдеріне үлкен әсер еткен сияқты. Кеше сонау Бетпақ үстінде, Шу өңірінде өзімен көшпенділікте жол-жөнекей бірге үзеңгілес болған, аудан халқының бүгінгі хал-жағдайын, болашақ өмірін бірге ойласқан жол серіктері, аудан белсенділері Аужан Мұстафаев, А.Сармолдаев, Сырғабаев, Шүленбаев, Ж.Серікбаев, Ж.Ақышев, К.Үсенбаев, Т.Жұмабеков, Омарбеков, Кенжебеков, Қ.Түсіпов, Ж.Аяпов, К.Қарамергеновтер үлкен ой-сезімге кеткен. Ораздың әрбір сөзі, обком қаулысының әрбір тармағы бұлар үшін зор жаңалық, үлкен қамқорлық болып көрінді. Ауданның болашағы жөніндегі қаулының қай бабы болса да олардың дәл ойынан шығып отыр. Қарапайым халықтың таяу уақыттағы болашағы, жақсы тұрмысы, көз алдарынан біртіндеп өтіп жатыр, өтіп жатыр.

Ораз сөзінің соңында облыстық партия комитетінің осы қаулысына сәйкес аудандық партия, комсомол, кеңес ұйымдарының алдындағы қазіргі міндеттерге тоқталды.

-Көшпенді халықтар әлі қоныстанып жатыр. Тұрмыстық хал-жағдайы әлі жақсы емес. Азық-түлік әлі тапшы. Жер шалғайлықтан азық-түлік жөніндегі жәрдем толық жеткізілмей отыр. Жүдеп келген халықты енді ашықтыруға хақымыз жоқ. Үкімет көмегіне қоса жергілікті мүмкіндіктерді толық пайдалануымыз қажет. Құм іші, Шу, Талас өңірі аң-құсқа, өзен-көлдері балыққа бай. Ауданда әрбір серіктестіктен арнайы аңшылар, балықшылар бригадасын ұйымдастырып, аң, құс, балық етін дайындап, қарапайым жұртты осындай қосымша азықпен жабдықтау керек. Аудан партия ұйымының қазіргі кезек күттірмейтін жүзеге асыратын шараларының бірі осы,-деген ол сөзін түйіндеді.

…Зал іші тағы да тып-тыныш. Әркім өзінше ойға қалған. Бір кезде зал ішінен: «Мергендер табылады, оның оқ-дәрі, мылтығын қайдан аламыз?,-» деген дауыс-тар шығады.

-Бұл сұрақтарың орынды да, дұрыс,-деді Ораз сөзін салмақтай бастап. Құс, аң, мылтықтары да, оның оқ-дәрісі де табылады. Осында аудандық тұтынушылар Одағы басқармасының бастығы Сармолдаев жолдас отыр. Бұл жөнінде ол кісінің тәжірибесі бар. Егер ол кісі бұл істі шындап қолға алса, облыстық тұтынушылар Одағының басқармасы, оның дайындау мекемесімен байланыс жасап, тапсырыс берсе, бұл қажетті дүниелерді жедел алдыруға болады. Бұл жөнінде біз де көмектесеміз. Ауыл-ауылдан бригадалар ұйымдастырып, олардың құрамын халық қамын ойлайтын мергендермен толықтыру керек. Тұзақ салуды, қақпан құруды да ұмытпау керек.

Мәжілісте аңшылар, балықшылар бригадасын құру, оның құрамын өз ісін жақсы білетін адамдармен толықтыру, оларды құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселелері туралы кеңінен сөз болды. Бюро бұл мәселе жөнінде аудан белсенділерімен кеңінен кеңесе отырып, нақты қаулы қабылдады. Әр ауылға аудан активтерінен құралған арнайы өкілдер жіберді.

Осы шаралар бойынша Жайылма төңірегіндегі серіктестіктер Қарақоға, Қазоты төңірегіндегі көлдерден балық аулауға жедел жұмылды. Байқадам, Жон учаскелеріне орналасқан серіктестіктер Талас, Аса өңірі бойынан, құм ішінен, Қаратау өңірінен аң аулап, ет дайындауға кірісіп кетті. Көп кешікпей-ақ Жайылмадағы тоғызыншы ауыл балықшы ауылы  атанды.

 

ЖАНАШЫР ӨКІЛ-ЖАНДОСОВ

Аудан халқының еңсесін көтеру мақсатымен ел жанашыры Ораздың бармаған, көмек сұрамаған жері жоқ. Рес-публика басшыларынан бастап, облыстың әрбір тиісті мекемелеріне дейін өзі барып, әртүрлі көмектер сұрады.

Аудан халқына қаншалықты қамқорлық жасағанын Ораз Жандосов жолдастың сол кездегі облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1 маусым 1933 жылғы нөмірінде «Сарысу ауданы жаңа шаруашылықтың есігін ашты» деген тақырыпта жарияланған мақаласынан айқын сезінеміз. Ораз мақалада Сарысу ауданына тәжірибелі маман қызметшілер жіберуді, құрал-саймандар, қаржылар беруді сұрайды. Халықты отырықшылық күйге келтіруді, егін егуге тұрақтандыруды ұсынады. Сарысу халқының бірнеше жүздеген шаруалары облыстан басқа аудандарына тарап кетіп отыр. Жалғыз Созақ ауданының өзінде ғана 500-дей сарысулық көшпенділер бар. Міне, бұлардың барлығы  жақын күндерде, егін пісе Сарысуға қайтпақшы дейді. Мақаланың «Сарысудың болашағы үлкен» деген бөлімінде ауданның болашағын Ораз ой-пікірімен былай жоспарлаған:

-«…Сарысу ауданы аумағына осы маңдағы Талас ауданынан үш ауыл, Созақ ауданынан біраз ауылдарды қосу керек. Міне, осы жоспармен келешекте Сарысу ауданының көлемі ұлғайып, өз алдына дербес шаруашылығы бар ірі ауданның бірі болуына мүмкіншілігі бар.

Аудандағы көшпелі халықтарда қазір 1 мың түйе, 600 жылқы, 2 мыңдай қой-ешкі және сиыр малдары бар. Алдын-ала тексеру кезінде Қаратаудың етегін алып жатқан ауқымды жер көлемі егін егуге қолайлы, әрі пішен шөбі жайқалған құйқалы өлке екендігі анықталды. Егінге жарарлық егістігі 80  мың гектардай бар. Ал Қаратаудың аяғындағы алыс жатқан құмды қырлардың екі аралықтарында шабындық жерлер жеткілікті. Міне, бұл алғышарттардың барлығы да Сарысуды алдағы күндерде облысымыздың мал шаруашылығы, әрі егінді, әрі мақталы шаруашылығы етіп жіберуімізге мүмкіншілік береді. Сөйтіп, Сарысуда  жоспарлы іс істеуге  жағдайы бар.  Бірақ мұны тек іс жүзінде асыруымыз қажет».

Мақалада аудан шаруашылығы мен мәдениетін жақын арада көтеріп, аяғынан тік тұрғызу үшін тұрғын үй салудың, оған құрылыс материалдарының қажеттігін айтады. Байланыс, шаруашылық қатынасын жасау үшін телефон, телеграф қатынасын орнатуды, машина беруді, сауда кооперативтерін  ұйымдастыруды сөз етеді. Оқу-ағарту, денсаулық сақтау, қажетті маман қызметкерлер жөнінде ол аса жанашырлықпен былай деп жазды:

«…Жаңа ауданның орталығы-Байқадамнан жеті жылдық мектеп ашып, бұл ауылға толық білімді мұғалімдер бөлу керек. Аудан басшылығындағы қызметкерлерді жетілдіру жөнінде де облыстың мықты жәрдемі қажет. Мұнда тек бар болғаны бір-екіден ғана оқыған қызметкер бар. Бүтін ауданда бірде-бір агроном, техник, мал дәрігері жоқ. Ал бухгалтерлер мен есепші қызметкерлердің ішінде шала сауаттылары толып жатыр.»

Міне, аудан халқының экономикасы мен мәдениетінің жайы Ораз тілімен айтқанда бұл кезде дәл осындай еді. Жерге орналасып, орныққанымен колхоз шаруашылығы, халықтың әл-ауқаты, әлі төмен болатын. Осы мешеуліктен құтылып, елдің еңсесін көтеру үшін Ораз басқарған өлкелік комиссия аудан басшыларымен тізе қоса отырып, көптеген ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізді.

Ораз Жандосовтың осы мақаласы жарық көргеннен кейін «Оңтүстік Қазақстанның 10 маусымдағы нөмерінде «Сарысу ауданының саяси шаруашылық күйі туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті бюросының  1933 жылғы 23 мамырдағы қаулысы жарияланды. Қаулының басынан аяғына дейін ауданның саяси-шаруашылығын көтеру үшін Ораз Жандосов жолдастың мақаласында айтылған ұсыныс-пікірлер қуатталып, ауданға жан-жақты көмек берудің нақты шаралары белгіленген.

Осы қаулыда Сарысудың саяси-шаруашылық жағдайын көтеру үшін мынадай шұғыл шаралар бекітілді. Көшпелі халықты көшпенділіктен тоқтатып, Талас ауданының жеріне орналастыру, 1933 жылдың көктемінен егіс егуді ұйымдастыру, өлкелік партия комитетінің 5 наурыздағы қаулысы бойынша Сарысу ауданы Оңтүстік Қазақстан облысы құрамында қалды деп саналды. Ауданның негізгі бағыты-мал шаруашылығы болып белгіленді. Сарысу ауданының орталығы Байқадам селосы болып, аудан құрамына Арқадан көшіп келген тоғыз ауылдық кеңес талас өңірінен осы жерге бұрыннан орналасқан №7, 8, 9 ауылдық кеңестер, Созақ ауданының Ақжар, Құмкент, Бабаата ауылдары кірді.

Аудан халқын жерге қоныстандыру үшін облыстық жер бөліміне арнайы комиссия құруды тапсырды. Комиссия Сарысу ауданының жер жағдайын, өсімдік, қыратты жерлерін техникалық  жағдайын зерттеу-ге Байқадам, Ақжар, Құмкент, Бабаатаны және көсегенің Көкжонын, Жаманқұм даласын Кентаралға дейін, Шу өзенінің аңғарларын зерттеуге тиісті болды. Жерге қоныстандыруда бұрынғы көшпелі Сарысу ауданынан басқа аудандарға көшіп барып отырған шаруалардың қайтуы, Талас, Созақ аудандарына көшкен шаруалардың қайтарылуы ескертілді.

Ауданға қоныстандырып, нығайту үшін мынадай шаралар белгіленді. Ең алдымен қой, түйе, жылқы малдарын өсіріп, өркендету, осы мақсатпен үстіміздегі жылы Сарысу ауданында 2 мың қой, 200 сиыр, 200 ат, 100 түйе өсіріледі. Бүған халықтың өздері сатып алған малдарын қосады. Шабақты мен басқа өзен-көлдерді буып, бөгет жасап, егін егуді ұйымдастыру, машина-пішен станциясын ашып, аудандық су учаскесін құру мәселелері шешіледі. Әулиеата, Ойық, Үшарал, Байқадам арасында телефон, телеграф линиялары, Әулиеата-Аққөл-Байқадам арасында почта қатынастары жүргізілді.

1933 жылы көшпенді шаруаларды қоныстандыру мақсатында Сарысу ауданы үшін арнайы смета жасауды, сметада ауданның барлық жағдайы, қарыздар беру жағдайы ескерілуі облыстың тиісті мекемелеріне тапсырылады. Әулиеата мен Байқадам арасында бір жүк машинасын жүргізу, облыстық жүк машинасын тасымалдау Одағына жүктеліп, пошта тасу үшін бір жүк машинасын бөлу өлкеден сұралды. Ауданға ауыл шаруашылығы машиналарын жеткізіп беру облыстық ауыл шаруашылығы жабдықтау мекемесі мен Әулиеата аудандық кеңесіне тапсырылды.

Ауданда  сауатсыздықты жою, Байқадамда жеті жылдық мектеп ашып, мектепті ысылған мұғалімдермен қамтамасыз ету облыстық оқу бөліміне, дәрігерлік көмек көрсету, жұқпалы сүзек, шешек ауруларымен күресу облыстық денсаулық сақтау бөліміне жүктелді.

Ауданға азық-түлік жәрдемі маусым айында екі мың пұт, шілдеде мың пұт болып белгіленді. Аудандағы әртүрлі азық-түлік товарлары мен жабдықтауды жоспарға енгізу ұсынылды. Үстіміздегі жылы аудан бюджетін қарау, бұл бюджетті қарап шешуде жоғарыдағы барлық шараларды еске алу облыстық ақша бөліміне тапсырылды.

Сарысу ауданына мән бермей, оның болашағын  бағаламай, оған қажетті көмек бермей отырған кейбір облыстық мекеме басшыларының теріс көзқарасына қатты күрес жарияланды. Сарысу ауданына көрсетілген мемлекеттік үлкен көмектерді өлкелік партия комитетінің алдына қойып, шешіп отыру белгіленді.

Қаулыда көрсетілген осы шаралар бірте-бірте орындалып, жүзеге асып, көп кешікпей-ақ аудан шаруашылығы қалыптасқан ауданның біріне айналды.

Ораз, аудан орталығы Байқадамға орналасқаннан кейін алғашқы күндері облыс, республика орталықтарымен жиі-жиі байланыс жасайды. Кейбір күндері 10-15-ке дейін телеграмма жолдап, майда-шүйде деген мәселенің өзін тез, оралымды шешіп отырады. Мәселен,1933 жылы 7 қараша күні өлкелік партия комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесіне жер, байланыс комиссариаттарына және басқа республика мекемелеріне 12 телеграмма жолдаған.

Бүгінде онша маңызды емес майда-шүйде мәселе болып есептелетін, бірақ Сарысу ауданы үшін сол кезде ұсақ болса да маңызы бар төмендегі екі телеграмманың мәтінін келтірейік.

«Алматы. Екі адреске: Халық Шаруашылығы кеңесіне, Байланыс басқармасына. Аудан орталығы 2 сәуірден бастап Талас ауданындағы бұрынғы Саудакент қазіргі Байқадам селосына келіп орналасты. Осыны барлық мекемелерге, ұйымдарға хабарлаңыз. Байқадам, 7 сәуір, Сарысу аудандық комитетінің хатшысы Күзембаев, Халық Шаруашылығы Кеңесінің өкілі Жандосов».

«Алматы, екі адреске: өлкелік партия комитетіне, өлкелік егіс комитетіне. Жәрдем астық таситын түйелер әбден жадап-жүдеді. Түйелердің қотыр кеселіне  шалдығу қаупі болып тұр, оларды емдеу үшін 25 пұт кендір майын, жемдеу үшін 300 пұт жүгері жемін тез босатуды сұраймыз. Жүгері Байқадам селосында бар. Тұқымдық бидай тазартылмаған. Тұқымды бидайды тазартушыларды құралдарымен жіберіңіз.

Байқадам, 7 сәуір, Сарысу аудандық партия комитетінің хатшысы Күзембаев, Халық Шаруашылығы Кеңесінің өкілі Жандосов».

Телеграмманың бірі — Сарысу ауданының жаңа жерге қоныстанып жатқанын бүкіл республика жұртшылығына хабарлау болса, екіншісі — елдің бірден-бір күн көріп отырған тасымал көлігі-түйе малын аман сақтауға, көктемгі егіске сапалы тұқым әзірлеуге арналған. Былай қарағанда, осы екі мәселенің екеуі де елеусіз көрінгенімен аудан үшін сол кезде аса маңызы болғаны анық. Республикадағы көрнекі революционердің бірі, елді советтендіруге, шаруаларды коллективтендіруге белсене қатысқан партия қайраткері Ораз Жандосов республика партия ұйымының атынан аз ғана уақытқа келсе де, алыстан арып-аршып, ашаршылықты бастан кешірген қарапайым елге үлкен қамқорлық жасады. Осының арқасында Сарысу ауданы көшпенділік өмірден құтылып, қоныстанып, аз ғана жылдар ішінде экономикасы мен мәдениеті дамыған, республикадағы ірі аудандардың біріне айналды.

 

АЛҒАШҚЫ ТАБЫСТАР

Аудан орталығы Саудакентке көшіп келгеннен кейін еңбекшілер депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің шешімі бойынша аудан орталығына осыдан бірер жыл бұрын осы жерге болашақ селоның ірге тасын қалаған, тап жауларының қолынан мезгілсіз қаза тапқан ержүрек комсомол Байқадамның есімі берілді. Сарысу елінің халқы бұрын осы төңіректі мекендеген жергілікті халықпен қосылып, бір аудан болды. Олар Байқадам, Жайылма, Жон учаскелеріне қоныстанып, мал өсірумен де, егіншілікпен де айналыса бастады.

Сарысулықтар осы жерге көшіп келгенге дейін егін егуді білмейтін. Көшіп, қонуға ыңғайлы түйе, жылқы, қой өсірумен ғана шұғылданатын, малға бай ел болған. 1928-1929 жылдары Сарысу ауданы мал өсіруде республиканың алғашқы шебінде болды. Қой малының саны миллионға жетті. Жеке байларда қой малының басы 10-15 мыңға, жылқы 3 мыңға жетті. Қысы-жазы бірдей көшпенділікте болғандықтан түйе саны да көп болды. Мал аз деген үйдің өзінде кемінде 4-5 түйе, 5 жылқы болды. Кейбір тақыр кедейлер болмаса көшершілікте түйесі жоқтар сирек кездесетін.

1930 жылдың көктем айларындағы аудан, республика басшыларының асыра сілтеу саясатының салдарынан аудан халқы, бұл көп малдан айырылып, өз бас-тары бұл өңірге әрең жетті. Сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы Күзембаев жолдас осы жайлы өзінің 1935 жылғы 1 маусымдағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған «Біз жұмыстың басын бастадық» деген мақаласында былай суреттейді:

-.Сарысу ауданы-көшпелі мал шаруа-шылықты аудан. Шаруалары тек биыл ғана егін егу кәсібін қолға алып отыр. Бұрын халық жазғытұрым Сарысу жайлауына қонып, суық түскенде Шу өзенінің бойына көшіп кететін еді. Өткен жылдары бұл ауданда асыра сілтеушілік болып, мал басы санын көп кемітіп жіберген. Аудан басшылары 1931 жылы аудан шаруашылығын коллективтендіреміз деп коллективтікке халықтың басын 90 пайызға дейін құраған. Бай-құлақ қатарына елдің 50 пайызы енгізілген. Осы асығыс теріс саясаттың салдарынан мал басы өте құлдырап, төмендеп кеткен.

1932 жылы мұндағы «Солшылдар» мың жылдар бойы сүйекке сіңісіп келген рушылдықты бір қол сермеумен жойып жіберуге кіріскен. Ауданда бұрын он ауылдық кеңес болса, бұлар оны он бес ауылдық кеңес етіп көбейтіп, кеңес ағаларын сапырылыстырып жіберген. Соның салдарынан кеңес ағалары ұшы-қиыры жоқ даладан өзіне қарасты жердің, елдің қайсысы екенін ажырата алмайтын күйге түскен. Сол жылдардың тәжірибесі мұнымен да аяқтамайды. 1932 жылы алдымен дайындық жұмысына кірісудің орнына елдің жаппай отырықшылануын дереу қолға алады. Соның салдарынан халықтың көпшілігі басқа аудандарға топ-тобымен қаша көшеді. Бұларды қайтаруда аудан басшылары әкімшілік етуден басқа жолды қолданбайды.

Дұрыс бағыттағы оң өзгеріс тек өткен жылдың қараша айынан бері ғана басталады. Мен ауданға келгенде мұндағы аудан басшыларының көз бояушылықпен отырғандығы анықталды. Бұлар жоғарғы орындарға Сарысу ауданындағы отырықшыландырылған халықтың саны 4 мыңдай деп өтірік ақпар берген. Шындығында көшіп кетушілердің салдарынан ауданда 2 мыңдай ғана үй қалғаны белгілі болды. Міне, осындай асыра сілтеушіліктің себебінен ауданның экономикалық жағдайы өте нашарлап қалған. Біз облыс пен өлкеден жәрдем сұрай бастадық. Жәрдем күші қараша айынан келе бастады.

Бұл жерде біз ауданның келешегін ойлай бастадық. Жоспарлы түрде отырықшыландыруды бастау мақсатынан аудан халқын Талас ауданының бір шетіне көшіріп кіргіздік. Ауданымыздың жаңа орталығы Байқадамға 25 наурызда көшіп біттік. Бұл бұрыннан көшкен елдің жұрты екен. Осы жерден 5 соқа тауып алып, содан бастап осы құралдармен ауданымыздың егістік жерін жырта бастадық. Анығын айту керек, көктем егісіне аудан шаруалары дайын емес болатын. Оның себебі біріншіден көшпенділер егіс егудің не екенін, оны қалай айдап  егу керек екенінен хабары болмады. Екіншіден, даярлық кездерінде де көшіп-қонудың әрекетінде болатын. Сондықтан даярлық жұмыстарын да қосқа шығудың үстінде атқаруымызға тура келді. Соқа, саймандарды да егіске кіріскен кезде ғана Әулиеатадан алдырдық.

Өмірі соқа тимеген жаңа жерді егіншілікке айналдырудың қиыншылығы көп болды. Бірінші күндері колхозшылар бір соқаға 6 түйеден жектіріп, 6 адамнан  соңына түсті. Жер жыртудың алғашқы күндері колхозшылардың ішінен соқаның тісін жоғары қаратып, төңкеріп алып осылай жыртқан жақсы болар деп жер айдағандар да болды. Былайша жер жыртудың  ерсілігін колхозшыларымыз іс жүзінде көрді. Кейіннен соқамен қалай жұмыс істеу керектігін барлығы да біліп алды.

Сарысу ауданының партия ұйымы әлі  бекімеген, нашар және өте аз еді. Ауданымызда небәрі 119 коммунист болды. Мұның 56-сы аудан орталығында, бес жылдық стажы бар коммунисіміз 5-ақ кісі. Қалғандары 1930-1931 жылдары жаңа кіргендер. Комсомол ұйымының ұясы бар, барлығы 180 комсомол мүшесі болды. Егіс даласында әйелдер орасан ерлік, еңбегін көрсетіп жүрді. Серіктестіктерде, бірлестіктерде олар шындығында үлкен күш екендігін дәлелдеді.

Сарысу ауданында соңғы айларда жасалып отырған бұл жұмыстар келешек шаруаның тек бастамалары ғана. Жаңа  тың жерді егістік жерге айналдырып, егінді әбден кәсіп қылуды, бірлестіктерді жаңа жерге орналастыруда, жаңа ауданның мәдениет, денсаулық, тазалық және шаруашылық жұмыстарын құруда біздер әлі де көп жұмыстар істеуіміз керек. Облыс бізге ол көмектерді көрсетер деп сенеміз,-деп қорытындылады хатшы мақаласын.

Міне, ауданымыздың 1935 жылғы көктемгі соқа айдауға дейінгі хал-жағдайы осындай еді. Осы жылдан бастап аудан серіктестіктері егіншілік кәсіпке кірісіп жекеменшік және қоғамдық мал басын өсіруді қайтадан қолға ала бастады. Облыстық, өлкелік басшы органдардың қамқорлығы арқасында аудан жеке колхозшыларға, колхоздарға өз төлінен өсіруге басқа жақтардан келген төрт түлік малдың тұқымын үлестіріп берді. Орталық партия комитетінің мал шаруашылығын өркендету жөніндегі 1932 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысына сәйкес осы малдарды өсіруді аудандағы әрбір үй, әрбір колхозшы, әрбір мектеп оқушысы өз қамқорлығына алды. Өзі аз малды өз төлі есебінен өсіріп, орталыққа қосу аудандағы әрбір азаматтың борышына айналды. Жекеменшік малды көп өсіру: орталықтағы малды көбейту құрметті іс болды. Кім малды көп өсірсе марапатқа ие болды. Аудан, облыс, республика көлемінде атағы шықты, газеттерде жазылды, үкіметіміздің наградаларына ие болды. Өзінің теріс қимылымен мал басын өсіруге кесірін тигізгендер сынға алынды.

Жекеменшік және қоғамдық мал басын өсірудегі партиямыз бен үкіметіміздің сол кездегі саясатын жүзеге асыру бағытындағы аудан еңбеккерлерінің патриоттық істерін сол кездегі шыққан  облыстық, аудандық газеттерден көптеген мысалдар келтіруге болады. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1935 жылғы 17 қыркүйектегі нөмірінде зоотехник Жантемірұлының «Сарысу ауданы малды аудан болады» деген мақаласында аудандағы мал өсірудің жағдайына талдау жасаған. Орталық партия комитетінің 17  қыркүйектегі  қаулысы шыққаннан бері мал шаруашылығын өркендету екпінді түрде қолға алынып, жылдан-жылға көбейе бастады. 1933 жылы шілде айында бүкіл аудан бойынша 6556 бас мал болған болса, 1934 жылы шілде айында бүкіл аудан бойынша бұл көрсеткіш 5761 басқа жетіп отыр. Мал басы 1933 жылмен салыстырғанда едәуір өсті. Бұл малдарды 1935 жылдардың басына дейін екі есе өсіріп, мал шаруашылығын өркендетуде 1934 жылғы  өзгерісті жыл үшін ауданның басшы, партия, кеңес ұйымдарынан бастап ауылдық кеңестің председателдері мен колхоз бастықтары тегіс жұмылдырылды. Ауыл мен ауыл, колхозбен колхоз жеке колхозшылар арасында социалистік жарыс кеңінен өріс алды. Бір төлдің басын кемітпей тұқым малдарын дер кезінде шағылыстыру үшін жас төлдің күтімі жақсы болуы үшін күрес күшті болды. Осының арқасында 1935 жылдың қаңтарында ауданда мал басы 18375 басқа жетіп, мал 357 пайызға өсті.

Партия мен үкіметтің қаулысы бойынша 4 түлік малдың ішінде түйе малын өсіру жолға қойылды. Түйе малының күтімі жақсы болып, жазда шыбын, сонадан қорғап, күйлі ету үшін Қамыстыбұлақ, Сорбұлақ,  Үшбас деген қолайлы жерлерге жайылымға жіберіліп бағылды. Осының арқасында түйе малын өсіру бұрынғы қалпына жетті. Жылқы малы да жақсы өсті.

Малды күтіп өсіру жөнінде ауданда екпінділер саны да көбейді. Мысалы «Жаңаталап» колхозының мүшесі Мысықбай Фазылұлы дегеннің қолында қазір 30 тұсақ малы, 14 ірі қара малы, барлығы 45 малы бар. Қойшықара деген колхозшының 1935 жылдың басында 30 малы болса, қазір 58-ге жетіп отыр. Бұрын өмірі бір малы болып көрмеген Жанысбек Ойшыұлында қазірге кезде  60 бас малы бар. Бұл Ойшыұлы қой мен ешкіні жылына екі рет төлдету әдісін қолға алып, қойды жақсы күте білудің арқасында осындай табысқа жетті.

Жекеше малды көптеп өсіруді дәріптеу, тәжірибесін басқаға үлгі ету, мал өсірушілерге кедергі жасаушыларды бет-жүзіне қарамай сынау сол кездегі аудандық, облыстық газеттердің үзбей жазатын тақырыптарының бірі болды. 1935 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бетінде бір ғана Сарысу ауданынан мал өсіру жөнінен ондаған мақалалар басылды. Д.Қонысұлының «Молтайдың 31 ешкі, 1 аты бар» деген мақаласында Сарысу ауданының 10 ауылына қарасты «Коммунар» совхозының колхозшысы Молтай Көшімұлы жұмысты адал ниетпен екпінді істейді. Көшімұлы биыл 10 айда 260 еңбеккүн тапты. Көшімұлы мал шаруашылығын өркендетуге өте бейімді, ынталы 1933 жылы колхоздың мал фермасынан екі ешкі алып еді, биыл сол екі ешкісі 31 басқа жетті. Көшімұлі 1934 жылы да көптеген еңбеккүн тапқан еді. Сол еңбеккүннің астығын сатып, бір ат алған. Осы кезде 1 ат, 31 ешкісі бар.

Осы газетте бір тілшінің «Інген қайыту науқанын Сарысу ауданындай ұйымдастыра біліңдер» деген мақаласында Сарысуда басқа аудандарға үлгі етіп, тәжірибесін насихаттайды.

Сарысу ауданында 82 інгенді қайыту керек еді, мұның  үстіне 33 інген сырттан қосылып барлығы 103 інген болып отыр. Осы інгендердің ішінен 17 інген асыл тұқымды бурамен қайылды. Бұл аудан інген қайыту науқанын ұйымдасқан түрде өткізіп отыр. Інгендерді дұрыс қайыту үшін аудан басшылары аудан көлеміндегі бураларды 1934 жылдың күз айларында бір жерге жиыс-тырып, күтімге ала білді. Бұларды қыстай құнарлы шөп, жем беріп жылы қораға қойып бақты. Осының арқасында бура, үлектер қыстан аман шығып, інген қайыту науқанына дұрыс барды. Інген түйелері бар колхоздарда қолда бар інгендердің бірде-біреуін қысыр қалдырмай қайыту үшін колхозшылардың ішінен әдейілеп тәжірибесі бар қарт кісілерден адамдар бөліп қойды. Бұл адамдар інгенді бір жерде қайта қайытуды ұйымдастыра білді. Сарысу ауданы түйе малын өркендетудің негізінде інген қайыту науқанын дұрыс ұйымдастыра білу жөніндегі партиямыз бен үкіметіміздің қаулыларын бұлжытпай орындап отыр,-деп жазады.

Газеттер мал өсіруге  немқұрайлы қараушыларды аяусыз сынап, көпшіліктің талқысына салып, ұялтып отырды. Облыстық газетке осы жылы «Қысқа дайын емес», «Мал докторы багаж жасап отыр», «Еңбек ақымды бермеу жүр» деген тақырыптарда жарияланған мақалалар осының айғағы. Бұл мақалаларда №17 ауылға қарасты «Жаңа күш» серіктестіктерінің қысқа дайын еместігін, мал күтімінің төмендігі, жылқылардың өте арықтап кеткендігі, кейбіреулердің күш-көлікке тап жауларынша қарайтындығы, күтімсіздіктен сиырдың бұзау тастағандығы, мал өліміне жол берілгендігі. №8 ауылға қарасты серіктестікте топалаңмен ауырған қойларды мал доғдырының уақтылы келіп емдемегендігі, сабатаж жасағандығы, соның салдарынан қоғамдық малдың шығын болғандығы аса жанашырлықпен айтылған.

Ол жылдары жекеменшік малдарды сойып алу да еркі көрінетін. Өйткені, аз малды аз күнде көптеп өсіру алдына қойылған аса бір құрметті міндетке айналған. Осы ұранға сәйкес өз малын сойып алғандар сыналып, көпшілік талқысына салынды. Осы жылы облыстық газетте «Інген сойып алды» деген мақала басылды. Мақалада Сарысу ауданы №4 Мырзаян серіктестігінің мүшесі Ыбырай Тәжібайұлының жекеменшігіндегі бір інген, ортан қолдай бір жылқы болатын. Осы інгенді түйе малының басын өсірудің орнына серіктестік бастығы Қоңырбайұлымен екеуі бірігіп, бір түнде сойып алған. Біраз етін өздері бөліп алады да сонан соңғысын 10 пұт бидай астық, 170 сом ақшаға сатып бөлісіп алады. Сөйтіп серіктес бастығы Қоңырбайұлы мен Тәжібайұлы қоғам малын өсіру жөніндегі партия мен үкіметтің қаулысын орындамай отыр деп жазылған.

Аудан серіктестіктерінде жекеменшік және қоғамдық малдарды өз төлі есебінен шығынсыз өсіру келесі  жылдарда да қарқынмен жүргізілді. Осы бағытта социалистік жарысқа түскен ауылдық кеңестер, серіктестік коллективтері, жеке колхозшылар мал қыстатуды жыл сайын ұйымшылдықпен шығынсыз өткізіп, көктемгі мал төлдетуді үлкен табыспен аяқтап отырды. Мал күтімі көпшіліктің қамқорлығына айналды. Оқушы баладан бастап еңкейген қартқа дейін жекеменшік малды, орталық малды баптап күтудің төңірегінде болды.

1936 жылы да аудан елі толық қоныстанып болған жоқ еді. Колхозшылар мал өсіруге, егін егуге қолайлы жерлерді іздестіріп, сондай жерлерге өз еркімен орналасып жатты. Осы жылдың жазында коммуна ауылының «Ынталы» колхозының колхозшылары өз сұраулары бойынша Көкарық деген жерге қоныс тепті. Жаңа қоныс мал жайылымына өте жайлы болды. Бұл қонысқа келгелі малдың күйлері артып мал ауруы күрт азая бастады. Көкарық қонысына жаңадан қоныстар жүргізіп, үш бөлмелі мектеп, төрт бөлмелі пункт, екі мал қорасы, алты жаңа үй салынды деп жазды. Бейбітов «Оңтүстік Қазақстан» газетінің осы беттегі «Жылына екі рет төлейді» деген мақаласында осы «Ынталы» колхозының  мүшесі Сұлтанбек Байсековтың 1935 жылы төрт басы қойы бар еді, биыл ол 47 басқа жетті, екі бұзаулы сиыры бар Сұлтанбектің малдары екі рет төлдегендіктен бір жыл ішінде осындай көбейді деп жазды 1935-1936-1937 жылдары колхозшылардың жекеменшігіндегі, серіктестіктеріндегі ортақ малдар колхозшылардың патриоттық инициативасы бойынша жедел қарқынмен еселеп өсіп жатты. Бұл қарқынды сол кезде Сарысу аудан атқаруы комитетінің төрағасы Қуаныш Тәжібаевтың 1936 жылғы 17 қарашада «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жариялаған «Сарысу ауданының алғашқы табыстары» деген мақаласынан байқауға болады.

Сарысу ауданы Бетпақдаладағы Шу мен Сарысу өзендерінің арасында жалғыз мал өсіру кәсібімен көшіп жүретін көшпелі  түрінен 1933 жылы Талас ауданының Байқадам учаскесіне қоныстандырылған, оңтүстік Қазақстандағы ең  кенже аудан деуге болады. Сарысу ауданы бүгінгі таңда негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы, қосымша егіншілікпен кәсіп ететін 12 ауылдық кеңеске, 47 артельге біріктірілген отырықшы елге айналды.

Мал шаруашылығын өркендету жолындағы екі жылдың, әсіресе соңғы бір жылдың ішіндегі Сарысудың көрнекті табыстарын атап көрсетпесе болмайды. Үстімізді жылдың 1 қаңтарында төрт түліктен шаруашылықтың барлық секторларында 21331 бас мал болса, қазір 1 қарашаға дейін 30365 басқа жетіп отыр.

Биыл бұл малдарға қосымша мемлекеттен ірілі-ұсақты 3689 бас мал алынып, оның 389-ы ортақтасқан қорға, 339-ы фермаға, 3380-і серіктік артель мүшелеріне берілуі керек еді. Қазірде 2432 басы алынып, 232 басы ортақ қорға, 2200 басы серіктік артелі мүшелеріне берілді. Қалған 1200 бас малы жақын  арада үлестіре бастаймыз. Мұның 28132 басы колхозшылар мен шаруалардың меншікті малы да, 2233 басы фермалар мен артельдердің ортақтастырылған малы. Жыл басында ауданда 11 қой фермасы ғана болса, қазір 12 қой фермасы, 11 сиыр, 2 түйе фермасы бар.

Сарысу ауданы еңбекшілерінің мал өсіру, көбейту, оның сапасын жақсартып, асылдандыру жолындағы бұл елеулі табыстары Мирзоян жолдастың «Сарысуда 300 мың мал басы болуы керек» деген нұсқауын орындау бағытындағы  жұмыстарының нәтижесі деп қорытындылайды өз мақаласын атқару комитетінің төрағасы.

Ќырќыншы жылдыѕ ќыз-келіншектері

І.ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ШОЛПАН

«Жайылма» совхозының қырқыншы жылдардың қыз-келіншектерін сөз  еткенде ең алдымен ауызға бұрынғы Ленин атындағы Қызыл Ту колхоздарының көп жылдар бойы мүшесі болған, соғыс жылдары, одан кейінгі еліміздің халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары өзінің адал да жемісті еңбегімен атағы бүкіл республикамызға дейін мәлім болған, ауданда стахановшылар қозғалысына алғашқылардың бірі болып үн қосқан Шолпан Құтжанова  алынады. Өйткені оның өмір тарихы, іс-қимылы, жемісті еңбегі осы дәрежеге көтерген еді. 1941 жылы ері Итемген соғысқа аттанғанда Шолпан — Әбілқасым мен Болатын құшақтап көп жесірлердің бірі болып қала берді. Соғыстың қиыншылығы, Отанға төнген қауіп оны көп ойландырмады, толғандырмады. Балаларын асырау үшін, Ұлы жеңісті тездету үшін көптің бірі болып, колхоз өндірісіне белсене араласып кетті. Шолпанның колхозда істемеген жұмысы болмады, қандай жұмыс болса да соның бәріне бара берді. Жұмыс таңдауды білмеді. Қыста отын шауып, жазда шөп тасыды. Көктемде бидай, жүгері, қауын-қарбыз, картоп егу де оның үлесіне тиді. Есепші болып өлшеу де одан қалмады. Осының бәрін ол звенодағы іс-қимылы, ой-армандары бір құрбы-құрдастарымен бірге атқарды. Ықыш Беласарова, Ажар Сүлейменова, Күлжәмила Әбдрахманова, Мәруа Байтоқаева, Алтын Еділбаевалармен бірге істеді.

Колхозда Шолпан атқармаған қол жұмысы кемде-кем. Бұған Шолпанның 1941-1953 жылдарда колхоздан алған нөмірі 129, 243,257 еңбек кітапшалары ондағы жазылған еңбек күндері айғақ. Шолпан №129 еңбек кітапшасы бойынша 1943 жылы еңбек күніне қаңтар айында қарауылдық жұмыстан 18 сом, ақпанда 10, наурызда 6 сом тапса, маусым айында қой сүтінен 90 сом, шілдеде шөптен 99 сом, шілде-тамыз айларында 846 сом тапқан. Желтоқсан айында отын дайындауда 294 сом алған.

№245 еңбек кітапшасы бойынша 1944-1945 жылдары сүт сауудан төл тәрбиелеуден, мал бағудан, шөп шабудан, қол жұмысынан, №257 еңбек кітапшасы бойынша 1950 жылдары мал бағудан, төл төлдетуден, сүт сауудан, тоғытқан, қозы дәрілеуден, қозы бағудан, қарауылдықтан, жүн тағы басқа да әртүрлі жұмыстардан еңбек күнін тапқан. Сөйтіп колхозда қай жерде жұмыс болса, сол жерде еңбек етіп, Отан байлығын арттыруға үлкен еңбек үлесін қосып отырған.

Шолпанның колхозда белсене еңбек етіп, өнімді жұмыс істеп, бағалы сыйлықтарға ие болғанын сол кездегі колхоз төрағасы  Оспан Қабанбаев жолдастың 1953-1954 жылдары Шолпанға берген мына анықтамасы да тарихтың куәсіндей. Анықтамада: «1953 жылы Шолпан Құтжанова өзіне бекітілген 20 гектар жердің әр гектарынан 17-18 центнерден бидай өнімін алып, нормасын 250 пайызға орындаған. Осы жылы колхозшылардың жалпы жиналысының ұйғарымы бойынша Шолпанға 200 келі бидай, 500 сом ақшалай сыйлық берілген. 750 сом еңбек тауып, 3600 сом нақты ақша алған», деп жазылған.

Міне, Шолпанға берілген осы анықтаманы күні бүгінге дейін сақтауының өзі оның кешегі қиыншылық жылдары қаншалықты қарқынмен еңбек етіп, Ұлы жеңісімізге қаншалықты жеке үлес қосқандығын аңғарамыз. Шолпанның еңбегін, еңбегіне сай алған сый-құрметін тізе берсек, олар көп. Көпте болса біразын Шолпанның сіңлілерінің есіне салуды дұрыс көрдім. Олар мыналар:

— 1954 жылы тамыз айында №024547 жолдамамен Ленин атындағы колхоздың атынан Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысушы-экскурсант, 1955 жылы социалистік жарыстың қорытындысы бойынша 30 гектар жүгерінің әр гектарынан 12 центнерден  өнім алғаны үшін аудандық ауылшаруашылық көрме комитетінің грамотасын алған. 1956 жылы социалистік жарыстың қорытындысы бойынша осындай еңбегі үшін аудандық кеңестің грамотасына ие болған. 1957 жылы егін егіп, өнім  алуда жоғары табыстарға жеткені үшін көрме комитетінен арнайы куәлік алған. 1959 жылы жүгеріден жоғары өнім алғаны үшін аудандық көрме комитетінің ІІ дәрежелі дипломымен   марапатталған. 1960 жылы өзіне бекітілген 96 гектар жүгерінің әр гектарынан 36 центнерден өнім алғаны үшін аудандық көрме комитетінен тағы да куәлік алған. Осы жылдың ақпанында облыстық кәсіпшілер Одағы Президиумынан жүгеріден мол өнім  алғаны үшін «Құрмет грамотасымен» наградталған. 1963-1964 жылдары қатарынан екі жыл бойы социалистік жарыстың озаты ретінде облыстық кәсіпшілер одағы Президиумының «Құрмет грамотасына» ие болған.

Шолпан 1960 жылы халықаралық әйелдер күні 8 наурызда ауыл шаруашылығын өркендетудегі сіңірген еңбегі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Президиумының «Құрмет грамотасымен» наградталған.

1962 жылы Қазақ ССР-нің және Қазақстан Компартиясының 40 жылдығына байланысты республиканың кәсіпорын, ауыл шаруашылығын және мәдениетін дамытудағы табысы үшін Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Президиумының «Құрмет грамотасымен» екінші рет наградталған.

Шолпан облыстық, республикалық,  ауыл шаруашылық көрмелеріне бірнеше рет барып, олардың куәліктеріне, дипломдарына ие болған адам. 1961-1964 жылдары екінші сьездерінің делегаты. 1957 жылдан КПСС мүшесі. Шолпан ауылдық, аудандық кеңестердің бірнеше дүркін депутаты, аудандық, облыстық партия конференцияларының делегаты, аудандық, облыстық партия комитетінің мүшесі болып сайланды. Ол қоғамдық жұмыстардың да үздігі болып, атақ-даңқы облысқа, республикаға дейін белгілі  болған ардақты ана.

 

ІІ. БАҒИ МЕН МҮСӘЛ

Соғыс жылдарында әйелдер қай жұмыста болса да шаршап шалдығуды білмейтін. Шаршаса да ойын-әзілдермен білдірмейтін. Соғыс жылдарында осындай ауыр жұмыстардың бірі «Ынталы» су бөгеті құрылысы болды. Арбамен тас, зембілмен құм, топырақ тасу оны бөгет үстіне төсеу қол күшімен атқарылды.Осы жұмыстарға адам күші сай келсе, көлігі сай келмей, әйелдер әбден шаршайтын. Осындайда адамдарды құрылысшылардың өзара жарысы, әзіл-ойыны, айтысы шынықтырып, ширатып жіберетін.

Осындай айтыстардың бірі  Ленин атындағы колхоз құрылысшыларының арасында кең өріс алды. Айтысты ұйымдастырушылар колхоз төрағасы Оспан Қабанбаев, ауылдық советтің Председателі Түсіп Шалабаевтардың өздері болды. Колхоз бригадасының құрамында Бағи, Мүсәл, Қалиман сияқты суырыпсалма әзілқой ақындар болды. Олар кешкі отырыстарда, тіпті жұмыс үстінде де озаттарды дәріптеп, кемшіліктерді сөз етіп, оған кінәлі адамдарды әнге қосып, сынай білетін. Олардың сын өлеңдері, әзіл оспақтары ұйықтаған адамды оятып, шаршаған адамды сергітіп, көңіл күйлерін жадыратып жіберетін еді,- дейді Бағидың сол кездегі замандастары.

Бағи мен Мүсәл көрші колхоз, бригада ақындарымен де сынасып, екі бригада арасындағы социалистік жарыстың барысын әжуа етеді. Олардың құрылыстағы ортақ жұмысқа үлес қосып айтқан өлеңдері құрылыс участогінде шығатын «Құрылысшы» қабырға газетінде де шығып тұрды. Сөйтіп, Бағи мен Мүсәл өздерінің шыншыл да тура, өткір, сын-сықақтарымен, әзіл-оспағымен «Ынталы» су бөгеті құрылысшыларының арасында сый-құрметке бөленді. Өздері құрылыс жұмыстарына белсене қатыса жүріп, құрылысшыларды іске рухтандырып, жігерлендіріп отырды.

Сол бір қиыншылық  жылдары аудан әйелдерінің қоғам үшін, жеңіс үшін атқарған жанқиярлық еңбектері осындай еді.

ІІІ. МАҚТАШЫЛАР — АҚБІЛЕК ПЕН АҚТАЙ

Сапарымызды «Байқадам» совхозының «Ұйым» учаскесіндегі Ақбілек Күндібаеваның үйінен бастадық. Ақбілек құрметті демалысқа  шыққанға дейін сов-хозда жүгері өсіруде атағы шығып, есімі облысқа дейін мәлім болған адам. Бірнеше дүркін аудандық, облыстық кеңестердің, екі дүркін облыстық кеңестің депутаты болған кісі.

-Құрметті демалысқа шыққанға дейін жүгері өсіріп, атағыңыз облысқа дейін белгілі болғанын білеміз, оған дейін колхоз кезінде қандай шаруамен айналыстыңыз,-дедік біз Ақбілектен сөз тартып.

-Совхозға дейін «Ұйым» колхозында колхозшы болып істедім. Соғыс алдында, соғыс жылдарында мақта егумен, бидай өсірумен айналыстық. Біздер өңкей қыз-келіншектер мақта өсіретін, бидай егетін звеноларда істедік. Бригадамызда мақта өсіретін үш звено болды. Бірін мен басқардым, екіншісін Ақтай Нұрабаева, үшіншісін Кенжетай Көпбаева жолдастар басқарды. Әр звенода 18-ден қыз-келіншектер болды.

-Мақта плантациясында жұмыс істеу әдісі қандай еді?

-Ол кезде бүгінгідей техникалар жоқ, бәрі де қолдың күшімен істелетін. Звенода бекітілген 12 гектар мақтада 7-8 адам біркісідей бірігіп жұмыс істейтінбіз. Жұмысқа кешігіп келушілік, жұмыстан ерте қайтушылық, сылтау іздеу болмайтын. Бригадиріміз үнемі ат үстінде, жұмысымызды бақылайтын, көмек көрсететін. Звено мүшелері көктемгі егіс  егуден бастап, күзде мақтаны жинап алуға дейін жұмыс басында боламыз. Мақта жұмысы әрі ұзақ, әрі ауыр болатын. Егістік жерді ат соқамен, тұқымды қолмен себетінбіз. Дән жер бетіне көктеп шыққаннан кейін оны жекелейміз. Жекелеу ісі де еңбекті көп тілейді. Бала-шағамызбен ертеден кешке дейін жекелеу ісімен айналысамыз. Жекелеп болғаннан кейін мақтаны суару үшін ат соқамен арық жасаймыз. Бұл кезде бізге балаларымыз көмекке келетін. Осы күні  әрқайсысы әртүрлі мамандықта істеп жүрген ол кезде жас балалар Әшірхан Әпетов, Әбітбек Затыбеков, Кеңесбек Бигулиндер атқа мініп, мақта арасынан жүріп отыратын. Біз әйелдер соңынан түзу жүйек саламыз. Мақта судан шыққаннан кейін де жұмысы таусылмайды. Енді мақтаны арамшөптен тазарту үшін түбін култивация-лап, қопсытамыз. Бұл жұмыс әр суарудан кейін қайталанады. Ал мақта жинау күзгі жауын-шашынға іліксе тіптен қиындап кетеді. Мұндай жағдайда мақтаны қолмен кептіріп, мемлекетке содан кейін өткізетінбіз.

-Алған өнімдеріңіз еңбектеріңізді ақтаушы ма еді?

-Ақтағанда қандай, жылына орта есеппен мақтаның гектарынан 25-30 центнерден өнім алып, жоспарды артығымен орындайтынбыз.

Ақбілектен кейін осы «Ұйым» ауылында тұратын бұрынғы мақта звеносының жетекшісі Ақтай Нұраеваның үйіне бардық. Бұдан 40 жыл бұрынғы №192 еңбек кітапшасы, №176229 нөмірлі, «1941-1945  жылдардағы еңбектегі ерлігі үшін» медалі, куәлігі сарғайып тозған. Бірақ өткеннің куәсі ретінде сақталған. Еңбекшілер депутаттары Комсомол аудандық кеңесінің председателі Дүйсенбаев, хатшысы Есмаханов жолдастар майданға кеткенде Ақтайға отбасы туралы берген анықтамасы да сақталған. Анықтама 1975 жылы туған ағасы Нұрабай, енесі Данакүл, өз балалары Адай, Кеңес, қызы Аманкүл, келіні  Сайлаукүлдер барлығы 7 адам тізілген. Жастайынан жесір қалған Ақтайға қиыншылық жылдарда осындай көп отбасыны асырау, балаларды тәрбиелеу оңайға түспеген. Күйеуі Бекұлы армияға кетісімен көп кешікпей көппен бірге білекті түріп жіберіп, өз отбасы үшін, Отан мүддесі үшін колхоз өндірісінің әртүрлі салалы жұмыстарына араласқан.

Жұмысты таңдаған жоқ, қиыншылықтарынан қорыққан жоқ. Колхоз басшылары қай жұмысқа жұмсаса  сол жұмысқа барып, бала-шағасын асырап жүрді.

Ақтайдың соғыс жылдарында қандай жұмыстар атқарғанын, қандай еңбекақы тапқандығын еңбек кітапшасынан байқауға болады. 1943 жылы еңбек кітапшасы бойынша қаңтар айында мақтадан 16 сом 20 тиын, ақпанда малдан 1 сом 38 тиын, мақтадан 3 сом 18 тиын, сәуірде егістен 3 сом 40 тиын, мақтадан 16 сом 80 тиын тапқандығы осыны дәлелдеп отыр. Сөйтіп Ақтай соғыс жылдарында өзінің қажырлы еңбегімен бала-шағасын асырады. Сонымен бірге Ұлы жеңістің тез аяқталуына да өз үлесін қоса білді. Бұл Ақтайға ғана тән іс емес еді. Ақтай тағдырлас қырқыншы жылдардың қыз- келіншектерінің бәріне тән іс болды.

ІV. БӘЛШЕН МЕН ҮБАЙДА

Ерлі-зайыпты Бәлшен Қадірсізов, Үбайда Ахметованың атақ-даңқы бізге соғыс жылдарының алғашқы күндерінен белгілі еді. Чкалов атындағы колхозда бір өндіріс бригадасының бригадирі ретінде, екіншісі звено жетекшісі ретінде белгілі болды. Аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің аудандық газетке жарияланатын «Құрмет тақталарында»  басқалармен бірге екеуінің есімдері де жиі-жиі жазылып жүрді. Аудандық партия комитетінің пленумдары мен аудандық кеңесінің мәжілістерінде, әртүрлі өндірістік кеңестерде де озаттардың қатарында аталып жүрді. Олар ел бас қосқан жерлерде ешбір бүкпесіз, қоғамдық іске пайдалы өз ойын, ұсыныстарын, сын-ескертпелерін айта алды.

Қырқыншы жылдардың қыз-келіншектерін іздей шыққан сапарымызда «Коммунар» совхозының орталығындағы өз мекенжайында отырған осы екі кісімен кездестік.  Жастары 70-80-нен асса да әлі қартая қоймаған. Беттеріне әжім түскенімен іс-қимылдары, сөздері ширақ.

Әңгіме үстінде біз Бәйшен мен Үбайда өмірлерінен көп жағдайларды аңғардық. Бәйшекең біз білетін өндірістік бригаданың бригадирі ғана емес екен, 1933 жылы ұйымдасқан «Аққойлы» колхозының алғашқы ұйымдастырушысы, төрағасы болған екен. Одан кейінгі жылдары өндіріс бригадирі, ферма меңгерушісі, шопан, қатардағы колхозшы болған. Өзінің бүкіл саналы өмірін колхоз, одан кейін совхоз өндірісін өркендетуге, қоғам байлығын нығайтуға жұмсаған еңбек адамы. Еңбегіне сәйкес сый-құрметке де бөленген. Колхозда істеген үздік еңбегі үшін «Құрмет белгісі» ордені мен Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, Лениннің туғанына 100 жыл толуы мерекелік медалімен, тағы да басқа да медаль, грамоталармен наградталған.

Зайыбы Үбайданың алған сый-құрметі өз алдына бір төбе. Міне, біздің алдымызда «Социалистік шаруаның» 1942 жылғы 10 тамыздағы, 1943 жылдың қазандағы, 1944 жылдың қазандағы нөмірлерінде жарияланған құрмет тақталары беттерінде Чкалов атындағы колхоздың звено жетекшісі Ахметова Үбайданың есімі жазулы тұр. Мұнда звено бойынша өзіне бекітілген ақ бидайдың әр гектарынан 25-30 центнерден өнім алғандығы айтылған.

Бір ғана осы «Құрмет тақталарының» өзінен-ақ біз кешегі сұрапыл соғыс жылдары Үбайданың және оның замандас, қыз-келіншектерінің Отан үшін, Ұлы жеңіс үшін, қаншалықты қаһармандық пен жұмыс істегендіктерін байқай аламыз.

Біз Үбайдадан звеноңызда қанша әйел жұмыс істеді, олардан қазір кімдер бар?-деп сұраған едік. Ол мүдірместен:

-Звеномыздың құрамында 12 қыз-келіншек болатын. Олардың біразы бұл күнде жоқ. Күләнда Қазыбекова, Орын Қамысбаева, Дәне Нәсенова, Бөдене Дәулиева, Ұлту Баубекова, Қаншайым  Сәдібековалар бар. Олар соғыс алдында, соғыс жылдарында, соғыстан кейінгі жылдарда да бидай, арпа, тары, жүгері өсіруде, үздіксіз еңбек етіп ортақ іске үлкен үлес қосқан, бала тәрбиелеп, отбасы басшысы болған адамдар. Бұл күндері бәрі де құрметті демалысқа шығып, балаларының қамқорлығында отыр.

Біз осыдан кейін 1942 жылдан КПСС мүшесі, бірнеше дүркін аудандық, облыстық кеңес депутаты болып сайланған ауыл шаруашылық озаттарының республикалық съезінің делегаты болған, он жылдай «Игілік» колхозында сиыр фермасының меңгерушісі, кейіннен звено жетекшісі болған Исакүл Ыбыраева, 1936 жылдан мақта, одан кейінгі жылдары бидай звеносының жетекшісі болып, көп өнім өсірген  Сәнді Сәндібековамен дидарластық. Еңбек жолдарын соғыс жылдарынан бастап, «Өндіріс», «Коммунар» колхоздарында, одан кейінгі совхозда мақта, бидай, жүгері өсіріп, еңбегі елге көрініп, ұдайы озаттар қатарында келе жатқан Қоңыр Қаракесекова, Сейіл Тұрлыбековалардың еңбегі өз алдына бір сала. Олар жасының келіп қалғанына қарамастан осы уақытқа дейін еңбектен қол үзбей жүгері дақылын өсіруде озаттар қатарында келе жатыр. Совхозда жүгері өсіруде, сонау соғыс жылдары басталған қыз-келіншектер эстафетасын жалғастырып келеді.  Олар бүгінде өздерінің іс-қимылымен совхоз жастарына, қыз-келіншектеріне үлгі- өнеге болып отыр.

Төкен Мақашев

 ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.